Марк Твен. Қарақшылар желкен көтерді (он төртінші тарау)

Oinet.kz 11-01-2020 628

image.png

Том үзілді-кесілді шешім қабылдады.Оның жан дүниесінде үміт сәулесі жоқ, тек қараңғылық. Ол: "Мен жалғызбын, бәрі мені тастап кетті, дүниеде ешкім мені сүймейді", - деп өзін-өзі иландырып бақты. Адамдар бұған істегендерін кейін түсінгенде, мүмкін, өздері өкініп, жанашырлықпен еске алар. Ол жақсы болғысы келді және қайырымды іс істегісі келді, бірақ ешкім бұған көмектескісі келмеді. Енді олар бұдан қалай да құтылғылары келеді екен - ендеше бұл кетеді, мейлі олар ұрыссын, жамандасын. Ұрсыңдар! Жұрттың бәрі сырт айналып, тастап кеткен баланың қарсы тұратын құқы бар ма. Қылмыс жасауға мұны мәжбүрлеген өздері. Мұның басқа шарасы жоқ.

Ол көгалды бұрышқа да жетіп қалып еді, балаларды кластарға шақырған мектеп қоңырауының сыңғыры оған еміс-еміс естілді. Енді ешқашан қоңыраудың таныс үнін естімейтіндігі жайлы ойлағанда, Том бір өксіп алды. Бұл өте ауыр, бірақ амал қанша -мұны мәжбүр етті. Үй-күйі жоқ баланы елсіз әлемді шарлауға итеріп отыр және бұған ештеңе жасай алмайсың. Алайда ол бәріне бәрін кешіреді. Осы жерге келгенде өксігі өршіп және жиілей түсті.

Дәл осы сәтте ол өзінің ең жақын көретін досы Джо Гаспермен кездесті.Оның да жылаудан көзі қызарып, көңілінде ұлы да қорқынышты жоспар туған секілді. Олар "қиялмен қанаттандырған екі жүрек" деп өздерін іштей жұбатқан болды. Көзін жеңімен сүртіп Том өзінің үйден кететін шешімі туралы, өйткені мұны адам ғұрлы көрмейтіндері жайлы және енді ешқашан қайта келмеуге бел байлағаны жайлы баяндады.

Ең соңында Джо өзінің досын ұмытпайды деген үмітін де жасырмады.

Бірақ сол жерде Джо да осындай байламға келіп, Томды іздеп, өзінің ойын айтуға бекінгені жария болды. Анасы мұның көзі көрмеген қайдағы бір кілегейді ішіп қойдың деп сабағанын айтты. Шамасы бұл анасын әбден жалықтырған болса керек, бұдан біржола бас тартқысы бар. Егер олай болса, жалғыз баласын белгісіз адамдардың ортасына қуып жіберіп, оның азаптанып өлгенін анасы қалайтын болса, ананың тілегін орындаудан басқа мұның шарасы жоқ.

Екі шерлі бір-біріне өздерінің қайғы-мұңын айтып, қатар келе жатыр. Олар бір-бірін аға-інідей қорғауға, ешқашан бірін-бірі тастамауға, өлім ажыратқанша бірге болуға уәделесті. Сонан соң әрқайсысы өз жоспарын баяндады. Джо үңгірлерде тұрып, қатқан қабықтармен қоректенуге, сүйтіп жападан-жалғыз жүріп аштан, суықтан, жан азабынан өлуге бекінген, бірақ Томның жоспарын тыңдағасын қылмысты өмірдің артықшылығы мол екенін түсініп, теңіз қарақшысы болуға келісті.

Санкт-Петербургтен үш миль жердегі Миссисипи өзенінің ені бір мильден асатын тұста жіңішке әрі ұзын, түрлі ағаштар өскен, жағасы жайлы арал бар - қуылғандар үшін нағыз лайықты орын. Аралда ешкім тұрмайды және тірі жан жоқ, адам өткісіз қалың орман өскен қарсы жақтағы жағаға жақын жатыр. Сондықтан олар осы Джексон аралын мекендейміз деп шешті. Теңіз қарақшыларының құрбандығы кім болатыны олардың ойына да келмеді. Содан соң олар Гекльберри Финнді іздеп тапты және ол бұл қылмыскерлер тобына ықылас-ынтасымен қосыла кетті; қандай да бір мамандық, мансапты таңдауға Гектің құлқы жоқ, ол бұл мәселеге немқұрайды қарайды. Олар қалашықтан екі миль жоғары жатқан өзен жағасында оңаша жерде өздерінің ең сүйікті уақыты - түн ортасында кездесуге уәделесті. Арғы жағада шағын сал көрініп тұрған, бұлар оны ұрлаймыз деп шешті. Әрқайсысы өзімен бірге қармақ, балық аулайтын құрал және мүмкін болғанша жейтін тағам әрине, ұрлауға болатындарын - кәнігі қарақшылар сияқты құпия әрі жасырын жасауға шарттасты. Кеш түсіп үлгергенше олардың әрқайсысы жолдастарының арасында жақында қала тұрғындары "бір нәрсе жайлы естиді" деп айтып үлгерді. Бұл туралы естігендердің бәріне тістеріңнен шығармаңдар деп қатаң ескертілді.

Түн ортасында Том шошқаның пісірілген майлы етін және бір нәрселерді алып, жағаның ең биік жеріндегі қалың шөп, қалың қурай арасына келді. Биік жардан бұлардың кездесуге уәделескен жері көрініп тұр. Айнала тып-тыныш, жұлдыздар жарқырап тұр. Төмендегі үлкен өзен де ұйықтап жатқан мұхиттай тыныштықта жатыр. Том құлағын түріп еді - тым-тырыс.

Ол сосын ұзақ ысқырды. Төменнен жауап естілді.

– Келе жатқан кім? - деген біреудің қоңыр даусы естілді.

– Том Сойер, Испан теңіздерінің қара кек алушысы. Сендер есімдеріңді атаңдар!

– Гек Финн, Қандықол және Джо Гарпер, мұхиттардың құдайы.

Бұлар - Томның өзі жақсы көретін кітаптарындағы кейіпкерлердің жалған есімдері.

– Жарайды, айтыңыз!

Түнгі тыныштықта қарлыққан екі дауыс бір мезгілде жан түршіктірер сөзді айтты:

– "Қан!"

Том жоғарыдан шошқаның етін лақтырды да, өзі оның соңынан киімін жыртып, терісін сыдырып сырғанай жөнелді. Биік жардан түсетін ыңғайлы жалғыз аяқ жол бар болатын, бірақ, өкінішке қарай, бұл жолда қарақшылар қатты бағалайтын қатерлі қиындықтар жоқ. Мұхиттардың құдайы шошқаның төс етінің едәуір үлкен бөлшегін уәделі жерге әрең жеткізді. Финн Қандықол бір жерден таба және өзінен басқа шылым шегетін не шайнайтын трубканың орнына пайдалану үшін шала кепкен темекі жапырақтарының бір қорабын, трубкасы жоқтарға майстың бірнеше сабағын әкеліпті. Бірақ бұлардың арасында өзінен басқасы темекі тартпайтын.

Испан Теңіздерінің Қара Кек алушысы отсыз жолға шығуға болмайды деп хабарлады. Бұл орынды пікір еді: ол кездері шырпы дегенді ел біле бермейді. Өздерінен жүз қадамдай жерде салдың үстінде от жанып жатқанын көрді де, балалар жасырынып барып от ұрлап алды.

Осыдан қызықты оқиға шығарды: минут сайын олар бір-біріне жекіріп және саусақтарын еріндеріне апарып "үндемеңдер" деген белгі берді, қолдары ойларындағы қанжардың сабына жармасып, қаһарлы сыбырмен егер дұшпан қозғала қалса, оған пышақты сабына дейін сұғу керек, өйткені өлген адам куәгер бола алмайды. Балалар сал иелерінің қалаға кеткенін және дүкен аралап немесе арақ ішіп жүргенін жақсы біледі.

Содан олар жолға шықты. Том басшылық етіп отыр, Гек салдың арт жағындағы ескекпен жұмыс істейді, Джо алдыңғы ескекте. Том корабльдің ортасында тұр. Қабағын түйіп, қолдарын кеудесіне қойып, даусын қатты шығармаса да, қатал үнмен бұйрық беріп тұр:

– Желге қарсы, тура!

– Құп болады, мырза!

– Осылай ұста!

– Құп болады, мырза!

Балалар өзеннің ортасына қарай бір қалыппен жай жүзіп келе жатқандықтан әлгі бұйрықтардың бәрі әншейін айтылған еді.

– Корабльде қандай желкендер көтереді?

– Төменгі марселдер және бом-кливерлер, мырза!

– Бом-бромселдерді көтеріңдер! Тезірек! Он шақты матрос форстен-стекселиге барсын! Қимылда!

– Құп болады, мырза!

– Рульді желге қарай ұста! Бортты солға! Жауды қарсы алуға әзір бол!

Рульді солға! Жарайсыңдар! Осылай ұстау керек!

– Құп, мырза!

Сал өзеннің ортасынан асты, балалар оны ағыстың бойымен жіберді де, ескектерді орындарына қойды. Судың деңгейі онша жоғары емес, өйткені ағыс жай; сағатына екі не үш миль ғана. Балалар қырық минуттай үнсіз келе жатыр. Дәл осы кезде бұлар алыс қалған қалашықтың қатарынан өтіп бара жатыр еді. Тек жалт-жұлт еткен екі-үш от арқылы қай деңгейде қалып бара жатқанын байқауға болады - жұлдыздардың алмаздарымен жалтылдаған айдың беті оларды туған қалаларынан жырақтатып барады. Осы сәттерде қандай ұлы оқиға болып жатқаны ұйқыдағы тұрғындардың миына кіріп-шықпайды. Испан теңіздерінің Қара Кек алушысы қолдарын кеудесіне айқастырып қойған күйі бір кезде қуанышқа бөлеген, одан соң қасірет шектірген жаққа ең соңғы рет "қарап" корабльде тұр.


Осы сәтте мұның дауылды толқындарға қарсы, өлімнің бетіне тура қарап бара жатқанын ол қыз көрсе ғой. Джексон аралынан өз қаласы көрінбейді, ал өзі тым жырақта, "ең соңғы рет" туған жеріне жүрегі жыртылып және салтанатты сезіммен қарап бара жатқандай елестету Томға онша қиын емес. Қалған қарақшылар да туған жерлерімен мәңгілікке қоштасып тұрғанда аралдан өтіп кете жаздады; олар бірақ қауіпті тез байқады да, бәрі реттелді. Түнгі сағат екі кезінде сал аралдың жоғарғы жағындағы қайыршақты жағаға тоқтады және олар қолдарына түскен барлық дүние-мүліктерін жағаға жеткізіп болғанша тізеден су кешіп ерсілі-қарсылы біраз жүрді. Салдың ескі желкені бар еді; олар оны түсіріп, бұтақтарға жайып көлеңке жасады; өздері ауа-райы жақсы кезде ашық аспанның астында ұйықтайтын болды - қарақшылардың бәрі солай ұйықтайды.

Олар құлап жатқан ағаштың жанында орманның ең қараңғы жеріне от жағып, табаға шошқаның етін қуырып, кешкі тамаққа отырысты, жүгері нандарының жартысын жеп тауысты.


Ешкімнің аяғы баспаған орманда, зерттелмеген, тірі адам тұрмайтын аралда, табиғат аясында, ешкімнің тұрғын үйі болмаған елсіз жерде сайран салу қандай бақыт! Олар ешқашан мәдениетті өмірге оралмайды. Жанып жатқан от жарығы олардың жүздеріне түсіп тұрды, ал ол сәуле ағаштарға түскенде қызғылт түс беріп - олардың ормандағы киелі сарайын әшекейлеп тұр; жабайы жүзім, ағаштардың жылтыраған жапырақтары да ерекше сән беріп тұрғандай. Шошқаның төс етінің соңғы бөліктерін және жүгері нанның бәрін сыпырып соғып алғасын, балалар шалғынның үстіне керіліп жата-жата кетті.

Расында, олардың бұдан гөрі салқындау жерге жатуларына болар еді, бірақ алаудың жанында орман ішінде жатқан қандай ғажап!

– Керемет емес пе! - деп дауыстады Джо.

– Тамаша! - Том тіл қатты.

– Басқа балалар көрсе, не айтар еді?

– Немене? Олар қызғаныштан өлер еді! Солай емес пе, Гекки!

– Дәл солай! - деп тіл қатты Гекльберри. - Басқалар қалай екенін білмеймін, ал мен ризамын. Бұдан артық рахаттың маған қажеті шамалы. Қарныңды толтырып тою күнде бола бермейді, оның үстіне мұнда жерден алып, жерден салатын ешкім келмейді. Ешкім ұрыспайды. - Маған нағыз керегі - осындай өмір, - деп жариялады Том. - Таң атпай тұрдық, мектепке барудың, жуынып-шайынудың қажеті жоқ. Білесің бе, Джо, қарақшы жағалауда болса, оның өмірі қаңғыбас біреулерге қарағанда рахат деуге болады; ешқандай жұмыс жоқ, қол қусырып отыра бер. Қаңғыбас дәруіштер үнемі дұға оқып, құдайға құлшылық етуге міндетті. Және олар жалғыз-жалғыз жүреді, жолдас-жора болмайды.

– Дұрыс, - деді Джо. - Мен бұрын бұл туралы ойламап едім, енді қарақшы болғалы қарақшының өмірі соншалықты қызық екенін көріп отырмын.

– Жалғыз жүрген қаңғыбасты, бұрынғы кездегідей емес, қазір ешкім қадірлемейді, ал қарақшыға үлкен құрметпен қарайды. Қаңғыбастардың киімі кенеп, олар бастарына күл жағып, жалаңаш тас үстінде ұйықтайды, жаңбырдың астында тұрады деп Том түсіндіре бастады.

– Олар неге бастарына күл жағады, - деп Гек оның сөзін бөлді. — Көйлекті де өзгеше киеді, неге?

– Білмеймін... Сондай тәртіп. Егер сен қаңғыбассың ба, жасағың келе ме, келмей ме, ол әлгінің бәрін жасауға тиіс. Сен қаңғыбас болсаң, сен де солай істеуге тиістісің.

– Жоқ! Ойнап айтасың ба?! - деді Гек.

– Ал сен не істер едің?

– Білмеймін. Ондай бірдеңелерді жасағым келмейді дер едім - бітті.

– Жоқ, Гек, сені тыңдайды да. Ереже сондай. Және сен ол ережені біле алмайсың.

– Мен қашып кетер едім, сонымен бітер еді.

– Сен қаңғыбас емес, мисыз болар едің! Өмір бойы ұятты болып жүрер едің.

Қанды Қол ештеңе айтпайды, өйткені ол өзіне басқа бір қызықты іс тауып еді. Ол жүгерінің собығынан түтік жасап, оған темекі жапырақтарын салған жалпақ сабақты кигізді, дәл сол кезде тұтатты. Иісі бұрқыраған бұлтты аузынан шығарып, рахат сезімге бөленді. Қалған қарақшылар оған қарап, қызыққаннан бұл керемет кеселді тезірек үйрену керек деп шешті.

Гек тағы Томға қарады.

– Осы қарақшылар не жасайды?

– О-о! Олар көңілді өмір сүреді: корабльдерді тұтқындайды және өртейді, алтынды өздері алады және өз аралында қауіпті жерге көмеді. Ол жерді түрлі елестер және басқа жын-шайтан қарауылдайды. Ал матростар мен жолаушыларды өлтіреді - оларды жіңішке тақтай мен теңіздің үстінен жүргізеді және көздерін байлап тастайды.

– Ал әйелдерді өздерімен бірге аралға әкетеді, - деді Джо. - Әйелдерді өлтірмейді. Олар қайырымды адамдар. Және әйелдер ылғи сұлу болады ғой.

– Киімдерін айтсайшы - алтынмен аптаған, күміспен қаптаған, бриллиантпен көмкеріп тастаған! - деп Джо тағы қосып қойды.

– Кімнің үстіндегі киімді айтасың? - деп сұрады Гек.

– Қарақшылардың.

Гек Финн көңілсіздеу өзінің үстіндегі киіміне көз салды. 

– Менің костюмім қарақшылардікіндей емес, - деді қатты күйзелген үнмен. - Бірақ менің бұдан басқа ештеңем жоқ.

Балалар әдемі костюмге жақын күндерде қол жетеді: ертең-ақ бұлар шабуылды бастайды, сонда алтын да, көйлек те - бәрі болады деп Гекті жұбатты. Ал қарақшы өмірінің алғашқы кезінде оның жамау-жыртық киімі де жарайды, әрине, әдетте бай қарақшылар өздерінің алғашқы жорықтарын бастамас бұрын әдемі киім-кешектерін ертерек дайындап алады.

Әңгіме бірте-бірте бәсеңдей берді: кішкентай қашқындардың көздері жұмылып, ұйқы басты. Қанды Қолдың саусағынан түтік түсіп кетті, өзі қажыған жолсеріктей ұйқыға басты. Мұхиттардың Құдайы мен Қара Кек алушы іштерінен және жатып оқыды, себебі тізерлеп отырып дауыстап оқы деп зіркілдейтін ешкім жоқ. Анығын айтқанда, олар дұға оқымауға да уәделесіп еді, бірақ аспан бұларға ашуланып, бастарына әдейі найзағай жіберіп, жатқан жерлерінде жандарын өртей ме деп қорықты. Кешікпей олар да ұйқыға кетті. Алайда, дәл осы сәтте екеуінің жанына ар-ұят деп аталатын шақырылмаған қонақ жасырынып келгені. Олар үйден қашып кеткендеріне ұялды, ұрлаған етті ойлағанда нағыз азап басталды. Олар ар-ұятты тыныштандырғылары келіп, өздері бұдан бұрын да сарайдан кәмпит, алманы он шақты рет жымқырғандарын еске алып еді, алайда ар-ұят бәрібір айқайынан танбады. Ақырында мәмпәси не алма ұрлау деген оның күнәсі, тіпті жазасы жайлы әдейі өсиет бар. Сондықтан бұлар қарақшылықты кәсіп етіп жүрген кезде мұндай қылмыспен енді өздерін масқараламауға іштей шешім қабылдады. Ар-ұят та бұған көніп, келісімге келді де, баянсыз қарақшылар ұйқыға кетті.

Марк Твен. Мысық және сауықтырушы (он үшінші тарау)
Марк Твен. Бақытты қарақшылардың тұрағы (он бесінші тарау)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу