Марк Твен. ​Қарақшылар өздерін жерлеп жатқандар арасында (он сегізінші тарау)

Oinet.kz 11-01-2020 589

image.png

Сенбінің сол бір кешінде шағын қалада көңілділіктің нышаны көрінбеді. Полли апай, Мери, Сид және Гарпер ханымның бүкіл отбасы көз жастарын тия алмай, қаралы киім киді. Қалашықта бұрын да көп у-шу болмайтын, ал бұл күндері мұнда болмаған тыныштық салтанат құрып тұр. Тұрғындар өздерінің әдеттегі шаруаларымен қалай болса солай, онша мән бермей айналысады, тіпті бір-бірімен әңгімелесуді де қойды, жиі-жиі күрсіне берді. Тіпті балаларға сенбілік демалыс бұрынғыдай қуаныш әкелмеді. Олардың ойындары да онша келіспеді. Сосын өздерімен өздері жүрді.

Кешке қарай Бекки Тэчер мектеп жанындағы бос алаңда көңілсіз жалғыздан жалғыз жүріп, өзін соншалықты бақытсыз сезінді. Бұл маңда оны жұбататын ештеңе болмады.

"Ой, менде тым болмаса өткенде ол берген жез шеңбер болса ғой, - деп ойлады ол - Одан ескерткіш болатын менде еш нәрсе қалған жоқ".

Бекки өксігін жұтып қайғырды.

Кенет тоқтай қалып, өзіне-өзі:

- Дәл осы жерде болып еді... О, егер сол әңгімені тағы да естісем, сондағы оған айтқан сөзімді өліп кетсем де қайталамас едім! Ол енді жоқ және оны ешқашан мен көре алмаймын! - деді.

Осы ой кішкентай қызды әбден шаршатты. Сосын ол көзінің жасын сүртпестен жүре берді. Сонан соң бір топ бала, Том мен Джоның мектептес жолдастары келіп, шарбақтың арғы жағынан сығалап, қаза тапқандардың құрметіне дауыстарын шығармай күбірлеп, өлгендерді еске алысты: бұлар ең соңғы рет көргенде Том бір нәрсе жасап еді немесе мынандай сөз айтып еді, Джо былай деген деп және олардың әр сөзі пайғамбардың жорамалындай болды деген қорытындыға келісті. Әрқайсысы қаза болған балалардың қайсысы қай жерде тұрғанын айтып жатыр және: "Мен былай тұрғанмын, ал ол сен тұрған жерде жап-жақын тұрды да, менің бойымнан бірдеңе тапқандай күлімсіреп маған қарады, зәрем ұшып кетті, түсінесіңдер ме? Сол бойда мен ештеңені білгенім жоқ, енді бәрін көріп, біліп тұрмын," - деп қосып қояды.

Қаза тапқандарды ең соңғы рет тірі күйінде кім көргені жайлы талас басталады, көпшілігі осы қайғылы хабарды өздері меншіктеп, басқа куәгерлер оны жоққа шығарды; ақырында оларды соңғы рет кім көргені, кім сөйлескені анықталғанда, бақыттылар кеуделерін көтеріп, ал басқалар оларға ауыздарын ашып қызғанышпен қызыға қарады. Бір бейшара бала айтатын ештеңе таба алмай:

– Ал мені Том Сойер бір рет жақсылап сабады, - деді мақтанышпен.

Бірақ оның даңққа бөленем деген ойынан ештеңе шықпады. Себебі, қалған балалар да, басқалар да өздері туралы осындай бірдеңені ойлап таба алатын, сондықтан әлгі байғұс бала салтанатты құрметтен құр қалды. Оқушылар қаза тапқан батырларды естеріне алып, жарыса әңгімелеген күйі тарқады.

Ертеңіне жексенбілік мектептің сабағы аяқталған кезде шіркеу қоңырауының дауысы әдеттегідей емес, бір түрлі жай әрі қайғылы естілді. Қайтқан адамды жерлеуге жиналғандардың жылап-сықтаған үні сол күнгі табиғаттың үнсіздігімен жарасым тапқандай. Қала тұрғындары шіркеуге жиналды, кірерде бір-біріне болған қайғылы оқиға жайлы күбірлеп айтады. Бірақ шіркеудің ішінде сыбыр-күбір жоқ, жым-жырт. Мұндағы тыныштықты өз орындықтарына жайғасқан әйелдер көйлегінің сыбдыры ғана бұзып тұр. Кішкентай шіркеудің іші бүгінгідей осыншама аузы-мұрнынан шыққанын ешкім есіне түсіре алмады. Полли апай, соңынан Мери мен Сид олардан соң Гарпердін отбасы - бәрі қайғыға батқан, қаралы киім киіп шіркеуге кіргенде, кәрі дін қызметкерінен бастап, жиналған жұрт бір кісідей дұға оқыды және қаза тапқандардың туысқандары алдыңғы қатардағы орындықтарға отырғанша түрегеліп құрмет көрсетті. Бұдан кейін басталған үнсіздікті өксіп жылаған дауыстар ғана бұзып тұрды, содан соң дін қызметкері қолын жайып дұға оқи бастады. Жан тебірентер гимн айтылды, одан кейін: "Мен қайта тірілемін, өмірмін" - деген сөздер қайталанды.

Содан соң өсиет айту басталды, уағызшы өзінің жалынды сөзінде қаза тапқан балаларды аспанға көтере мақтап, оларды қайырымды, талантты, ақылды етіп сөйледі, шіркеуде тұрғандардың әрқайсысы іштей ыңғайсызданып, өздерінің ол байғұс балалардың талантын, жақсы қасиеттерін кезінде байқамай тек кемшіліктерін көргендері қалай?

Уағызшы олардың өмірінен жүрек тебірентер бірнеше мысал келтірді: ол балалардың мінез-құлқы керемет, үшеуі де нәзік жанды екен; тыңдағандар олардың істеген істерінің бәрі адам айтқысыз жақсы екенін енді түсініп, тірісінде әрқайсысының істегені дұрыс емес, тентектік деп түсініп, арқаларына белбеудің ізін қалдырғандарын еске түсірді. Уағызшының сөзі барған сайын жүректі дірілдетіп, халық онан сайын елжіреп, ақыры жиналғандардың бәрі өлген балалардың туысқандарына қосылып дауыс ете бастады, тіпті уағызшының өзі де сезімін ірке алмай, тұрған жерінде көзіне жас алды.

Есік жақтан сыбырлаған дыбыс естілді, бірақ оған көңіл аударған ешкім болмады: бір минуттан кейін сырттан кіретін есік сықырлады. Дін қызметкері сорғалаған көз жасын сүртіп тұрған орамалын алып, жасқа толы жанарымен есік жаққа қарап еді... Сол күйі қатты да қалды. Әуелі бір-екі көз, сосын тағы басқалары дін өкілінің қараған жағына қарады, содан соң шіркеу ішіндегілердің барлығы орындарынан атып тұрып, ортадағы өтетін жолмен орындықтар арасынан суға кетіп қаза болған үшеу салып айдап келе жатыр: алдарында Том, одан соң Джо, соңдарында жалба-жұлба киімі солбырайып, ыңғайсызданған Гек. Олар таңертеңнен өздері жайлы айтылған сөздерді тыңдап, есік сыртындағы хорда отырыпты.

Полли апай, Мери және Гарперлер қайта тірілген өздерінің сүйіктілеріне жармасып, құшақтап сүйіп тұншықтырып жатыр және бұларды аман алып қалған құдайтағалаға рахметтерін жаудырды; тек байғұс Гек қана жан-жағынан жақтырмай қараған көздерден ыңғайсызданып не істерін, қайда кетерін білмей тұр. Ол жан-жағына барлай қарап, зытуға дайын еді, Том оның жеңінен ұстап Полли апайға:

– Бұлай болмайды! Гекке де біреу қуануы керек қой! - деді.

– Қуанғанда қандай, қуанады, қуанады, әрине! Байғұс жетім баланы көріп тұрғаныма алдымен мен қуаныштымын!

Полли апай баланы сүйіп, бауырына тартып, бейшараны онан сайын ыңғайсыз сезінуге мәжбүр етті.

Кенет дін өкілі бар дауысымен айқай салды:

– Жаратқанды оның мырзалығы мен мейірімі үшін мадақтайық.

Бәрі қосылып ән шырқады. Ескі заманнан келе жатқан алғыс гимні айтылғанда, шіркеудің төбесі дірілдегендей болды. Теңіз қарақшысы Том Сойер оған қызыға қарап тұрған құрбыларына көз салып, өмірімнің ең керемет сәті осы деді іштей.

Үйлеріне тарай бастаған тұрғындар өздерін өлердей алдаса да, ғажайып алғыс гимнін есту үшін тағы да алдануға дайын екендіктерін бір-біріне айтып бара жатты.

Сол күні Том Полли тәтесінің құбылмалы мінезіне сай жұдырық пен сүюдің талайын басынан кешірді, тәтесінің бұған деген сүйіспеншілігі ме, жоқ жаратқанға алғысы ма, ол түсінбеді.

Марк Твен. ​Алғашқы түтіндер. «Мен пышақты жоғалттым» (он жетінші тарау)
​Марк Твен. Қатқыл сөздер. "Мен ойламаппын" (жиырмасыншы тарау)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу