Мұхтар Шерім: Сені сағынып өлетін болдым

Oinet.kz 20-06-2022 1252

Бүгін сатирик фейсбук әл.желісінде Сатирабек Снайпер псевдонимімен танылған Мұхтар Шерімнің "Сені сағынып өлетін болдым" дейтін жазбасын ұсынып отырмыз

Screenshot_10.jpg

Бiз бақыттымыз, бiрақ келiншегiмнiң түр-түсін ұмытып қалдым. Қандай едi-ей? Аты кiм едi? Өй, Ойбике шығар? Шыны керек, аштан қатып қалар едiм ғой, егер үйленген әйелiм кәсіпкер болмағанда! Сол ғой, менi асырап жүрген! Бiз үйленген күнi, некеге барған түнi рахаттанып бiрге болдық та, ертеңiне ұйқыдан тұрсам, келiншегiм ұялы телефонымның «вацапына» хат жазыпты: 

«Сүйіктім, Мыжбан! Мен Түркияға кеттiм. Бiр аптадан кейiн келемiн! Мен келгенше, қартайып кетпе! Тоңазытқышта балық бар, соның басын сорып жүр!» Мен де «вацапқа» жаздым: «Жаным! Мұрыныңды, аузыңды, құлағыңды сағындым!»  

Бір аптадан кейін келіншегім тағы жазды. 

«Сүйiктiм! Жауап бергенiңе рахмет! Еріннің стикерін жібердім. Сені сүйем!  Құдай қосқан қосағым менiң! Қазiр Дубайда жүрмiн. Мұндағы тауарларды Үндiстанға жiберемiн. Үндістаннан Пәкістанға сатылады. Сүйіктім! Кеше айна алдында тұрсам, iшiм томпайып қалыпты! Сенімен сол үйленген күні бірге жатқанымызбен, ішіп алғансың, қорылдап ұйықтап қалдың. Қалай жүктімін, я не поняла?» Қуанып кеттім. Вацаппен жаза бастадым: «Менің суретімді қойныма алып жатамын деп едің ғой...» 

Үш ай болды, келіншегім жоқ. Келмеген. Түрін де ұмытып қалыппын. Қандай еді, әйелім?

«Жаным! Жарығым! Сенi сағынып өлетiн болдым!» « Мен де сені сағынып өлетін болдым! Сенің мені ғана ойлап жүргеніңе сенемін. Қысқасы, бір аптадан кейін келемін!» Келiншегiм келдi. Үш жылдан кейiн кездестiк. Түрiктерге ұқсайтын қара домалақ балақайды жетектеп келiптi. Әйелiмдi әрең таныдым. Бiз бақыттымыз! Ертең келiншегiм Қытайға кетедi! Құдай қаласа, тағы да балалы болып қаламыз! Шiлдеханаға келiңiздер!

Мұхтар Шерім: Еркек болып туғаныма шүкір (сатира)
"Құлағыңызға сыбырлайыншы": Ырысбек Дәбей
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу