Соғыс және махаббат. Марк Твен. Том Сойердің басынан кешкендері (үшінші тарау)

Oinet.kz 08-01-2020 995

image.png

Том түкпір жақтағы ұйықтайтын, қонақ күтетін әрі жұмыс істейтін және тамақ ішетін жалғыз бөлменің ашық терезесінің жанында отырған Полли апайдың алдында тұр.

Кеудеңді кеңітер жазғы ауа, жым-жырт тыныштық, гүлдердің жұпар иісі, аралардың жан тербетер ызыңы апайды рахатқа бөлегендей: ол мұрнын тақап бір нәрсе тоқумен әуре, өйткені оның жалғыз ермегі - тізесінде пырылдап жатқан мысығы. Қауіпсіздік мақсатымен көзілдірік жоғары жылжып, оның ақ шаштарына орнықты.

Ол Том, әрине, баяғыда-ақ зытып кетті ғой деген сенімде еді, ал енді қатал жаза бұйыратынын біле тұра мұның алдына батылы жетіп келіп тұрғанына таңданып отыр.

Том кірді де:

– Енді ойнауға бола ма, тәте? - деді.

– Қалай? Бітіріп тастадың ба? Қанша сырладың?

– Бәрін, тәте!

– Том, өтірікті соқпа! Мен өтірік айтқанды жақтырмаймын.

– Өтірік айтып отырғаным жоқ, тәте. Сырлап бітірдім.

Полли апай сенбеді. Ол өз көзімен көру үшін шарбаққа бет алды. Егер Томның айтқанының тым болмаса жиырма пайызы шындық болса, апай әбден қуанар еді. Ол үш қабат сырланып аппақ болған шарбақты, оның етегіне жүргізілген ақ сызықты көргенде, таң-тамаша қалды.

– Білесің бе.... ешқашан ойыма келмеген болар еді... - деді Полли апай. - Әділін айту керек, Том, сен, көңілің соқса, жұмыс істей аласың. - Сосын ол мадақтауды бәсеңдетті де: - Тек сенің жұмысқа деген көңіліңнің соғуы өте сирек. Мұны да айтып қою керек. Ал бар, ойна. Үйге келуді ұмытып кетпе. Әйтпесе менің жазалауым тез!

Полли апайдың риза болғаны соншалық, оны шоланға апарып ең таңдаулы алманы берді. Бұған қоса адал еңбекпен тапқан нәрсенің бәрі әрі тәтті, әрі қадірлі деген ұлағатты өсиет айтылды.

Апай қасиетті кітаптан үзінді келтіріп жатқанда Томға тәтті пірәндікті қалтасына сүңгітуге мүмкіндік туды.

Ол жүгіріп есік алдына шықты да Сидті көрді. Сидтің баспалдақпен көтеріліп келе жатқан беті еді. Баспалдақ үйдің сыртында, екінші қабаттың түпкі бөлмелеріне апарады. Томның қолына кесек топырақтар түсті де, кенет ауадан топырақ жауғандай болып, Сидтің бет-аузын, тұла-бойын басып қалды. Полли апай есін жиып Сидті құтқарам дегенше, Том шарбақтан секіріп ғайып болды. Әрине, шарбақтың қақпасы бар, бірақ Томның оған баруға уақыты бола бермейді. Полли апайға қара жіп туралы айтқан сатқын Сидтен өш алғасын, Томның көңілі сабасына түсті.

Том көшені айналып өтіп, апайдың сиыр қорасының түпкі қабырғасына тірелетін, ылғи шаңы бұрқырап жататын бұрылыстан бір-ақ шықты. Енді қауіптенетін ештеңе жоқ. Бұл жерде ұстап алып, жазалайды-ау деп қорқуға да болмайды. Ол бұрынғы уәделескен келісім бойынша, екі әскер бір-біріне шабуылға шығатын қалалық алаңға бет алды. Ол әскердің бірін Том, екіншісін оның айырылмас жан досы Джо Гарпер басқарады. Екі ұлы әскербасы бір-бірімен өзара шабуылға шықпайды - бұлай ұсақталуға болмайды; екеуі төбенің басында қатар тұрып, адъютанттары арқылы бұйрық беріп соғысты басқарады. Ұзаққа созылған қатал ұрыстан кейін Томның әскері жеңіске жетті. Екі жақ та өлгендерін есептеп, тұтқынға түскендерді алмастырды, ендігі жаңа соғыс неден басталатынына келісті және келесі шешуші ұрыстың күнін белгіледі. Сосын екі жақтың да сарбаздары сап түзеп, дәстүрлі марш әуенімен ұрыс алаңынан кетті, ал Том жалғыз өзі үйіне қарай тартты.

Джефф Тэчер тұратын үйдің жанынан өте беріп ол бақ ішінде жүрген бір қызды көрді -алтындай шашын екі бұрым етіп өрген, көгілдір көздері мөлдіреп, аппақ жұқа көйлегі жараса қалған.

Әлгінде ғана ұрыс даласында даңққа бөленген батыр оққа ұшты. Эмми Лоренс деген біреу сол бойда ұмыт болды, тіпті Томның жүрегінде оның ізі де қалмады. Ал, бұл болса, Эммиді ессіз сүйемін деп ойлайтын. Шынында ол сезім әшейін сәттік қызығу екен. Ол қыздың бұған деген махаббатын оятуға қаншама ай кетті. Осыдан бір апта бұрын Эмми мұны сүйетінін мойындаған.

Содан бергі жеті күнде ол өзін әлемдегі ең бақытты баламын деп мақтанышпен сезініп жүрген, енді, міне, бір сәтте ол қыз кіріп шығуға келген кездейсоқ қонақтай мұның жүрегінен кетіп қалды. Ол есі шыға жасырын сығалап, жаңа періште мұны байқап қалғанын білгенше жанталасты. Сосын ол бұл жерде қыздың бар екенін байқамаған болып, оның қызығушылығын ояту үшін түрлі фокустар (ер балалар арасындағы әдіс) көрсете бастады. Кенет ол қауіпті акробатты көрініс жасап тұрған кезде қыз жаққа көз салып еді, ол бұған жауырынын беріп, үйге қарай кетіп барады екен. Том жүгіріп оған жақындады да, шарбаққа сүйеніп тұрып қалды; қыз әлі де бақ ішінде жүре тұрса деп есі шықты. Қыз шынында да баспалдақ үстінде сәл аялдады, бірақ сосын есікке беттеді. Оның табаны босағаға тигенде, Том күрсініп еді, кенет көздері күлімдеп, қуаныш шуағын шашып қоя берді: қыз үйге кірмей тұрып бұған бұрылды да, маргаритка гүлін лақтырды.

Том гүлді айнала жүгірді де, содан соң алақанын көзінің үстіне қойып, көшенің алыстау түкпірінде қызықты бір нәрсе болып жатқандай қадала қарады. Сосын жерден бір тал қамысты алып мұрнының үстіне қойды да, басын артқа шалқайтты. Қамыс оның денесін тепе-тең ұстауға себін тигізетіндей, еппен жүріп гүлге жақын келді де, жалаңаяқ башпайына қыстырып, жалғыз аяқпен секірген күйі көрінбей кетті. Алайда ол гүлді күртешесінің омырауына жасыру үшін бас-аяғы бір минут тасаға тығылды. Гүлді жүрегінің тұсына, мүмкін асқазанының маңына (ол анатомиядан мықты емес еді) жасырды.

Содан соң ол кешке дейін шарбақ жанында бұрынғыша әртүрлі көзбояушылықтар жасаумен болды. Қыз көрінбеді, алайда ол терезенің жанында ма - әйтеуір бір жерде мұның сол үшін жанын салып жүргенін көріп тұр деп өзін-өзі сендірді. Ақыр соңында салбыраңқы күйде үйіне оралды, ал оның бейшара басы неше түрлі арманға толы еді.

Кешкі ас үстінде оның көңіл-күйі көтеріңкі болғаны сондай, тіпті апайы да таңғалып отырды: балаға не болған? Сидке құм аралас кесек лақтырғаны үшін сазайын тартқанмен, Том оған қапаланған жоқ сияқты. Ол апайының танауының астынан бір кесек қантты жымқыруға оқталғаны үшін сыбағасын алса да, өкпелеген жоқ, тек:

– Тәте, Сид қанша қантты қалтасына салса да, оны сабамайсыз ғой! - деді.

– Сид сен секілді адамдарды азаптамайды. Егер сенің артыңнан бақылап жүрмесе, сен қант салғыштың қасынан кетпес едің.

Апайдың ас бөлмеге кетуі мұң екен, жазаланбағанынан өзін бақытты сезінген Сид бұны күлкі еткендей қант салғышқа қолын созды. Бұған шыдауға болмайды! Алайда қант салғыш Сидтің саусағынан жылжып еденге түсіп кетті де, быт-шыты шықты. Том рахаттанғаннан аузы жабылып, қуаныштан дыбысы шықпай қалды. Ол апайы келіп, бұл кімнің ісі екенін сұрағанша, үндемей тып-тыныш отыруға бекінді. Сонда бәрін айтады және апайының ылғи мақтайтын үлгілі баланы қалай жазалағанын көруден артық рахат бар ма? Оның кеудесін ызалы кектің кернегені сонша, апайы оралып, көзілдірігінің үстінен ашудың найзағайы шашырап, едендегі шыны сынықтарға қадалды. Том: "Міне, қазір басталады!" деді іштей. 

Бірақ келесі минутта өзі еденде жатты! Әмірлі қол оны жұдырықтың астына алуға ыңғайланып, оған тағы төне беріп еді, Том көзінің жасы сорғалап айқайлап жіберді.

– Тоқтаңыз! Тоқтаңыз! Не үшін сабайсыз мені? Оны сындырған Сид қой!

Полли апай ыңғайсызданып тоқтай қалды. Ол қазір бұған жаны ашып мүсіркейді, сөйтіп өзінің кінәсін жуып-шаяды деп ойлады Том. Алайда апайдың тілі шығып:

– Ім! Дегенмен, менің ойымша, сен сыбағаңды бостан-бос алған жоқсың. Мен шығып кеткенде, сен тағы бірдеңені шығарған боларсың.

Айтуын айтқанмен, апай өзінің артық кеткенін сезді. Балақайға жылы сөз айтып еркелеткісі келгенмен, Полли апай бұл балақайға жанашырлық көрсетсең, өзінің кінәсін мойындап отыр деп ойлауы мүмкін, ал тәртіп заңы бұған рұқсат етпейді деді іштей. Сондықтан ол ештеңе айтпастан, жүрегі сыздаған күйі өзінің әдеттегі жұмысына кірісті. Том болса, бұрышта ашуға булығып  жарақаттарын сипалап өзіне-өзі келе алмай отыр. Апай іштей мұның алдында тізесін бүгуге дайын екенін Том білді және осы ойы оның көңіліне қуаныш ұялатты.

Апайдың іштей азаптанып, мұнымен тілдесуге себеп іздеп отырғанын ол байқамаған болды. Апай көзіне жас толып, оқтын-оқтын жанашырлықпен бұған қарап қойып отырғанын көрсе де, Том оған ешқандай көңіл аударғысы келмеді. Том өзін ауру күйде елестетіп, апайы мұның "кешірдім" деген сөзін есту үшін асты-үстіне түссе де, бұл қайырылмай, бетін қабырғаға бұрып үнсіз жатады.

Сонда апайдың жағдайы қалай болады? Том өзінің өлі денесін үйге әкелгенін көз алдына келтірді: оның денесін жаңа ғана өзеннен шығарды, бұйра шашы су-су күйде, өзінің мазасыз азаптанған жүрегі мәңгіге тынышталды!

Сонда апай мұның өлі денесіне жармасып, жаңбырша жауған көз жасын тыя алмай, құдіреті күшті құдайға жалынып, баланы о дүниеден қайтаруын және ешқашан оны жазықсыз жазаламайтынын айтар еді. Бірақ Том сол сұп-сұр кейіпте, тірліктің белгісі жоқ салқын күйде жатады - бақытсыз, азаптан көз ашпаған кішкентай баланың қасіреті енді мәңгі тоқтады. Том осындай қайғылы сандырағымен өзін-өзі әбден қажытып, сорғалаған жасын тұншыға жұтып жатты. Көз жасынан айналаның бәрін тұман басқандай. Кірпігін қимылдатса, көзінің жасы танауының ұшынан, бетінен сорғалап жатты. Өзінің жанын осылай қайғыға орағаны оны рахатқа бөлегені сонша, ешқандай қуаныш алаңдатпайтынын қалады. Қуанышты сезімге бөлену оның ызасын келтіреді - ал, мына қасірет оған киелі көрінді. Сондықтан бір ғасыр жоқ болып кеткен - яғни, бір апта -немере әпкесі Мери үйге оралғанына есі шыға қуанғаннан билеп, әндетіп есіктен енгенде қабағы тас түйілген көңілсіз Том орнынан тұрып басқа есіктен шығып кетті, ал Меримен бірге келген әсем әуен мен күн шуағы екінші есікке беттеді.

Ол әдетте балалар жиналатын жерден жырақта өзімен-өзі жүрді. Оны өзінің жүрегі секілді қасіретті, мұңды, шетте жатқан бұрыштар шақырғандай. Өзендегі ағаш сал қызықтырды да, ол шетіне келіп отыра кетті, сосын шетсіз-шексіз көңілсіз, тыныш жатқан су бетіне қарап, өзін ыңғайсыз жағдайларға ұрындырмай және ештеңені сезінбей осы тұңғиыққа батып кетуді армандады. Сонан соң ол гүлді алып, солып, жапырылып қалған гүлшоғын қойнынан шығарғанда, оның тәтті мұңы бұрынғыдан да арта түсті. Анау қыз мұның жан әлеміндегі қазіргі қасіретті білсе, бұған жаны ашыр ма еді? Жылап отырып, мұның мойнын орап жұбатар ма екен? Әлде мынау қаңыраған салқын әлем секілді ол да теріс айнала ма?

Осы ойлар оның жанын сағынышқа толтырды, ол соның бәрін елестетті, ақыры аяғында орнынан күрсініп тұрды да, қараңғылыққа сіңіп кетті.

Сағат тоғыз жарым - онның шамасында ол бейтаныс сұлу тұратын көшеден бір-ақ шықты; айналада тірі жан көрінбейді; сәл кідіріп, бір сәт құлақ түріп еді - еш дыбыс жоқ. Екінші қабаттағы терезеден майшамның бұлыңғыр жарығы пердені нұрға бөлеп тұрғаны көрінеді. 

Мұның есін алған бейтаныс сұлудың бейнесі осы бөлмені нұрландырып тұр ма екен? Ол шарбақтан түсті де, ағаш бұталарының арасынан жайлап өтіп, әлгі терезенің астына тұра қалды. Сол терезеге ынтыға қадалып біраз тұрды, сосын солған гүлін кеудесіне қойып, шалқасынан жатты. Ол осылай - жанашырлықтан жұрдай жүректер әлеміне тасталған күйде өлгісі келді: панасыз басын кімге, қайда сүйерін білмей, өлім қинаған шақта маңдай терін сүртетін ешкімі жоқ, ең соңғы жанталас сәтінде бұған жаны ашып, еңкейетін тірі адам болмай жан тапсырса... Ол ертеңгі таңғы көңілді шуақты қызықтап терезеден қараған кезде мұны көреді, сонда оның көзінен сорғалап мұның өлі денесіне бір тамшы жас тамбайды; аяқ астында тапталып, соншалық ерте қиылған жарқын жас өмірдің мезгілсіз қиылғанын көргенде, оның кеудесінен күрсінген дыбыс шықпауы мүмкін бе?

Терезе ашылды. Қызметші әйелдің жағымсыз дауысы түннің қасиетті тыныштығын былғап тастады және сарылдап төгілген су азап шеккен Томның денесіне құйылды.

Есі шыққан батыр үсті-басын сілкіп атып тұрды. Сол бойда снаряд секілді бір нәрсе зуылдап өте шықты, балағаттаған дауыс естілді, сынған шынының дыбысы шықты және болар-болмас көлеңке шарбақтың үстінен ұшып өтті де, тылсым қараңғылыққа жасырынды.

Том шошқаның майы сіңген білте шамның жарығымен өзінің малмандай болған киіміне қараған кезде Сид оянып кетті. Мүмкін оның өткендегі өкпесі жайлы бірнеше ескертпе айтқысы келген болар, бірақ Томның көзінен ызаны байқады да, әлгі ойынан қайтып, үн-түнсіз жата берді.

Том кешкі дұғаны оқып мазаланбай-ақ ұйқыға кетті және Сид өзінің де ұмытып кеткенін іштей ойлады.

Ғажайып сыршы. Марк Твен. Том Сойердің басынан кешкендері (екінші тарау)
Жексенбілік мектепте. Марк Твен. Том Сойердің басынан кешкендері (төртінші тарау)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу