Марк Твен. Алғашқы түтіндер. «Мен пышақты жоғалттым» (он жетінші тарау)
Түскі астан кейін қарақшылар тобы құмды қайраңға тасбақаның жұмыртқасын алуға шықты. Балалар таяқпен топырақты түрткілеп, жұмсақ жер тапса, қолымен қазып, кейде бір жердің өзінен бес-алты жұмыртқа тапты. Жұмыртқалар доп-домалақ, аппақ грек жаңғағынан сәл кішірек. Сол күнгі кешкі ас тамаша болды: олар қуырылған жұмыртқаға сылқия тойды, ертеңіне, жұма күнгі таңғы тамақ та сондай болды.
Таңғы астан кейін олар қайраңда секіріп, айқайлап бірін-бірі қуып, үстеріндегі киімдерін шешіп лақтырып, сонан соң тыр жалаңаш жүгіріп алыстағы тайыз жерде алысып-жұлысып ойнады. Қатты ағыс оларды кейде аяқтарынан шалынды, бірақ оларға бұл тіпті қызығырақ көрінді. Олар бәрі қатар суға еңкейіп бір-біріне су шашады, әрқайсысы жау жаққа білдірмей жақындайды, беттерін басып қорғанады. Сонан соң олар су ішінде алысып-жұлысып, қолма-қол ұрысқа кірісті. Ақырында үшеуі де судың астында қалды. Су астынан қол-аяқтары бір-біріне жабысып ағараңдайды. Олар судың бетіне шыққанда алқынып, пысқырынып ауа жұтады, күліп мәз болысады.
Әбден шаршап, құмды жағаға сұлай-сұлай кетісті, топыраққа өздерін көміп, ыссы құмнан соң қайта суға қойып, бәрі қайталанды. Ақыры оларға бір ой келді: бұлардың терілерінің түсі қоңыр тоқыма шалбарға ұқсайды, енді олар құмның бетіне дөңгелек сызды да, цирк жасады, оның ішінде үш клоун бар, себебі ешқайсысы бұл қызық рольден бас тартқысы келмеді.
Бұдан кейін олар өздерінің кішкене шарларын шығарды, бір-біріне лақтырысып ойнады, одан тартыс ойынын бастады, ақырында бәрі де жалықтырды. Гек пен Джо тағы шомылуға кетті, ал Том жағада қалды, өйткені шалбарын тастап жатқанда шетіне ойыншық жылан байланған белбеуі шешіліп кеткен. Сиқырлы тұмар болмаған кезде бұл қалай талып қалмады. Ол өзінің іздеген трещеткасын таппай тұрып түсуге батылы бармады, ал оның жолдастары шаршап, жағада демалуға шықты. Әрқайсысы өзімен өзі болып жан-жаққа бет алысты, іштері пысып және сонау күн астында қалғыған туған қала да көздеріне оттай басыла берді. Том құмның бетіне "Бекки" деп жазды. Сосын жалма-жан өшіріп тастады және өзінің осалдығына жыны келді, бірақ сол бойда-ақ әлгі есімді қайта жазды, одан қайта өшірді, енді жазбау үшін жолдастарын шақырды.
Алайда Джоның көңіл-күйі өте төмен екені көрініп тұр. Оның үйін сағынғаны сондай, бұл азапқа енді шыдай алатын емес. Ол әр минут сайын жылап жіберуге дайын. Гек те көңілсіз. Том ешнәрсеге көңілі соқпай отыр, бірақ өзінің қайғысын білдірмеуге тырысты. Оның бір құпиясы бар және ол жайлы жолдастарына сыр ашқысы келмейді, егер жолдастарының қатерлі уайымын сілкіп тастай алмаса, бұл да құпиясын енді ашады. Сосын көңілді түрде:
– Осы аралда бізге дейін де қарақшылар болған! Тағы бір айналып шығайық. Мұнда бір жерде қазына жатқан болар. Егер біз жартылай шіріген сандыққа тап болсақ, оның іші толған алтын мен күміс болса? А?
Бірақ бұл оларға онша әсер ете қоймады: ешкім ештеңе айтпады.
Том тағы да екі-үш қызықты ұсыныс жасап көріп еді, одан да ештеңе шықпады. Джо таяқпен топырақ шұқып, әбден жыларман болып отыр. Ақыры ол:
– Ой, балалар, осының бәрін қояйықшы! Менің үйге барғым келеді. Мұнда көңілсіз, - деді.
– Жоқ, Джо, үйреніп кетесің әлі, - деп үгіттеді Том. - Ойлашы, мұнда балық көп!
– Керек емес маған сенің балығың... Үйге барғым келеді.
– Бірақ, Джо, суға шомылуды ұмыттың ба?
– Сенің шомылғаның неге керек маған. Түкірдім, қайда да шомылуға болады, ешкім кедергі жасамайды оған. Мен үйге кетем, қалай етсеңдер де...
– Тфу, ұятын-ай! Сәби! Анасын сағынады!
– Иә, анама барам! Егер анаң тірі болса, сен де барғың келер еді. Мен сен сияқты сәбимін.
Джоның жылағысы келіп тұр.
– Жарайды, мейлі біздің жылауық сәби үйіне барсын, анасына, біз оны жібереміз, рас қой, Гек? Бейшара анасын сағынған ғой! Қайтеміз! Мейлі барсын! Гек, саған бұл жер ұнайды ғой? Екеуміз қаламыз ғой, а?
Гек: "Иә-ә-ә" деп жай ғана жауап қайырды, бірақ үнінде қуаныштың белгісі жоқ.
– Мен бұдан былай сенімен сөйлеспеймін! Өмір бойы сенімен қаспын! - деп Джо ашулы тіл қатып, орнынан тұрды. - Біліп қой!
Ол былай шығып киіне бастады.
- Мейлің, жоғалтқаным шамалы! - деді Том. - Жыламаймыз сен кетті екен деп. Бар үйіңе, жұрттың бәрі күлсін саған. Керемет қарақшы, айтатыны жоқ! Гек екеуміз сендей жылауық емеспіз. Біз осында қаламыз - шын ғой, Гек? Барғысы келсе, барсын. Онсыз өле қоймаспыз.
Өзінің жасанды салқынқандылығына қарамай, Том қобалжып, киініп жатқан Джоға қарады. Гектің түрі Томды тіпті қауіптендірді.
Гектің үнсіздігінде бір зіл бар секілді. Джо киініп, қоштаспастан Иллинойс жағасына қарай кетіп бара жатты. Томның жүрегі сыздады. Ол Гекке қарады. Гек бұл көзқарасқа шыдай алмай төмен қарады.
– Менің де кеткім келеді, Том, - деді ақыры Гек. - Мында бір түрлі көңілсіз, енді бұрынғыдан да көңілсіз болады. Біз де кетейікші, Том!
– Кетпеймін. Егер кеткілерің келсе, кетіңдер бәрің, ал мен қаламын.
– Том, менің кеткенім дұрыс...
– Бар, бар, сені кім ұстап отыр?
Гек құмда шашылып жатқан киімдерін жинай бастады.
– Том, сен де бізбен жүрсейші! - деп үгіттеді Гек, - шын айтам, ойланып көр. Біз сені жағада күтеміз.
– Ұзақ күтуге тура келеді!
Гек солбырайып аяғын әрең алып бара жатты. Том оның соңынан қарап тұрды, намыс, тәкаппарлық - бәрін ысырып тастап, өзі де бірге кетіп қалғысы келді. Ол балалар қазір кідіріп бұған қарайды деп ойлады, бірақ олар тізеден су кешіп кетіп бара жатты.
Қорқынышты жалғыздық сезімі Томның бойын билеп алды. Ол өзінің тәкаппарлығынан қайтып, достарын қуа жөнелді.
– Тоқтаңдар! Тоқтаңдар! Сендерге бір нәрсе айтам!
Аналар тоқтап, Томға бұрылды. Оларды қуып жетіп, Том өзінің ұлы құпиясын екеуіне жария етті. Олар әуелі дұшпандарын тыңдағандай жылы шырай бермеді, бірақ сонан соң әңгіменің мәнін түсінгесін қуанып, өздерінің әскери ұрандарын айтып, қосыла айқайлады. Олар мұның ойдан шығарған құпиясы ғажайып екенін айтып және оны бұл ертерек айтқанда кету жайлы ойламаған болар едік деп жарыса сөйледі.
Том міңгірлеп бірдеңені түсіндірген болды, бірақ бұл құпиясы да оларды ұзақ тоқтата алмас деген ойменен ең соңғы әдісі ретінде ашық айтпады.
Балалар көңілденіп, тұрақтарына оралды және Томның тапқан құпиясының кереметтігі туралы ауыздарын жаппай мақтаған күйі үйреншікті ойындарына кірісті. Балық пен жұмыртқадан тұратын тәтті тамақтан кейін Том енді шылым шегуді үйренгісі келетінін айтты. Бұл ойды құптай кеткен Джо шылым шегіп көруге қарсы еместігін хабарлады. Гек жалма-жан түтіктер жасап, ішін шылым үгітіндісімен толтырды. Бұл екі шылым шеккіш бұған дейін жүзім жапырақтарын тартатын, бірақ ол тілді үйіріп ашытатын және мұндай шылым нағыз еркектерге лайық емес деп есептелетін.
Олар жерге көсіліп жата кетті де, шынтақтарына сүйеніп түтінді еппен сорып, аса қауіптенгендей пішінмен іштеріне тарта бастады. Түтіннің дәмі онша емес екен, бір түрлі жүректері айнығандай болды, сонда да Том:
– Мынау өте жеңіл, түк емес екен ғой! Мұндай екенін ертерек білгенімде, баяғыда үйреніп алатын едім, - деді.
– Мен де, - деп Джо қоштап қойды.
– Түкке тұрмайды!
– Мен қаншама рет басқалардың шылым шеккендерін көріп: "Мен де үйренсем ғой! Бірақ бұған менің күшім жетпейді" дейтін едім, - деді Том.
– Мен де солай ойлағам. Рас қой, Гек? Сен менің бұл ойымды тыңдап едің ғой? Гек айтсын мейлі.
– Иә, иә, қанша рет, - деді Гек.
– Мен оған жүз рет айттым. Бірде мал соятын жердің қасында. Есіңде ме, Гек? Ол жерде Боб Таннер, Джонни Миллер және Джэфф Тэчер болды. Гек, сондағы менің айтқаным есіңде ме?
– Есімде болғанда қандай, - деп жауап берді Гек. - Бұл менің ақ шаригім жоғалған күні... Жоқ, ол күні емес соның алдыңғы күні болатын.
– Мен айттым ғой! - деді Том. - Гектің есінде.
– Мен мынадай шылымды күні бойы тарта алар едім, - деп қойды Джо. - Менің жүрегім де айнымайды.
– Менің де! - деді Том. - Мен де кешке дейін тарта аламын, ал Джефф Тэчер тарта алмайды.
– Джефф Тэчер? Қайда оған! Ол екі сорғанда құлап қалады. Мейлі тартып көрсін ендеше! Мұның не екенін сонда көреді.
– Түсінікті ғой, ол түтінге тұншығып қақалып қалады, Джонни Миллер де солай, Джонни Миллердің қалай тартқанын көрер ме еді!
– Қайдағы Миллер! - деді Джо. - Ол бейшараның қолынан түк келмейді. Бір сорды ма -оның шаруасы бітті дей бер.
– Дұрыс айтасың, Джо. Біздің балалар үшеумізді көрсе ғой қазіp!
– Ой, керемет болар еді!
– Бірақ тісіңнен шығарма! Ал бір кезде бәріміз жиналғанда мен соған жақындап: "Джо, түтігің бар ма? Шылым шеккім келді", - деймін. Сен сонда түк болмағандай:
"Иә, менің ескі түтігім ғой, тағы бір жаңасы бар, бірақ темекісі онша емес" дейсің.
Мен: "Бәрі бір ғой, тек темекі ойдағыдай ащырақ болса болды" деймін. Сен сол жерде түтіктерді шығарасың да, екеуміз жайбарақат бұрқыратамыз. Көрсін олар қызғаныштан көздері шығып!
– Ғажап екен, Том! Осы оқиғаның қазір болғанын қалап тұрмын! Мен де! Біз оларға теңіз қарақшылары болған кезімізде үйрендік дейміз, - сонда олар естері кетіп қызығады бізге!
– Өйтпегенде ше! Көре алмайтын шығар!
Әңгіме осылай жалғасып барып, бірте-бірте басыла бастады. Қарақшылар жиі-жиі түкіретінді шығарды. Балалардың аузындағы тесіктің бәрі фонтанға айналды: олар тілдерінің астындағы жертөледегі кір-қоқысты топан суын бөгеу үшін тазалауға әрең-әрең әлдері келді. Екеуі қанша тырысқанмен тамақтарынан ылқылдап құйыла берді және құсқан сайын жүректері айнып естерін шығарды. Өң жоқ, түс жоқ бозарып, екеуінің де ұсқыны адам көргісіз еді. Джоның әлсіз саусақтарынан түтік түсіп кетті, Томның да жағдайы сондай. Екеуінен де фонтан атқылап күштерін сарықты. Ақыры Джо:
– Мен пышағымды жоғалтып алдым... Барып іздеп келейін... - деді әлсіз үнмен.
Том тілі күрмелген күйі:
– Мен көмектесейін саған. Сен былай қарай бар... ал, мен бұлақ жаққа...
– Жоқ, Гек, сен бармай-ақ қой, өзіміз табамыз, - деп тіл қатты.
Гек орнына қайта отырып, бір сағат екеуін күтті. Сосын достарын сағынып іздеуге кетті. Оларды орман ішінен екеуі екі жақта жатқан жерінен тапты; екеуі боп-боз болып ұйықтап жатыр. Қазір олардың жағдайы сәл де болса тәуір деп ұқты Гек. "Ауыр сәттердің бәрі артта", - деп күбірледі ол.
Кешкі астың тұсында екі батыр да үнсіз отырды, тамақтан кейін Гек түтігіне темекі толтырып, аналарға да дайындай бастап еді, екеуі де: "Керек емес" деп қосыла жамырады, өйткені нашар сезініп отыр - күндіз, түскі тамақта, жағымсыз нәрсе жеген шығармыз деп мәймөңкеледі.
Түн ортасы кезінде Джо жолдастарын оятты. Ауада леп жоқ, бір түрлі жақсылықтың белгісі жоқ секілді. Балалар бір-біріне тығылыса түсіп, содан достық көмек күткендей, жанып жатқан отқа жақындай түсті. Ал түн деген тымырсық және ыстық болатын. Олар үн-түнсіз отырып не болатынын күткендей. Салтанатты тыныштық. Олар жаққан алаудың артында қап-қара түнек. Кенет дірілдеген сәуле жапыраққа түсіп жылт етті де, жоқ болып кетті. Сонан соң әлгіден гөрі жарықтау сәуле жарқ етті. Тағы да, тағы да. Одан кейін ағаш жапырақтарының арасынан ыңырсыған дыбыс шықты; балалар беттеріне бір нәрсенің демі тигендей болды, олар түннің рухы шығар деген ойдан дірілдеп кетті. Тағы тыныштық орнады. Кенет тағы бір сәуле түнді күндізге айналдырып жіберді, балалардың аяқтарының астындағы шөпке дейін айқын көрінді. Ол жарық зәрелері ұшып, бозарып дірілдеген үшеудің бетіне түсті. Найзағай аспанның арғы жағынан сырғанап келе жатқандай күркіреп барып алыс жақтарға шашылып күңкілдеді. Салқын ауаның екпіні жапырақтарға жан бітіріп, алаудың шоғын үрледі де, күлін жапалақтаған қардай шашып жіберді. От жарқылы айналаны қайтадан шұғылалы сәулеге бөлегені сол еді, аспан астын жаңғырықтырған гүріл балалардың дәл төбесінен ұрғандай болды.
Айналаны басқан түнек ішінде қарақшылар зәрелері ұшып бір-біріне тығылды. Жаңбырдың үлкен-үлкен тамшылары жапырақтарды ұрғылай бастады.
- Тезірек палаткаға! - деп бұйырды Том.
Олар ағаштардың сойдиған тамырына, жабайы жүзімге сүрініп-қабынып жан-жаққа пышырай қашты. Құтырған жел айқай салып орман ішін жаңғырықтырып еді, айналаның бәрі оған ілесе сарнап қоя берді.
Көз аштырмай найзағай бірінен соң бірі тынымсыз жарқылдап күннің күркілі бір сәтке де басылмай қойды. Жаңбыр құйып, бірте-бірте өршелене соққан дауыл жердің бетін тасқынға айналдырғандай.
Балалар бір-біріне бірдеңе деп айқайлайды, бірақ сарнаған жел мен күннің күркілі олардың дауыстарын жұтып жатыр. Олар ақырында бірінен соң бірі әрең деп палаткаға жетіп, су-су болып жаураған, қорыққаннан сөз айтуға әлдері жоқ күйде тығылысты; киімдерінен су сорғалаған, тек қиындықты бәрі бірге көргендері ғана көңілдеріне жұбаныш ұялатады.
Дауыл дауыстарын бір-біріне есіттірген күнде де олардың сөйлеуге шамалары жоқ еді -ескі желкен жалпылдап түк есіттірмейді. Дауыл күшейе түсті, ақыры жел желкенді барлық қазықтан жұлып алып, ұшырып әкетті. Балалар қол ұстасқан күйі минут сайын сүрініп үстеріндегі көгерген жарақаттарды көбейте түсті, жағада тұрған дәу еменге тығылысты. Ұрыс енді қыза бастады. Найзағай жиі-жиі жарқылдаған сайын айнала тұтастай айқын да көлеңкесіз кереметтей анық көрінді. Иіліп майысқан ағаштар, аспанға атылған толқындардың көбігінен беті аппақ болып буырқанған өзен, арғы беттегі биік құлама жарлардың бейнелері тұман мен жаңбыр тамшыларының қисық шымылдығы арасынан айқын көрінеді. Ара-арасында ұрыста тізе бүккен қаһарманы сатыр-сұтыр етіп, жас ағаштарды сындыра жерге құлайды; күннің күркілі құлақты жарып зәреңді ұшырар қорқынышты жарылысқа айналды. Ақыры нөсер төкпелеп, күннің күркілі аралды тас-талқан етіп ұшырып жіберердей ашумен сатырлатып, ағаштарды төбесіне дейін топан суға батырып, тіршіліктің бәрін бір сәтте көзді ашып-жұмғанша жоқ қылып жіберетін секілді. Үйсіз-күйсіз жүрген балалар үшін бұл түн өте қорқынышты болды.
Дегенмен ақырында ұрыс басылды, жауласқан әскерлер кері шегініп, олардың қарғысы мен қоқан-лоқысы бірте-бірте алыстап, жер бетіне бұрынғы тіршілік қайта орнады. Зәрелері ұшып қорыққан балалар өз тұрақтарына оралды, бірақ қуанатын бір жағдай бар: олар паналаған кәрі еменге найзағай түсіп өртеніп кетті; бұлар сол жерде қалғанда, үшеуі де өмірмен қоштасатын еді.
Олардың тұрағын да су алып кетіпті, оның ішінде жылынатын, тамақ пісіретін алау да су астында қалған, өйткені бұлардың жасындағы баланың бәрі ештеңені алдын ала ойламайды - жаңбырдан отты сақтау үшін оны көму керек еді. Ең жаманы сол болды: үшеуі де су-су болып, суықтан тістері тістеріне тимей отыр. Олар өкініш білдіріп еді, бірақ кешікпей үлкен жұмыр ағаштың астыңғы жағында жылтыраған от бар екенін көріп қуанысып қалды. Балалар іске кірісті: қайың теректің қабығын құлаған ағаш бөренелерінің астындағы құрғақ шөп-шаламды жинастырып, әлгі жылтыраған алақандай отты үргіледі. Әйтеуір оттың мейірімі түсіп тұтана бастады да, кішкенеден соң лапылдап жанды. Олар үлкен-үлкен бұтақтарды салып еді, от лапылдап гүрілдей жөнелді де, балалар көңілденіп қалды. Шошқаның піскен етін оттың үстіне ұстап кептіріп, кешкі тамаққа тойып алғасын алаудың жанына отырып алып, түндегі бастарынан кешкендері жайлы біраз әсірелеп мақтанышпен әңгімелесті; бәрібір ұйықтайтын жер жоқ - айналаның бәрі малмандай су, алақандай құрғақ жер қалмаған.
Ертеңгі алғашқы сәуле көрінісімен балалар қалғып-мүлги бастады; олар енді құмды жағалауға барып ұйқыға басты. Кешікпей қыздырынып олар орындарынан тұрды да таңғы тамақты дайындауға кірісті. Тамақтан кейін олар тат басқан темірдей қол-аяқтарын әрең қозғап, тағы да үйлеріне қайтқылары келді. Мұны байқаған Том қарақшыларды алаңдатқысы келіп, ананы-мынаны айта бастады. Бірақ оларға алебастрдан жасалған шариктер де, суға шомылу да, цирк те керек емес секілді. Сосын ол өзінің ұлы құпиясы туралы айтып еді, ана екеуінің көзінен жылт еткен сәуле көргендей болды. Осы сәуле жоғалмай тұрғанда Том ойдан жаңа бір оқиғаны ойлап табуға тырысты. Ол жолдастарына қарақшымыз деген ойды уақытша естен шығарып, енді бір мезгіл қызық үшін үнділіктер болайық деген ұсыныс айтты. Бұл ұсыныс бәріне ұнап қалды да, бәрі сол бойда киімдерін сыпырып тастап, қап-қара балшықты жалаңаш денелеріне жағып, бастан башпайға дейін сызғылады да, жолақ-жолақ зебра болып шыға келді. Бұдан соң олар көшіп келген ағылшындарға шабуыл жасау үшін орманға бет алды және олардың әрқайсысы өздерін көсем сезінді.
Олар бір-бірімен жауласатын үш тайпаға бөлінді. Қорқынышты ұрандармен айқай салып, тасадан шабуылға шығып, бір-бірімен ұстасып жатыр және мыңдаған дұшпанды қырғандарына мәз. Бұл көп қан төгілген күн болды да, олар осы ерліктеріне дән риза.
Кешке қарай қарындары шұрқырап және өздерін бақытты сезініп тұрақтарына оралды. Алайда оларды аздаған қиындықтар күтіп тұр еді. Жауласқан үнділіктер өзара татуласу үшін бейбіт келісімге келулері керек, олай болмаса, достық, татулық нанын бөлісіп жеуге болмайды: бірақ татулықтың сигарын сормай бейбіт келісімге келу мүмкін бе? Татулықтың белгісі - сигарды кезек тартпай бейбіт келісімге келу жайлы бұрын-соңды естілген емес. Үнділіктердің екеуі өмір бойы қарақшы болып қалмағандарына іштей өкінді. Алайда басқа амал жоқ, сондықтан өздерін көңілді етіп көрсетуге тырысып, түтік талап етісті де, үнділіктердің дәстүрі бойынша, екеуі кезектесіп тартты. Ең соңында үнділік болғандарына қуанды, себебі сәл де болса ұтыстары бар еді. Олар кәдімгідей шылым шегуді үйреніп алған, енді жоғалған пышақты іздеуді сылтауратып тасаланудың қажеті жоқ. Рас, екеуі де сәл-пәл жайсыз сезінді, бірақ өткендегідей азаптан жанталасқан емес. Олар бұл ыңғайлы жағдайды пайдаланып қалуға асықты. Кешкі астан кейін өз тәжірибелерін тағы бір жасады және бұл жолы да ойдағыдай өтті, кеш көңілді болды. Үшеуі де мақтаныш сезім құшағында өздерінің жаңа табыстарына дәл бір үнділік тайпалардың алтауының терілерін түгел сыпырғандай бақытты еді. Әзірге оларды қоя тұрайық: мейлі тартсын, мылжыңдассын және мақтана берсін. Белгілі бір уақытқа дейін біз оларсыз-ақ сайрандайық.