Марк Твен. Том ар азабын тартуда (он екінші тарау)

Oinet.kz 11-01-2020 642

Том Сойер.png

Түске қарай бүкіл қала кенеттен жаман хабар естіп....

Ол кезде атымен жоқ телеграфсыз-ақ, бұл хабар адамнан адамға, үйден үйге, бір топтан екінші топқа телеграф жылдамдығымен тарап үлгерді. Әрине, мұғалім оқушыларды үйлеріне жіберді: егер мұғалім бұлай істемесе, бәрі таңғалған болар еді.

Өлген адамның жанынан қанға батқан пышақ табылды және жұрттың айтуына қарағанда, біреу Меффи Поттердің пышағы екенін мойындаған. Өткен түнде, сағат екілер шамасында бір жерден кештетіп үйіне келе жатқан қала тұрғыны бұлақ басында жуынып жатқан Поттерді көреді және Поттер оны көре сала жасырынып жоқ болып кетіпті - күмәнді жағдай, әсіресе оның жуынуы: жуыну Поттер үшін бұрын болмайтын іс. Сондай-ақ айтқыштардың лақабы бойынша, өлтірген кісіні іздеп, қаланы түгел шарлапты деседі, (тоғышарлар қашан да басқадан бұрын із табады және тез үкім шығарады), бірақ өлтірушіні таба алмапты.

Барлық жаққа ат шаптырып іздеу салынуда, шериф кешке дейін қылмыскерді ұстайтындарына сенімді.

Қала түгел зиратқа бет қойды. Том жаралы жүрегін ұмытып, шұбырғандарға қосылды -зауқы соқпаса да, түсініксіз бір күш оны итермеледі. Қорқынышты жерге жетіп, ол алға ұмтылды және сол адам шошитын көрініске тап болды. Осы жерде болғанына сансыз жылдар өткендей сезінді. Біреу қолын шымшыды. Бұрылды да Гекльберридің көзімен кездесті. Сол бойда бір-біріне қарағандарын біреу-міреу байқап қалған жоқ па деген оймен екеуі де жан-жағына қарады. Бірақ жұрттың бәрі әңгімемен ештеңені байқар емес және үлкен-кіші түгел қорқынышты көрініске қарап тұр.

"Бейшара жігіт!", "Бақытсыз боздақ!", "Өліктерді ұрлайтындарға бұл сабақ қой!", "Егер оны ұстай алса, Мефф Поттер дар ағашынан құтылмайды!" - барлық жақтан естілетіні осы әңгіме.

Ал дін қызметкері айтты:

– Жаратушының бұйрығы ғой, бәрі оның қолында.

Томның басынан башпайына дейін тітіркеніп кетті, өйткені оның көзі үнділік Джоның қимылсыз бетіне түсіп еді.

– Мынау сол, сол! Ол өзі келе жатыр! - деген айқай шықты.

– Кім, кім? - деп жиырма шақты дауыс жер-жерден жамырасты.

– Мефф Поттер!

– Қараңдар, тоқтады... Бақылаңдар - кетіп қалғысы келіп тұр.

– Ұстаңдар оны, жібермеңдер!

Томның бас жағындағы ағаштың бұталарында отырғандар Мефф Поттердің кеткісі жоқ -ол тек ыңғайсызданып, не істерін білмей тұр деп хабарлайды.

– Ұятсыз оңбаған! - деп топ ішінен біреу дауыс көтерді. - Өзі жасаған қылмысқа тып-тыныш, түк болмағандай қарап кетуге келген ғой... мұнда халық болатынын күтпеді.

Тобыр кейін шегінді, шериф салтанатты түрде Поттерді қолынан жетелеп молаға жақындады. Ол байғұстың беті қуарып, көздерінде адам көргісіз қорқыныш тұрды. Поттер өлген адамды көргенде сал ауруына ұшырағандай селкілдеп, бетін басып еңкілдеді.

– Мен емес мұны істеген, достарым менің, - деді ол өксігін баса алмай, - сіздерге шынымды айтсам, мен емес...

– Сені кім кінәлап тұр? - деген біреудің зілді даусы естілді.

Оқ көздеген жерге тиді. Поттер басын көтеріп, үмітсіз жанарын жан-жаққа жүгіртті. Ол үнділік Джоны көріп, айқайлап жіберді.

– Ал, үнділік Джо! Сен уәде етіп едің ғой ешкімге де...

– Мынау сіздің пышағыңыз ба? - Шериф кісі өлтірген қаруды оның бетіне тақады.

Егер оны сүйеп, жерге отырғызбағанда, ол құлап қалған болар еді.

Сосын ол:

– Маған бірдеңе айтты, егер мен осында келіп таппасам... - ол тағы секілденіп, қолын сермеді де: - Бұларға айтшы, Джо, айтшы, енді жасырынатын ештеңе жоқ, - деді.

Гекльберри мен Том қорқыныштан қатып қалыпты, олар өлім туралы өтірікшінің салқын әңгімесін тыңдап, одан көздерін алмай қалшиып қалды. Олар қазір бұлтсыз аспаннан ана суайттың төбесіне найзағай түседі деп күтті және Құдайдың жазасы неге кешігіп жатыр деп ойлады. Ол әңгімесін бітіргеннен кейін сап-сау тұрғанын көргенде, екі бала антты бұзып, жазықсыз жазаланғалы тұрған Поттердің өмірін қорғап қалуды ойлады, бірақ бұл ойлары семіп қалды, өйткені мына оңбаған Джо жанын албастыға сатқан болып шықты, ал албастымен ойнау өте қауіпті: оның маңына жақындасаң - шаруаң бітті дей бер.

Біреу Поттерден сұрады:

– Неге сен қашып кетпедің? Мұнда неге келдің?

– Мен басқаша істей алмадым! - деп сарнады Поттер. - Мен қашқым келіп еді, бірақ аяқтарымның өзі осында алып келді.

Ол тағы да еңіреп қоя берді.

Бірнеше минуттан кейін тексеру кезінде үнділік Джо ант беріп тұрып өзінің бұрынғы айтқанын шімірікпестен қайталады, балалар көктен найзағай оның басына түспегенін көріп, Джо өзін албастыға сатқанына әбден көздері жетті. Ол кенет балалардың көзіне жер бетіндегі ең керемет және ең қорқынышты жәндік болып көрінді және екеуі қызыққан көздерін оның жүзінен ала алмады.

Олар іштерінен түндерде Джоны бақылап, оның қорқынышты әміршісін - бір сәтке болса да көреміз деп шешті.

Үнділік Джо өлген адамның денесін жерден көтерісуге көмектесті, сосын оны бұл жерден алып кету үшін арбаға салды. Топтың арасында толқу басталды: осы кезде өліктің жарақатынан қан тамшылары көрінді. Бұл кездейсоқ оқиға мына тобырға өлтірушінің кім екенін көрсетеді деп балалар ойланып қалып еді, бірақ кейбіреулер:

– Мұның себебі Меффи Поттер өліктен үш қадам жерде тұрғаннан, - десті.

Балалардың үміті өшіп, тұнжырап қалды.

Аса қорқынышты құпия мен ұят Томға бір апта бойы ұйқы бермеді, бір күні таңғы ас үстінде Сид айтты:

– Том, сен түнімен дөңбекшіп, түсіңде бірдеңелерді айтасың, мен содан ұйықтай алмай жүрмін.

Томның түсі бұзылып, төмен қарады.

– Бұл жақсылықтың белгісі емес, - деді Полли апай. - Сені толғандырып жүрген не, Том?

– Ештеңе! Ондай ештеңе емес!

Алайда, баланың қолдары дірілдеп, ішіп отырған кофесін дастарқанға төгіп алды.

– Және сен бірдеңені айтып сандырақтайсың, - деді Сид. - Осы түнде сен, мысалы , былай дедің: "Бұл - қан, бұл - қан. Міне солай!". Сосын қайта-қайта: "Мені бұлай азаптамаңдаршы, мен бәрін айтам" - дедің. Сен нені айтасың сонда? Бақытына қарай Полли апайдың өзі білмей Томға көмекке келді, әйтпесе бұл әңгіменің немен тынары белгісіз еді.

– Ой! Осының бәрі өткендегі адам айтқысыз өлімнен. Менің де күн сайын түсіме енеді. Кейде түсімде өлтіруші өзім екенмін деп қалам...

Мери де сондай түстер көретінін айтты. Сид бұл түсініктерден кейін тынышталғандай болды. Том дәлелді себептер тауып, ылғи кетіп қалуға тырысады, содан кейін бір жұма бойы тісі ауырған кісі болып, түнге қарай орамалмен жағын байлап алатынды шығарды. Сид әдейі ұйықтамай, оның орамалын босатып, өзі екі шынтағына сүйеніп, Томның не айтқанын тыңдайды да, сосын оның орамалын кері тартып байлап қояды. Томның жаны тыныштық таппай мазасызданғаны сейілгендей болды; тіс ауруы деген дәлел де жалықтырып, ақыры оны біржола қойды. Егер Сид оның түндегі үзік-үзік сөйлеген сөздерінен бір нәтиже шығарса, өзі білсін.

Том өзінің жолдастары ешқашан мысықтың өліміне тергеу жүргізбейді деп сенеді - бұл ермек үнемі оның есіне сол қорқынышты оқиғаны түсірді. Бұл ойынның барысында Сидтің байқағаны - Том ешқашан басты тергеуші болмайды, ал бұған дейін барлық ойындарда бірінші кезек соған тиетін. Сидтің тағы бір сезіктенгені - Том қатардағы куәгер де болғысы келмейді, ал бұл да таңғаларлық жағдай. Сид Томның соңғы кезде осындай ойындарды өте жек көретінін және сол мүмкіндік туса ойыннан бас тартатынын біліп алды. Осы жұмбақтардың шешуін таба алмай Сидтің басы қатты, бірақ ешкімге аузын ашпады. Бірте-бірте мұндай ойындар модадан шықты да, Томды ұяты жәбірлеуді қойды.

Осы бір көңілсіз кезде Том күнбе-күн дерлік кісі өлтірген "қылмыскер" отырған түрменің темір торлы терезесінен қолына түскен тәтті тамақтарды беретін. Түрме деген қаланың шетіндегі батпақты жердегі кірпіштен қаланған үй болатын. Онда қарауыл болмайды, оның үстіне түрмеде отырған қылмыскерлер де жоқ еді. Осы шағын сыйлықтарының өзі Томның көңіліне сәл де болса шүкірлік сыйлайтын. Қалашықтың тұрғындарының үнділік Джоны өліктерді ұрлайтыны үшін жазалағысы-ақ келеді: оның денесін қара маймен майлап, құстың қауырсындарын жапсырып, таяққа мінгізіп қуып жіберсе ғой... Бірақ ол жұрттың бәріне қорқыныш ұялатады, оны жазалауға ешкімнің батылы бармады. Бұдан бұрын екі рет жауаптағанда да сөзін төбелестен бастады, бірақ өлікті бұрын ұрлағаны туралы аузына алмады; сондықтан әзірше оны сотқа берген жоқ.

Марк Твен. Иттің ұлығаны - жамандықтың белгісі (он бірінші тарау)
Марк Твен. Мысық және сауықтырушы (он үшінші тарау)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу