Том Беккимен танысты. Марк Твен (алтыншы тарау)

Oinet.kz 08-01-2020 737

image.png

Дүйсенбі күні таңертең ұйқыдан оянғанда Том өзін соншалық бақытсыз сезінді. Дүйсенбі күні таңертең ол ылғи да өзін барып тұрған бақытсыз сезінетін әдеті, өйткені мектептегі апта бойы көретін азап осы күннен басталады. Сонда ол өмірде ешқашан жексенбі болмағанын тіледі, өйткені аз уақыт еркіндіктен кейін қараңғылыққа қайта оралу тіпті, ауыр.

Том жатып алып ойлады. Кенет оның басына жарқ етіп бір ой келе қалды - ауырып қалса, қандай жақсы болар еді, ол сонда үйде қалады, мектепке бармайды. Бұл үміт онша сенімді емес, алайда неге тырысып көрмеске! Ол өзінің дене мүшелерін зерттей бастады. Еш жері ауырмайды, ол тағы да тұла бойын сипап көрді. Бұл жолы оның іші ауырған сияқты болды және ол ауырғаны күшейе түседі деп үміттене қуанды. Алайда керісінше, сол бойда-ақ ауруы біржола жоғалды. Том әрі қарай ойланды. Кенет ол бір тісі қисаңдап тұрғанын білді. Бұл үлкен олжа еді, ол ыңқылдай бастады да, сол бойда тоқтай қалды, егер ол тісі туралы аузына алса болды, апайы сол бойда тісті жұлып тастайды - ал, ол жаныңды алатындай қиын. Ол сондықтан тісті кейінге қоя тұрып, басқа бірдеңе ойлап табу керек деп шешті. Қапелімде ойына ештеңе орала қоймады; сонан соң оның ойына дәрігердің сырқат адамды екі-үш апта бойы төсекке жатқызатын және башпайды кесіп тастау қаупі болатын бір ауру туралы айтқаны есіне түсті. Бала үмітпен жайманың астынан аяғын суырып алып, үлкен башпайын зерттей бастады. Дәрігер айтқан аурудың қандай белгілері болатынынан бұл хабарсыз. Дегенмен Сид ұйықтап жатқан, мұның ыңыранған дауысын ести қоймады.

Том дауысын қаттырақ шығарып ыңқылдады, сол кезде башпайы, шынында да, ауырып тұрғандай көрінді.

Сидтен дыбыс шықпайды.

Томның тырысқаны соншалық, ентігіп кетті. Сәл демалып алды да, аузына ауаны толтыра жұтып, сосын қатты ыңырсыған адамға ұқсап дыбыс шығарды.

Сид әлі қорылдап жатыр.

Томның ызасы келді. Ол: "Сид! Сид!" - деп ұйқыдағы баланы жаймен қозғады. Бұл әдіс нәтижесін берді, Том тағы сарнай бастады. Сид есінеп керіліп алды да, шынтағына сүйеніп кеудесін көтерді, сосын пысқырынып Томға шүйілді. Том ыңқылға басып жатыр.

– Том! Тыңдашы, Том! - деді Сид. Жауап жоқ.

– Том, естисің бе? Том! Саған не болды, Том?

Сид өз кезегінде ағасын жұлқылап оның бетіне қорқынышпен қарады.

Том ыңыранып:

– Мазамды алмашы, Сид! Жұлқылама! - деді.

– Не болды саған, Том? Мен барып тәтемді шақырып келейін.

– Жоқ, керек емес. Мүмкін қазір басылар. Ешкімді шақырма. Керек емес.

– Жоқ, жоқ, шақыру керек! Кісі қорқатындай ыңыранбашы! Қашаннан бері ауырдың?

– Бірнеше сағат болды. Ой! Құдай ақы, қозғалмашы, Сид! Сен өлтіресің мені.

– Мені неге ертерек оятпадың, Том? Ой, Том, ыңқылдамашы! Сенің ыңыранған даусыңнан денем түршігеді. Қай жерің ауырады?

– Мен сені кешірдім, Сид! (Ыңқыл). Маған жасағаныңның бәрін кешірдім. Мен өлгесін...

– Том, сен шынымен өлейін деп жатырсың ба? Том, өлмеші... Мүмкін...

– Мен бәріне бәрін кешірдім, Сид (ыңқыл), оларға айт, Сид. Ал бір көзі соқыр мысықты және қорапты біздің қалаға жақында көшіп келген қызға бер, Сид, және оған айт...

Бірақ Сид киіміне жармасты да, есікті сыртынан жапты. Том енді шындап азаптана бастады, оның қиялы керемет нанымды болды және ыңыранғаны да табиғи шықты. Сид баспалдақпен жүгіріп және айқайлап келеді:

– Ой, Полли тәте, тезірек келіңіз! Том өлейін деп жатыр!

– Өлейін деп?

– Иә! Иә! Нені күтіп тұрсыз? Барыңыз тезірек!

– Бос әңгіме! Сенбеймін!

Сонда да ол жанталаса жоғарыға жүгірді. Сид пен Мери оның соңында. Апайдың беті бозарып, еріндері дірілдеп кетті. Томның төсегінің жанына жүгіре басып жетті. Ол әрең сөйледі:

– Том! Том! Саған не болды?

– Ой, тәте, мен...

– Не болды, не болды, балақай?

– Ой, тәте, менің башпайымда гангрена!

Полли апай орындыққа сылқ етіп отыра кетті, әуелі күлді, сосын жылады, сосын бір мезгілде жылап-күлді. Сосын есін жиып:

– Зәремді ұшырдың ғой менің, Том! Енді жетеді: мұндай көзбояушылығыңды тоқтат, бұдан былай көрмейтін болайын!

Ыңқыл басылды және башпайдың ауырғаны да сол сәтте тыйыла қалды.

Том өзін ыңғайсыз жағдайда сезінді.

– Тәте, шынында да, башпайымның жаны кеткен тәрізді болды және сондай ауырып жанымды шығарды, мен тіпті тісімді де ұмытып кеттім.

– Тісімді? Тісіңе не болды?

– Былғаңдап тұр және қатты ауырып шыдатпайды.

- Жарайды, жетеді, жетеді енді, ыңырси берме! Аузыңды ашшы.

Иә, тісің шынында да былғаңдап тұр екен, бірақ одан сен өлмейсің... Мери, жібек жіп әкелші және ас үйден шала әкеле қойшы.

– Тәте, жұлмаңызшы қажеті жоқ, тісімді тартпаңыз қазір тіпті де ауырып тұрған жоқ! Егер ол титтей де ауырып тұрған болса, жерге кіріп кетейін! Апатай, өтінемін, суырмаңызшы! Мен онсыз да мектепке барайын...

– Мектепке барасың ба? Сосын екен ғой! Сен тек сабақтан қашып өзенге барып балық аулау үшін осының бәрін ойлап тапқан екенсің ғой! Эй, Том, Том, мен сені соншалықты жақсы көремін, ал сен менің кәрі жүрегімді оңбаған қылықтарыңмен әбден шаршаттың!

Сөйткенше болмай тісті жұлатын құрал-саймандар да келіп үлгерді. Полли апай жіптің бір ұшын байлап, ауырған тіске кіргізді де, ал екінші ұшын кереуеттің таяқшасына байлады; сосын күйдірілген ағашты ұстап баланың бетіне басып алуға сәл қалды. Сол сәтте тіс таяқшаға байланған жіптің басында салбырап тұрды. Ертеңгі тамақтан соң Том мектепке кетті, көшеде кездескен жолдастарының бәрі оның кетік тістен жаңа әдіспен түкірігін сонадай жерге атқылағанын көргенде естері шығып қызықты. Оның жанына осы көрініске жиналмаған балалар кемде-кем; солардың арасында саусағын жаралап алған бір балаға осыған дейін жұрттың бәрі қызығатын еді, ол түк болмай қалды. Әлгі бала бұған әбден ыза болып, Том Сойерге түкіргенім бар ма деп еді, басқа бір бала: "Сен әлі піспеген жүзімсің!" дегенде, әлгі батырың табанын жалтыратты.

Кешікпей Том жергілікті маскүнемнің ұлы жас қаңғыбас Гекльберри Финмен кездесті. Қаладағы ана атаулының бәрі Гекльберриді өте жек көреді және бір жағынан одан қорқады, себебі, ол еріншек, тәрбие көрмеген, ешқандай міндетті ережені сақтамайтын оңбаған бала. Оның үстіне, олардың балалары түгелдей Гекльберри десе естері шығып еліктейді, онымен бірге жүруді мәртебе көреді.

Мәдениетті отбасынан шыққан басқа балалар секілді Том да қаңғыбас Гекльберриге қызығатын, бұл жалаңаяққа жоламау туралы оған да қатаң тапсырма берілген. Әрине, осы себепке байланысты Том онымен ойнау мүмкіндігін жіберген емес. Гекльберри үлкендердің иығынан түскен ескі-құсқы киімдерді киеді, киімінің бәрі түрлі-түсті дүниелер тамған жалба-жұлба, жел үп етсе, жыртықтың бәрін жел кеулеп жалпылдатады. Басындағы қалпағы үлкен баяғыда құлаған үйдің орны секілді, айналасының сөгілген жиегі салбырап жарты айға ұқсайды; бешпеті Гек әуелі киген кезде тобығына дейін келетін, артқы жағындағы ілгектері арқасынан төмен түскен; шалбарының белін жалғыз жіппен иығынан асырып тартып қойыпты, құйрық жағы бос қап сияқты салпаңдап тұр да, балағын түсті жіппен әдемілеген болыпты және Гек оны қайырмаса, балшыққа былғанатын.

Гекльберри құс секілді еркін, қайда барғысы келсе, сол жерде жүреді. Ауа райы жақсы болса, бөтен үйлердің баспалдағына ұйықтай кетеді, ал жаңбырлы күнде бос бөшкелерге түнейді. Оған мектепке, шіркеуге барудың керегі жоқ, ол ешкімді тыңдауға тиісті емес, оны ешкім бақылап, тексермейді. Балық аулағысы келсе, өзенге барып қармақ салады немесе шомылады, судың ішінде отырғысы келсе қанша отырса да отырады. Төбелескісі келсе, оған ешкім тыйым салмайды. Таңға дейін ұйықтамай жүре алады. Көктемде бірінші болып жалаңаяқ жүретін сол, ал күзде аяқ киімді бәрінің соңынан киеді. Оған жуынудың, таза көйлек киюдің қажеті жоқ, ал ұрсысқанда алдына жан салмайды, тамаша ұрсысады. Бір сөзбен айтқанда, өмірін тамаша ету үшін онда бәрі бар. Санкт-Петербургтегі мәдениетті отбасыларынан шыққан, қол-аяқтарындағы кісеннен әбден қалжыраған "өте тәрбиелі" балалардың бәрі осылай ойлайды.

Том романтикалық қаңғыбасқа сәлем берді:

– Ей, Гекльберри! Амансың ба!

– Өзің де амансың ба, егер...

– Анау не сендегі?

– Өлген мысық.

– Бере тұршы, Гек, көрейін! Қатып қалыпты ғой әбден. Қайдан алдың?

– Бір баладан сатып алдым.

– Не бердің?

– Көк билет және бұқаның қуығы.

Бұқаның қуығын мал соятын жерден алдым.

– Ал, көк билетті қайдан алдың?

– Бен Роджерстен сатып алдым екі апта бұрын... оған дөңгелек сырғанататын таяқша бердім.

– Гек, айтшы өлген мысық неменеге жарайды?

– Қалай неменеге? Сүйелдерді түсіреді.

– Солай ма? Мен одан гөрі тазалау әдісті білем.

– Сен білмейсің! Ал, қандай?

– Шіріген су.

– Шіріген су? Сенің шіріген суыңнан ештеңе шықпайды.

– Ештеңе шықпайды? Сен емдеп көрдің бе?

– Көргенім жоқ. Бірақ Боб Таннер - пайдаланған.

– Саған бұл туралы кім айтты?

– Ол Джефф Тэчерге айтты, ал Джефф Джонни Бейкерге, Джонни Джим Хоккинске айтты, Джим Бен Роджерске айтты, ал Бен бір негрге айтты, негр маған айтты. Сондықтан білем.

– Бұдан не шығады? Бәрі өтірік айтады. Негрден басқасын айтам, мен негрді білмеймін. Бірақ мен өтірік айтпайтын негр көргенім жоқ. Мұның бәрі бос мылжың! Енді сен мынаны айтшы маған, Гек, Боб Таннер сүйелдерін қалай кетірді?

– Жай, былай: қолын шіріген ағаштың жаңбырдың суы жиналған түбіріне салды.

– Күндіз бе?

– Әрине.

– Беті түбірге қарап тұрды ма?

– Енді қалай қарайды?

– Бір нәрселерді айтты ма?

– Ештеңе айтпаған секілді. Оны кім біледі? Білмедім.

– Иә! Сен шіріген сумен сүйелді ақымаққа ұқсап кетіргің келген екен.

Мұндай ақымақтықтан ештеңе шықпайды. Күндіз орманға барып, қай жерде әлгіндей ішіне су тұнған түбір бар екенін белгілеп кету керек те, түн ортасында сол жерге келіп түбірге жауырынын беріп, суға қолын салады да, былай дейді:

Арпа менен шілік су – үнділердің тағамы,

Сүйелдерді мендегі түк қалдырмай алады.

Сонан соң көзді жұмып, тез-тез он бір қадам жасау керек те, үш рет сол жерде айналып, үйіне қайтар жолда ешкімге сөз айтпау керек. Сөйлеп қойдың екен - бәрі құриды: дуа әсерін жояды.

– Иә, тегі бұл дұрыс әдіс болар, бірақ Боб Таннер... сүйелдерін басқа жолмен кетірген.

– Иә, шамасы, олай емес шығар! Себебі оның сүйелдері деген сансыз, біздің қаладағы балалардың арасында сүйелі ең көп Боб Таннер. Ал ол шіріген ағаш түбіріндегі сумен емдеуді білсе, үстінде бір де бір сүйел қалмаған болар еді. Мен осы өлеңді айтып, мыңдаған сүйелді кетіргем - иә, Гек, мына қолдарымнан. Бұрын қолымда қаптаған сүйел болатын, өйткені мен ылғи бақаларды ұстап жүретінмін. Кейде сүйелді бұршақпен кетірем.

– Иә, ол әдіс дұрыс. Мен өзім де көргенмін.

– Қалай?

– Ірі бұршақты алып, екіге бөлесің сосын бір тамшы қан алу үшін өзіңнің сүйеліңді пышақпен кесесің, әлгі бұршақтың бір жартысына қанды жағасың да жерге көміп тастайсың... жолдың түйіскен жеріне жаңа ай туған кезде, ал екінші жартысын өртеп жібересің. Әңгіме мынада, бұршақтың қан жаққан жартысы екінші жартысын өзіне тартады, ал қан сүйелді өзіне тартады да кешікпей сүйел түсіп қалады.

– Дұрыс, Гек, дұрыс, дегенмен егер сен жарты бұршақты жерге көміп тұрып, былай десең:

"Бұршақ, терең жерге кет,

сүйел, қолдан сен де кет,

енді келме ентелеп".

Осылай десең, тіпті күштірек болады. Джо Гарпер сүйелді осылай кетіреді, олдеген бәрін біледі. Болмаған жері жоқ - Кунвильге жете жаздаған. Ал сен өлген мысықпен сүйелді қалай кетіресің?

– Ә, ол былай. Мысықты алып, түн ортасы болмай зиратқа барып, нашар адам жерленген жас моланы табады. Түн ортасында шайтан келеді, мүмкін екеу, не үшеу; бірақ оны сен көрмейсің, олардың сөздерін естисің. Олар өлген адамды сүйреп әкете бергенде, соңдарынан мысықты лақтырасың да: "Шайтан өліктің соңында, мысық-шайтанның, сүйелдер мысықтың соңында, - шаруа бітті, үшеуі де менен кетті!" дейсің. Сонда сүйел болса да, бәрі кетеді.

– Солай шығар. Өзің жасап көрдің бе, Гек?

– Жоқ. Бірақ маған Гопкинс кемпір айтқан.

– Дұрыс қой жұрт оны сиқыр дейді ғой.

– "Дейді ғой!". Мен білетін шығармын. Әкем өзі айтты маған. Әкем өзіне дуа жасағанын көріп, кесек тас алып оған лақтырғанда, анау әрең құтылыпты. Сен білесің бе: сол түні әкем мас күйінде түсінде төсектен құлады және қолын сындырды.

– Құдай сақтасын, қандай әбігершілік! Ал әкең қайдан білді оның дуалағанын?

– Әкем үшін оны білу түк емес. Ол айтады: егер сиқыршы сенен көзін алмай қадалса, яғни сиқырлап отырғаны. Ең жаманы - егер ол күбірлеп сөйлесе, "Жасаған ие" деген дұғаны керісінше оқығаны.

– Айтшы, Гек, сен мысықты қашан сынайсың?

– Бүгін түнде. Менің ойымша, шайтандар осы түнде кәрі күнәһар Вильямсқа келеді.

– Осы сенбіде жерледі ғой, Гек! Сол сенбі күнгі түнде алып кетті ғой!

– Бос әңгіме! Түн ортасына дейін олар алып кете алмайды, ал түн ортасында жексенбілік түнге айналады. Жексенбіде шайтандар жер бетінде көп жүре бермейді.

– Дұрыс, дұрыс. Мен оны ойламаппын.

– Мені өзіңмен бірге апарасың ба?

– Әрине, егер қорықпасаң.

– Қорқамын! Айтасың-ау! Сен мияулап дыбыс беруді ұмытпайсың ба?

– Ұмытпаймын... Егер сен далаға шыққың келсе, өзің де мияулап жауап бер. Өйтпесең, өткен жолы мен мияулап тұрмын, мияулап тұрмын, Гейс шал тас лақтырып:- Шайтан алғыр осы бір мысықты-ай, - деп қояды. Мен кесек лақтырып шалдың терезесін сындырдым - сен аузыңа ие бол, айтып қойма.

– Жарайды. Ол түні мен мияулап жауап бере алмадым: апайым қадағалап отырды, бүгін міндетті түрде мияулаймын... Мынау не сендегі, Гек?

– Жай, әншейін - таскене.

– Оны қайдан тауып алдың?

– Орманнан.

– Неге ауыстырасың?

– Білмеймін. Сатқым келмейді.

– Сатпай-ақ қой! Титімдей ғой өзі.

– Айтасың-ау! Біреудің кенесін жамандау оңай. Ал мен үшін осының өзі жақсы.

– Таскене деген орманда толып жатыр ғой. Зауқым соқса, өзім де мыңдап алар едім.

– Жинауға неге бармайсың? Ә-ә! Ештеңе таба алмайтыныңды біліп тұрсың ғой! Бұл биылғы кенелердің біріншісі.

– Гек, мен саған ол үшін өзімнің тісімді берейін.

– Көрсет.

Том қағазды алып, еппен жайды. Гекльберри қабағын шытып тіске көз салды. Әсері мықты болды. Ақыры:

– Кәдімгі тіс пе? - деп сұрады.

Том үстіңгі ернін түріп, тістің орнын көрсетті.

– Жарайды, - деді Гекльберри. - Яғни қол алысамыз ғой!

Том таскенені кеше ғана қоңыздың түрмесі болған пистонның қорабына салды, екі бала екі жаққа кетті және екеуі де өздерін керемет сезінді. Өзге үйлердің бәрінен оқшау тұрған мектепке жақындағанда, Том сабаққа асығып келе жатқандай тезірек жүрді. Қалпағын іле салды да, өзінің орындығына асығыс беттеді. Мұғалім тақтың үстінде отырғандай биік шетеннен өрілген креслоға жайғасып, кластағы сыбыр-күбір дыбысқа тербелгендей кейіпте. Том көрінгенде, ол ұйқыдан оянғандай:

– Томас Сойер! - деді.

Мұғалім оны толық атымен шақырса, жақсылықтың белгісі емес екенін Том білетін.

– Иә, мырза!

– Мұнда келіңіз! Ал, мырза, сіз бүгін неге кешіктіңіз?

Том өтірікті соғып құтылғысы келіп еді, бірақ дәл осы сәтте ұзын сары бұрым оның көзіне түсе кетті де, махаббат тогының әсерінен оның иесін тани қойды.

Қыздар отырған жақта періштенің жанында әлі бір орын бос екен, осыдан кейін ол:

– Мен Гекльберри Финнмен көшеде әңгімелесіп тұрып қалдым, - деп жауап берді мұғалімге.

Мұғалім таңданғаннан тас мүсіндей отырып қалды да, Томға ыңғайсызданып қарады. Класс тына қалды. Мына батыл бала есінен адасты ма деп оқушылар іштерінен өздеріне сұрақ қойып отыр. Ақыры мұғалім айтты:

– Не... не істедім дейсің?

– Гекльберри Финмен әңгімелесіп көшеде тұрып қалдым!

Бұл сөздің мағынасын түсінбеу мүмкін емес.

– Томас Сойер, мұндай барып тұрған таңқаларлық мойындауды өмірімде естіп отырғаным осы. Мұндай күнә үшін сызғышпен шекеге шұқу аз, қане, күртеңізді шешіңіз!

Мұғалімнің қолы әбден шаршағанша еңбектенді. Шыбықтың дыбысы жіңішкере бастады да, сосын іле бұйрық естілді:

– Енді, мырза, барыңыз да, қыздармен отырыңыз! Және бұл саған сабақ болсын.

Шәкірттер шиқылдап күлді. Бұл Томға бір түрлі есінен айырғандай әсер етті. Алайда оның ыңғайсыздануының себебі басқа еді: ол ғажайып періштенің алдында әбден есі шықты және өзінің бұл табысына азаптана қуанды. Қарағай орындықтың шетіне құйрығын басты.

Қыз танауын көтеріп әрі қарай ығысты. Отырғандардың бәрі сыбырласып, көз қысысып, бір-бірін түрткіледі, бірақ Том ұзын аласа партаға сүйеніп тыныш отырды және бар ынтасымен оқып отырған секілді. Жұрт оған көңіл аударуын қойды да, класс іші ызыңдаған жалықтыратын дыбысқа толды. Бала көзінің астымен көрші қызға қарап-қарап қояды. Ал ол ернін дүрдитіп, теріс қарады. Қыз байқатпай көршісіне қарап еді, сол бойда оның алдында шабдалы жатты. Том, оны жеңіл қимылмен жылжытып қойды. Қыз шабдалыны кері итерді, бірақ жүзінде ешқандай реніш-ашудың ізі жоқ. Том шабдалыны жылдамдықпен алдыңғы орнына қойып еді, қыз да оны енді қозғаған жоқ. Том кішкентай тақтаға: "Өтінемін, алыңызшы - менде тағы бар", - деп жазды. Қыз тақтаға қарағанмен, бет-жүзінде өзгеріс байқалмады. Ол енді тақтаға сурет сала бастады, бірақ оны көрсетпей сол қолымен тасалады. Қыз алғашқыда көңіл бөлмеген болып отырғанмен, соңғы жағынан оның қызығып отырғаны байқалды. Бала ештеңені байқамаған кескінмен суретін сала берді. Қыз байқатпай тақтаға қарағанмен, Том тағы да ештеңе сезбегендей суретін сала берді. Ақырында қыз берілді - батылсыздау сыбырлады:

– Көруге беріңізші!

Том сиықсыздау етіп салған екі қақпасы бар, тұрбасынан түтін шығып жатқан үйдің жартысын көрсетті. Қыз Томның суретіне қызыққаны сондай, қайда отырғанын ұмытып кетті, Том суретін аяқтағанда, - ол суретке көзі түскенде:

– Қандай тамаша! Енді адам салыңыз! - деп сыбырлады.

Суретті есік алдында тұрған ұзындығы суреттегі үйді аттап өтетіндей көтергіш кранға ұқсайтын адамды сала қойды. Қыз онша талап қойған жоқ. Жексұрын адамсымаққа қыз риза болып, тағы сыбырлады:

– Қандай әдемі! Енді мені салыңыз.

Том дөңгелек айдың нұрына бөленген құм сағат салды да, оған жіп-жіңішке етіп қол мен аяқты жалғады және жұп-жуан саусақтарға дәу желпуішті ұстатты.

– Ой, қандай жақсы! - деді қыз. - Мен де сурет салуды үйренсем ғой!

– Ол қиын емес. Мен сізге үйретем.

– Шын ба? Қашан?

– Үлкен үзілісте. Сіз түскі тамаққа үйге барасыз ба?

– Сіз қалсаңыз, мен де қалам.

– Жарайды. Керемет болды! Атыңыз кім?

– Бекки Тэчер. Сіздің есіміңіз? Бірақ мен білемін - Томас Сойер.

– Мені дүрелегілері келгенде солай атайды. Ал, мен өзімді тәртіпті ұстаған кезде Том деседі. Сіз мені Том деңіз. Жарай ма?

– Жарайды.

Том жазғанын Беккиден жасырып, тағы бірдеңе жаза бастады. Қыз енді ұялуды қойып, не жазғанын көрсетуді сұрады.

Том көрсеткісі келмей:

– Рас айтам, мұнда ештеңе де жоқ, - деді.

– Жоқ, бар!

– Жоқ, жоқ, сіздің көргіңіз де келмейді.

– Көргім келеді. Шын айтам. Өтінемін, көрсетіңізші!

– Сіз біреу-міреуге айтасыз.

– Айтпаймын. Шын-шын айтам, айтпаймын.

– Тірі жанға айтпайсыз? Өлгенше?

– Тірі жанға айтпаймын. Көрсетіңізші!

– Сіздің көргіңіз келіп тұрған жоқ қой...

– Ә, солай ма! Ендеше бәрібір көремін!

Ол өзінің кішкентай қолымен Томның қолына жармасты: төбелес басталып кетті. Том өзінше қарсыласқан болғанмен, өзінің қолын ығыстырып еді, ақыры не жазылғаны шыға келді. "Мен сізді сүйемін!".

– Оңбаған! - деді де, қыз оның қолын қаттырақ соғып жіберді, бірақ өзі қызарып кетті, әлгі сөйлемнің оған ұнап қалғаны белгілі болды.

Дәл сол сәтте Том біреудің қолы құлағын жоғары қарай тартып жатқанын сезді. Ол осы күйде кластың ортасымен бүкіл баланың шиқылдаған күлкісіне көміліп өзінің әдеттегі орнына апарылды, содан адамның жаны төзбес шығарардай бірнеше минуттардан кейін мұғалім бір сөз айтпастан баланың төбесінен қарап тұрды да, сосын барып өзінің тағына бет алды. Алайда Том құлағы ауырғаннан өртеніп тұрса да, оның жүрегін шаттық кернеді.

Класс тыныш талғасын, Том шын ниетімен сабаққа кірісуге тырысып еді, бірақ басына ешнәрсе кірмей қойды. Оқу сабағында ол шатасып, сөзден жаңыла берді, жағрафия сабағында көлді тау деп, тауды өзен, ал өзендерді жазық деді, сөйтіп жаратылыс түгелімен алғашқы быт-шыт қалпына келді. Одан кейін айтқан кезде қарапайым сөздердің өзін дұрыс айта алмағасын жақсы жазуы үшін алып, бірнеше ай бойы барлық жолдастарының алдында мақтанып жүрген қалайы медалінен айырылды.

Тістеуік қоңыз және оның құрбандығы. Марк Твен (бесінші тарау)
Болашақ батыр қарақшы. Марк Твен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу