Марк Твен. Қатқыл сөздер. "Мен ойламаппын" (жиырмасыншы тарау)
Қабағы түйіліп үйге көңілсіз оралған Том тәтесінің алғашқы сөздерін естігенде, мұнда да оның қайғысына жанашыр ешкім күтіп тұрмағанын сезді.
– Том, мен сенің теріңді сыпырып аламын!
– Апатай, мен не істедім?
– Солай деуге аузың барады, а? Мен, кәрі ақымақ, Сирини Гарперге барып айтам, ол да мен сияқты сенің ғажайып түсіңе сенеді деп ойлап жүрсем... аман бол!
Сенің сол күнгі ұрланып үйге келіп, біздің әңгімемізді тыңдағаныңды оның Джосы айтып қойыпты. Мен білмеймін, Том, осынша өтірік айтатын бала өскенде кім болып шығады?! Менің Сирини Гарперге бара жатқанымды көріп тұрып тоқтатпағаның жүрегімді ауыртты: барлығы мені күлкі етіп, келемеж қылды!
Енді осы тарих Томға басқаша болып көрінді. Осыған дейін таңертеңгі әңгімені бұл жақсы ойластырылған әзіл деп түсінген. Енді ол оқиға түкке тұрмайтын бірдеңе болып шықты. Ол басын салбыратып, әуелі не айтарға білмеді, сосын:
– Тәте, солай істегеніме өкінемін... бірақ мен ойламаппын.
– Ah, айналайын, сен ешқашан ойламайсың!
Сен өзіңнің қара басың мен жан рахатың жайлы ойлайсың. Құдай біледі, сен түннің бір уағында Джексон аралынан біздің қайғымызды күлкі ету үшін келген боларсың! Сенің ойыңа келгені түс көрдім деп әңгіме айтып, менің басымды айналдыру ғой, ал бізге жан ашу деген жоқ сенде - ол сенің ойыңа келмейді!
– Тәте, мен бәрін енді түсініп отырмын: әрине, дұрыс емес, бірақ мен кесірлік жасайын дегенім жоқ, сізге шын айтып тұрмын. Және бұдан басқа... сол түні мен сіздерді күлкі ету үшін келгенім жоқ.
– Онда неге келдің?
– Мен сізге бізді уайымдамаңыздар, біз суға кеткен жоқпыз деп айтқым келді.
– Том! Том! Мен құдайға мың рахмет айтқан болар едім, егер сенің басыңа әлгі айтқаныңдай тамаша ой келген болса, бірақ ондай ойдың болмағанын өзің де біліп отырсың ғой... Мен білем, Том.
– Болды, болды! Сізге шынымды айтып тұрмын! Ондай ой болғаны рас!
– Әй, Том, өтірікті соқпа! Өтірік бәрінен жаман.
– Тәте, бұл өтірік емес, шын. Сіздер қайғырып, уайымдамасын деп сол кеште келгенім рас.
– Айтып отырғаның шындық болса, бәрін кешіруге әзірмін. Егер мұның шындық болса, сенің үйден қашып кетіп, неше түрлі бұзақылық жасағаныңа өкінбес едім. Бірақ бәрі өтірік... Әйтпесе сен не үшін келгеніңді маған сол бойда айтар едің ғой.
– Сенесіз бе, сіз бізді өлген адамдай жерлеуге арналған жиын болатынын айта бастағанда, егер біз сол жиынға келіп, шіркеудің жоғары жағына тығылып, сосын өзіміз шыға келсек, - адам айтқысыз қызық болады деп елестеттім. Солай болса деп қиялдадым. Сондықтан әлгі сізге хат жазған ағаш қабығын күртешемнің қалтасына сүңгіттім де, ештеңе айтпай кетіп қалдым.
– Қандай қабық?
– Әлгі сізге біз қарақшы болуға кеттік деген хабарымды жазған ағаштың қабығы. Мен сізді сүйіп алғанда оянбағаныңыз өкінішті. Соған қатты өкінемін - шын айтам!
– Сен мені сүйгенің рас па, Том?
– Әрине, сүйдім.
– Шын айтып тұрсың ба?
– О не дегеніңіз!
– Мені неге сүйдің, Том?
– Өйткені сол сәтте сізді кереметтей жақсы көріп кеттім және сіз түсіңізде ыңқылдадыңыз, жаным ашып кетті.
Бұл айтқаны шындыққа жанасатын секілді. Кемпір дауысы дірілдеп, өзінің толқығанын жасыра алмады!
– Том, мені тағы бір рет сүй де, мектепке бар... және енді маған тиіспе.
Ол кеткен бойда Полли апай шоланға жүгіріп барып, Томның теңіз қарақшысы болып жүргендегі күртешесін алды. Күртешені қолына алып өзіне өзі тіл қатты:
– Жоқ, болмайды! Бейшара бала! Ол өтірікті соқты, бірақ киелі өтірік, өйткені сол өтірігімен мені жұбатқысы келді. Мен үміттенемін, ол мейірімділігінен өтірік айтты. Жаратқан оған кешірім етеді. Мен оның өтірік айтқанына көзімді жеткізсем, қарамас едім.
Апай күртешені алып қойды, бір сәт ойланды; екі рет қолын созды да, екі рет қолын тартып алды; ақыры: "Мейірімді өтірік қой, мейірімді, - маған ренжуге болмайды, - деп өзін ақтағысы келді де, күртешенің қалтасына қолын сұғып жіберді. Бір минуттан кейін ол Томның ағаштың қабығына жазған сөздерін оқып:
– Енді мен оның миллион күнәсін де кешіремін! - деді көзіне жас алып.