Марк Твен. Мысық және сауықтырушы (он үшінші тарау)

Oinet.kz 11-01-2020 614

Том Сойер мысық.png

Томда жаңа үлкен қауіп туды: Бекки Тэчер мектепке келуді қойды. Осы қауіп пен мазасыздық оны бұрынғы өзінің тыныштығын кетірген құпиядан көңілін аударды. Том бірнеше күн бойы өзін тәкаппар ұстап, Беккиді басынан шығарып-ақ тастағысы келді, бірақ ештеңе шықпады. Ол күнде кеш сайын Беккидің үйін айналып жүгіретін болды және өзін ылғи бақытсыз сезінетін еді. Қыз ауырып қалды. Ол өліп қалса ше? Бұл ой Томның әбден есін шығарды. Ол әскери қырғындармен айналысудан да қалды, тіпті теңіз қарақшылары да қызықтыруды қойды. Өмірге қызығу жайына қалды, қайғыға батып, тұнжырады да жүрді. Ол таяқты да, дөңгелекті де тастады; олар Томды бұрынғыдай қызықтырмады. Қауіптенген апайы оны түрлі әдістермен емдей бастады. Полли апай арнайы рұқсатпен дайындалатын ем-домдарды, одан басқа да әдістерді кереметтей құрмет тұтатын адамдардың қатарына жататын. Шаршамай, шалдықпай неше түрлі медициналық тәжірибелер жасауға құштар еді. 

Бұл салада жаңа бір нәрсе шыға қалса, сол жаңалықты тексеріп көруге апай әзір тұрады - өзіне емес, әрине, өйткені ол ешқашан ауырып-сырқамайтын - қолына кім түссе, соған тәжірибе жасауға дайын. Ол медициналық үлкен-кіші журналдардың бәрін, жалған оқымыстысымақтар шығаратын кітапшаларды жаздырып алатын және олардың ішіндегі толған мылжың мақалалар оған балдан да тәтті көрінетін. Олардың төсекке қалай жатып, қалай тұру керек, қандай киім кию керек, не ішіп, не жеу керек, көңілді қалай көтеру керек, бөлменің ауасын қалай тазарту керек деген сандырақтарын апай нағыз ақиқат деп қабылдайтын және өткен сандағы айтқандарын журналсымақтың бұл санында қарама-қарсы қағида жазылғанын байқамайтын. Ол ақкөңіл және қарапайым кісі және осынысынан әлгі жазғыштардың илеуіне түсіп қалатын. Апай осындай жалған оқымыстылар шығарған журналдардың бәрін жинап, адамды өлтіріп тынатын неше түрлі шөптерді жинайтын. Егер көршілерінің оны сауықтырушы періште деп, не "ханан бальзамы" деп қабылдамайтынын өзі білсе ғой.Ол сумен емдеу модаға еніп жатқан кез болатын, Томның жай-күйі дәл келіп тұр. Апайы оны таңсәріде төсектен тұрғызып, ағаш сарайға апаратын, мұздан да суық суға шомылдырып, кірпінің инесіндей қадалатын орамалмен оның денесін ысқылайды, содан соң ылғи жаймамен орап, оның сыртынан қара терге түсу үшін көрпе жабатын, сонда байғұс бала ақ тер, көк тер болып, өзінің сөзімен айтқанда "жаны шыға жаздап" жататын.

Осындай ем-домға қарамай бала қуарып жүдей берді және түрі қайғылы жандай көрінетін. Апайы бұрынғы еміне енді ыстық ванна, отыратын ванна, суға шомылу секілді емдерді қосты. Бірақ бала оңалмады. Сумен емдеу әдістеріне қоса апай оған сұлы көже ішкізе бастады. Бұдан өзге неше түрлі шөптердің қайнатқан қосындысын ішкізді.

Том барлық азапқа көнді. Баланың қалай болса солай қарағаны кемпірге күдік туғызды. Енді не де болса Томды осы күйінен айықтыру керек деп ойлады апайы. Осы кезде ол жаңадан шыққан ем - "сауықтырғыш" деген дәрі жайлы естіді де, көп етіп сатып алды. Өзі татып көріп еді, қуанып кетті: сұйық күйіндегі от секілді. Кемпір сумен емдеуді доғарды, басқа дәрілерден де бас тартты, бар үміті - жаңа емде болды. Ол Томға шай қасықпен дәріні берді де, жүрегі толқып қорытындысын күтті.Оның мазасыз көңілі тез басылып, жаны жай тапқандай болды, өйткені Томның көңіл-күйі сол сәтте өзгеріп сала берді. Егер баланы ыстық көмірге отырғызса, оның дәл мұндай көңілі көтерілмес еді.

Том өткеннің бәрін қойып, жан дүниесін ұйқыдан оятатын кез келді деп шешті. Қазіргі күйі өзінің қайғылы көңіліне сай келгенмен, жанына азық болатын ештеңе жоқ. Ол осы көңілсіз күйінен арылу үшін жаңа әдіске көшуді ұйғарды: "сауықтырғыш" дәрі бұған өте жақсы әсер еткендей болып көрінуге тырысты: ол дәріні тағы да бер деп қайта-қайта сұрай берді, ақыры кемпір әбден жалықты да, қашан ішкің келсе, өзің ішесің деді де, өзі қадағалауын тоқтатқан болды. Сид болса, мазасызданбас еді, бірақ мәселе Томға байланысты болғасын, апай дәрі құйылған шыны шөлмекті еппен бақылап жүрді. Әрине, шөлмектегі сұйық күн сайын азая берді, бірақ Том өзін емдеп емес, қонақ бөлменің еденіндегі тесікке құйып азайтып жүргені апайдың миына кірген емес.

Бір күні Том күндегі әдетімен еденнің тесігін емдеп жатыр еді, оның жанына апайының сары мысығы жетіп келді де, мияулап, дәрі құйылған темір қасыққа ашқарақтана қарады, шамасы "маған да бер" деп тұрғандай.

– Ой, Питер, ішкің келмесе, сұрамай-ақ қой!

Питер ішкісі келіп тұрғанын сездірді.

– Байқа, қателесіп жүрме... өкінесің...

Питер қателік болмайтынына сенімді екенін айтты.

– Жарайды, сұрап тұр екенсің - беремін, сараң емеспін, бірақ абайла: ұнамаса, өз сорың өзіңе.

Питер бұл шартқа келісімін білдірді. Том оның аузын ашып, "сауықтырғыш" дәріні құйды. Питер аспанға атылып, сосын әскер қолбасшысының бұйрықты үніндей дауыс шығарды, бөлме ішін айналып жүгіріп, жиһазға шықты, одан гүл салатын құмыраларды құлатып, үйдің астан-кестеңін шығарды. Содан кейін ол артқы екі аяғына тұрып алып үйді басына көтере бақырып, еден үстінде билей бастады. Сосын тағы үй ішінің тас-талқанын шығарып, бөлмеде жүгірді. Ол жоғары секіріп, бірнеше рет ауада "аунап алды да, ең соңғы көрінісі - "Ура" деп айқайлаған күйі алдында тұрған гүл салғыштарды қирата терезеден секіріп жатқан сәтте, Полли апай кіріп келді. Кәрі ханым көзілдірігінің үстінен бөлмені шолып, таңданғаннан қатты да қалды, ал Том күлкіден шегі қатып еденде домалап жатыр.

– Біздің мысыққа не болды?

– Білмеймін, тәте, - деуге Томның тілі әреңкелді.

– Өмірімде мұндай кереметті көрген емеспін! Ол неге құтырып кетті сонша?

– Шын айтам, Полли тәте, білмеймін. Мысықтар қуанғанда осылай аунайды.

– Шынымен бе?

Полли апайдың үніндегі қауіптендіретін бір нәрсе Томды сескендірді.

– Иә, ім. Яғни мен былай ойлаймын.

– Қалай ойлайсыз?

– Иә, ім...

Кемпір еңкейді. Том әрі қызығып, әрі қауіптеніп оның әрбір қимылын бақты, бірақ оның не істегелі тұрғанын тым кеш ұғынды. Төсектің жанындағы кілемшенің шетінде ұстап беретін айғақ жатыр - шай қасық. Полли апай қасықты алып, Томның төбесіне былғаңдатып біраз тұрды. Том селк етті де, жерге қарады. Полли апай қасықты әдеттегідей сабынан ұстап көрді де, оймағымен Томның шекесін нұқыды.

– Ал, мырза, түсіндіріп көріңізші, тілсіз бейшараны неге сонша азаптадыңыз?

– Мен оған жаным ашығаннан бердім... өйткені оның тәтесі жоқ.

– Тәтесі жоқ! Не деп сандалып тұрсың, ақымақ! Тәтесі несі тағы?

– Қалай тәтесі несі?!Оның тәтесі болса, ол мысықтың бүкіл ішек-қарынын аяусыз күйдірер еді!..

Полли апай ыңғайсызданып қалды. Оның емі енді өзіне де басқа қырынан көрінгендей болды: мысыққа жасалған қатыгездік балаға жасалғанын сезінді. Оның жүрегі жұмсарып, өзі ұялды, көзінен жас шықты, алақанын басына қойып, жылы сөйледі:

– Мен бәрін сенің пайдаң үшін жасадым ғой, Том. Бұл саған пайда әкелді.

Том оның бетіне қарады. Тек оның езуіне мысқыл күлкі жасырынып тұрды.

– Сіздің маған тек жақсылық тілейтініңізді білемін, тәте. Мен де Питерге жақсы болсын дедім. Бұл оған да пайда әкелді. Мен оның бұлай билегенін көрген емеспін...

– Жарайды, жарайды, Том, мені ашуландырма. Өзіңді дұрыс ұста.

Ақылды бол, бұдан былай саған ешқандай дәрі бермеймін.

Том мектепке сабақ басталмастан бұрын келді. Бұрын байқалмайтын мұндай оқиға соңғы кезде күнбе-күн болып жүргенін жұрттың бәрі байқады. Бүгін де ол жолдастарымен ойнаудың орнына соңғы кездегі күндегі әдетімен мектеп алаңындағы қақпа маңынан кетпей қойды. Ойынға шақырғандарға ол сырқаттанып жүрмін деген дәлел айтатын және өзі де ауру адамға ұқсайды. Ол өзінше айналаға қарап тұрған секілді көрінгенмен, шынында үнемі жолға қарап тұрғанын байқау қиын емес еді. Алыстан Джефф Тэчердің көрінуі мұң екен, Томның жүзі жарқырап кетті, бірақ сәлден кейін-ақ оны қайғы басқандай жабырқады. Джефф қақпадан кіргенде Том қасына жүгіріп барып, Бекки туралы әңгімеге тартқысы келіп еді, түсінігі кемдеу сот оның ықыласын сезбеді. Том сонау жақтан етегі желмен желбіреген көйлегі көрінер деп үміттенгенімен, Бекки көрінбеді. Енді ешқашан көйлек көрінбейтін болды. Ол көңілсіз және ойлы қалпында қаңыраған класқа кіріп, өзінің орнына қайғы шегуге отырды. Осы кезде қақпа маңынан тағы бір көйлек көрінді, Томның жүрегі зу ете түсті. Сәт болмай - ол есік алдында алаңда тұрды, үнділік секілді жынданды: айқайлап, қарқылдай күліп, балалардың соңынан қуып, тіпті өміріне қауіпті болса да, шарбақтан секіріп, жерге аунап, басымен жүріп - бір сөзбен айтқанда неше түрлі батырлық жасады және Бекки көріп тұр ма екен деп ылғи сол жаққа қарай берді.

Алайда қыз мұның бәріне титтей де көңіл аудармады, ең болмаса бір рет қараған жоқ. Неліктен ол Томды байқамады? Том енді оның маңайына жақындап, өзінің ерліктерін көрсете бастады. Қыздың айналасына жүгіріп, ұрандап айқай салды, тіпті біреудің бас киімін жұлып алып, мектептің төбесіне лақтырып жіберді, бір топ балаға ұрынып, жан-жаққа таратып жіберді, өзі Беккидің алдына келіп шалқасынан құлай кетті де, қызды қағып кете жаздады. Қыз бұрылып:

- Тфу! Кейбіреулер өзін жұрттың бәрінен артықпын деп ойлайды да, әтешке ұқсап секеңдейді де жүреді...- деді теріс қараған күйі.

Томның екі беті қып-қызыл болып кетті. Ол жерден тұрып, басы салбыраған күйде кетіп бара жатты.

Марк Твен. Том ар азабын тартуда (он екінші тарау)
Марк Твен. Қарақшылар желкен көтерді (он төртінші тарау)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу