Қадір түнінде періштелерді көрген ақсақал не болғанын айтып берді..
Жаздың шыжыған ыстығында адамдарды тамақтан бұрын шөл қинайтыны белгілі. Дей тұрғанмен сондай қиындыққа төзіп жүргендер де аз емес. Солардың бірі – шымкенттік Нұрғожа Сыздықов. Бұл кісінің үзбей ораза тұтып келе жатқанына биыл 35 жыл болыпты.
Бұл туралы “Замана” басылымы хабарлайды.
“Мен 1980-жылдан бері бес уақыт намазды қаза қылған емеспін. Сол жылы қазіргі Тараз қаласында атағы көпке танымал Ғұлам Шейх Зүлін деген кісінің бір ауыз сөзіне бола намазға жығылдым. Сөз арасында ол кісі менен намаз оқисың ба деп сұрады. “Жоқ” деп едім: “Е, онда сен де мал екенсің ғой. Одан қай жерің артық?” – дегенде не деп жауап берерімді білмей, көп ұзамай дін жолына түстім”, – дейді ол.
Ақсақал түндердің қасиеттісі Қадір түнін де ерекше ықыласпен күтіп, дұға-тілек айтады. Сондай түндердің бірінде өмірінде тылсым оқиға да орын алыпты.
“Қадір түні ең бір қасиетті түндердің бірі саналады. Ол түні таза үйге келген періштені таза адам ғана көреді деген сөз бар. Осыдан он жыл бұрын бес адам болып біздер де Қадір түнін күттік. Қасымдағылар шаршағанын айтып ұйықтап қалды. Мен оқитын намазымды оқып, дұғамды айтып отыра бердім. Бір уақытта көзім ілініп кетіпті. Біреу қолтығымның астынан қысып жіберді. Тура адамның қысқаны секілді. “Биссмилла” деп көзімді ашып қалдым. Бөлменің жарығы өшірулі еді. Сонда да кетіп бара жатқан үш адамның сұлбасын көрдім. Жарықты жақсам, сағат түнгі үш жарым екен. Дала тып-тыныш, жел жоқ. Аспан ашық, төңірек аппақ, жарық болып тұр. Қуанғанымнан таң атқанша ұйықтамадым. Бұл мені демеп жүрген періштелер екенін түсіндім. Содан бері өзімді бақытты сезінемін”, – дейді ақсақал.