Жағажайда кез болған жұмбақ ару

Oinet.kz 03-04-2023 850

Жаз сайын демалыс орындарынан қалмайтын бір танысымнан мынадай әңгіме естіген едім. Бір жігіт жылына екі рет демалыс алып, оның бірін өзіміздің елде, екіншісін туризм жақсы дамыған шетелдерде өткізуді дағдыға айналдырған екен.

Screenshot_31.jpg

Әдетте достарымен барғанды жөн көретін оның кезекті демалысы серіктерімен сәйкес келмепті. Сонымен, не керек бұл жолы сапарға жалғыз аттанып, қонақүйде бір кісілік бөлмеге жайғасады.

Оның бөлмесі дәліздің бас жағында орналасқан екен. Қонақүйге жайғасып болған соң, уақытын құр өткізбеуді ойлап, теңіз жағасына асығады. Күндізгі шудан шаршап, кешкі салқынмен жағалауда серуендейін деген оймен бөлмесінен шыққаны сол, артынан ере шыққан қызбен соқтығысып қалады. Әлгі қыз артына да бұрылмастан жүгіре басып жағалауға қарай бет алады. Бұл жерге келгені жаңа ғана, ешкіммен танысып үлгермеген жігіт қыздың артынан ілеспек боп, жүрісін жылдамдатып, қыздың соңынан ереді. Бірақ сәл жүрген соң қызды таппай қалады. Қайда кеткенін, әйтеуір көзден таса болады. Жан-жаққа көз жүгірткенмен көзі шалмады, қыз ғайып болыпты. Бұл кеш қарайып қалған кез екен. Ертеңінде кешегі бейтаныс қызды тағы көреді. Осылайша, бейтаныс қызды екі-үш күн қатарынан көреді. Бірақ, күнде дәл осы уақытта қонақүйден жүгіре шығып, жағалауға асыққан қыздың соңынан еріп, жете алмай қалып жүреді. Қанша талпынғанмен қызбен жүздесудің сәті түспейді.

Келесі күні жігіт күндегіден ертерек шығып, теңіз жағалауына қарай асығады. Ондағы ойы қызды сол жақта күтіп алып, кездеспек. Ойлаған ойы жүзеге асқандай. Әне, әлгі қыз көйлегінің етегі желбіреп, жағалауға қарай келе жатыр. Бір кезде тізеден суды кешіп тұрған жігіттің дәл жанына жақындап келді, бірақ дәл жанына келгенде жігітті байқамағандай кейіп танытып, суды кешкен бойда жағажайды бойлай жүріп, ілгері озды. Жігіт дауыстап еді, басын бұрып та қарамады, тіпті естімейтіндей. Соңынан ермек болып еді, белгісіз бір күш орнынан қозғалуға мұрша бермеді. Екі аяғы семіп қалғандай, қозғала алмады. Қыздың соңынан қарап қала берді. Қыз сәл ұзап барып, көзден ғайып болды. Енді есін жиып, жан-жағына қарады. Кеш мезгілі болғандықтан жағажайда бірен-саран ғана демалушылардың қарасы көрінеді. Ол бір өзі шетте жалғыз қалыпты. Не болғанын білмей, есеңгірегенкүйде жігіт қонақүйге қайта оралады.

Бөлмесіне келген соң бейтаныс қыз жайлы көп ойлайды. Оның, көркі, жүріс-тұрысы жігітті қатты елітеді. Демалыста болғанда таңертең асықпай тұратын жігіт, ерте тұрып алады. Бейтаныс бойжеткен ойынан бір сәт кетпей, жігіт тағатсыздана, кештің болуын асыға күтеді. Кеш болысымен-ақ, жігіт теңізге қарай асығады. Жағалауға барып бейтаныс бойжеткенді күтеді. Көңіліне маза бермеген ару жақындап қалғанда, бұл қарсы жүреді. «Танысайық» деді ме, не айтқаны нақты есінде жоқ. Әйтеуір қызға бірдеңе деп сөйлейді. Әлгі қыз кілт тоқтап, бірдеңе деп сөйлейтін сияқты. Бірақ еріні жыбырлағанмен дауысы шықпайды. Жігіт не ойларға білмей тосылып тұрғанда, қыз суды кешіп, алға қарай жылжып жүре берді. Қасынан өте шыққанда жігіттің бойын ызғар қарып өткендей болды. Сонда ғана қыздың қимылына көңіл аударды. Қыз жүргенде судың беті қозғалмайды, ізі білінбейді, тіпті кешкен судың сыбдыры да естілмейді. Мұны көрген жігіттің бойы мұздап кетеді. Тез-тез кәлима қайтарып, жылдам басып, қонақүйге қарай асығады.

Қонақүйге келгенде, есік алдында бір ер адам тұр екен. Мұның бозарған түрін көріп, «сен де оны көрдің бе?!» деп жағалау жақты меңзейді. Қорқыныштан арыла қоймаған жігіт тіл қатуға шамасы келмей, өте шығады. Бөлмесіне келіп, біраз жатқан соң барып аптығын басады. Әр нәрсені ойлап жатып ұйықтап кетеді. Түн ортасында өз-өзінен шошып оянады. Қайта жатса, ұйқысы келмейді. Ұйқысы қашқан сияқты. Әртүрлі оймен арпалысып жатқанда, белгісіз бір күш жігітті дәлізге қарай бастайды. Бөлменің есігін ашып, дәлізге беттейді. Бөлмесінен шыққаны сол, бағанағы қыз жанынан өте шығып, дәліз соңындағы бөлмеге кіріп кетеді. Жігіттің жүрегі орнына түседі. «Ее, қайтып келсе, ешқандай елес болмағаны. Ол да осында тұрады екен-ау. Бұрын қалай байқамағанмын. Босқа қорыққан екенмін ғой» деп ойлады. Көңілі орнына түсіп, қайта төсегіне жатады. Ертең түс кезінде әдейі бөлмесіне іздеп барып, қызбен танысайын деп ойлады.

Таңғы астан соң бейтаныс бойжеткенмен таныспақ болып, дәлізді жағалап, кеше түнде қыз кіріп кеткен соңғы бөлмеге келеді. Бірақ бөлме есігі жабық болып шығады. Қап! Енді не істеймін деп, ойланып есік алдында біраз тұрып қалады. Бір кезде бөлме жинастырушы әйел келіп, кілтімен есікті аша бастайды. Мұның біреуді күтіп тұрғанын көрген бөлме жинастырушы әйел не қажет екенін сұрайды. Ойында ештеңе жоқ жігіт, осы бөлмеде тұратын қызды іздеп келгенін айтады. Бөлме жинастырушы әйел жігітке таңдана қарайды. «Сіз жаңылысқан шығарсыз, бұл қызметшілер бөлмесі, бұл бөлмеге бөтен адам кірмейді» дейді. Жігіт әйелдің айтқан сөзіне сенер сенбесін білмей тосылып, тұрып қалады. Сонда түнде көргені не болды? Түсініксіз жай. Сонда қыз қайда?

Көңілінің түбінде «тағы көріп қалам ба» деген үміт болғанмен, одан кейін жігіт қызды кездестірмейді. Қонақүй қызметкерлерімен сөйлесе келіп, ол қызға қатысты жағдайдың мәнін біледі. Қонақүй қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі қызметшілер бөлмесі бұрын қонақтарға арналған бөлме болған екен. Қайбір жылы сол бөлмеде тұрған бір қыз беймәлім жағдайда жоғалып кетеді. Екі күннен кейін оның денесі жағалаудан табылады. Сол бір оқиғадан кейін, сол бөлмеге тұрақтаған қонақтардың бәрі түнде жайсыз ұйықтап, өздерін жаман сезінгендерін айтып шағымданған. Содан соң қонақүй иелері ол бөлмені қызметкерлер бөлмесі етіпті. Содан кейін ол бөлмеде ешкім түнемейтін болған екен.

Г.Медеубай

Alashainasy.kz 

Ажалдан аман алып қалған адалдық
Көлге батып кетіп сонша уақыттан кейін тірі шыққаныма жұрт та қайран, мен де қайран
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу