Жоба құны 38 миллиард теңге: Павлодарда салынып жатқан көпір өртенді

Oinet.kz 01-02-2026 45

Кеше, 31 қаңтарда Павлодарда салынып жатқан Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өртке оранды. Өрт ошағы жерден 30 метр биіктікте орналасқанына қарамастан өрт сөндірушілері тілсіз жауды сөндірді, деп жазады ТЖМ Telegram-арнасы.

Screenshot_4.jpg

Кеше кешке Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің "101" пультіне салынып жатқан көпір аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына ТЖД-ның өрт сөндіру бөлімшелері жедел түрде жіберілген.

"Өрт сөндірушілер келген сәтте жылу оқшаулағыш материалдар мен ағаш конструкцияларының жанғаны анықталды. Өрттің ошағы жер деңгейінен шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Алайда күрделі жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірілді", - делінген хабарламада.

Абырой болғанда, өрт көпірдің барлық құрылымына таралған жоқ және зардап шеккендер де жоқ. Қазіргі таңда өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.

Айта кету керек, бірнеше жыл бұрын Павлодарда 1962 жылы салынған автомобиль көпір апаттық жағдайда тұрғандықтан, оның орнына жаңа көпір салу шешімі қабылданған болатын. Бастапқыда жоба құны 38 миллиард теңге болады деп бағаланған. Ал 2024 жылы көпір бірінші санатқа жатқызылғаны хабарланған. Бұл мұндай нысан елде жоқ екенін білдіреді. Құрылыс басында тек тәжірибелі мамандар, өзге өңірлерден тартылған өз ісінің кәсібилері жұмыс істеп жатқаны айтылған.

Оңтүстік Кореядағы өрттен кейін қазақстандық із-түссіз жоғалды - БАҚ
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу