Марк Твен. Бақытты қарақшылардың тұрағы (он бесінші тарау)
Таңертең оянғанда Том көпке дейін өзінің қайда екенін түсіне алмады. Отырып көзін сүртті де, жан-жағына қарады - сонда ғана есін жиды.
Салқындық лебі ескен бозала таң. Орманның мұншалық үнсіздігі тыныштықтың ғажайып сезімін сіңіргендей. Бірде бір жапырақ сыбдырламайды. Ұлы Табиғаттың ойланып жатқан сәтін бұзбайды. Жапырақтарда және шөптердің басында шық моншақтары жылтырайды. Күлдің ақ қабаты алаудың бетінде жатыр, жұқалтаң көгілдір түтін бұлардың үстінде қалықтайды. Джо мен Гек өлі ұйқыда.
Алысырақта орман ішінде әлдеқандай бір кұс айқайлайды, тағы біреуі жауап береді; бір жақта тоқылдақ тоқылдатып жатыр. Салқын бозтұман сейілген сайын дыбыстар жиілей берді - барлық маңда тіршілік біліне бастады. Ұйқыны ысырып тастап, іске кіріскен табиғаттың тамаша құбылыстары терең ойға шомған баланың көз алдынан өтіп жатты. Кіп-кішкентай жасыл қырықбуын шықтан суланған жапырақтың үстіне жылжып барады. Оқтын-оқтын жапырақтан бауырын көтеріп, иіскелеген секілді болды да, әрмен қарай жорғалады.
— Өлшеп жүр, - деді Том.
Қырықбуын өзіне жақындағанда, ол тасқа ұқсап қимылсыз қатты да қалды, жәндік бұған келе жатыр ма, жоқ басқа жаққа ма - осыған орай Томның жан әлемі де біресе үміт сәулесімен жылтырап, біресе көңілсіз құлазыды. Қырықбуын тоқтаған кезде, кеудесін әрең көтеріп, қай жаққа жүру керектігін ойлағандай болды, ақыры ол Томның аяғына жармасты да, сирағына қарай саяхаттады, ал Томның жүрегі қуаныштан дүрсілдеп қоя берді - бұл - ертең-ақ оның үстінде қарақшының, алтындаған керемет костюмі болады деген белгі! Қайдан келе жатқаны белгісіз - құмырсқалар колоннасы шығып, жапырлай жұмысқа кірісті; біреуі өлген қоңызбен алысуда, қоңыз одан бес есе үлкен болса да, ақыры оны ағаштың бойымен жоғары қарай домалатып барады.
Қызғылт қоңыз, үйіңе қайт тезірек, балаларың өртте қалды, құтқар барып тезірек.
Қоңыз естісімен, балаларын құтқаруға ұшып кетті және бұған Том таңданған жоқ: бұл қоңыздың ақылсыз, не болса соған сенетінін баяғыдан білетін, егер оларға үйіңде өрт болып жатыр десең, сене қояды; Том олардың қарапайым да аңқаулығын пайдаланып, талай алдаған. Одан кейін үлкен шарын қолға алып домалатып боқ қоңыз шықты. Том оның аяқтарын денесіне жапсыра қойып, өлі денедей қозғалыссыз қалатынын көргісі келіп, оны саусағымен түртті. Бұл уақытта құстың бәрі жын ұрғандай шулап жатқан Солтүстіктің күлегеші дәл Томның бас жағындағы ағашқа отырып алып, өзінің қанатты көршілерін мазақтауға кірісті.
Көгілдір оттай зу етіп ауадан өткен айқайлауық құс баладан екі қадам жердегі бұтаққа отыра кетіп, басын бір жағына қисайта танымайтын келімсектерге қарады. Сұр тиін мен түлкіге ұқсас басқа бір жәндік бірінің соңынан бірі тез жүгіріп өтті. Олар мезгіл-мезгіл тоқтап, күтпеген қонақтарға қарау үшін артқы аяқтарына тұрды, себебі орман аңдары бұрын адам атаулыны көрмеген секілді, олардан қорқу керек пе - білмеді. Енді бүкіл Табиғат оянды, айналаға жан кіре бастады. Күннің ұзын сәулелі жебелері ана жерде де, мына жерде де қалың жапырақтарды тіліп өтуде. Бір жақтан бірнеше көбелек ұшты.
Том қалған қарақшыларды оятты; бәрі қатты айқаймен өзенге жүгірісті, әп-сәтте киімдерін сыпырып тастап, мөп-мөлдір тайыз суда бір-бірін қуып рахаттанды. Мұнартқан жалпақ айдынның арғы жағында көрінген, өлі ұйқыдағы өз қалашығына олардың барғылары жоқ. Түнде салды ағын алып кетіпті, әлде өзен суы көтерілгесін бе, бірақ бұл жағдай балаларға қуаныш әкелді: енді мәдени ортамен бұларды байланыстыратын көпір жоқ!
Олар тұрақтарына қарындары ашып, тыңайып, бақытты сезіммен оралды; сол бойда алау жанды. Гек жақын маңнан таза салқын судың көзін тапты, балалар еменнен және жаңғақ жапырағынан өздеріне ыдыс жасап алды, жабайы орманның иісімен су тәттіге айналып, кофе орнына жүреді деп ойлады. Джо таңғы асқа шошқа етін кесе бастады. Бірақ Том мен Гек оны қоя тұруын сұрады: екеуі сол бойда өзен жаққа жүгіре жөнелісті, бір жерге келіп қармақ салды. Көп кешікпей олар бұлтиған сазан, екі алабұға мен кішкентай жайын әкелді. Бір отбасына жететін азық. Олар балықты шошқаның төс етімен қосып қуырып еді – таң-тамаша қалысты: мұндай дәмді балықты бұрын ешқайсысы жеп көрмепті. Тұщы судың балығын неғұрлым тез қуырса, соғұрлым дәмді көрінетінін олар білмейтін және ормандағы ұйқы, таза ауада жүгіру, шомылу және аштық - бұл туралы олар ойлаған емес.
Ертеңгі тамақтан кейін олар көлеңкеге қисайып, Гек түтігін сорып болғанша оны күтті де, сосын орман ішіне барлауға кетті. Шіріген шөп-бұталардың арасымен басын төмен иген жүзім сабақтары орман патшалығының белгісі секілді. Ара-арасында өте жайлы, көкорай кілем жайылған алаңқайлар кездеседі, гүлдермен безендірілген олар қымбат бағалы тастарға ұқсап жылт-жылт етеді.
Жол бойында көп нәрсе оларға қуаныш сыйлады, бірақ таңқаларлық керемет кездеспеді. Аралдың ұзындығы үш мильдей де, ені төрт миль екенін және арал жақын маңдағы жағадан шамамен екі жүз ярд жіңішке бұғаз арқылы бөлініп тұрғанын анықтады. Олар сағат сайын суға шомылды да, тұратын жерлеріне кешке бір-ақ оралды. Олардың қарындары аш, сондықтан балық аулап әуре болмай, шошқаның салқын етін тоя жеп алып, көлеңкеде жатып әңгіме соқты. Кешікпей әңгімелері сирей бастады, сосын мүлде үзілді. Жалғыздықты сезіну, жым-жырт тыныштық, орманның салтанатты тірлігі оларға өз әсерлерін тигізді. Олар ойланды. Түсініксіз бір сағыныш мұңға орағандай. Кешікпей үйге деген сағыныштың алғашқы белгілері біліне бастады. Тіпті Финн Қанды Қол да бөтен біреулердің баспалдағы мен бос бөшкелер туралы мұңайып ойлады. Алайда әрқайсысы өзінің мұндай кемшілігінен ұялып, ойларын дауыстап айтуға ешбірінің батылы жетпеді.
Біраздан бері бір жақтан әлдеқандай бір дыбыс естіліп тұрды, бірақ олар оны елемеді, кейде біз өзіміз де сағаттың тықылдағанын елемейміз ғой. Дегенмен әлгі құпия дыбыс бірте-бірте қаттырақ естілді, оны енді байқамау мүмкін емес еді. Балалар селк етіп бір-біріне қарады, құлақтарын түріп тыңдады. Ұзақ үнсіздік басталды. Содан соң олар адам қорқатындай "бум" деген дыбысты естіді.
– Бұл не? - деді Джо әрең сыбырлап.
– Білмеймін, — деп жауап берді Том.
– Бұл күннің күркірегені емес,- деді Гекльберри қорқынышпен, - өйткені күркіреген...
– Үндемеңдер, - деп айқайлады Том. - Тыңдаңдар.
Оларға сол бір минут мәңгіліктей көрінді. Бір минут бойы тыныштық орнады. Содан соң салтанатты тыныштықты тағы да "бум" деген дыбыс бұзды.
– Барып қарайық!
Үшеуі де ұша тұра келіп, өз қалалары көрінетін - жағаға жүгірді.
Бұталардың арасымен олар алысқа көз салды. Өзеннің орта жерінде, Санкт-Петербургтен бір миль төмендеу ағыстың бойымен бір шағын параход жылжып келеді, әдетте ол арғы бетке өткізетін паромның орнына жүретін.Оның жалпақ палубасында толған адам, жан-жағында қайықтар жүр. Бірақ балалар олардағы адамдардың не істеп отырғанын түсіне алмады.
Аяқ астынан пароходтың жанынан ақ түтін бұрқ етті; ол түтін бұлтқа айналған кезде көрермендердің құлағына тағы да бағанағы көңілсіз дыбыс естілді.
– Енді түсіндім! - деп айқайлады Том. - Біреу суға кеткен.
– Дұрыс айтасың!- деді Гек. - Былтыр жазда Билли Тернер суға кеткенде осылай болған; онда да судың үстіне зеңбіректен атқан болатын - сонда суға кеткен адам жоғары көтерілді. Иә! Сосын нанның құрышына тірі күміс салып суға жіберді: суға кеткен адамның жатқан жеріне әлгі нан тоқтайды.
– Иә, мен бұл жайлы естігем, - деді Джо. - Нан неліктен тоқтайтынына түсінбеймін.
– Әңгіме нанда емес, әңгіме ол нанды суға жібергенде қандай сөз айтылады - соған байланысты,- деді Том.
– Ештеңе де айтпайды, - деп қарсыласты Гек. - Мен көргенмін, ештеңе айтылмайды.
– Түсініксіз! - деп қойды Том. - Мүмкін ішінен айтатын шығар, ешкім естімесін деп. Әрине, солай! Бірден түсінуге болатын еді.
Балалар Томның айтқанына келісті, өйткені ойы жоқ нанның бір бөлшегі ешқандай қасиетті сөз айтылмаса, мұндай үлкен іске жіберіліп отырғанда өз-өзінен біле қоюы мүмкін емес.
– Шайтан алғыр! Арғы бетте болар ма едім тап қазір! — деді Джо.
– Мен де, - деп қостады Гек. - Кімнің суға кеткенін білгім келіп тұр.
Балалар алысқа қарап, тың тыңдады. Кенет Томның басына жарқ етіп бір ой келе қалды:
– Мен білемін кімнің суға кеткенін. Біз!
Дәл осы сәтте олар өздерін нағыз батырлар сезінді. Қандай салтанат, қандай бақыт! Оларды іздеп жүр, оларды жоқтап жылап жатыр; бұлардың қайғысынан жүректері жыртылуда; адамдар көз жастарын төгіп бұларды еске алуда және қаза болған балаларға өздерінің өте қатал болғандарын ойлап кеш келген өкініш пен ұяттан өздерін азаптады. Бүкіл қала бұлар туралы айтып, балалардың бәрі қызғана қызығуда - не деген керемет! Бұл бәрінен артық. Тек осы үшін ғана қарақшы болуға болады.
Іңір қараңғылығы түсісімен шағын пароход тағы да кешегі ісіне кірісті және бүгін қайықтар жоқ. Қарақшылар тұрағына оралды. Олар қуанышты еді. Салтанатты аңыз өздерінің еншісіне тигеніне мақтанады. Бүкіл қалаға осыншама мазасыздық туғызғандары да бұларға мақтаныш. Олар көп балық аулап, кешкі тамақ әзірледі, қарындары тойғасын жатып алып бұлар туралы қалада қандай әңгіме айтылып жатыр деп бал ашуға кірісті және қайғылы суретті көз алдарына келтіріп, рахаттана елестетті. Бірақ түн көлеңкесіне орағанда олардың әңгімелері тоқтады; үшеуі де алауға үнсіз қарады, ал ойлары алыс жақтарда секілді. Қызулары басылды, Том мен Джо өздерінің жақын адамдары туралы ойлады, әрине, бұлардың ісі оларды шексіз қайғыға батырды.
Күдікті ойлар да мазалады. Екеуінің де жан дүниесінде тыныштық жоқ, екеуі де өздерін бақытсыз сезінді, екеуі екі-үш рет еріксіз күрсінді. Ақыры аяғында Джо жолдастарынан мәдени ортаға оралу туралы, әрине, қазір емес, олардың не ойлайтынын сұрауға батылы әрең жетті.
Том оны мысқыл күлкімен масқаралады. Туған үйге оралу туралы ойлады деп айыптауға болмайтын Гек Томды қостады, ыңғайсызданып қалған Джо, шынында, ойнап айта салғанын "түсіндіруге" асықты. Аналар кешіріммен қарағасын Джо қуанып кетті, дегенмен үйді сағынып жүргені туралы достары сәл де болса секем алып қалды. Бұл жолы көтеріліс басылды - аз уақытқа дейін.
Түн қараңғылығы қоюлана түсті. Гек жиі-жиі мұрнын тартып жатты да, ақыры қорылдады; одан кейін Джо да сол ауылға аттанды. Том біраз уақыт қозғалмай жатты, шынтағына сүйеніп жолдастарының бетіне қарады. Содан соң ол жайлап тізерлеп отырды және алаудың жылтылдаған жарығын пайдаланып, шөптің ішінен бірдеңе сұрады. Шынардың жұқа аппақ бірнеше қабығын тауып, арасынан екеуін таңдап алды; алаудың жанында тізерлеп тұрып өзінің атақты "Қызыл бояуымен" қабықтың әрқайсысына бірнеше сөз жазды. Біреуін қабыққа орады да, қалтасына сүңгітті, екіншісін Джоның қалпағына салды, қалпақты иесінен қашығырақ жылжытып қойды. Қалпақтың ішіне бұдан басқа мектеп балалары үшін баға жетпес қазына болып саналатын, оның ішінде бір түйір бор, резеңке доп, балық аулайтын үш қармақ және шынында хрустальдан жасалған дейтін шарларының біреуін салды. Содан соң аяғының ұшымен басып ағаштардың арасына еніп кетті. Ол жолдастары біраз жерде артта қалғанын және мұның аяғының дыбысын естімейтінін сезгесін, жағалауға қарай жүгіре жөнелді.