Үкім өзгерді: ОҚУ экс-проректорын жазадан босатты

Oinet.kz 31-01-2026 49

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың экс-проректоры Қайрат Нұрманбетовке қатысты сот үкімі апелляцияда өзгертілді, деп хабарлайды Оinet.kz.

image.png

Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы бірінші сатыдағы соттың үкімін қайта қарап, Нұрманбетовке қатысты қабылданған шешімді ішінара өзгертті.

Бұған дейін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оны қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және салғырттық үшін 5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда апелляциялық алқа қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты оны жазадан босатты.

Іс материалдарына сәйкес, айыптау екі эпизодтан тұрған. Бірінші эпизодта Нұрманбетов 2022 жылы мемлекеттік сатып алуларды конкурс өткізбей, бір көзден алу тәсілімен келісімшарттарға қол қойған. Нәтижесінде үш жеке кәсіпкерге 140 миллион теңгеден астам қаражат аударылып, оның 13 миллион теңгесі жымқырылғаны анықталған. Бұл іске университеттің екі департамент директоры мен екі кәсіпкер қатысқан.

Апелляциялық сот салғырттық фактісін мойындағанымен, мерзімнің өтуіне байланысты Нұрманбетовті жазадан босатты. Ал оның қарамағындағы екі қызметкердің нақты бас бостандығынан айыру жазасы шартты жазаға ауыстырылды.

Екінші эпизод 2024 жылы уақытша ректор қызметін атқарған кезеңге қатысты. Бұл істе университет ғимаратының техникалық қабатын жөндеу үшін 116 миллион теңгеге тендерсіз келісімшарт жасалған. Алайда апелляциялық алқа жымқыру дәлелденбегенін, қаражат толық игеріліп, залал өтелгенін негізге алып, Нұрманбетовті бұл эпизод бойынша толық ақтады.

Соған қарамастан, экс-проректор қазіргі уақытта университеттің бюджет қаражатын жымқыруға қатысты жаңа қылмыстық іс бойынша айыпталушылар қатарында. Тергеу мәліметінше, бірқатар лауазымды тұлғалар сатып алу бағасын қолдан қымбаттатып, мемлекетке 321 миллион теңге шығын келтірген. Оның 264 миллион теңгесі қайтарылған, мүліктер мен шоттар бұғатталған. Іс сотқа жолданды.

Жаңа Конституцияның жобасы таныстырылды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу