Марк Твен. Том өзінің түсін айтады (он тоғызыншы тарау)
Томның ұлы құпиясы осы екен: ол өзінің қарақшыларымен үйге оралып, өздерін жерлеп жатқандармен бірге болып көру. Сенбі күні кешкісін олар бөренеге отырып Миссури жағасына жетті де, туған қаладан бес мильдей төменгі жаққа барып, жақын жердегі орманға қонып шықты. Таң атар-атпастан үй-үйдің арасымен шіркеуге келіп, сынған орындықтар жатқан хорда әбден ұйқыларын қандырды.
Дүйсенбі күні таңертең дастархан басында Полли апай да, Мери де Томға ерекше мейіріммен қарап, оның айтқанының бәрін жандары қалмай орындады. Әңгіме де әдеттегіден көбірек айтылды. Сөз арасында Полли апай:
– Байқайсың ба, Том, мүмкін сендер үшін қызық болғанмен бір апта бойы бүкіл елді азаптау миға сыймайды... Маған соншалық қайғы шеккізгенің мұңайтады және сенің жүрегіңнің мейірімсіз қатал болғаны... Өзіңнің жаназаңа қатысу үшін сен бөренеге отырып, өзеннен өткенсің, ең болмаса, үйге келіп, тірі екеніңді маған білдірсең етті.
– Иә, сен солай істей алатын едің ғой, Том, - деді Мери, - және егер осы ой басыңа келсе, сен солай істеген де болар едің.
– Солай ма, Том? - деп сұрады Полли апай, оның жүзінен дәл солай болғанын қалап отырғаны көрініп тұрды. - Ал, айтшы басыңа осы ой келген болса, сен бізге хабар беретін бе едің?
– Жо... білмеймін. Бұл біздің ойынымызды бұзады ғой.
– Ай, ай, Том, сен мені жақсы көреді деп ойлайтын едім! - деп күйінді Полли апай, Том ыңғайсызданып қалды.. - Егер сен мен жайлы аз да болса ойласаң...
– Тәте, бұл қасірет емес, - деп Мери сөз қосты. - Том ақылы ауысқан адамдай ылғи асығып жүреді ғой, ойлауға мұршасы жоқ.
– Оның несі жақсы?! Сид ойланып істер еді. Сид келіп, тірі екенін айтып кетер еді. Аһ, Том, бір кезде артыңа қарап, мен жайлы ойламағаныңа өкінерсің, бірақ ол кезде кеш қаласың.
– Тәте, жетер енді, сізді жақсы көретінімді өзіңіз білесіз ғой, - деді Том.
– Егер сенің сөзің істеген ісіңе сай келсе, білген болар едім.
– Мен, шынында да, бұл ойдың басыма келмегеніне өкінемін, - деді Том, дауысынан расында да өкініш байқалып тұрды. - Оның есесіне мен сізді түсімде көрдім - бұл да тектен-тек емес шығар.
– Айтайық, түс көргенде не тұр? Мысық та кейде түс көреді, - бірақ бұл, әрине, ештеңе болмағаннан тәуір. Түсіңде не көрдің?
– Ол былай. Сәрсенбі күні кешкісін түс көрдім, сіз кереуеттің жанында... ана жерде, Сид отын салған жәшіктің қасында, Мери оның жанында...
– Біз ылғи да солай отырамыз... Иә, отырдық, тым болмаса түсіңде бізді есіңе алғаныңа қуаныштымын.
– Сосын мұнда Джо Гарпердің мамасы болғанын көрдім.
– Ол расында болған! Тағы не көрдің түсіңде?
– Көп нәрсе көрдім. Бірақ қазір бәрі бытысып кетті.
– Есіңе түсірсеңші, түсіріп көр?
– Сосын жел үрледі...
– Есіңе түсір, Том! Жел нені үрледі?
Том саусақтарымен маңдайын тіреп отырды да, бір минуттан кейін айқайлап жіберді.
– Есіме түсті! Жел майшамды үрледі.
– Құдайым, жарылқай гөр! Әрі қарай, Том, тағы!
– Тоқтаңызшы есіме түсірейін... Иә, сіз есіктен соққан жел деген сияқтысыз.
– Әрі қарай, Том!
– Бір минут ойыма түсіруге мұрша беріңізші, бір минут! Сіз есік ашылғандай болды дедіңіз.
– Иә, иә, мен солай дедім... Есіңде ме, Мери? Ал, әрі қарай?
– Сосын... сосын... Білмеймін не болғанын... Сіз Сидті жұмсаған сияқты болдыңыз...
– Иә, иә, Сидті қайда жұмсадым?
– Сіз оны есікті жабуға жұмсадыңыз.
– Құдайым-ай, ешқашан мұндайды естіген емеспін! Ал, осыдан кейін қалай түске сенбейсің! Қазір Сирини Гасперге барып айтайын. Содан кейін оның сенім туралы мылжыңын тыңдап көрейік. Әрі қарай айта бер, Том, сосын не болды?
– Енді маған бәрі түсінікті болды, тәте! Сіз мен туралы ол шектен шыққан бұзақы емес, жай еркелейді, тентек құлын секілді дедіңіз.
– Иә, иә, дәл солай дедім! Құдайым-ай! Әрі қарай не көрдің, Том?
– Содан соң сіз жылап жібердіңіз.
– Рас, рас жыладым! Және бірінші рет емес. Ал, сосын?
– Сосын Гарпер ханым жылады және Джо да жақсы бала өзім төгіп алған кілегейді одан көріп сабағаным қандай өкінішті, - деді.
– Том, жаратқанның рухы сенің кеудеңе қонған! Бұл нағыз көріпкелдің түсі! Әрі қарай айта бер!
Содан кейін Сид айтты...
– Мен ештеңе айтпаған секілдімін, - деді Сид.
– Жоқ, Сид, сен айттың, - деді Мери.
– Сөйлемеңдер! Томды алаңдатпаңдар! Иә, Том, ол не дейді?
– Ол жер бетіндегі өміріне қарағанда Том о дүниеде жақсы жүретініне сенетінін айтты.
– Естіп отырсыңдар ма? Сидтің сөзі.
– Сіз оны әрі қарай сөйлетпедіңіз.
– Әрине! Сөйлетпедім! Жоқ, бұл жерде періштенің болғаны даусыз. Осы маңға періште келген!
– Одан соң Гарпер ханым Джоның бірде мұның танауының астынан пистонды жарып зәресін ұшырғанын айтты. Сіз Питерді және ауруды басатын дәрі жайлы айттыңыз.
– Рас, рас!
– Сіз сосын бізді өзенді шарлап іздегендерін, бізді жерлеу рәсіміне жексенбіде болатынын айттыңыз, содан Гарпер ханыммен құшақтасып жыладыңыз, ол сосын үйден шығып кетті.
– Солай, солай! Дәл осылай болғаны анық! Егер сен өз көзіңмен бәрін көрген болсаң, бұдан артық айта алмаған болар едің. Сосын не болды? Айта бер, Том?
– Содан сіз маған арнап дұға оқыдыңыз, мен сіздің әр сөзіңізді естідім. Сосын сіз төсегіңізге жаттыңыз және сізге жаным ашыды да, мен ағаштың қабығына "біз өлген жоқпыз, біз тек қашып кеттік те, теңіз қарақшылары болдық" деп жазып, майшамның жанына қойдым, ал сіз ұйықтап жаттыңыз. Сіздің жүзіңіз сондай мейірімді көрінді, сосын мен еңкейіп ерніңізден сүйдім.
– Рас па, Том, шын ба? Ол үшін сенің барлық тентектігіңді кешіремін. "Сүй" - деді де Полли апай оны қатты қысып құшақтағаны сонша, Том өзін жер бетіндегі ең оңбаған адам сезінді.
– Мұның бәрі бар болғаны түс болғанымен, әрине, керемет, - деді Сид даусын шығарып.
– Үндеме, Сид! Адам өңінде істейтінін түсінде де жасайды... Мә саған ең үлкен алма, Том! Мен мұны сен бір кезде келсең, берермін деп сақтап едім. Және тезірек мектебіңе бар... Маған жаны ашып сені қайтарғаны үшін жасағанға мың рахмет айтам. Өйткені өзіңе шын сеніп, оның өсиеттерін орындаған адамдарға мейірімін түсіреді. Мен оның рахымына лайық емеспін... Егер ол тек лайықты адамдарға ғана мейірімді болса, жер бетінде бұл күндері масайрап жүретіндер аз болар еді және о дүниеде олар жәннатта мәңгілік рахат кешуге құқтары бар болар еді. Қане, барыңдар, Сид, Мери, Том, тезірек кетіңдер -сендермен мылжыңдасуға уақытым жоқ.
Балалар мектепке кетті, ал кемпір Томның ғажайып түсін айту үшін Гарпер ханымға айтып, оның наным-сенім десе шашы тік тұратын мінезін жоққа шығаруға асықты. Сид үйден кетерде не ойлағанын айтудың қажеті жоқ деп ойлады. Ал ол: "Бұлай болуы мүмкін емес. Осындай ұзақ, кәдімгі өмірдегідей түс бола ма - бір де бір қатесі жоқ?" - деп ойлаған.
Том қандай батыр болып шықты! Ол секіріп, жүгірмей, кәдімгі теңіз қарақшылары секілді салмақпен, кеудесін тік ұстап, айналадағы жұрттың бәрі оған қарап тұрғанын ескеріп маңғаздана жүріп келеді. Шынында да, ол басқалардың қарағанын көрмегендей, олардың сыбыр-күбірін естімегендей кейіппен, іштей рахат сезімге бөленіп келеді. Кішкентай оның соңынан ергендеріне оларды өзгелер Томның жанында көргендерін мақтан етіп, батыр қарақшының оларға ештеңе демей ерткенін мәртебе санайтындай. Ол бейне парадтың алдындағы барабаншы немесе аңдарды бастап қала қақпасынан еніп келе жатқан піл секілді. Ал, Томның құрбылары болса, оның үйден қашып кеткені жайлы ештеңе білмейтін адамдай кейіп көрсеткендерімен бәрінің де іштерін қызғаныш қыжылы күйдіріп тұр. Олар бұл секілді қап-қара болып күнге күйсе, аз-ақ күнде даңққа бөленсе, бәрін беруге дайын. Алайда Том ешқайсысын, тіпті біреуі ақысына тұтас цирк берем десе де, көнбес еді.
Мектептегі оқушылар Том мен Джо Гарперге естері кете қызығушылықпен қарап тұрғанын сезген ол екеуі тіпті мұрындарын көтерді. Олар айнала қоршағандарға өздерінің бастан кешкен оқиғалары мен ерліктері жайлы өздеріне тән ойдан шығарудағы шеберліктерін балалар қосып айтып тұрды.
Бір мезгілде олар темекі түтіктерін шығарғанда, оларға деген қызығушылық әбден шегіне жетіп екеуі тіпті құрметке бөленді.
Том ендігі жерде Бекки Тэчерсіз-ақ жүруге бел буды. Оның өз даңқы да жетіп жатыр. Енді ол атақ-даңқ үшін өмір сүреді. Қазір оның атағы жер жарып тұрғанда Бекки мұнымен татуласқысы келетін де шығар. Мейлі. Мұның да кейбіреулер секілді салқын бола алатынын көрсін. Әне, өзі келе жатыр, Том оны байқамаған адам бола қалды. Ол бұрылды да топталып тұрған балалар мен қыздарға қосылып солармен әңгімелесе бастады. Том Беккидің ерсілі-қарсылы жүгіріп, беті өрттей жанып, қыздармен қуыспақ ойнап жүрген болып көрінгісі келетінін, құрбы қыздарының бірін ұстай қалса, қуанғаннан айқайлап жіберетінін көріп тұрды. Бірақ Беккидің қыздардың жақын тұрғандарын ұстағысы келетінін, ұстай қалса, байқатпаған болып мұның өзіне көзінің астымен қарап қоятынын Том сезді. Қыздың бұл қылығы жүрегін жұмсартудың орнына қайта өшіктіре түсті, ол өзін тәкаппар ұстап Беккиді көрмегендей кескін көрсетті. Қыз сосын қыздардың соңынан жүгіруді қойып, оқта-текте мұңды жанармен Томға қарайтынды шығарды. Кенет ол Томның ылғи Эмми Лоренспен сөйлесіп тұрғанын байқады. Жүрегін сыздатқан сезім оның тұла бойын билеп алды. Ол толқып, кетуге ыңғайланды. Бірақ кетудің орнына оның аяқтары Эмми мен Том тұрған топқа алып келді. Ол әбден жақын келіп, қыздардың біреуіне.
– Сен қандай оңбағансың, Мери Остин! Неге жексенбілік мектепке келмедің? – деді.
– Болдым мен. Сен көрмедің бе мені?
– Жоқ, бұл қалай... Сен қайда отырдың?
– Әдеттегідей Питерс ханымның класында. Ал мен сені көргем.
– Шын айтасың ба? Мен қалай байқамағанмын. Мен саған сейіл құру туралы айтайын деп ем.
– Ой, керемет! Кім өткізеді?
– Менің анам... Мен үшін.
– Қандай жақсы! Ал анаң менің келуіме рұқсат ете ме?
– Әрине. Кеш менікі. Кімді шақырғым келсе, соны шақырамын. Сені міндетті түрде!
– Ой, сен қандай тамашасың? Қашан болады?
– Жақында. Мүмкін, демалысқа шыққанда.
– Керемет көңілді болады! Сен қыздар мен балаларды түгел шақырасың ба?
– Иә, менің достарымның бәрін... Сосын менімен дос болғысы келетіндерді де.
Ол көзінің қиығымен Томға қарап қойды, бірақ Том бұл кезде Эммиге аралдағы аласапыран дауыл мен жүз жылдық жуан еменді найзағай күл талқан еткені және сол кезде еменнен үш қадам жерде өзі тұрғанын айтып жатыр еді.
– Сенің кешіңе маған келуге бола ма? - деп сұрады Гресси Миллер.
– Иә.
– Ал маған ше? - деді Салли Роджерс.
– Иә.
– Маған да бола ма? - деді Сузи Гарпер. - Джоны да шақырасың ба?
– Иә.
Бәрі бірдей сұрақ қойды және түгел шақырылатын болғасын, қуана қол шапалақтады, ақырында Том мен Эммиден басқаның бәрі барғысы келетіндерін айтты.
Том ешқандай көңіл бөлместен, Эммиді ертіп кетіп қалды. Беккидің еріндері дірілдеп көзіне жас толса да, ренжігенін білдіргісі келмей әңгімесін айта берді. Алайда сейілге де, басқаларға да енді зауқы соқпай қалды. Ол дос қыздарынан оқшауланып, оңаша жерге барды да, әйелдердің сөзімен айтқанда оңаша жылап алды да, қоңырау соғылғанша көңілсіз жәбірленіп отырды. Орнынан тұрып, көздерінде жарқ еткен от көрінді, қос бұрымын қайырып, мен енді не істейтінімді білемін деді.
Үзіліс кезінде Том Эмми Лоренстің көңілін аулаумен болды. Онымен қыдырып жүріп, Беккидің жүрегін сыздату үшін бізді көрсе екен дегендей қасақана қылық көрсетіп бақты.
Том ақыры оны іздеп тапты; сол бойда оның бақыты аяқ асты болды: Бекки мектеп жанындағы орындықта Альфред Темплмен отыр; екеуі бір кітаптың суреттерін қарап, басқа еш нәрсеге көңіл бөлетін емес. Және бастары түйісіп отыр. Томның тұла бойы қызғаныштан өртеніп кетті. Ол сол сәтте өзін өте жек көріп кетті: Беккидің татуласуды меңзеген ұсынысын қалай қабылдамады! Ол өзін оңбаған ақымақ деп және сол сәтте ойына келген жаман сөздің бәрін өзіне жапсырды. Олар әрі қарай жүре берді. Эмми көңілдене мылжыңдап келеді, өйткені қуаныштан жүрегі ән салып тұрған, бірақ Том тілін тістеп алғандай үнсіз.
Ол Эммиді тыңдап келе жатқан жоқ, қыз тіпті одан жауап күтіп тоқтағанда да, Том "иә, иә" деп бірдеңе айтқан болып міңгірледі. Оның үстіне әлгі жынын құрыстырған көрініске қарау үшін мектептің арт жағынан өтуге тырысты. Еркінен тыс солай қарай жүрді. Оның ашуын келтірген жай - Бекки бұған тіпті де көңіл аудармағаны, оған солай көрінді! Бірақ Бекки мұны көріп өзінің жеңіс тұғырында екенін сезді де, Томның әлгіндегі өзі секілді қайғылы күй кешіп жүргеніне қуанды.
Эммидің көңілді мылжыңы мұның ішін пыстырды. Том өзінің бір жерге баруы керектігін, тіпті кешігіп қалғанын тұспалдап айтып көріп еді, алайда бәрі бос болды - қыз құс секілді сұңқылдай берді. "Аһ, жерге кіріп кеткір, - деп ойлады Том, - сенен құтыла алмайтын болғаным ба?". Ақыры ол кетуім керек деп мәселені тікесінен қойды. Эмми сабақтан кейін оны осы маңда күтетінін айтып еді, Том оны енді көрместей жек көріп кетті.
"Тым құрыса басқа біреу болса ғой, - деді ол өзіне өзі сөйлеп тісін қайрап. - Сен-Луиден шыққан сол оңбаған өзінше ақсүйек. Әдемі киінгеніне мәз, мақтаншақ! Тоқтай тұр, бәлем! Сен біздің қалаға алғаш келген бойда-ақ ішіңді кептіргем, тағы сүйтемін. Тоқтай тұр, мырза, мен саған көрсетемін әлі!". Том дұшпанмен жұдырықтасып жатқандай қолын сермелеп ауаны соққылап тұр. "Міне, саған! Міне, саған! Алдың ба сыбағаңды? Жалынасың ба? Жарайды! Бар, бұл саған сабақ болады". Ойдан шығарылған төбелес Томның жеңісімен аяқталды.
Сағат он екі болды. Ол үйге қарай жүгірді. Эммидің бақытты сезініп, алғыс жаудырған түрін көру оған қатты батты, сонымен қатар қызғаныштың азабы әбден шегіне жетті. Бекки тағы да Альфредпен кітаптың суреттерін қызықтап отыр, уақыт өтіп барады, бірақ Том келмеді, ал бұл қыздың салтанатты жеңісіне көлеңке түсірді. Суреттерді қызықтау оны жалықтырды, сосын ол үндемей, мұңайып отырып қалды. Екі-үш рет біреулердің келе жатқан дыбысынан қауіптеніп еді, бірақ бекер үміттенген екен: Том көрінбеді. Ақырында ол өзін бақытсыз санады және өзінің өш алам деп тым өрескелдік жасағанына өкінді. Альфред байғұс өзімен отырған қыздың әп-сәтте көңілі түсіп, іші пысқанын көргенде: "Мына суретті қарашы, қандай жақсы!" - деп айта берді. Қыз ақырында әбден төзімі таусылып: "Кетші әрмен! Сенің суреттерің жалықтырды!" — қаттырақ айтты. Жылап жіберді де, орнынан тұрып, кетіп қалды. Альфред соңынан ілесе жүгіріп, оны жұбатайын деп еді:
- Өтінемін, мазамды алмашы! Бар! Сені жек көремін! - деп қыз турасын айтты.
Сасып қалған бала не істерін білмей және қыз мұншама ренжитіндей өзінің оған не істегенін білмей дал болды; үлкен үзіліс бойына сенімен бірге сурет көрем деген өзі, кенеттен жылап кетті.
Альфред қаңырап қалған мектепке қарай көңілсіз аяңдады. Ол ашулы және жәбірленген еді.