Болашақ батыр қарақшы. Марк Твен

Oinet.kz 11-01-2020 583

image.png

Том әуелі тұйық көшелермен біресе оңға, біресе солға бұрылып біраз жүрді де, ақыры әдетте оқушылар үйлеріне қайтатын жолды артқа тастап, ұзап кетті. Сосын тауға қарай басы салбырап жай кетіп бара жатты. Жол бойы екі бұлақты кешіп өтті, өйткені балалардың арасында бір наным бар: арттағы қуғыншыны шатастыру үшін осылай, ізін жасырады. Жарты сағаттан соң жесір әйел Дугластың Кардиф тауының шыңында тұрған бай үйін артта қалдырды. Мектеп төменгі аңғарда әрең көрініп тұр. Жолаушы қалың орман ішіне енді, жалаңаяқ жолға да жақындамай жүре берді де, жапырағы жайылған еменнің түбіндегі мүктің үстіне отырды.

Мұнда, орманда, тып-тыныш және қапырық. Түс кезіндегі өлі ыссылықтан тіпті құстар әні де тоқтап қалған. Табиғат қалғып тұрғандай; оның түсі оқта-текте тұмсығымен ағашты соққылаған тоқылдақтың дыбысынан бұрылып тұр. Сол тықылдан орман тыныштығы тіпті қоюланып, ал жалғыздықтың қасірет-қайғысы одан сайын жаныңды жейді. Томның жүрегін қайғы кеміріп, тұнжыраған табиғатпен үн қосып тұрғандай. Ол шынтағымен тізесіне сүйеніп, жағын таянған күйі біраз ойланып отыр. Оған өмір деген жанталасқан қарбалас пен қайғы-қасірет болып елестеді және жақында ғана қайтыс болған Джимми Годжеске қызықты. "Молада тып-тыныш жатқан қандай жақсы, - деп ойлады ол, -ұйықтап, неше түрлі түстер көресің, самал жел көк шөпті еркелетіп, жапырақтарға бірдеңелерді сыбырлайды, ал сені ештеңе мазаламайды, сен де ештеңені уайымдамайсың, ғасырдан ғасырға". Әттең жексенбілік мектепте оның балалары жақсы болса ғой, ол қуаныштан жарылар еді, сөйтіп мына жексұрын өмірден кетер еді... Ал мына қыз... бұл оған не істеді? Ештеңе. Оған тек жақсылық тіледі. Ал ол болса, мұны ит секілді қуып жіберді - иә кәдімгі итке ұқсатып. Ол қыз бір кезде осы қылығына өкінеді, мүмкін, өте кеш болар. Әй, бұл мәңгілік емес, уақытша өлсе ғой!

Бірақ жас кезде жүректер жұмсақ, қалай қыссаң да, тез орнына келеді. Томды осы дүниенің қызықтары тағы баурады. Егер ол дәл қазір басы ауған жаққа кетіп, құпия жағдайда жоқ болып кетсе ше? Ал, егер алыс бір жақтарға, ешкім білмейтін елдерге, теңіздерден өтіп, содан оралмай қалса? Сонда Бекки неғылар екен? Ол өзінің циркте клоун болғысы келгенін есіне алды, бірақ енді сайқымазақтың тыртиып денесіне жабысқан ала-құла тоқыма шалбар киюі оның жан дүниесі романтикалық мұнартқан биіктеріне самғап тұрған шақта тіпті кемістік болып көрінді.

Жоқ, ол әскерге барып, солдат болады, сосын тұла-бойы жарақатқа, ал өзі даңққа бөленіп бірнеше жылдан кейін оралады. Немесе үнділерге барып, солармен бірге буйвол аулап, биік таулар мен алыстағы Батыстың жолсыз ормандары арқылы қаңғырып, бір кездері таңертең мен үнділердің құстың қауырсынын жапсырып, адам қорқатын жабайы кейпімен жексенбілік мектепке кіріп келсе, сонда жолдастары бұған қызығып адамның зәресін ұшырар айқайымен көздері шарасынан шығар еді. Жоқ, дүниеде бұдан гөрі мықтырақ күштілер бар. Ол қарақшы болады! Иә-иә! Ол енді өзінің атақ-даңққа бөленген болашағын елестетті.Оның аты аталғанда бүкіл дүниежүзі зәресі ұшып қалтырайтын болады. Ол буырқанған теңіздерде "Дауылдың перісі" аталатын, алдыңғы жағында қара жалау желбіреген қара корабльмен сайрандайды. Атақ пен даңқтың шыңына шығып ешкім ойламаған жерден өзінің шағын қалашығындағы шіркеуге бет-жүзі қап-қара болып тотыққан, қара мақпал бешпет дәл сондай матадан шалбар, белбеуінде пистолеттер салбырап, жанында қанға бояла-бояла таттанған пышақ, басында жұмсақ қалпақ, қолында - қара жалау, ал жалауда қураған бас сүйектің қаңқасы мен екі жіліктің бейнесі - кіріп келсе ғой! Сонда ол: "Мынау Том Сойер, қарақшы! Испан теңіздерінің өш алатын қарақшысы!" деп айналадағылардың сыбырын естіп, қалай рахат сезімге бөленер еді!

Иә, мәселе шешілді! Ол өз жолын таңдады. Үйден қашып кетеді де, жаңа өмірді бастайды. Күні ертең-ақ жолға шығады. Таңертең әзір болу үшін әзірлікті қазір бастау керек. Өзінің бар байлығын жинастыруы керек. Жақын жерде шіріген ағаш жатыр екен. Том қалтасынан Барлоу шаппасын алып, ағаштың түбін қаза бастап еді, кешікпей пышағы ағаш па - әйтеуір бір нәрсеге тиді. Том іші қуыс ағаш екенін байқады. Ол қолын әлгі қуысқа сұғып, дұға оқыды да, салтанатты түрде үн қатты.

– Жоқ нәрсе, кел осында! Бар нәрсе, қал қасымда!

Ол жердің жоғары қабатын пышағымен түрткілеп көріп еді, астында жұқа қарағай тақтайша екен. Ол тақтайшаны алып еді, астындағы көмбе үшін жан-жағы әлгідей тақтайшадан жасалған құпия жәшік шықты. Жәшікте алебастрдан жасалған шарик жатыр. Том таңданғаннан біртүрлі ыңғайсызданып, шекесін қасыды:

– Эге-ге! Міне, керемет!

Ол шарды лақтырып жіберді де, ойлана бастады. Әңгіме мынада - оны өзі сеніп жүрген нақыл алдап соқты, жолдастары да бұл нақылды нағыз шындық деп қабылдайтын. Егер шарикті нақылды айтып отырып көмсең, екі апта бойы оны қозғамайсың да, сосын барып әлгі нақылды қайталап құпия жәшікті ашасың, сенің осыған дейін жоғалтқан шариктеріңнің бәрі сонда жатыр. Бірақ ғажап ештеңе болмады, Томның осыған дейін сеніп жүргені бос нәрсе болып шықты. Ол қанша әңгіме естіді бұл туралы, бәрі де ойдағыдай аяқталатын. Осы әдіспен өзі де талай шарикті, қазір есінде жоқ, әйтеуір талай жерге көмген. Ол ойланып-ойланып, ақыры бұл жолы бір сиқыр араласты-ау деп шешті. Ол қалай да бәріне көз жеткізгісі келіп, ортасында құйғыш секілді шұңқыр бар таза топырақты жерді тауып, ернеуіне етпеттеп жатып:

Білгім келген нәрсені айтшы, қоңызым,

Білгім келген нәрсені айтшы, қоңызым, -

деп қайталады. Құм сәл қозғалғандай болды да, сол сәтте қара қоңыз шыға келді және зәресі ұшып кері кетті.

— Иә, сөйлемейді. Яғни сиқырдың араласқаны шын.

Мұны бірден білгем.

Сиқыршылармен салғыласуға ешкімнің де күші жетпейтінін білетін Томның көңілі құлазып кетті. Сосын бағанағы өзі лақтырып жіберген шарикті тауып алу туралы басына ой келді және іздей бастады, бірақ таба алмады. Ол өзінің құпия жәшігіне оралып, шарикті лақтырғанда тұрған нүктесін тапты да, қалтасынан бір шарик шығарып, бағанағы шарикті лақтырған жаққа тастады да:

– Бар, ағаңды ізде! - деді.

Ол шариктің қай маңға тоқтағанын байқады да, сол жерден іздеді. Екінші шарик алдыңғыға жетпеген болу керек немесе асып кеткен болар. Ол іздеп-іздеп, ақыры дегеніне жетті: екі шарик те бір-бірінен бір футтай қашықтықта жатыр екен. Осы кезде жасыл қырат жақтан қаңылтырдан жасалған ойыншық тұрбаның әлсіз дыбысы шыққандай болды. Том жалма-жан күртесін және шалбарын шешіп лақтыра салды да, шіріген ағаштың жанынан қураған жапырақтарды ысырып аршып, сол жерден қолдан жасалған садақ, оқ, ағаш қылыш және қаңылтыр тұрбаны шығарды, өзі тездетіп қаруларды асынып алып, жадағай жалғыз көйлекпен жауға қарсы жүгіре жөнелді. Ағаштың қалың жапырақтарының астында тұрып, жауап белгі берді де, сосын аяғының ұшымен жоғары көтерілді, жан-жағына сақтықпен қарап қойып, өзінің ойдан шығарған отрядына дауыстап бұйрық берді.

- Жігіттер, тоқта! Мен белгі бергенше жасырына тұрыңдар!

Джо Гарпер шыға келді: ол да жеңіл киінген, ол да басынан башпайына дейін қару-жарақ іліп алған. Том дауыстады:

– Тоқта! Менің рұқсатымсыз Шервуд орманында жүруге кімнің батылы барады?!

– Гай Гисборн ешкімнің де рұқсатын қажет етпейді!

– Кімсің сен? Кім...

"Маған мұндай сөз айтатын кім өзі?" - деп Том оның аузына сөз салды, өйткені екеуі де кітаптан жаттап алған сөздерін айтып тұр.

– Маған бұлай зекіріп сөз айтуға кімнің батылы барып тұр?

– Мен кіммін? Мен - Робин Гудпын, оған қазір-ақ сенің өлі денеңнің көзі жетеді.

– Бұл сенбісің, атақты қарақшы?! Мына көңілді орман ішіндегі жолдарды басып алу үшін сенімен қылыштасуға дайынмын. Қорған!

Олар ағаш қылыштарын суырып басқа қаруларын жерге тастады, жауынгерлік қалыпқа келіп, өнердің барлық ережесі бойынша нағыз жекпе-жек басталды: екі соққы жоғары, екі соққы төмен.

Ақыры Том айтты.

– Кәне, төбелес болса, төбелес! Қане, баста!

Екеуі де шындап кіріскендері сондай, ентігіп әрі терлеп кетті.

– Құласайшы-ей! Құла, қане! - деп айқайлады Том. - Сен неге құламайсың?

– Құламаймын! Өзің құла - сен әлсіреп барасың ғой.

– Бұл не? Маған құлауға болмайды. Кітапта олай жазылмаған ғой. Онда былай делінген: "Ол арқасынан бір соққанда қаныпезер Гай Гисборн сеспей қатты". Сен артқа бұрылып, мен сені соғуым үшін маған арқаңды беруге тиіссің.

Бұл абыройлы тұлғаға қарсы тұруға болмайды. Джо теріс айналып, қатты соққыдан ұшып түсті.

– Ал енді - деді Джо тұрып жатып, - енді сені мен өлтіруім керек — бұл нағыз адал күрес болады.

– Олай болмайды ғой, кітапта ондай жоқ қой!

– Ендеше бұл адалдық емес! Меніңше, бұл оңбағандық!

– Жарайды, Джо, - сен монах Так немесе диірменінің ұлы Мач болсайшы, сосын таяқпен менің басымнан ұрасың. Немесе қаласаң мен нотингемдік шериф болайын, ал сен Робин Гуд болып мені өлтіресің.

Бұлұсыныс Джо Гарперге ұнап қалды, сосын ойын әрмен қарай жалғады. Одан кейін Том қайтадан Робин Гуд болды және оның асқынған жарақатын дұрыс емдей алмаған оңбаған монахиняның кесірінен қанын жоғалтып әбден талықсыды, ал жылап-еңіреген бүкіл қарақшылар тобы болып тұрған Джо оны жыраққа көтеріп апарды да, оның әлсіреген қолына садағын ұстатты, сонда Том: "Мына оқ қайда түссе, сол жерге ағаштың жанына жасыл орманға Робин Гуд байғұсты жерлеңдер", - деді, сосын садағын тартып, енді өзі артына қарай құлайын дегенде қараса - айнала қалақай екен - ол өлетін адам секілді емес ұшып тұра келді.

Балалар киініп, қаруларын жасырды да, өздері бір-бірінен бұл заманда қарақшылар жоқ, цивилизация олардың орнын немен толтыра алады деп сұрап ұзап бара жатты. Америка Құрама Штаттарының өмір бойы президенті болғанша, ең болмаса бір жыл Шервуд орманының қарақшылары болсақ қой деді екеуі де.

Том Беккимен танысты. Марк Твен (алтыншы тарау)
Марк Твен. Зираттағы трагедия
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу