Жексенбілік мектепте. Марк Твен. Том Сойердің басынан кешкендері (төртінші тарау)
Күн бейқам жатқан жер үстіне көтерілді де, тым-тырыс қалаға өзінің жарқыраған сәулесін төкті. Таңғы тамақтан кейін Полли апай әдеттегі отбасылық құдайға құлшылық ету жұмысына кірісті; ол дәстүрлі жұмыс Інжілдің үзінділері секілді мызғымас тұғыр мен өзінің сұйық цементтен тұратын балшықтай ойдан шығарған қосымшаларымен дұға бастайды. Синайдың шыңындай биіктіктен Моисей заңының қатал өсиеттерін апай осылай жариялайды.
Осыдан кейін Том екі бүйірін таянып алып Інжілдің өлеңдерімен басын толтыруға кірісті. Сид болса сабағын баяғыда дайындап қойған. Том өзінің бар күш-қуатын сарқып, төрт-бес өлеңді есінде сақтауға тырысты. Ол Нагордағы өсиеттен үзіндіні әдейі таңдап алды, өйткені Евангелиенің ең қысқа өлеңдері сонда болатын. Жарты сағат өткенде ол өзінің сабағы туралы бұлдыр елесті ғана түсінгендей болды, себебі сол кезде оның ойы сан-саққа жүгіріп, қолдары біресе анда, біресе мұнда - дамылсыз қозғалыста еді. Мери оның кітабын алып, сабақ сұрай бастады, ал ол болса, тұманда жол іздегендей күйде еді.
– Рухы төмендер ақымақтар... Э...Э...
– Рухы төмен...
– Иә... Рухы төмен...Э...Э...
– Рухы...
– Рухы төмендер... Ақымақ... Өйткені... Олар...
– Өйткені оларды... Рухы төмендер ақымақ... О дүние бар. Жылап тұрғандар... Өйткені... Олар...
– Жұбата...
– Өйткені. Олар...
– Жұбата...
– Өйткені олар... Әй, өлтірсең де мейлің - олардың не істейтінін білмеймін!
– Жұбат...
– О, жұбата... Өйткені олар жұбат... Өйткені олар... Жылап тұрғандар ақымақ, себебі... Олар не істейді? Мери, сен неге маған айтпайсың? Осынша арсыз екенсің ғой!
– Эй, Том! Сен бақытсызсың, мисыз бала! Мен сені келемеж етейін деп тұр деп пе ең? Жоқ! Жоқ! Сен қазірден бастап бәрін дұрыс жаттауың керек. Шыдамыңды жоғалтпа, Том, бәрі де реттеледі және егер сен осы сабақты жаттап алсаң, мен саған керемет бір нәрсе сыйлаймын. Ақылды бол, бар, жатта!
– Жарайды... Ол не сонда, Мери? Не сыйлық жасайтыныңды айт?
– Бұл туралы ойлап басыңды қатырма, Том. Егер мен жақсы зат дедім бе - яғни жақсы сыйлық.
– Білмеймін, Мери, білмеймін. Жарайды, барып жаттайын! Шынында да, ол жанын салып жаттауға кірісті; не сыйлық екенін білуге құмартып және өзінің пайдасын да ойлады, осындай екі бірдей қызығушылықтың арқасында сабақты зулатып жаттап алды. Мери оған Барлоу фирмасының құны жиырма цент тұратын су жаңа пышағын сыйлады. Томның қуанғаны сондай, тұла бойын шаттық кернеді. Осындай түкке тұрмайтын пышақтың көшірмесін жасау кімді қызықтырады, көшірме тіпті де оңбайтынын Батыстың балалары білмей ме екен?!
Көшірмені жасау - ешқашан шеше алмайтын жұмбақ құпия. Дегенмен Том сол пышақпен бүкіл буфетті тілгілеп үлгерді де, енді аласа комодқа кірісе беріп еді, оны жексенбілік мектепке баратын уақыт болғасын киінуге шақырды.
Мери оған су толы қаңылтыр шылапшын мен сабын берді, ол есіктің сыртына шықты да, шылапшынды орындыққа қойды, сосын сабынды суға бір малып алды да, бұрынғы орнына қоя салды; бұдан соң екі жеңін түріп, суды еппен жерге төкті де, ас бөлмеге кіріп есікте ілулі тұрған орамалмен бетін ысқылады. Бірақ Мери орамалды жұлып алды да:
– Ұятың бар ма өзіңнің, Том! - деп айқайлады. - Осындай оңбаған бала болуға бола ма! Сумен жуынғаннан саған келетін зиян жоқ қой.
Том сәл ыңғайсызданып қалды. Шылапшынға тағы су құйылды. Бұл жолы Том суға сәл қарап тұрды да, бар күшін жиып дем алды да, жуына бастады. Ол бетінен сабынды су сорғалаған күйі екінші рет ас бөлмеге кіріп көзін аша алмай сипалап сүртінетін орамал іздегендегі келбет-кескінінен оның шын көңілмен жуынғаны көрініп тұр. Дей тұрғанмен, орамалдың астынан бет-аузы көрінгенде, жуынып-шайынғанының шынайы қорытындысы мақтанарлық емес екені бірден байқалды: беті, маңдайының төменгі жағы таза болғанмен, айналасының бәрі - маңдай, құлақтан төмен қарай тамағына дейін айғыз-айғыз. Мери оны жуындыруға тездетіп өзі кірісті, Томның сонда ғана ажары кірді, басқа ақ түстілер секілді ол адам қатарына қосылды, суланған шашы таралып, бұйра-бұйра болып әдемі көрініп тұр.
(Ол жан-жаққа шапшыған бұйра шаштарын алақанымен басады, өйткені мына түрімен ол қызға ұқсайды, өмір бойы осыдан қорлық көріп келеді). Сонан соң Мери Томның екі жыл бойы жексенбілік мектепке киіп жүрген костюмін шығарды, одан басқа костюмі де жоқ еді... Ол киініп болғасын, Мери оның көйлегінің жалпақ жағасын сыртына шығарып, щеткамен сүртіп қойды, ең соңынан шетеннен тоқылған ала қалпағын кигізді.
Томның өңі кіріп, адам болып қалды, ал түрінен шаттықтың ізі көрінбейді. Ол, шынында да, қатты қайғырып тұр: үстіндегі киімнің тап-таза, мұнтаздай қалпы оның ызасын келтірді. Мери оның бәтеңкесін ұмытып кетеді ғой деп Том дәмеленіп еді, бекер болды: Мери шошқаның майымен жылтыратып майлап, Томның бәтеңкесін алып келді. Оның шыдамы таусылғаны сонша, аяғымен жер тепкілеп, өзінің қаламаған нәрсесін жасауға ылғи мәжбүр ететіндері несі деп ызаланды. Бірақ Мери еркелеткен үнмен өтініш айтты.
– Том, ақылды болшы, кие ғой, қане...
Ол міңгірлеген қалпы бәтеңкесін кие бастады. Мери тез-тез киінді де, үшеуі Томның өте жек көретін, ал Сид пен Мери ұнататын жексенбілік мектепке кетті.
Жексенбілік мектепте сабақ тоғыздан он бір жарымға дейін; одан кейін діни әңгіме өтеді. Мери мен Сид әрқашан да өз еріктерімен дін қызметшісінің өсиетін тыңдауға қалады, ал Том болса, оның діни сабаққа қалғандағы мақсаты күрделірек.
Шіркеудегі орындықтарға үш жүздей адам сыяды; орындықтардың арқасы биік, үй шағын әрі аласа және төбесінде қарағай тақтайшадан жасалған жіңішке жәшік секілді бір нәрсе бар - қоңырау соғатын жер. Есік алдында Том өз жолдастарынан қалды да, жексенбілік киім киген бір танысына:
– Билли, сенде сары билет бар ма? - деді.
– Бар.
– Оның орнына нені қалайсың?
– Не бересің?
– Балық аулайтын қармақ пен тәтті беремін.
– Көрсет.
Том көрсетті. Бәрі дұрыс; заттар бір қолдан екінші қолға өтіп жатты. Содан кейін Том екі ақ шарды үш қызыл билетке айырбастады және екі көк билетті алып, орнына ұсақ-түйек бірдеңелерді бере салды. Ол ішке кіріп келе жатқан балаларды аңдып тұрды да, олардан түрлі-түсті билеттерді сатып алды. Бұл сауда он-он бес минут уақыт алды. Сосын ол тап-тұйнақтай киінген, улап-шулаған балалардың тобымен бірге шіркеуге кіріп, өзінің орнына жайғасты да, сол бойда бір баламен дауласа кетті. Жасамыс, орнықты мұғалім араласты; алайда мұғалім айнала бергенде, Том алдыңғы қатарда отырған баланың шашынан тартып қалды да, анау артына бұрылып қарағанша, бұл кітапқа үңіліп үлгерді. Бір минуттан кейін басқа баланы түйреуішпен түртті, себебі ол баланың "ай!" деп айқай салғанын естігісі келді. Сол бойда мұғалімнен тағы бір ескерту алды. Бұл класс таңдап алғандай шетінен сотқар, тынымсыз, шулап отыратын. Балалар сабақ айта бастағанда, Інжілдің өлеңдерін дұрыс жаттаған ешкім жоқ болып шықты, ылғи мұғалім түзетіп айтып тұрды.
Қалай болғанда да, әйтеуір әрең деп сабақ та бітті-ау, сонан соң әр бала сыйлық алды -Інжілдің өлеңдері жазылған шағын көк билет: көк билет Інжілдің екі өлеңін жаттағаны үшін. Ал он көк билетті бір қызыл билетке ауыстыруға болады; он қызыл билет бір сары билетке тең; ал, он сары билет үшін мектеп директоры оқушыға мұқабасы жай қағаздан жасалған Інжіл кітабын берді. (Ол Інжіл бар-жоғы қырық цент тұратын). Менің оқырмандарымның атақты Доре безендірген тамаша Інжілдің екі мың өлеңін жаттауға күші де, шыдамы да жетер ме екен? Мери осы тәсілмен екі жылғы еңбегінің арқасында екі Інжіл кітабын сыйлыққа алды. Ал, неміс отбасының бір баласы тіпті төрт пе, бес пе -қасиетті кітап алған. Ол бала бір күні үш мың өлеңді мүдірмей жатқа соққаны бар; алайда ақыл-ой қабілетіне мұндай салмақ түсірудің тым қауіптілігі сондай, сол күннен бастап әлгі неміс баласының есі ауысты - мектеп үшін бұл үлкен бақытсыздық, өйткені бұрын салтанатты жиындарда директор әдетте ол баланы, Томның айтуынша, "тілімен сайрауға" ортаға шақыратын. Басқа шәкірттердің ішінде тек ересектері ғана өздерінің билеттерін сақтайды және мектеп директорының қолынан Інжіл кітабын алу үшін адамды жалықтыратын жаттаумен ұзақ айналысады - бұл сыйлықты алу сирек және құрметті оқиға болатын. Інжілге қолы жеткен шәкірт сол күні атақты болып шыға келеді. Өзге шәкірттердің жүректері кем дегенде екі жұма бойы атақты баланың ізімен жүргілері келетінін қалайтыны рас. Томның ақыл асқазаны мұндай "тамаққа" ұмтылған емес, бірақ оның жан дүниесінің даңққа, Інжілді алу үстінде жарқырап көрінуге құштар екендігіне күмәндануға болмайды.
Дәл айтылған мерзімде директор мінберге шықты. Оның қолында дұға кітабы, беті жабық. Директордың сұқ саусағы кітап беттерінің арасына қыстырылған. Ол өзінің сөзін шәкірттердің ерекше ықыласпен тыңдауларын бұйырды. Жексенбілік мектептің директоры әдеттегі қысқаша кіріспе сөзін айтқанда, дұға кітабы ылғи қолында болады, жеке әншілер де сахнада қолдарына нота жазылған дәптерді ұстап тұрады ғой - бірақ бұл екеуінің кітапты, нотаны неге ұстап тұратындары түсініксіз, себебі директор кітаптың бетіне, әнші нотаға қарамайды.
Директор отыз бестер шамасындағы, қызғылт-сары шашы қиылған, ешкі сақал кісі еді; крахмалмен қатып қалған тіп-тік жағасының шеті оның құлағына сәл-ақ жетпей тұр, ал жағаның сүйір бұрыштары аузының тұсында сол қисайып тұр, оның жан-жағына бұрылмай тек тура алдына қарауы үшін жасалған шарбаққа ұқсайды. Иегінің астыңғы жағына қойған тіреу секілді жалпақ галстугын бейне жан-жағын шашақтаған банк билеті дерсің; шұлығын етігінің қонышының сыртына, сол кездің сән үлгісі бойынша, жоғары қарай қайырып қойыпты, жастар қабырғаның жанында сағаттап отырып, аяқ киімдерінің шұлығын жабыстыра ұстап әуреге түсетін.
Уолтерс мырзаның бет әлпеті байсалды, жүрегі таза, шынайы болатын; қасиетті заттар мен киелі орындарға ол ерекше сезіммен қарайтын, оларды күнделікті тірліктегі ұсақ-түйектен бөліп, құрмет тұтатын. Жексенбілік мектепке келіп сөйлегенде, оның үнінен әдеттегі әуен емес, басқаша ноталар пайда болатын. Ол өз сөзін мынандай сөздермен бастады:
- Енді, балақайлар, сіздерден екі-үш минут тыныш және тік отырып менің сөзімді мұқият тыңдауды өтінер едім. Міне, осылай! Барлық тәрбиелі балалар өздерін осылай ұстауға тиіс. Бір кішкене қыз бала терезеге қадала қарап отыр, шамасы мені ағаштың бұтағына қонақтаған құстарға сөйлеп тұр деп елестететін болуы керек. (Қоштап шиқылдаған күлкі). Мынау қасиетті қабырғаларда мейірім мен адалдықты үйрену үшін келіп отырған беттері тап-таза және көңілді осынша балаларды көру мен үшін үлкен қуаныш.
Және осылай тағысын тағылар. Қалғанын айта берудің жөні жоқ. Директордың сөзі түгелімен әзір үлгі бойынша құрастырылған және ол ешқашан өзгермейді - яғни, бәрімізге не айтатыны белгілі. Ол сөздің соңғы бөлігі ұрыншақ балалардың сарт-сұрт төбелесіне көміліп қалды. Басқа да көңіл көтерер оқиғалар болып жатты. Балалар қозғалақтап, сыбырласып, дабырласып кетті, олардың әңгіме, қылықтары, тіпті Мери мен Сид секілді қимылдамайтын жалғыз-жалғыз жартастарға да жан бітірді. Директордың даусы бәсеңдеп, сөзінің аяғына жеткенде бөлмедегі әңгіме су сепкендей басылды да, үнсіз алғыстың жарылысымен ұласты.
Балалардың сыбыр-күбірінің күшеюіне тағы бір себеп - қонақтардың алдының көрінуі еді: қасында маужыраған қария бар адвокат Тэчер кіріп келді. Оның соңынан қырма сақалы бурыл тартқан орта жастағы біреу және толық денелі әйел кірді, шамасы, алдыңғының жұбайы болса керек. Әйел кішкене қыз баланы қолынан жетелеп келеді. Том орнында отыра алмай тыпыршып бір нәрсеге ренжіп, толқып отыр. Оны ары мазалауда. Эмми Лоренстің көзіне қарауға шамасы жоқ, қыздың нәзік те мөлдіреген көз қарасы мұның жанын қинады. Алайда есіктен кірген қыз баланы көргенде жан дүниесі рахатқа бөленді. Ол сөйткенше болмай бар күшімен көзге түсуге тырысып бақты, балалардың шашынан тартып, бет-аузын қисаңдатып, бір сөзбен айтқанда, өнердің неше түрін көрсетіп, жаңағы қызды қызықтыруға күш салды. Оның шаттығын бұзған бір жай болды: ол періштенің терезесінің алдында жатып көрген қорлығы ойына түсіп кетті; бірақ ол оқиға құм бетіндегі іздей бұлдырап, ақыры Томның жан әлемін баурап, ләззатты сезімнің толқынына көміліп қалды.
Қонақтарды ең құрметті орындарға отырғызысты және Фолтерс мырза сөзін аяқтасымен келгендерді оқушыларға таныстырды.
Орта жастағы ер адам көрнекті тұлға екен - округтік сот болып шықты. Мұндай жоғары мәртебелі қызметкерді балалар ешқашан көрген емес; оған қарап отырып, балалар бұл кісі қандай материалдан жасалған деп іштей өздеріне сұрақ қойды және ол қалай ырылдайтынын естігілері келіп жандары шыға жаздап отыр. Ол осы жерден жиырма миль жердегі Константинопльден келіпті; демек, көп жерлерде болған, дүниені түгел аралаған адам; ол, жұрттың айтуы бойынша, төбесі цинкпен қапталған соттың үйін өз көзімен көрді. Осы ойларды ынтыға тыңдап, өсерінен бүкіл класта тыныштық орнады. Бұл кісі осы қалашықта тұратын адвокаттың туған ағасы Тэчер деген мәртебелі сот екен. Джефф Тэчер деген оқушы сол бойда алға шығып, мына ұлыадаммен жақын таныс екендігін білдіріп, бүкіл класты қызықтырды. Егер ол өз жолдастарының сыбырласа сөйлескендерін естісе, оған ғажайып әуендей әсер етер еді.
– Қарашы, Джим, ол ана кісіге бара жатыр!
– Қарасайшы-ей! Қолын алайын дей ме? Қара! Шын айтам, қол алысып амандасқалы жатыр! Сәлемдесіп тұр! Ого-го-го! Сенің Джефф болғың келіп кеткен болар, ә?
Уолтерс мырза өзінше мақтана сөйлеп, кеңестері мен бұйрықтарын әрбір қызметкерге қардай боратты. Кітапханашы да кітаптарды құшақтаған беті ерсілі-қарсылы жүгіріп, оның үстіне асыға сөйлеп, жұрттың көңілін аударуда. Жас мұғалім әйелдер көзге түсуге тырысып, осыған дейін құлақтарынан бұраған балаларға күлімсірей еркелетіп қамқор бола қалған кейіп көрсетіп жүр. Жас ер мұғалімдер өздерінің "мықтылықтарын" кейбіреулерге ескерту жасап, енді біреуге сөгіс беріп, тәртіпті реттеумен көлбеңдейді.
Екі нәсілдің де мұғалімдеріне мінбермен қатар тұрған кітап сөресінен бір нәрсе бір мезгілде керек бола қалды. Олар түрлері өзгеріп, әлсін-әлсін кітап сөресіне жүгіреді. Қыздар өз кезегінде белсенділік көрсеткен болады, ал ер балалардың ықылас-ынтасы сонша, залдың іші әскери бұйрық әсерінен тәртіп орнап, шарға толып кетті.
Осы көріністің биігінде, креслода отырып, соттың күлімсіреген түрімен мектептің әр қабырғасына көз жүгірткен ұлы адамның тұлғасы тұр. Уолтерс мырзаға бір ғана нәрсе жетпей тұрғандай: ол рахат сезімге бөлену үшін мәртебелі қонақтарға инабаттылықтың ғажап үлгісін көрсетіп, бір шәкіртке Інжіл кітабын тапсыруды армандайды. Бірақ шәкірттердің бірен-сараны бірнеше сары түсті билеттерді жинағанмен, Інжілді оған сыйлау үшін бұл жеткіліксіз. Уолтерс мырза барлық озат шәкірттерден сабақ сұраған. Ол неміс баласының ақыл-есі қайта оралуы үшін бүкіл әлемді беруге дайын.
Міне, директордың үміті үзіліп, көңілі түскен дәл осы сәтте алға Том Сойер шықты және толған билеттерді көрсете бастады: тоғыз сары билет, тоғыз қызыл және он көк билетті ұсынып, Інжіл кітабын сыйлыққа бұған беруді талап етіп тұр! Бұл нағыз бұлтсыз күні аспаннан найзағай түскенмен бірдей оқиға болды. Уолтер мырза Сойерден ештеңе шықпайтынын баяғыда-ақ білген және ол жуықтағы он жылда Томға Інжіл кітабының тимейтініне сенімді болатын. Алайда көзбен көріп, қолға ұстап тұрғанда қарсы дау айту мүмкін емес: мөр басылған түбіртектері мынау, яғни осыған сай ақы төлеу керек. Томды сот және сол секілді таңдаулылар отырған жоғары мінберге шығарды, сонан соң басшылықтың өзі ұлы жаңалықты жариялады. Бұл бір ғажайып оқиға болды. Соңғы он жылда мектеп мұндай тосын сый-құрметті көрген емес; бұл көрініс жұрттың бәрін таңдандырғаны сондай, жаңа кейіпкер атақты сотпен бірдей биіктікке көтерілді де, мектеп бір емес, екі ғажайып кейіпкерге қарады. Ер балалардың бәрі қызғаныштан жарыла жаздап отыр, бәрінен бұрын азап шеккендер Томға өткенде шарбақ сырлаған кезде өздерінің осынша билетті сатып, оның осындай табысқа жетуіне өздері көмектескенін енді ғана түсініп, іштері өртенді. Олар өздерін жыландай арбаған мына оңбағанның бұлардың бастарын оп-оңай айналдырып алғаны үшін өз-өздерін жек көрді.
Директор осы сәттегі өзіне тән салтанатпен Томға Інжілді тапсырды, бірақ оның сөзінде ерекше ықыласты сезім жоқ - жасырын бір құпия бар-ау деген ой директор байғұстың әбден мазасын алды: өйткені ақылы кем алаңғасар бұл бала басының қоймасына Інжілдегі екі мың даналық өсиетті жинақтады деу барып тұрған ақымақтық болар еді.
Эмми Лоренс бақытты сезім мен мақтаныштан жарыла жаздап отыр. Ол Томның өзіне көз салып, қуанышын көруі үшін түрлі қимылдар істеп баққанмен, Том ол жаққа қарамады. Қызға бұл түсініксіз болды, сонан соң сәл-пәл қауіптене бастады; ол Томнан көзін алмай қарады да, көп нәрсені түсінгендей болды, жүрегі жараланды; қызғанды, ашуланды, жылады, дүниенің бәрін жек көріп кетті. Бәрінен Томды енді көрместей болып жек көрді.
Томды соттың алдына әкеліп таныстырды, бірақ бейшара баланың тілі тамағына жабысып, тынысы тарылды және жүрегі де тынымсыз секірді - мына кісінің ұлылығы алдында қорыққаннан, ең бастысы, соттың қыздың әкесі екендігінен. Том бұл жерде қараңғы болса, ол кісінің алдында тізерлеп сәлем берер еді. Сот Томның басынан сипап, есімін сұрады. Том тұтығып қалды. Аузын әрең ашып:
– Том, - деді.
– О, жоқ, Том емес қой...
– Томас.
– Міне, осылай. Сенің есіміңнің ұзағырақ екенін білгенмін. Жақсы, жақсы! Дегенмен сенің фамилияң бар ғой, әрине; сен маған айтасың ғой, солай емес пе?
– Мырзаға фамилияңды айт, Томас, - деп сөзге Уолтерс араласты. - Жасы өзіңнен үлкен адамдармен сөйлескенде "мырза" деген сөзді қосып айтуды ұмытпа. Қоғамда адам өзін ұстай білуі керек.
– Томас Сойэр... мырза.
– Міне, осылай! Жарайсың! Керемет бала!
Екі мың өлең - өте көп, өте, өте көп! Және сен бәрін жаттап осынша еңбектенгеніңе ешқашан өкінбейсің, өйткені дүниедегі ең маңызды нәрсе - білім. Адамды ұлы да мейірімді ететін сол ғана. Томас, сен бір кезде ұлы адам боласың, сонда өзіңнің жүрген жолыңа қарап, айтасың: "Осының бәрі бала күнімде баға жетпес жексенбілік мектепке барғанымның арқасы; осы дәрежемнің бәрі үшін маған кітаппен қалай жұмыс жасау керектігін үйреткен менің қымбатты ұстаздарыма қарыздармын, осының бәрі үшін мені аялап әлпештеген, өзімнің меншікті Інжіл кітабым болуы үшін оны маған сыйлаған мейірімді директорға қарыздармын; осының бәрі маған дұрыс тәрбие бергендерінен".
Осылай дейсің, Томас, сен, әрине, інжілдік екі мың өлең үшін ешқандай ақша алмайсың. Ешқашан, ешқандай! Ал, енді өзіңнің жаттағаныңнан маған және мына ханымға айтып беруге келісесің бе, - сенің қарсылық білдірмейтініңді білемін, себебі біз оқуды жақсы көретін балаларды мақтан етеміз. Он екі сахабаның аттарын сен, әрине, жақсы білесің? Білмегенде ше! Алдыңғы екеуінің есімін атайсың ба?
Том ілгегін шұқып, соттың жүзіне сүлесоқ қарап тұр. Сосын қып-қызыл болып кетті де, төмен қарады. Уолтерс мырзаның жүрегі тоқтап қала жаздады. "Ең жеңіл сұраққа да жауап беретін түрі жоқ, - деді өзіне өзі, - сот неге бұған сұрақ қойды?" Дегенмен ол сөзге араласу міндетім деп ұқты:
– Мырзаға жауап бер, Томас, қорықпа! - деді.
Том аяқтарын қозғап қойды.
– Маған сен айтып бересің ғой, - деп ханым сөзге араласты. - Христостың алдыңғы екі шәкіртінің аты...
– Давид және Голиаф ...
Жанашырлық шымылдығын осы жерде жапқанымыз дұрыс шығар.