Марк Твен. Зираттағы трагедия
Бұл кеште де Том мен Сидті күндегіше тоғыз жарымда ұйықтауға жіберді. Олар ұйқы алдындағы дұғаны оқып болғасын, Сид бірден ұйқыға басты. Бірақ Том белгіні қауіппен шыдамсыздана күтіп ұйықтамады. Сол сәтте оған таң атып қалғандай сезілді ол сағат кешкі онды соққанын естіді. Реніштің неден болатыны белгілі еді. Жүйкесі өре тұра келгендей қозғалып тыпыршығанды талап еткенмен, Том Сид оянып кетеді деп дөңбекшу түгілі қол-аяғын қозғай алмай жатты. Ол тырп етпей жатқан күйі қараңғылыққа көз тастайды. Айнала басыңды айналдыратын тыныштық. Бұл тыныштықтың арасынан әлсіз дыбыстар талып естілгендей болды. Алдымен сағаттың тықылы естілді. Сосын ескі ағаш балкалардың сынып жатқандай сықырлағаны, баспалдақтардың жай шиқылы. Түсінікті: бөлмелерде үй иелері кезіп жүр. Полли апайдың бөлмесінен қорылдаған дыбыс естілді. Одан соң шырылдауық шегірткенің тынбастан шырылдаған үні - ол қай жақта шырылдап жатқанын адамзаттың данышпаны болса да анықтай алмас еді. Соның арасында төсегінің бас жағынан қабырғаға жармасқан үшкірлеуік қоңыз тықылдата бастады. Том селк етіп шошып кетті: бұл - біреуге ажал төніп тұр деген белгі. Алыстан иттің үргені естілді, сәлден соң оның әр жағынан жырақтан басқа бір иттің ұлығаны құлаққа келді. Том азапты минуттарды басынан кешіріп жатыр. Ол уақыт деген бітіп, енді мәңгілік басталған шығар деп ойлады. Әрі беріден соң қалғи бастады. Сағат он бірді соқты, бірақ ол естімеді. Кенет ұйқылы-ояу мысықтың жай мияулағанын естіді.
Жақын маңда терезе ашылды және осы дыбыстан Том оянып кетті. "Кет әрі, оңбаған мысық!" - деген айқай естілді де, іле апайдың ағаш сарайына қарай лақтырған шыны бөтелке сарайдың қабырғасына соғылып, быт-шыты шыққаны естілді. Том ұшып тұра келіп, тез-тез киінді де, терезеден түсіп үйдің төбесімен тоңқаңдап бара жатып бір-екі рет мияулап жауап берді, сосын сарайдың төбесіне секіріп, одан жерге түсті. Гекльберри Финн қолында өлген мысық, төменде күтіп тұр екен. Балалар жолмен жүріп, кешікпей қараңғылыққа батып кетті. Жарты сағат өткенде олар зират маңындағы биік шөптердің арасына жетті.
Зират батыс үлгісіндегі ескі молалар болатын. Қалашыққа жақын қыр басында айналасы ағаш шарбақпен қоршалған, бірақ шарбақтың ағаштарының біразы ішке қарай, кейбірі сыртқа қарай құлаған, тіке тұрғаны қалмапты. Сойдиған биік шөп, бұталар өскен. Ескі молалар отырып кеткен. Құлпытастардың бір де біреуі өз орнында тұрған жоқ, молалардың басында құрт жеп шұрық тесік болған тақталар қисайып, сүйеніш іздегенмен, таба алмай жерге телмеңдеп тұр. Тақтаның бәрінде бір кездерде: "...Пәленшеге мәңгі ескерткіш" деп жазылған, бірақ олардың көбінде әріптері сүртіліп кеткен, түнгі түгілі, күндізгі жарықта да көрінбейді.
Самал жел бұталарда ыңырсығандай, зәресі ұшқан Томға өлгендердің жаны адамдар неге бізге тыным бермейді деп арыз айтып жатқандай көрінді. Достар аз сөйледі, онда да тек сыбырласып қана; мына салтанатты тыныштық, түн қараңғылығы, оқиға өтіп жатқан жер -осының бәрі оларға қорқынышты әсер етті. Олар өздері іздеген жаңадан үйілген топырақты тапты да, жақын жердегі қалың жапырақты ағаштың астына тығылды. Олар ұзақ күткен секілді сезінді.
Жырақта үкі айқайлады, мына өлі тыныштықты бұзатын одан басқа дыбыс жоқ. Томның басына жаман ойлар келді, ол сосын әңгімемен көңілін бөлгісі келді.
– Қалай ойлайсың, Гекки, - деп сыбырлап бастады. - Біздің мұнда келгеніміз өліктерге ұнай ма?
Гекльберри сыбырлай жауап қатты:
– Кім біліпті оларды, білмеймін! Қандай қорқынышты мында... Рас қой?
– Қорқынышты болғанда қандай!
Ұзақ үнсіздік басталды; екі бала да өздерінің мұнда келгеніне өліктер қалай қарайды екен деп ойға батуда. Сосын Том:
– Гекки, қалай ойлайсың, Вильямс шал екеуміздің әңгімемізді естіп жатыр ма?
– Әрине, естіп жатыр. Өзі естімегенмен, оның жаны естіп жатыр
Тағы үнсіздік.
– Аянышты, - деді Том, - мен оны Вильямс мырза демей, ылғи Вильямс деп атағанмын. Бірақ мен оны ренжіткім келген жоқ. Жұрттың бәрі оны шал деп атайтын.
– Өлген адамдар жайлы айтқанда сақ болу керек, Том. Мұны естіген Томның енді әңгімені жалғастыруға зауқы соқпады. Кенет ол жолдасының қолына жармасты:
– Tсс!
– Не болды, Том?
Екеуі бір-біріне тығыла түсті. Жүректері дүрсілдеп кетті.
– Тсс! Міне, тағы! Қалай естімей тұрсың?
– Мен...
– Иә! Ақыры сен де естідің.
– Құдайым-ай, Том, олар келе жатыр! Келе жатыр! Бұл олар! Не істейміз?
– Білмеймін. Олар бізді көреді деп ойлайсың ба?
– Ой, Том, олар деген мысықтар секілді қараңғыда көреді ғой. Мен осында неге келдім!..
– Қой, сен қорықпа... Мүмкін олар бізді қозғамас. Біз ешқандай жамандық жасап тұрғанымыз жоқ қой. Егер біз тып-тыныш отырсақ, олар бізді көрмеуі де мүмкін.
– Жарайды. Байқап көрейік... Құдайым-ай, тұла бойым дірілдеп тұр!
– Тсс! Тыңда.
Балалар демдерін әрең алып, бір-біріне бұрынғыдан бетер тығыла түсті. Зираттың екінші жағында күбірлеген дыбыс естілді.
– Қара! Қара! - деп сыбырлады Том. - Анау не сонда?
– Ол тамұқтың оты! Ой, қандай қорқынышты! Қараңғылықтың арасынан адамдардың сұлбасы көрінді.Олардың алдындағы қаңылтыр фонарь жер бетіне сәуле шашыратады.
– Бұл албастылар, шамасы солай болар, - деді де Гекльберри селк ете түсті. - Өздері үшеу! Біздің шаруамыз бітті! Сен дұға оқуды білесің бе?
– Оқып көрейін... Ей, сен қорықпа - олар бізге тиіспейді. "Жаратушы жан ием, ұйықтар алдында жарылқап жебей гөр...
– Тсс!
– Не болды, Гек?
– Бұлар - адамдар! Әйтеуір - анық тірі адам. Оның дауысы Меффи Поттерге ұқсайды.
– Мүмкін емес!
– Мен оны білем ғой! Сен көрінбе, демалма! Ол бізді көрмейді ол мас әдеттегідей, — маскүнем.
– Жарайды. Мен жай... Тоқтады. Бірдемені іздейді... Таба алмай жүр. Тағы бізге қарай келе жатыр... Қалай жүгіреді! Тағы жақындап келеді. Енді - ол келіп қалды! Тура бізге қарай.
Тағы ұзап барады... Тек, мен екінші дауысты таныдым - үнділік Джо.
– Шынында да, қарғыс атқан будан! Бұлардан гөрі жын-шайтанның болғаны дұрыс еді. Оларға бұл жерде не керек екен?
Сыбыр аяқталды, өйткені үш адам молаға жетті де, балалар жасырынған жерге жап-жақын келіп тоқтады.
– Осы жерде, - деп үшіншісі шамды көтергенде жарық оның бетіне түсті. Бұл жас дәрігер Робинсон екен.
Поттер мен үнділік Джо зембіл мен арқан және екі күрек алып, моланы қаза бастады. Дәрігер шамды моланың бас жағына қойып, өзі шегіршіннің біріне сүйеніп отыр. Оның балаларға жақын отырғаны сондай, олардың созса қолдары жетер еді.
– Тезірек, тезірек! - деді жаймен. - Қазір-ақ ай тууы мүмкін.
Аналар бірдеңе деп міңгірлеп жауап берген болды да, қазуды жалғастыра берді. Біраз уақытқа дейін күректердің ұсақ тастар мен ұйысқан топырақты күреп лақтырған дыбысы естіліп тұрды. Ақыры күректің ағашқа соғылғаны естілді: күрек табытқа соғылды, бірнеше минут өткенде қозғаушылар оны жоғары шығарды. Сол күректермен табыттың қақпағын ашып, өлі денені қалай болса солай жерге тастай салды. Сол сәтте бұлттың арасынан ай шығып, жарығы өліктің сұп-сұр бетіне түсті. Зембілді қозғап, оған денені салды, одеялмен жауып, арқанмен байлады. Поттер үлкен шаппа пышақ шығарып, арқанның салбыраған ұшын кесті де:
– Міне, сынықшы, біз осындай лас жұмысты бітірдік. Енді бізге тағы бір бестікті беріңіз, әйтпесе ол осылай қалады, - деді.
– Дұрыс! - деп Джо қостады.
– Бұл не? - деп дәрігер қарсылық білдірді. - Сіздер ақшаны алдымен төле дедіңіздер. Мен бәрін төледім ғой.
– Төлеуін төледіңіз сіз, бірақ біздің сізбен айырысатын басқа бір есебіміз бар, - деді Джо дәрігерге жақындап. Дәрігер орнынан тұрды. - Осыдан бес жыл бұрын сіздің әкеңіздің ас бөлмесіне келгенімде, сіздер мені қуып шықтыңыздар. Мен маған тамақ беруді сұрадым, ал мені қаңғып жүрген ұрыға ұқсатып есіктен итеріп тастадыңыздар. Ал мен жүз жылдан кейін болса да ақымды төлеймін дегенімде әкеңіз мені қаңғыбастығы үшін деп түрмеге отырғызды. Сіз осының бәрін ұмытты деп ойлайсыз ба? Жоқ, үнділіктердің қаны менде бекер қайнап жатқан жоқ. Енді сіз менің қолымдасыз және біз сізбен есеп айырамыз, біліп қойыңыз!
Ол қаһарын төгіп жұдырығын дәрігердің дәл бетіне жақындатты. Ал дәрігер күтпеген жерден қолын сермеп бір соғып ана оңбағанды жерге сұлатты. Поттердің қолынан пышағы түсіп кетті, ол сосын айқай салды:
– Ей, сіз немене! Жолдасымды сабатып қоймаймын мен!
Ол сосын дәрігерге ұмтылды. Екеуі төбелесе кетті, аяқтарымен көк шөпті таптап, өкшелері жерге кіріп, бір-бірін жұдырықтап жатыр. Джо екі көзі қанталап, өшпенділіктің өртіне оранғандай, Поттердің жерде жатқан пышағын алып, мысыққа ұқсап бүкшиіп, пышақ салу үшін ыңғайлы сәтті күтіп айнала жүгірді. Кенет дәрігер қарсыластың құшағынан бұлқынып шығып Вильямстың моласынан шыққан үлкен тақтаймен Поттерді бір қойып еді, анау ұшып түсті, осы кезде будан қолындағы пышақты сабына дейін бойлатып жас жігіттің кеудесіне салды. Жігіт теңселіп барып, Поттердің үстіне қаны сорғалаған күйі құлады. Осы сәтте айдың бетін бұлттар басты да, мына қорқынышты көрініс қараңғы сахнаға көміліп қалды. Зәрелері ұшқан балалар жан-жақтарына қарамастан қараңғылыққа оранып қашып барады.
Ай бұлттардың арасынан қайта көрінгенде, Джо ойға батқан күйі екі дененің жанында біраз тұрды. Дәрігер түсініксіз міңгірлеп екі рет демін алды да сосын үнсіз қалды.
– Міне, шайтан алғыр, біз есебімізді айырыстық! - деді будан жай дауыспен. Ол өлікті қозғап, пышағын суырып алды да, Поттердің оң қолына салып, бос қалған табыттың үстіне отырды. Үш, төрт, бес минут өтті. Поттер қозғалып ыңырси бастады. Ол қолындағы пышақты қысып ұстап, көз алдына әкелді, селк етіп шошып кетті де, жерге түсіріп алды; сосын тұрып, жанындағы дәрігердің өлі денесін ысырып тастады да, оның жүзіне қарады; жан-жағына қарап еді, буданның оған қадалған көзіне тап болды.
– Құдайым-ай! Бұл қалай болды, Джо? - деді.
– Оңбаған іс болды! - деді анау орнынан қозғалмай. - Сен оны не үшін жайраттың?
– Мен? Мен ештеңе істеген емеспін.
– Жарайды, айтқан екенсің! Мұныңмен өзіңе көмектесе алмайсың!
Поттердің өңі қашып, дірілдеп кетті.
- Менің мастығым кетті деп едім. Бүгін кеште ішпеуім керек еді. Басым әлі дызылдап тұр - осында келе жатқанда мұндай емес еді. Мен тұманда жүргендеймін, ештеңе есімде жоқ. Джо, сен шыныңды айтшы, ескі досым, мынаны шынымен мен бе жайратып салған? Менің оны өлтіргім келген жоқ еді ғой, мұндай ой басыма келген емес -арыммен, жаныммен ант етем, Джо! Айтшы маған, қалай болды, Джо? Қандай оңбағандық! Сондай жап-жас... өзі болашағынан үміт еткен дәрігер еді...
– Екеуің жағаласа кеттіңдер; ол тақтаймен сенің басыңа қойып қалды: сен ұшып түстің. Сосын ұшып тұрдың да, есі ауысқан адамдай қалтырап-дірілдеп жүрдің, кенет пышаққа жармастың да ол сені тағы ұрғалы жатқанда кеудесіне сұқтың. Содан кейін сен ес-түссіз құладың да, кескен ағаштай қозғалмай қалдың.
– Ой, мен не істегенімді білсем ғой! Өтірік айтсам, жерге кіріп кетейін. Бәрі арақтан - мен мас едім - қызынып кеттім оған қоса... Мен тіпті пышақты қалай ұстауды да білмеймін ғой. Джо, рас, талай төбелесуге тура келді, жасыратыны жоқ, бірақ қолыма пышақ алған емеспін, тек жұдырықпен... Мұны жұрттың бәрі біледі... Джо, мені ұстап бере көрме! Мен сені жақсы көретін едім ғой. Джо, әрқашан сенің сөзіңді сөйледім, саған жақ болдым. Енді шығар, шын ғой? Сен ешкімге айтпайсың ғой, Джо?
Бейшара кісі өлтіргеннің аяғына жығылып, жалынды. Ал анау оған сезімсіз мән бермей қарады.
– Жарайды, Мефф Поттер, сен әрқашан да менімен дос болдың, ар-намысың таза еді, мен сені ешкімге де ұстап бермеймін. Мазаланба, мен шын айтам. Әңгіме осымен бітті.
– Джо, сен періштесің, құдай ақы! Ақырғы деміме дейін саған алғыс айтамын. Поттер жылап жіберді.
– Жарар енді! Қыңсылайтын уақыт емес! Сен ана жолмен бар, ал мен мынаумен кетейін, байқа, айғақ болатын артыңа із қалдырма!
Поттер бүлкілдеп кетіп барады, сосын тезірек жүрді, ақырында бар пәрменімен жүгіре жөнелді.
Будан оның соңынан қарап, күбірледі.