Тістеуік қоңыз және оның құрбандығы. Марк Твен (бесінші тарау)
Ертеңгі сағат он жарымда кішкене шіркеудің қоңырауы соғылды да, таңғы намазға, уағыз тыңдауға жұрт жинала бастады. Жексенбілік мектептің оқушылары шіркеу үйінің әр жерінде ата-аналарының көз алдында болу үшін солардың орындықтарына отырып алыпты. Міне, Полли апай келді; Том, Сид және Мери оның жанына жайғасты, Томды ашық терезеге қарап, көшедегі болып жатқан оқиғаларға алаңдамас үшін шеткерірек отырғызысты.
Құдайға құлшылық етушілер топырлап, бос жердің бәрін толтырды. Мынау талай тамаша күндерді басынан кешірген кедей пошташы; міне, қаланың мэрі мен оның жұбайы -қаладағы керексіздердің ішінде олар да бар болатын; мынау сот; әдемі, мейірімді, жақсы киінген қырықтар шамасындағы сұлу келіншек - жесір әйел Дуглас: биіктеу төбешіктегі оның үйі үй емес, қалашықтағы нағыз алтын сарай; оған қоса бұл үйде Санкт-Петербург мақтанатындай салтанатты той-думандар өтеді. Міне, мықырайған майор Уорд пен оның жұбайы. Мынау жаңадан пайда болған, алыс қаладан келген ақтаушы Риверсон; соңынан жалаңаш денесіне ленталар ораған сұлу қыздар тобы ерген жергілікті ару; ұсақ қызметкерлер, хатшылар бәрінің соңынан келді; осы қалашықтағы ғажап нәсіл десе естері шығатындардың бәрі ақымақ адамдай күлімдеп, таяқтарын сорған күйі қыздардың ең соңғысына дейін оларды көздерімен ішіп-жеп тұр. Ең соңында анасын шыныдан жасалған нәрседей қамқорлап, қорғап жүретін өнегелі перзент Вилли Меферсон келді.
Ол анасын ылғи шіркеуге апаратын және мұны көрген қарт әйелдер Виллиді мақтап аспанға көтеретін. Ал балалардың бәрі осындай тәрбиелілігі, ең бастысы, ата-аналары оны бұларға үлгі етіп, әбден мазаны кетіретіндері үшін өлердей жек көрді. Жексенбі сайын оның артқы қалтасынан аппақ қол орамалдың шеті көрініп тұратын (қазір де солай). Томның ешқашан қол орамалы болып көрген емес және ол қол орамалы бар балаларды оңбаған сәнқойлар деп жек көретін.
Шіркеу халыққа толғанда, кешіккендерге ескерту үшін тағы қоңырау соғылды, сонан соң шіркеу ішінде оқта-текте хор әншілерінің күлкісі естілгені болмаса, салтанатты тыныштық орнады. Шіркеуде жұмыс басталған кезде әншілердің сыбырласып, күлісетін әдеті. Бір шіркеуде өздерін мәдениетті ұстаған әншілерді көргенім бар, бірақ қай жерде екенін ұмыттым. Одан бері коп жылдар өтті, көргенімнің көбі есімде қалмапты; мұның бәрі басқа елде болды ғой деймін.
Діни қызметкер гимннің атын айтты да, бұл жақтың әдеті бойынша, дауысын көтеріп, өзі оқи бастады. Ол әуелі орта ноталардан бастады, сосын кібіртіктеп, сүрініп барып жоғары нотаға көтерілді де, кенеттен трамплиннен басын төмен ұстап суға секіргендей болды
Бұл діни қызметкерді жұрт Інжіл жырларын тамаша оқиды деп есептейтін. Шіркеудің жиындарында ғибадат етушілер Інжіл жырларын көркем оқып беруді одан өтінетін, ол оқып болған кезде әйелдер қолдарын көкке көтеріп, сонан соң тізелеріне түсіріп, бастарын шайқайтын, көздерін алартып: "Біздің ризашылық сезімімізді ешқандай сөз жеткізе алмайды: бұл өте тамаша, біздің күнәкар жеріміз үшін бұл өте ғажайып!" - деп айтқылары келетін.
Гимн айтылып болғаннан кейін құрметті Спрэг мырза жергілікті хабарландыру тақтасына айналды да, жақын күндерде болатын діни әңгімелер, жиындар және басқа ұсақ-түйектер жайлы бүге-шігесіне дейін тәптіштеп хабарлай бастағанда, жиналған халыққа бұл тізім ақырзаманға дейін созылатындай тым ұзақ көрінді - осы әдет (шіркеуде хабарландыруды айту) Америкада, тіпті үлкен қалаларда да шығып жатқан сансыз газеттерде жариялауға мүмкіндік болса да, әлі күнге жалғасып келеді. Осындай жағдайлар жиі болып тұрады: тіптен қажетсіз әдет, дәстүрлерден арылу қатып қалған заң секілді тым қиын.
Сонан соң діни қызметкер намаз оқуға кірісті. Бұл - өмірдің барлық ірі-ұсақ қалтарыстарын да қамтитын жақсы намаз: осы маған ғибадатхана, оған келетін балалар жайлы; сондай-ақ қалашықтағы басқа да шіркеулер; осы қалашық жайлы; округ пен штат, олардың шенеуніктері, Құрама Штаттар және бүкіл елдегі шіркеулер; Конгресс пен Президент те ұмытылған жоқ; еуропалық монархтар, шығыс алпауыттарының илеуінен зарлаған халықтар, жиі дауылдарға ұрынған бейшара теңізшілер; жырақтардағы теңіз аралдарын мекендеген пұтқа табынушылар жайлы - осының бәрі ең соңында жалынып, жалбарынып, діни қызметкер айтқан тілектердің бәрі Жаратушы отырған таққа жетіп, құнарлы топыраққа себілген дәндей мол өнімін бергей деп, әминмен аяқталды.
Көйлектердің сыбдырлағаны естілді - намаз кезінде түрегеліп тұрған келушілер енді орындықтарға жайғасты. Біз осы кітапта өмірбаянын айтып отырған бала намаздан ләззат алып көрген емес - ол мұның бәрін кезекті іш пыстыратын жиын деп қабылдады және бар күшін салып аяғына дейін шыдауға тырысты. Ол бір орында отыра алмады: намаздың мағынасы оның миына кіріп-шықпады, тек уағызшының жүретін жолы мен айтып тұрған өсиет-намазы нешінші пунктқа жеткенін санады. Бірақ уағызшы өсиетке өз жанынан бір сөз қоса қалса, Том мұны оңбағандық деп қабылдайтын. Құдайға табыну жүріп жатқан кезде алдыңғы орындықтың арқасына бір шыбын қонды. Сол шыбын оны әбден азаптады: көз алдында отырып алып, алдыңғы аяғымен басын сипағаны сонша, басы денесінен бөлініп қала жаздады; сонан соң артқы аяқтарымен қанаттарын шұқып тазалады; осылайша - оған еш қауіп төніп тұрмағандай жаймен рахаттана жуынып-шайынып болды. Шынында да оған төніп тұрған қауіп жоқ еді, өйткені Томның шыбынға бас салғысы келіп, қолы қышығанмен, шіркеуде құлшылық ету жүріп жатқанда батылы бармады, себебі онда бұл өзін мәңгіге құртар еді. Бірақ уағызшы соңғы сөзін айтып болуы мұң екен, Томның қолы өзінен-өзі алға қарай жасырына ұмтылып, "әмин" деген сөз айтылған сәтте шыбын да тұтқынға түсіп үлгерді. Алайда апайы байқап қалды да, шыбынды босаттырды.
Уағызшы Інжілден үзінді айтты және ызыңдаған дауысымен Өсиетті бастады; өсиеттің жалықтырғаны сонша, жұрттың бәрі дерлік әңгіме мәңгілік от, қайнап жатқан күкірт жайлы болса да, ал рахатқа бөленетін күнәсіз таңдаулылардың саны тым аз (оларды құтқарудың керегі жоқ) болғанына қарамай, танауларымен жер шұқылағандай салбырап кетті. Том өсиеттің беттерін санады: ол ылғи шіркеуден шыға бере өсиет неше беттен тұратынын айта алатын, алайда оның мазмұнынан хабарсыз болатын.
Дегенмен бұл жолы бір жай оны қызықтырды. Уағызшы ғажайып суреттеді: бүкіл дүние жүзінің діни ақылгөйлері жұмаққа жиналады, арыстан лақпен қатар жатады және оларды кішкентай сәби ертіп әкетеді. Бұл көріністің мән-мағынасы Томға ешқандай әсер етпеді; тек жер шарының халықтары алдында кішкентай баланың тағдыры не болатыны қызықтырды; оның көзі жайнап, егер арыстан қолға үйренген болса, мен сол бала болар едім деді өзіне өзі.
Алайда осы жерде тағы құр мылжың басталып кетті де, Томның азабы қайта басталды. Кенет оның ойына қалтасындағы қазына түсті де, қолына алғанша асықты. Бұл жақ сүйегі үлкен де қорқынышты қара қоңыз болатын, оны Том "Тістеуік қоңыз" деп атады. Қоңызды пистон салатын қорапшаның ішіне тыққан болатын. Том қорапшаны аша бергенде, қоңыз оның саусағына жармасты. Қоңыз шіркеу орындықтарының арасындағы жолға лақтырылғаны түсінікті жай, ал Том тістелген саусағын аузына сұқты. Қоңыз шалқасынан түсті де, дәрменсіз тырбаңдап, аударыла алмай жатыр. Том оған қарап қайтадан ұстағысы келгенмен, қоңыз алыста еді. Есесіне ол өсиетке немқұрайды қарайтын басқаларға ермек болды. Сол сәтте шіркеуге шілденің ыстығынан қалжырап тымсырайған ит кірді: есігі жабық итқораның ішінде отырып-отырып жалыққан оған ермек ететін оқиғалар керек еді. Оның қоңызға көзі түсуі мұң екен, салбыраған құйрығы көтеріліп былғаңдай бастады. Ит өзінің олжасын көріп айналып өтті де, жырақ тұрып иіскеледі; сосын тағы бір айналып шықты; енді батылырақ қимылдап, қоңызға жақындады да, иіскеп тісін ақситты, ұстағысы келіп еді - дәл тістей алмады; тағы да тырысып көрді, етпетінен жатып еді, қоңыз алдыңғы екі аяғының арасында қалды, ол өзінің тәжірибесін жалғастыра берді. Ол сосын жалығып кетті, енді қоңызға көңіл аудармады да, тұмсығының ұшымен оны түрткілей бастады; басын төмен салбыратып еді, төменгі жақ сүйегі дұшпанға тиісіп кетті, ол пудельдің тұмсығына жармаса кетті. Пудель ырылдап басын шайқағанда, қоңыз екі қадамдай жерге ұшып кетті де, тағы шалқасынан құлады. Оған жақын отырғандардың дыбыссыз күлкіден иықтары селкілдейді; бірқатары бет-жүзін қол орамалдың тасасына жасырып отыр, ал Том осы сәтте өзін шексіз бақытты сезінді. Итте күй жоқ - шамасы өзін ақымақ сезінді білем, бірақ оның өкпелегені сонша, жүрегі шаншып, әлгі қоңыздан өшін алғысы келді.
Ол сондықтан қоңызға еппен жақындап, шабуылдай бастады: оның жан-жағынан тап беріп, тістерін қайрады және басын шайқағанда құлақтары жалпылдады. Бірақ ақыр аяғында пудель бұдан да жалықты, сосын ол шыбынды ермек ете бастады, алайда оның қызықтыратын ештеңесі жоқ екен; ол енді тұмсығымен еденді сүзіп, құмырсқаның соңынан жүріп көріп еді, ол да жалықтырды; ол есінеп, күрсіне демалды да, қоңызды да ұмытып, оның үстіне рахаттана отырды! Сүйткенше болмай, бірдеме ызылдап еді, пудель адам жүретін жолмен тынбай қыңсылаған күйі зыр қағып шіркеудің ішінде ілгерілі-кейінді жүгірді, қарсы беттегі есікке барды, одан кері жүгірген сайын жаны онан сайын қатты қинала түсті. Есі кетіп азаптанған ол өзінің иесінің алдына секіріп еді, ол пудельді терезеден лақтырып жіберді, сарнап қыңсылаған дауыс бірте-бірте жай естіле бастады да, ақырында үнсіздікпен аяқталды.
Бұл кезде шіркеудің ішіндегілер бет-әлпеттері сұп-сұр болып, күлкіден тұншығып отырды. Тіпті өсиеттің өзі де қасаңси бастағандай. Әрине, ол әрі қарай сүрініп-қабынып, ақсаңдап жалғаса берді, ал оның мәні мен мазмұны туралы ойлап әсер алып отырған жан жоқ. Шіркеу орындықтарының арқасына беттерін жасырып, келушілер күлкіден жарыла жаздап уағызшының салтанатты және қайғылы өсиеттерін тыңдаған кейіп көрсетуде.
Ақыры ең соңғы "әмин" айтылған кезде азаптан құтылған ел демдерін бір алды.
Том Сойер үйге қарай көңілді келе жатты; ол өзі жайлы ойлады, шіркеуде ғибадат ету де соншалық іш пыстырмайды, егер оған кейбір өзгерістер енгізсе. Оның қуанышына бір нәрсе көлеңке түсірді: бағанағы пудельдің мұның қоңызымен ойнағаны керемет болды, бірақ оңбаған күшіктің ол қоңызды біржолата алып кеткені несі? Бұл арсыздық қой расында.