Марк Твен. Toм жасырынып өзінің үйіне барады (он алтыншы тарау)

Oinet.kz 11-01-2020 595

image.png

Бірнеше минуттан кейін Том өткелге жетіп Иллинойс жағасына қарай тартты. Жарты жол өткенде ғана өзен суы оның белуарынан келді; әрі қарай жүру мүмкін емес, себебі, ағыс жүргізбейді. Қарсы жақтағы жағаға жетуге бар-жоғы жүз ярдтай ғана қалды және Том ойланбастан жүзе жөнелді. Ол ағысқа қарсы жүзді, мұны күтпеген еді. Дегенмен ақыры ол жағаға таяп қалды, жағаны бойлай жүзді де, төмендеу жер тауып судан шықты. Күртесінің қалтасын сипап еді, қабық бар екен, сосын жағалаудағы орман ішімен кетті.

Киімдерінен су сорғалап келеді. Ол орманнан жазық алаңға - қаланың қарсысына шыққанда, сағат әлі тоғыз бола қойған жоқ еді, биік жарқабақтың жанындағы ағаштардың көлеңкесінде шағын пароход тұр. Жымыңдаған жұлдызды әлемде тыныштық. Том жардан еппен төмен түсті де, жан-жағына қарап алып, суға бет қойды, бірнеше қадам жүзіп пароходтың арт жағында байлаулы тұрған шағын қайыққа жетті. Орындықтың астына тығылып жатты да, жүрегі дірілдеп - не болатынын күтті.

Сол-ақ екен қоңырау сыңғырлап, біреудің "Босат!" деген бұйрығы естілді. Минут өтпей-ақ пароход сапарға шықты да, кішкене қайықтың тұмсығын толқын ұра бастады. Том өзін бақытты сезінді: бұл пароходтың ең соңғы сапары екенін, бұдан әрі ол ешқайда бармайтынын білетін. Бітіп болмастай көрінген он екі, он бес минут өткенде Том қайықтан шығып, қараңғыда жағаға қарай жүзді. Көлденең біреу-міреуге кездесіп қалмас үшін ол жүз ярдтай артық жүзіп, жағаның төменгі жағымен шықты.

Сол жерде ол қаланың адам жүрмейтін бұрыш-бұрышымен зымырап отырып, кешікпей апайының есігі кілттеулі шарбағына жетті. Том шарбақтан қарғып түсіп, шам жанып тұрған қонақ үйдің терезесінен қарады. Бөлмеде Полли апай, Сид, Мери және Джо Гарпердің анасы - бәрі әңгімелесіп отыр. Олар кереуеттің жанына жайғасыпты. Кереует әлгілер мен есіктің ортасында тұр. Том есікке жақындады да, еппен тұтқасын көтеріп есікті итеріп еді, есік сықыр етті, ол тағы да итерді, есік сықырлаған сайын Том шошып кетеді; ақыры өзі сыятындай саңылау пайда болған секілді; ол басын сұғып, жаймен еңбектей бастады.

– Мына майшам неге желпілдеп кетті? - деді Полли апай. (Том тезірек жылжыды).

– Шамасы, есік ашық тұр-ау. Әрине, солай. Біраздан бері мұнда түсініксіз бір нәрселер болатынды шығарды. Есікті жапшы, Сид!

Том кереуеттің астына сүңгіп үлгерді. Ол әрі-бері демін алды да, сосын тағы ілгері жылжығаны сонша, тіпті тәтесінің аяғына тиіп кете жаздады.

– Міне, - деп Полли апай сөзін жалғастырды, - ол қатал, ашулы болған емес, тек сотқар болатын, жел қуған қаңбақтай! Ал ол ешқашан ешкімге жамандық жасаған емес. Оның жүрегі алтын еді. Одан асқан қайырымды баланы білген емеспін.

Апайы жылап жіберді.

– Менің Джом да сондай еді ғой; еркелейді, ішінде мың жын отырғандай, ал мейірімі керемет болатын! Құдайым-ай, кешіре гөр мен күнәкарды. Мен оның басынан соқтым ғой кілегей үшін, ал ол кілегейді ашып кеткесін өзімнің төгіп тастағаным есімнен шығып кетіпті. Енді жер бетінен ешқашан оны, ренжіген байғұс баланы көре алмайтындығым... ешқашан, ешқашан, ешқашан! Гарпер ханым жүрегі жарылып кетердей бақырып жылады.

