Бек Жылқыбаев: Мен ешкімді аямаймын

Oinet.kz 19-08-2020 987

Кең құшағын жаяр ай, күн,

Қиындықты елемеспін.

Мен ешкімді аямаймын,

Аяған жоқ, мені ешкім.


Адам өзін аяды ма?

Не өтпеді?

Бұл басымнан...

...Көніп тағдыр таяғына,

Аяғында бір басылғам.


Таныстар да түсінбеді,

Түсінбесін!

Жүрегімді.

Сырларым да ішімдегі,

Бірге өмір сүре білді.


Даңғыл жолда жиі құлап,

Аяғымды жараладым...

...Ашу-ыза жиып, бірақ,

Биігіне бара аламын.


Жадымнан да өшірмеймін,

Кінәларым неше еді?

Мен өзімді кешірмеймін,

Кешірмеді, кеше мені.


Кешірген тек анам ғана,

Қателерді көп жібергем.

О, Анашым!

Алаңдама!

Өртенгенмін, отты көргем.


Кең құшағын жаяр ай, күн,

Қиындықты елемеспін.

Мен ешкімді аямаймын,

Аяған жоқ, мені ешкім.


Ырысбек Дәбей. Терезе сыртындағы көктем
Ырысбек Дәбей. Ант
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу