Марк Твен. Иттің ұлығаны - жамандықтың белгісі (он бірінші тарау)
Балалар қалашыққа аяқтары жерге тимей жүгірді. Олардың зәрелері ұшқаны сондай, сөйлеуге шамалары келмеді. Екеуі мезгіл-мезгіл қауіптене артқа қарап қояды, біреу қуып келе жатыр ма деп ойлайтын болса керек. Жолда кездескен бұтаның бәрі бұларға тірі адам сияқты көрінеді, оны көрген сайын бұлардың зәре-құты қашады. Бұлар қала шетіндегі ағаш үйлердің жанынан өткенде төбеттер оянып, үре бастады. Иттердің үргені балаларға қанат бітіргендей әсер етті.
– Тым болмаса, тері илейтін ескі үйге дейін жетсек, - деп сыбырлады Том ентіккен күйі.
- Бұдан әрі шамам жоқ...
Гекльберри жауап бермеді: ол да жылдам жүгіргеннен алқынып қалды. Балалар өздері ішіне кіргісі келген, бір кезде тері иленген ескі үйге көздерін алмай қарады, ең соңғы күштерін жиып жүгірді. Ақыры екеуі ескі үйге де жетті, иықтаса ашық есіктен еніп, ескі үйдегі қараңғылыққа оранып еденге жата-жата кетті. Олар бақытты еді, бірақ өлердей шаршаған болатын. Кішкене дем алғасын Том:
– Гекльберри, сен қалай ойлайсың, мұның аяғы не болады? - деді жай тіл қатып.
– Егер Робинсон дәрігер өлсе, ақыры дар ағашы болады.
– Иә дейсің, мүмкін емес!
– Солай болуы мүмкін,Том.
Том ойланып қалды да, бір минуттан соң:
– Оларды кім көрсетеді? Біз бе?
– Сен не? Бұл қалай сонда? Егер сен айтқандай болса, үнділік Джоны дарға аспай босатса, ол бізді жоқ қылады, шын айтам! Онда екеумізге ажал келеді дей бер. Мұның екеуміздің еденде жатқанымыз секілді шындық болары сөзсіз.
– Мен өзім де солай ойлаймын, Гек.
– Егер біреу көрсетуі керек болса, мейлі Мефф Поттер көрсетсін; оның осылай істеуге ақымақтығы жетеді. Ылғи мас... Том үндемеді, ол тағы ойланды. Ақыры:
– Гек, Мефф Поттер ештеңені білмейді ғой...
Кісі өлімі туралы қалай көрсетеді ол?
– Сонда қалай ештеңе білмейді?
– Оның қиын ештеңесі жоқ, дәрігер Поттерді моланың тақтайымен соғып жатқанда, Джо дәрігерге пышақ салды ғой. Ол қайдан көреді, нені көреді? Өлім туралы ол не айтады?
– Шайтан алғыр, солай екен ғой, Том!
– Сосын, сен ойлашы, - мүмкін сол соққыдан Поттер есінен айырылып қалған болар.
– Жоқ, Том, олай емес шығар. Ол мастау болды ғой. Мен оны бірден байқадым. Ылғи ішіп жүреді... Менің әкем ішкен кезде оның басынан немен ұрсаң да, ол мыңқ етпейді, рас айтам! Ол өзі де осылай деп бірнеше рет айтты. Яғни Мефф Поттер де сондай. Егер Поттер ішпеген, cay болса, ол бағанағыдай сыйлықтан өліп кетер еді... Кім біледі...
Тағы үнсіздік басталды; Том тағы да ойға батты.
– Гекки, айтып қоймайтыныңа сенімдісің бе? - деп сұрады ақыры.
– Қалай болғанда да, Том, біз үндемеуіміз керек. Өзің білесің ана албасты будан... Егер біз айтсақ, ал ол тірі қалса, екеумізді мысыққа ұқсатып суға батырады. Және Том, білесің бе? Қане біз ешқашан тіс жармаймыз деп бір-бірімізге ант берейік. Бәрінен осы дұрыс.
– Дұрыс, Гек. Ең дұрысы осы. Қолымызды көтеріп, ант етеміз: біз...
– Жоқ,бұл жағдайда олай болмайды... Жә, ұсақ-түйек, мысалы, қыздармен бірге жүргенде солай істеуге болады, өйткені олардың бірде болмаса бірде ауыздарынан шығып кетеді; ал мынандай үлкен шаруада келісім жазбаша болғаны дұрыс. Және қанмен жазылуы керек.
Том бұл пікірді жанымен қостады. Құпия, қорқынышты қараңғылық осы түнгі оқиғалармен үндесіп тұр. Ол еденнен айдың жарығымен шағылысқан таза қарағай ағашты көтерді, қалтасынан "қызыл жосаны" шығарды да, тізерлеп отырып айдың жарығымен мынадай сөздерді жазды:
Гек Финн және Том Сойер екеуі бұл іс туралы ауыздарын ашпауға ант етеді. Егер олар бұл туралы айтса, олар сол жерде құлап, жандарын тапсырсын.
Гекльберри Томның әдемі жазуына, ойын дұрыс жеткізгеніне есі шығып қуанды. Ол күртесінің ішкі өңірінен түйреуіш алып, саусағын қанатқалы жатыр еді. Том оны тоқтатты:
– Тоқта! Түйреуіш жез ғой. Жез улы болады.
– Улы болады? Қандай у?
– Кәдімгі у, жұтып көр - сонда у екенін білесің.
Том жіп ораған инелерінің бірін алды, сосын екеуі кезектесіп үлкен саусақтарын қанатып, тамшылатты.
Осылай бірнеше рет қан тамшысын жиып, кішкене саусақты қалам орнына пайдаланып, Том аты-жөнінің бірінші әріптерін жазды да, сосын Г.Ф әріптерін жазуды Гекльберриге үйретті. Ант берілді. Олар тақтайды салтанатты түрде қабырғаға жақын жерге көмді. Өйткені бұлардың тілдерін жалғаған шынжыр мәңгілікке кілттенді, ал ол кілттің ашқышы алысқа тасталды.
Жартысы қираған үйдің екінші жағынан бір көлеңке жүріп өткендей болды, бірақ балалар оны байқаған жоқ.
– Том, - деп сыбырлады Гекльберри, - осыдан кейін біздің ешкімге ешнәрсе айтпайтынымызға сенімдісің бе? Ешқашан?
– Әрине, сенімдімін. Қандай жағдайда болса да, бізде үн жоқ. Егер басқаша болса, біз сол жерде өліп құлаймыз. Сен ұмыттың ба?
– Иә... шынында да... Әрине.
Олар біразға дейін сыбырласып жатты.
Кенет бұлардан оншақты қадам жерде, қабырғаның сыртында ит үріп сарнап қоя берді. Балалар зәресі ұшып бір-біріне тығыла түсті.
– Кімге үріп жатыр анау? - әрең демалып сыбырлады Гекльберри. - Саған ба, маған ба?
– Білмеймін... тесіктен сығалап қарашы! Тезірек!
– Жоқ, сен қара!
– Қарай алмаймын, Гек! Қарай алмаймын!
– Қойсайшы, Том! Әне тағы ұлыды!
– Құдайым-ай, қуаныштымын! - деп сыбырлады Том. - Мен таныдым итті... дауысынан: ол Булл Харибсон.
– Құдайға шүкір! Білесің бе, мен өлердей қорқып кеттім - мен оны қаңғып жүрген ит қой деп ойлап едім.
Ит тағы үрді. Балалар тағы тұнжырап қалды.
– Ой, жоқ! Бұл ол ит емес,- деп сыбырлады Гекльберри. - Қарашы, Том!
Том қорыққаннан дірілдеп кетті, тесіктен сығалады да, естілер-естілмес үнмен:
– Ой, Гек, бұл қаңғып жүрген ит! - деді.
– Том, қарашы тезірек: кімге үріп тұр?
– Біз екеумізге шығар, Гек. Екеуміз қатар тұрмыз ғой, бір-бірімізге тіпті жақын тұрмыз.
– Ой, Том, біз құрыдық! Мен қайда түсетінімді білемін. Мен деген нағыз күнәкар, оңбаған баламын...
– Ал мен ше? Өзіме сол керек! Мектепке бармау, істеме дегенді істеу осылай аяқталады. Егер мен шын ниетіммен талпынсам, Сид секілді жақсы бала болар едім ғой, жоқ, жоқ, талпынған емеспін. Егер мына көлденеңнен аман құтылсам, күндіз-түні жексенбілік мектепте болар едім.
Том мырсылдап жылай бастады.
Сен бе оңбаған? - Гекльберри де жыламсырады. - Сен, Том Сойер, шайтан алғыр, сен менімен салыстырғанда нағыз періштесің! Ой, құдайым, мен тым болмаса сенің жартыңдай оңбаған болсам ғой!
Том жасын жұтып сыбырлады:
– Қара, Гек, ол бізге құйрығын беріптұр!
Гек қарады да, қуаныштан жүрегі жарыла жаздады.
– Иә, құйрық жағы бізге қарап тұр... Тамаша! Ол бұрын да солай тұр ма еді? Бірақ кімге үріп тұр?
Иттің үргені басылды. Том құлағын түріп елең етті.
– Тсс! Бұл не? - деді ол сыбырлап.
– Шошқаның дыбысы секілді... Жоқ, Том, біреу қорылдап жатыр.
– Шынында да. Қайда қорылдап жатыр, Гек?
– Меніңше, үйдің ана басында. Қорыл сол жақтан естіліп тұрған секілді.
Сол жерде кейде әкем шошқалармен бірге түнеп жүретін еді, бірақ мынау ол емес.
Ол кейде сондай қатты қорылдайды - зәрең ұшады. Және ол енді біздің қалаға келе алмайды деп ойлаймын.
Саяхатта кездесетін түрлі оқиғаларды бастан кешіруге деген құштарлық балаларда қайта оянды.
– Гек, мен алдымен жүрсем, сен көру үшін барасың ба?
– Барғым жоқ, Том. Мүмкін ол жерде Үнділік Джо жатқан шығар?
Том сескеніп қалды. Бірақ балалардың қызығушылығы басым болды да, екеуі де барып көруге ұйғарды. Аяқтың ұшымен басып, бірінің артынан бірі жүріп, ұйқыдағы адамға жақындады. Оған бірнеше қадам қалғанда, Том бір таяқты басып кетті, таяқ сатыр етіп сынып қалды. Ұйқыдағы адам ыңқылдап, екінші жағына аударылып жатып еді, ай сәулесі бетіне түсті. Бұл Мефф Поттер болып шықты. Балалардың тамыры соқпай, қан ұйып қалғандай күйде еді, оның үстіне анау қозғалғанда бұлар не істерін білмеді; сосын барып олардың қорқынышы тарқай бастады. Олар жаймен әрі қарай өтіп, біраз қадам аттағаннан кейін екеуі екі жаққа кете беріп еді, кенет түнгі тыныштықты жаңғыртып тағы ит үрді. Олар жалт қарасып еді, Поттердің жатқан жерінен екі қадамдай қашықтықта бұлар бұрын көрмеген ит тұр: оның бет жағы Поттерге қарағанмен, тұмсығын аспанға көтеріп үреді.
– Ол анаған үріп тұр ғой! - деп балалар қосылып айқайлап жіберді.
– Том, сен білесің бе? Джонни Миллердің үйінің жанында қаңғыбас ит бар деседі - осыдан екі апта бұрын - түн ортасында ешкіемер деген құс оның бөлмесіне ұшып келіп, баспалдақтың жанына отырып сайрапты, ал ол үйде әлі ешкім өлген жоқ.
– Иә, мен білемін. Сонда не болды? Греси Миллер сол сенбіде от жанып жатқан пешке құлап, күйіп қалды емес пе?!
– Иә, бірақ ол өлген жоқ. Өлмек түгілі, семіріп келе жатыр.
– Жарайды, тоқтай тұр көрерміз не боларын. Ол әйелдің Меффи Поттер секілді шаруасы біткен. Негрлер солай дейді, ал олар бұл жағын жақсы біледі.
Сосын балалар ойға шомып айырылысты.
Том өзінің ұйықтайтын бөлмесіне терезеден кіргенде таң атып қалып еді. Шешініп жатып дыбыс шығармас үшін бәрін жасады және мұның батыл істері жайлы ешкімнің білмегені үшін өзін құттықтады. Жай ғана қорылдап жатқан Сид шынында ұйықтамаған еді.
Том көзін ашқан кезде, Сид киініп үлгеріп, кетіп те қалған. Сағат біраз болғанға ұқсайды: ауа да, күннің сәулесі де осыны сездіріп тұр. Том таңғалды. Мұны неге ешкім оятпады, неғып күндегіше жұлқыламады? Осы ой оның көңіліне әлдеқандай қауіп ұялатты. Тез киініп үлгеріп, ұйқысы келіп, әрі шаршап тұрса да, төменге түсті.
Отбасы түгел дерлік үстел басында екен, алайда ертеңгі тамақ бітіп қалыпты. Томға ешкім тіл қатқан жоқ, бірақ көздің бәрі одан бұрылып кетті және бөлмедегі сондай бір салтанатты тыныштық қылмыскердің жүрегін суықтықпен жаншығандай болды. Ол отырды, өзін көңілді ұстады. Бос нәрсе - ешкімде үн жоқ! Тіпті тым болмаса біреуі езуін тартсашы! Сосын ол да үнсіз қалды, жүрегін қайғы орады.
Таңғы астан кейін апайы оны шетке шақырып еді, Том бір-екі дүремен бітетін болды деген үмітпен көңілденіп кетті; бірақ олай болмай шықты. Полли апай жылап, шағым айта бастады. Апайдың кәрі жүрегін жаруға қалай оның дәті шыдады, ақыры аяғында не жасағысы келсе, соны жаса деді: апайының ағарған самайын ұятпен бояп, молаға ертерек кетуіне, өзін-өзі масқара етуіне - оған бәрібір ем қонбайды, мұны түзетем деу - бос шаруа; ендігі жерде апай мұның өміріне араласпайды. Бұл мың рет шыбыртқымен ұрғаннан ауыр еді, Томның жүрегі шаншып қоя берді. Ол да жылады, кешірім сұрады, бұдан былай түзелетінін қайта-қайта айтты, аяғында оны босатты, бірақ мүлде кешірім болғанын көре де, сезе де алмады және оған бұрынғыдай сенім ендігі жерде болмайтынын байқады.
Ол басы ауған жаққа жүре берді, бұдан бақытсыз адам жоқтай сезінді, тіпті Сидтен өшін алуды да ойламады, ал ол мұның көзіне түспейін деп, бұған жақындамастан артқы есіктен зытып отырды. Том қасірет шеккендей түнерген күйі қыбырлап мектепке келді, Джо Гарпермен бірге кеше мектепке келмегендері үшін арқаларын шыбыртқыға тосты. Жазалау үстінде оның кейпі үлкен қайғыға батқан адамдай, мынау дүре соғу - ұсақ-түйек болып сезінетіндей көрінді. Орнына келіп отырғанда ол партаға сүйенген күйі қос қолымен иегін таянып тіршіліктің белгісі жоқ қасіретке толы жанарын қабырғаға қадады. Шынтағының астында қатты бір нәрсе жатқандай болды. Том оған қараған да жоқ. Ақыры әлгі затты көңілсіздеу қолына алды. Қағазға оралған, Том ашты. Қатты күрсінген дыбыс көкірегінен шығып кетті - жүрегі тас-талқан болды. Ол ашық пештің шілтерінен жасалған мыс дөңгелек еді.
Түйенің арқасын бір тал қамыс жауыр етті деген сөз.