– Том көк жүзінде тынышталған болар, - деді Сид. - Егер ол жер бетінде жақсырақ өмір сүргенде....

– Сид! (Том көрмесе де апайының көзі қаһарланып кеткенін сезді). О дүниелік болған Томым туралы жаман сөз айтпа! Енді оған жаратушы қамқор болады, ал сендер мазаланбай - ақ қойыңдар... Ой, Гарпер ханым, бұл қайғыны мен қайткенде көтере аламын! Елестете алмаймын! Менің қартайған жүрегімді жиі азаптағанмен, ол менің жұбанышым еді ғой.

– Құдайдың өзі берді, өзі алды. Жаратқан жарылқағай! Бірақ сондай ауыр қайғы, ауыр. Өткен сенбіде менің Джом қасыма келді де, тұмсығымның түбінен пистонды тарс еткізгені! Мен сол бойда итеріп жіберіп ем, ол құлап қалды.Оның апта өтпей.... білсем ғой. Егер ол қазір келіп солай істесе, оны құшақтап сүйіп, батамды берер едім...

– Иә, иә, иә, сіздің сезіміңізді өте жақсы түсінемін! Күні кеше түс алдында менің Томым мысыққа сауықтырғыш дәріні беріп, әлгі мысығы түскір үйді аударып тастай жаздады. Ал, мен, Құдайым, кешіре гөр, оймағыммен Томның шекесін нұқып қалдым. Байғұс балам менің, бақытсыз, қаза болған, балақай. Есесіне барлық азаптан енді құтылды. Және оның мен естіген ең соңғы сөздері ренішті болды ғой...

Бірақ оларды еске алудың ауыр болғаны сондай, апай зарлап жылап жіберді. Том да қорсылдай бастады - оның басқаларға емес, өзінe жаны ашыды. Ол Меридің мезгіл-мезгіл бұл туралы жақсы сөздер айтып, қалай жылағанын естіді. Ең соңында оның жүрегін мақтаныш кернеді: ол ешуақытта осынша жақсы баламын деп ойлаған емес-ті.

Дегенмен апайының қайғысы оны толқытты; оның кереуеттің астынан шыға келіп, апайын бақытты еткісі келіп кетті. Мұндай театрлық көріністер оған өте ұнайтын. Бірақ сезімге берілмей, үнсіз жата берді де, басқа әңгімелерге құлақ салды.

Үзік-үзік сөйлемдерден ол бұлардың жоғалғаны жайлы түсініктерді естіді: әуелі жұрт балалар шомылып жүріп суға кеткен десті; одан соң салдың жоғалып кеткенін біліпті; балалардың бірі Том мен Джо кешікпей олар жайлы хабар еститіндерін айтқандарын есіне алды. Бұл хабардан кейін жергілікті данышпандар балалар салмен кеткен, кешікпей ағыстың бағытындағы бір қалашықтан шығады деп болжам айтты; бірақ түске қарай Миссури жағалауында тұрғаны мәлім болды, енді барлық үміт үзілді: балалар шынында да суға кеткен, әйтпесе, түнге қарай аштық оларды үйге дірдектетіп әкелер еді. Ал олардың денелерінің табылмағаны - зұлмат апат өзеннің ортасында болған, әйтпесе үшеуі де керемет жүзгіш - жағаға жетер еді. Бүгін сәрсенбі. Егер денелері жексенбіге дейін табылмаса, яғни ешқандай үміт жоқ және жексенбілік түскі намазда оларға өлгендер ретінде жаназа оқылады. Том селк ете түсті.

Гарпер ханым жылаған күйі бәрімен қоштасып есікке беттеді. Бірақ осы кезде жетімсіреп қалған екі әйел бір-біріне құшақ жая сыңсып жылап қоштасты. Полли апай бұрынғыдай емес нәзік те мейірімді, Сид пен Мериді ұйықтар алдында сүйді. Сид өксіп жіберді, ал Мери көз жасы сорғалап бөлмесіне кетті.

Полли апай тізерлеп Томға арнап дұға оқи бастады.Оның сөздерінен, дірілдеген даусынан Томға деген шексіз мейірімі, махаббаты сезіліп тұрды және дұғасы да адамның жанын елжіреткені сонша, Том көз жасын тия алмады.

Полли апай төсегіне жатып жайғасқанша, балаға біраз уақыт қозғалмай тыныш жатуға тура келді; оқта-текте апайдың күрсінгені естіледі және ол ылғи дөңбекшіп, аһылап-үһілеп мазасыз күй кешуде. Ақыры апай тынышталды, тек мезгіл-мезгіл түсінде ыңқылдап жатты. Том жаймен жылжып шықты да, аяғына тұрып, шамды қолымен қалқалап ұйқыдағы апайына қарады. Оған жаны ашығаннан жүрегі елжіреп тұр. Том қалтасынан қабықты алып, майшамның қасына қойды, сосын тоқтап ойланды. Оның басына бір бақытты ой келді де, жүзі жайнап сала берді. Қабықты қалтасына салды, апайының бас жағына еңкейді де оның сұрғылт ернінен сүйді, одан соң жаймен дыбыс шығармай шықты да есікті мықтап жапты.

Ол әдетте шағын пароход тұратын жағаға келіп жан-жағына қарады, ешкім көрінбеді, пароходқа батыл кірді. Пароходта әдетте бақташыдан басқа ешкім болмайтынын, ал оның әдеті каютаның біріне кіріп алып ұйқы соғады - мұны Том жақсы білетін. Том кішкене қайықты пароходтың арт жағынан босатып, өзі отырды да өзеннің жоғарғы жағына қарай ескегін есті. 

Бір мильдей жүргесін, ескекке жатып, өзенді кесіп өтіп, қайықты қадаға байлады. Өйткені бұл - оған әуелден таныс шаруа. Оның қайықты өз меншігіне алғысы-ақ келді — ол да қарақшыларға керек ыдыс қой - бірақ олай істесе, қайықты барлық жерден іздеу басталады да, қашқындардың ізіне түсуі мүмкін.

Сондықтан ол жағаға секіріп түсті де, орманға кірді.

Орман ішінде ол жақсылап демалды, ұйқыны жеңуге күш салды, сосын тұраққа қарай ілби басып бара жатты. Таң атып келеді, ал ол қайраңға жеткенде, тіпті жарық түскен еді. Ол тағы да біраз отырды. Сосын күннің көзі алып өзеннің бетін алтынмен өрнектей бастағанда, суға қойып кетті. Бұдан кейін ол үсті-басы су-су күйінде, Джо:

– Жоқ, Гек, Том - сенімді адам. Ол келеді. Рас айтам саған. Ол қашпайды. Мұның қарақшы үшін ұят іс екенін жақсы біледі. Ал қарақшының намысы оған бәрінен қымбат. Ол жаңа бір нәрсені ойлап жүр. Бірақ қандай нәрсе екенін білсем ғой! - деп айтып жатқан сәтте тұраққа жеткен еді.

– Ал, заттар біздікі емес пе?

– Біздікі, Гек, бірақ олай деуге де болмайды. Хатта жазылған, егер ол ертеңгі асқа дейін оралмаса, біз заттарды алуымыз керек.

– Ал ол, міне, алдарыңызда! - деп Том айқайлап, алдарына тұра қалды.

Бұл нағыз театр көрінісіндей әсерлі болды.

Кешікпей олар шошқаның сүбе еті мен балықтан пісірілген ертеңгі тамақты тоя жеп, ас үстінде Том өзінің саяхаты туралы (әрине, қоспасыз емес) әңгіме соқты. Әңгіме аяқталған кезде балалар өздерінше мықтысынып, өздерін батыр сезінді. Том көлеңкеге жантайып, түске дейін ұйқысын қандыруды ойлады. Өзге қарақшылар балық аулауға және аралды шолып зерттеуге кетті.

Марк Твен. Бақытты қарақшылардың тұрағы (он бесінші тарау)
Марк Твен. ​Алғашқы түтіндер. «Мен пышақты жоғалттым» (он жетінші тарау)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу