​Марк Твен. Том Бекки үшін өзін құрбан етуге бар (жиырма бірінші тарау)

Oinet.kz 11-01-2020 1391

image.png

Полли апай сүйгенде бір керемет мейірім, жақсылық сезді де, Томның қасіреті өзі-өзінен сейіліп сала берді, көңілі көтеріліп, жан дүниесін рахат сезім биледі. Ол мектепке барды және бақыт құшағына енді: Луговой тұйық көшесінің басында Бэкки Тэчермен кездесе кетті. Том ылғи сәтіне қарай іске кіріседі. Ол ойланбастан жүгіріп барып:

– Бекки, бүгін мен оңбаған қылық көрсеттім, соған өкінемін. Ендігі уақытта бұлай істемеймін, өлгенімше! Татуласайық, қалай қарайсың?

Қыз тоқтады да, оның бетіне сондай жек көрінішпен қарады:

– Мен сізге алғыс айтар едім, Томас Сойер мырза, егер менің жаныма бұдан былай жақындамасаңыз. Мен ендігі жерде сізбен сөйлеспеймін.

Ол тұмсығын көтеріп, мұның жанынан өте берді. Том есі шығып кеткені сондай айтатын сөзін айта алмай қалды: "Түкірдім саған! Шыбық тимес шыңқ етер!" дегісі келді. Бірақ айтуға кеш қалды. Ол ештеңе айтқан жоқ, бірақ ызадан жарыла жаздады. Мектеп алаңында көңілсіз жүрді, әттең Бекки ер бала болса ғой - жақсылап емін берер едім! Дәл осы сәтте Бекки жанынан өтіп бара жатыр еді. Том сөзбен түйреді. Қыз да қалыса қоймады, сүйтіп олар дұшпан болып шыға келді. Әбден ашуға булыққан Бекки сабақ басталуын тағатсыздана күтті, себебі қыз сия төгілген оқулық үшін Томды шыбықтап жазалайды, деп асыққан.

Әуелі ол Альфред Темпльдің істегенін айтайын деп ойлап еді, бірақ Томның жаңағы айтқан жаман сөздерінен кейін ол ой есінен шығып кетті.

Бейшара! Ол өзін де жағымсыз жағдай күтіп тұрғанын сезбеді.

Осы мектептің мұғалімі Доббис мырза біраз жасқа келіп, сонда да өзін бақытсыз санайтын. Ол жастайынан доктор болғысы келген, бірақ кедейліктің кесірінен қиырдағы қалашықтың мектеп мұғалімі болды. Күнде класта отырып, оқушылар жауап бермеген кезде үстелдің тартпасынан бір кітапты алып, оқуға кіріседі. Бұл кітапты ылғи тартпаға салып кілттеп қояды. Оқушылардың бәрі сол кітапты көргілері келіп естері кетеді, бірақ қолға түспейді. Бұл не кітап? Кластағы әрбір қыз, әр бала өздерінше жорамалдайды, бірақ ол қандай кітап екенін білуге мүмкіндік жоқ. Міне, Бекки есікке жақын тұрған мұғалімнің үстелі жанынан өтіп бара жатып тартпаның кілті тұрғанын көрді. Мұндай сәті келген сәтті қалай жіберуге болады?! Ол жан-жағына қарап еді - тірі жан жоқ. Бір минуттан кейін Бекки кітапты ұстап тұрды. Кітаптың аты - "Анатомия", авторы - пәлен деген профессор -бұл қызды онша қызықтырған жоқ. Бірінші бетінде жалаңаш адамның суреті. Осы кезде біреудің көлеңкесі кітап бетіне түсті - есіктен Том Сойер еніп келе жатыр екен, ол суретке көз қырын салды. Бекки тездетіп кітапты жауып жатқанда, бір беті жыртылып кетті. Ол кітапты жәшікке сұға салып, кілтті бұрады да өкініш пен ұяттан жылап қоя берді.

– Том Сойер! Сіз бұзықтыққа ғана үйірсіз! Біреудің сыртынан сығалап - не деген оңбағандық!

– Сенің нені қарап тұрғаныңды мен қайдан білейін!

– Ұялсаңызшы, Том Сойер! Сіз, әрине, мені айтып қоясыз да, ал менің жонымды шыбыртқымен жосып жазалайды... Мен не істеуім керек? Не істесем екен? - Ол аяғымен жер тепкіледі де: — Мені жамандап айтыңыз, мейлі! Сіздің оңбағандығыңыз жеткілікті екенін білеміз. Мен де бір нәрсені білемін. Және ол туралы кешікпей білетін боласыздар! Оңбаған! Оңбаған!

Қыз өкіріп жылап, бөлмеден шыға жөнелді.

Том оның аяқ астынан шабуыл жасағанына таңданып не істерін білмей тұрып қалды. Сосын ол өзі:

– Қыздар деген не деген ақымақ халық. Оларды мектепте ешқашан жазалаған емес! Арқаларын жосып жазалау - түк емес. Ал олардың бәрі нәзік әрі су жүрек! Әрине, мен бұл ақымақ қыз жайлы Доббис шалға ештеңе де айтпаймын. Мен өшімді басқа жолмен алармын. Бірақ ол қыз қолға түседі.

Доббис менің кітабымды кім жыртты деп сұрайды. Ешкім үндемейді. Сонда ол әдеттегісінше кезекпен бәрінен - әуелі бірінші, сосын екінші, ақыры кінәлінің өзіне келгенде, мұғалім бірден біледі, қыз ештеңе айтпаса да, біліп қояды. Қыздардың бетінде бәрі жазулы тұрады - оларда сабырлылық деген жоқ.

Сосын оны жазалайтын шығар... Бекки Тэчер, қолға түстің енді шыбыртқы арқаңды жосадай қылады. Одан құтыла алмайсың!

Том сәл ойланып:

– Қайтеміз, әркімнің ісіне қарай! Егер осындай дұзаққа мен түсе қалсам, ол қыз қуанар еді - енді менің терімді өзі жамылып көрсін!

Ол есік алдындағы алаңға жүгіріп барып, бір ойынды бастап кеткен балалар тобына қосылды. Бірнеше минуттан кейін мұғалім келді, сабақ басталды. Том сабаққа онша мән бермейтін. Ол қайта-қайта қыздар отырған жаққа қарап еді, Беккидің бет әлпеті Томның әбден мазасын кетірді! Қыздың қылығы есіне түскенде, оған жанашырлық білдіргісі келмеді, дегенмен жүрегі елжірегендей болып отырды және ешқандай өш алу ойына келмеді. Біраз минуттан кейін мұғалім Томның оқулығының бетіне төгілген сияны көрді. Бекки бір сәтке көңілсіздік құрсауынан босанып, мына болып жатқан көрініске елең ете қалды. Қыз Том сияны төккен мен емес деп қанша сендіргісі келгенмен, мұғалім тыңдамады. Өзінің кінәсін мойындамағаны үшін оны қаттырақ жазалады. Бекки оны жазалағанын көргенде қуанамын деп ойлап еді, олай болмай шықты. Әңгіменің соңы шыбыртқыға тірелгенде Бекки орнынан атып тұрып кінәлі Альфред Темпль екенін айтқысы келді, бірақ өзін-өзі тоқтатып, үнсіз отырды. "Том кітаптың бетін жыртып алған мен екенімді жеткізген болар, - деп ойлады Бекки, - мен ештеңе де айтпаймын! Тіпті оның өміріне қауіп төнсе де, үндемеймін!"

Том арқасын шыбыртқыға біраз төсегеннен соң орнына келіп отырды. Өкінгені білінбейді. Ол, шынында да, балалармен алысып жүргенде мүмкін сия төгілген шығар деп ойлады. Ол кінәлі емеспін деп дәстүр бойынша өзін қорғап айтты.

Бір сағат өтті. Мұғалім тағында танауымен жер шұқығандай қалғып-мүлгіп отыр. Жаттау оқыған оқушылардың гуілінен кластағы ауа біртүрлі ұйқы келтіреді. Доббис мырза тіке отырып есінеді, сосын үстелдің жәшігін ашты да, кітапқа қолын созды. Алсам ба, алмасам ба дегендей кідірді. Балалардың көбі оның бұл қимылына жай ғана қарады, ал олардың ішінде екеуі шыдамсыздана күтті. Доббис мырза әуелі кітапты сипады, сосын қолына алып, орын таққа дұрыстап отырды да, оқуға кірісті. Том Беккиге қарап қойды. Ұсқыны жоқ, мергеннің көздеуіне іліккен үркек қоянға ұқсап әрең отыр. Том сол бойда онымен керісіп қалғанын, ұмытып кетті. Тезірек көмек беру керек! Қазір, осы минутта бір нәрсе жасау керек!

Жағдайдың қиындығы сол - бір нәрсені ойлап табатын уақыт жоқ. Тамаша! Керемет ой келді! Ол жүгіріп барып кітапты алып, есіктен шығып кетеді! Бірақ сәл-пәл ойланып қалды және оңтайлы сәт өтіп кетті: мұғалім кітапты ашып үлгерді. Сәл ертерек қимылдап, сол сәтті ұтымды пайдаланса ғой!

"Өте кеш қалдық, енді Бекки құтыла алмайды".

Тағы бір минут өтті, мұғалім класс ішін көзімен шолып өтті. Оның көзқарасындағы адам айтқысыз зілден кінәсіз балалар да қорыққандарынан қалтырап кетті.

Үнсіз сәл үзіліс: сол сәл үзілістің ұзақтығы сондай, тіпті онға дейін санап үлгеруге болады. Мұғалім ашуға булығып, ақыры:

– Кім мына кітапты жыртқан? - деп сұрады.

Бір дыбыс жоқ.Түйреуіштің түсіп кеткенін де естуге болады. Бәрі үнсіз. Мұғалім кінәліні іздеп әр баланың жүзіне көзін қадайды.

– Бенджамен Роджерс, сен бе кітапты жыртқан?

Жоқ, ол емес. Тағы тыныштық.

– Джозеп Гарпер, сен бе?

Жоқ, ол да емес, Том сәт сайын қауіптеніп, есі шықты. Мына сұрақтар мен жауаптар ол үшін ұзаққа созылған жаза секілді. Мұғалім балалардың қатарын қарап болып, қыздар жаққа бұрылды.

– Эмми Лоренс?

Қыз басын шайқады.

– Гресси Миллер?

Ол да солай.

– Сюзен Гарпер, сен бе мұны жасаған?

Жоқ, ол емес. Ендігі кезекте Бекки Тэчер. Томның қол-аяғы бірдей дірілдеп кетті, жағдай өте қиын еді.

– Ребекка Тэчер (Том оның бетіне қарап еді, қорыққаннан аппақ қудай болып кетіпті) сен бе жыртқан... жоқ, менің көзіме тура қара (қыз жалынышты кескінмен қолын көтерді)... Сен бе жыртқан?

Дәл сол сәтте Томның басына найзағайдай жарқ етіп бір ой келе қалды. Ол орнынан атып тұрып:

– Мұны жасаған мен! - деп айқайлап жіберді. Мектеп түгелімен мынандай адам айтқысыз іс істеген ақымаққа қарап қалды. Том бір минуттай тұрды да, шашылған ойларын жинап, жазаны қабылдау үшін алға шықты. Беккидің көзіндегі таңдану, алғыс, махаббат мұндай жазаның жүзі үшін берген марапаттай еді. Өз ерлігінің салтанатына мәз болған Том Доббинс мырзаның адам төзгісіз соққыларына үн шығармай төзді және сабақтан кейін екі сағат мектепте қалу туралы қосымша жазаға да мыңқ еткен жоқ. Абақтыдағы екі сағат біткесін қақпаның жанында өзін кім күтетінін ол білді, сондықтан қосымша жазаны да онша мән бермей қабылдады.

Сол күнгі кеште ұйықтауға жатарда Том Альфред Темпльден қалай кек алатынын ойластырды. Ұят пен өкініштен өртеніп тұрып Бекки бұған бәрін, тіпті өзінің сатқындығын да айтып үлгерді. Алайда кек алу жоспарының орнына арманға толы басқа бір ойлар келді. Ол көзі ұйқыға бара бергенде де, Беккидің:

"Том, сен деген кеңпейілсің!" - деген қуанышты үні естіліп тұрды.

​Марк Твен. Қатқыл сөздер. "Мен ойламаппын" (жиырмасыншы тарау)
Марк Твен.​ Көпсөзділік және мұғалімнің алтынды мұнарасы (жиырма екінші тарау)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу