Марк Твен. Көпсөзділік және мұғалімнің алтынды мұнарасы (жиырма екінші тарау)
Демалысқа жақын қалды. Бұрыннан да қатал мұғалім талабын тіпті күшейтті: ол өз мектебінің емтихан кезінде басқа көрермендер алдында жарқырап көрінуін қалайды. Шыбыртқы мен сызғыштар, әсіресе, бастауыш кластарда жұмыссыз жатпады. Тек он сегіз - он тоғыздағы бозбалалар мен қыздар ғана тән жазасынан босатылған. Ал Доббинс мырза өте қатты соғады, оның қолдары cay, жарқыраған тоқыр басын жалған шаштың астына жасырғанмен, кәрілікке әлі біраз уақыты бар секілді. Ұлы күн жақындаған сайын оның азаптауға құштарлығы айқын көріне бастады. Түкке тұрғысыз сәл қателік үшін жазалау оған рахат сезім әкелетіндей. Бастауыштың балалары күні бойы қалтырап-дірілдеп азаптанады, ал түндерде одан кек алудың жолын іздеп жоспар құрады! Олар мұғалімге қандай да болсын жаманшылық жасап, масқара етуге келгенде сәл мүмкіндікті де жіберген емес. Бірақ екі жақтың күші тең емес, сондықтан мұғалім ылғи, жеңіске жетеді. Оған жасалған әрбір жамандықтың соңында адам айтқысыз жаза болады, балалар ұрыс алаңын үлкен шығынмен аяқтап жүрді. Ақырында балалар астыртын жұмыс жасап, керемет жеңіске жеткізетін жоспар құрысты. Олар суретшінің шәкіртімен уәделесіп, оның өздерінің жасырын ісіне көмектесуін сұрады. Ал ол қуанғаннан есі шығып кетті, мұның өз себебі бар еді: мұғалім мұның әкесінің үйінен тамақ ішетін және баланың бұл залым ұстазды өте жек көретін бірнеше себептері бар. Мұғалімнің әйелі деревнядағы туысқандарына ма - әйтеуір бір жаққа кетуге жиналды және бірнеше күннен кейін келетін болды. Яғни кек алуға кесел болатын ештеңе жоқ. Әрбір ұлы оқиғаның алдында мұғалімнің спирттік сусындармен қуаттанатын әдеті бар еді, суретшінің оқушысы емтихан болардың алдында ұрттап алған мұғалім орын тағында қалғып-мүлгіп отырған кезде ойлаған істерін жасап, сосын оны оятады да, мектепке алып барады.
Міне, сол ғажайып күн де келді. Кешкі сегізге қарай мектеп үйі жарқырап, айналасы гүл шоқтарымен, моншақтармен, жапырақтармен көмкерілген веноктарға толды. Мұғалім тақта отырған патшадай өз орнында биікте отыр. Арт жағында тақта бар.Оның шарапты біраз сілтеп алғаны байқалып тұр. Жанындағы орындықтардың үш қатарында, он және сол жағында және ортадағы алты қатарда жергілікті әкім-қаралар мен оқушылардың ата-аналары отыр. Сол жақтағы үлкендер отыратын орындықтардың сыртында емтиханда жауап беретін оқушылар жайғасқан: тап-таза жуынып, киінген балалар өздерін байлаулы бұзаудай сезінеді; ебедейсіз бозбалалар; ақ жұмыртқадай кішкене қыздардың шаштарында гүл; түрлі-түсті қызғылт, көк ленталар тағып, үстеріне бәтестен тіктірген көйлек киген, саусақтарына әжелерінің жылтырақ сақиналарын салған жасөспірім бойжеткендердің қатары. Қалған орындарда сынаққа қатынаспайтын оқушылар отыр.
Кіп-кішкене бір бала орнынан тұрып:
Сіздер үшін таңғаларлық
Оқиға деп қарадым –
Көп алдында сөйлегені
Кіп-кішкене баланың -
деп айтқан сөзін қолын сермеп нығыздады, сосын аман-есен аяғына дейін жетті, жұрттың шатырлата соққан қол шапалағымен марапатталды, еңкейіп сәлем етті де орнына кетті.
Қысылып-қымтырылған кішкене қыз "Лағы бар Меридің" деген тақпақты айтып иілді де өзіне тиісті қол шапалақтауға ие болып, бақыттан жарылып кетердей кейіппен орнына жайғасты!
Бұдан соң өзін соншалықты сенімді түрде ұстап, жұрт алдына Том Сойер шықты да қолын сермелеп:
Азаттықты, еркіндікті беріңдер,
Ол болмаса жер астына көміңдер!-
деп қатты дауыстап тақпақ айта бастап еді, кенет орта жеріне келгенде тұтығып қалды. Осы жерде өз-өзінен ыңғайсызданып жұрттың алдында тұла бойын қорқыныш билегендей болды; аяғы дірілдеп, тамағына бір нәрсе түйіліп қалғандай болды да, бір сөз айтуға шамасы келмей қалды. Рас, тыңдаушылардың оған жандары ашып отырғандары байқалады, бірақ ешбір дыбыс жоқ - бәрі су ұрттап алғандай үнсіз. Олардың жанашырлығынан гөрі үнсіздігі Томға көбірек батты. Мұғалім қабағын шытып еді, сонымен зілзала аяқталды. Том бірдеңелерді айтып сандалды, сосын әбден жер болып, орнына келді. Бірен-саран біреулердің шырт-пырт шапалақтары естілгенмен, ұзаққа бармай тиылып қалды.
Одан кейін: "Өртеніп жатқан палубада бала тұр", сондай-ақ "Ассириялықтар отарға шапқан қасқырлардай келе жатыр" деген сияқты тақпақтар айтылды. Содан соң дауыстап оқу және диктант жазу басталды.
Оқушылары тым сирек латын класы тақпақтарды жақсы орындады. Соңында жасөспірім бойжеткендер өздерінің шығармаларын оқулары керек.
Бұл бүгінгі жоспардың шегесі болды. Қыздардың әрқайсысы платформаның шетіне шығып, жөткірініп алып әдемі лентамен қолжазбасын көзіне тақап, ұқыппен үтір-нүктесіне дейін ережеге сай оқи бастады. Шығармалардың тақырыптарын қыздардың аналары, әжелері, тіпті кейбіреулерінің кәрі әжелері талқылағаны көрініп-ақ тұр: крест жорығынан басталып: "Достық", "Өткенді еске алу", "Тарихтағы құдай кәсібі", "Арман патшалығы", "Мәдениеттің пайдасы", "Мемлекеттердің саяси құрылыс түрлері", "Меланхолия", "Ата-анаға махаббат", "Жүректің бейімділігі", тағы-тағылар.
Бұл шығармалардың басты ерекшелігі - меланхолия сарыны. Екінші ерекшелігі - әдемі де әсем сөздермен өрнектелген. Үшіншісі - ылғи сары тап болған сөздер, сөйлемдер. Көзге бірден түсетін: (адамның ызасын келтіретін) ақыл айту, мораль оқу. Шығарманың тақырыбы қандай болса да, оны жазған оқушының миын сорып мораль айту тіпті күлкілі. Мұндай моральдің жалғандығы кім-кімге де түсінікті, алайда бұл күнде біздің мектептеріміздің бәрінде осындай өтірік мадақтау, өсиет айту керемет бағаланады, мүмкін жер аман тұрғанда өзгермейтін де болар. Біздің елімізде жасөспірім бойжеткен шығармасының соңын діни өсиетпен аяқтауды өзінің міндеті санамайтын мектеп мүлде жоқ. Есейген қыз бала неғұрлым ұятсыз болса, соғұрлым оның өзі діни өсиеттерден жырақ, ал шығармасы толған діни ақыл айту мен моральға толы. Жарайды, біраз шындықтың бетін аштық, шынайы сөз жекелеген адамдардың ғана көңілінен шығатынын ескерейік.
Одан да емтиханға оралайық. Бірінші оқылған шығарманың тақырыбы "Өмір осылай болуы керек пе?"
Мүмкін кішкене үзіндіні тыңдауға оқырманның төзімі жетер:
Тіршіліктің әдеттегі соқпақтарында жасөспірімдер көптен күткен салтанатты мейрамдарды күтеді. Олардың қиялдары қызғылт түске боялған көңілді суреттер салады. Моданы жақсы көретін бойжеткен өзін шаттық пен қуаныш құшағындағы топтың ортасында тұрғандай сезінеді. Ақ киімге оранған талдырмаш денесі көңілді биге айналып; оның аяқ алысы жеңіл, мына салтанатты шаттықтың ортасында жүргендердің ішінде оның көздері бақыт шуағын шашып бәрінен сұлу көрінеді. Осындай тәтті қиял құшағында уақыт тез өтеді, сосын ол армандаған сәт келеді, өзі қиялымен елестеткен жәннатқа енеді. Мына жаңа дүниенің ғажайып көріністері басын айналдырады. Әр көрініс барған сайын оны өзіне баурайды. Алайда көп кешікпей ол сырты жарқылдаған дүниенің арғы жағы -бос әурешілік, өткінші қызықтар екенін түсінеді. Бағанадан бері жанын баураған көріністер енді оның ызасын келтіре бастайды. Салтанатты би залдары көркінен жұрдай болып, оның жүрегін ауыртып, кетуге мәжбүр етті және жер бетіндегі қызықтардың бәрі оның рухани сусынын қандырмайтынына көзін жеткізді!
Осылай да осылай кете береді. Тыңдап отырғандар "Қандай тамаша!", "Не деген сүйкімді сөздер!", "Дұрыс-ақ!" деген секілді мақтаулармен көмкерілген айқайлар үнемі қайталанып отырды. Сол кітап оқылып біткендегі адамды есінен тандыратын, түкке тұрмайтын моральды естігенде жұрт түгел қол соғып қошеметтеді.
Содан соң қылдырықтай қыз бала көзіне мұң тұнған күйі әрі пилюлидің әсерінен бет әлпеті тым сұрғылттанып "поэма" оқуға кірісті.
Мен сол поэмадан біраз шумақ келтірейін:
Миссурилік қыздың Алабамамен қоштасуы
Алабама, қош енді,
Сүйсем-дағы осы елді,
Қоштасатын күн туды,
Қасіретке оранып,
Жүрегім де бұлқынды,
Қайғылы ойлар тағы да
Ұя салды жаныма,
Орманыңды қаншама
Араладым тамсана.
Қоштасарда жыладым,
Сен ең қимас тұрағым.
Таллассидің сулары,
Құстың жасыл құндағы...
Алабама, қымбаттым,
Жылап саған тіл қаттым.
Тыңдаушылардың бәріне түсінікті болмаса да, поэма көбіне ұнады.
Бұдан кейін қара қасты, қара шашты қоңыр қыз алға шығып, сәл тыныстап алды да, бетін қайғыға орап, сыңғыраған дауыспен оқи бастады.
Көрініс
Бозғылт түн қараңғы еді. Көк тағының маңында бір де бір жұлдыз жылтырамайды; алыстағы күннің күңгірт күркілі құлағыңды шулатады; жын қаққан найзағай ойнақтап, бұлтты аспанда салтанат құрып жүр, атақты Франклиннің найзағай атаулыны ноқталағанына жыны келгендей тайраңдайды. Тіпті құтырынған жел өздерінің жасырын тұрақтарын тастай салып, осы көрініс сахнасына одан сайын қорқынышты әсер беру үшін секіріп жүр. Қараңғылық пен ыза жайлаған осы жылы менің жаным бір адамның маған көмектесуін соншалықты тіледі - міне, ол келді –
Мен аңсаған досым, менің қымбатты
Қасіретімді сейілтті де мені сосын жұбатты.
Ол қасиетті көк тұрғындарының бірі секілді салтанат құрды, жасөспірім қыздардың романтикалық қиялындағы жәннаттың жолындағы ешқандай бояусыз, әшекейсіз өзінің табиғи сұлулығымен көз тартады. Оның жүрісінің дыбысы шықпайды, егер ол жаратқан берген құдіретімен мені жанап өтпегенде, мен оны сезбеген де болар едім, ал ол сұлулығын көрсетуге тырыспайтын басқа бойжеткендер секілді үнсіз өтіп кетер еді. Жүзінде белгісіз қайғының ізі жатыр, желтоқсанның ақ мақтадай киіміне тамып, мұз боп қатқан көз жасына ұқсайды.
Бұл масқара он бет екен, соңы пресвитериан шіркеуін мойындамайтындарды адам айтқысыз жазамен қорлайтын өсиетпен аяқталады. Қаланың әкімі әлгі шығарманың авторына сыйлық беріп тұрып, жалынды сөз айтты; оның айтуынша, Дэниэл Уэбстердің өзі де бұл шешендік өнердің ғажап жетістігін мақтан етер еді.
Осы жерде "керемет" деген сөз бар шығармаларда және тірліктің әртүрлі кикілжіңдері "өмір беттері" деп аталған жерлер жай әңгіменің деңгейінде.
Ішімдіктен тұла бойы босап, сәл де болса мейірімді кейіпке енген мұғалім арқасын халыққа беріп, орын тағын жылжытты да, тақтаға Американың картасын сыза бастады, мақсаты - оқушылардан география бойынша емтихан алу. Алайда мұғалімнің дірілдеген қолы иесіне көнбеді, мұны көрген оқушылар жаймен күле бастады. Себебін жақсы түсінген мұғалім дұрыс жазуға тырысты: тақтаға жазғанын сүртіп, қайта өрнек сала бастағанмен, бұрынғыдан да нашар, күлкі қаттырақ естілді. Ол барлық ниетін жұмысқа бағыштап, кластың күлкісіне көңіл аудармады. Кластың күлкісі күшейе түсті және бұл таңғаларлық жай емес! Мұғалімнің қақ төбесі тұсында шардаққа шығатын люк бар-ды, кенет сол люктен мойнына жіп байланған мысық түсіп келеді және мысық мияуламасын деп оның басын шүберекпен қымтап байлап тастапты. Төмен түсіп келе жатқан мысық тырбаңдап жіпке жармасқан болады, бірақ ауа ғана қармады. Кластағы күлкі ұлғая түсті. Мысық тақтамен әуре болып жатқан мұғалімнің басына жақындап қалды, бір кезде тырнағымен мұғалімнің жалған шашына жармаса кетті және сол бойда олжасымен ол жоғары өрледі. Мұғалімнің жылтыр басы жарқырап сәуле шашты, суретшінің шәкірті оның басын алтындап бояп қойған екен.
Бұдан кейін жиналыс аяқталды. Балалар жазасын алды. Мектепте демалыс басталды.