Атам тозақ отына қолын күйдіріп алған екен

Oinet.kz 17-01-2023 1850

Адам бақилық болған соң ненi бастан өткередi? Өлiмнен кейiн өмiр бар ма? Бұл сұрақ кез келген пенденi толғандыратыны түсiнiктi. Менiң арғы атам көнекөз қария әрi ауылдың молдасы болыпты. Мен ол кiсiнiң үшiншi ұрпағымын. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен әңгiмеге сүйенсек, арғы атам дүниеде тозақ барын өз көзiмен көрген.

Screenshot_5.jpg

Бiлетiндер арғы атамның оң қолындағы екi саусағының буындары жоқ болғанын айтады. Оның немересi болған менiң әкем ол кезде бала болатын. Бiрақ атамыздың сол буындардың орны қағаздай аппақ болып тұратыны оның есiнде жақсы қалған. Әкемнiң сөзiне қарағанда, атамыз мұның себебiн ешкiмге ашып айтпайтын.

Бiрақ күндердiң күнiнде, атам жасы алпыстан асқан шағында саусақтарынан қалайша айырылғанын елге әңгiмелеп берiптi.

“Бiр күнi үйге қонақтар келдi. Атам сұсты, қатал адам болатын. Сондықтан көпшiлiк онымен емен-жар­қын әңгiмелеспейтiн. Оң қолындағы саусақтарының кемдiгi неден екенiн де ешкiм сұрап бiле алмайтын. Бiрақ үйге қонақ болып түскен адамдар әкемдi балалық шағынан бiлетiн кiсi­лер екен. Жұрт бұрыннан берi бiле алмай жүрген құпияның бетiн солар ашты”, – дейдi әкем.

“Әлгi кiсiлер “молдеке, осы сiздiң саусақтарыңызға не болған?” деп қойып қал­ды. Сонда атам бiраз томаға-тұйық отырып қалды. Бiраз ойланып, бағамдап алған соң әңгiмесiн бастап кеттi.

 – Ол кезде жасым 25-30-дың арасында. Ел iшiнде жүрiп молда болайын деген оймен мешiтте үш жыл дәрiс алдым. Содан кейiн қазақ ауылдарына барып балаларды оқытайын, елде неке қиятын молда болып көрейiн деген оймен Атырау жаққа сапар шектiм. Бұл кеңес өкiметi орнамаған кез. Сол аймақта, жайлауда қоныстанған бiр байдың ауылында бiр-екi жыл жүрiп бала оқыттым. Сүндетке отырғызып, неке қию рәсiмдерiн жасап жүрдiм. Әлгi бай тiкбақай, бiрбет­кей, мiнездi адам едi. Намаз оқымаса да, Құдайға имандай сенетiн. Байдың менi­мен жасты баласы болды.

Расын айтқанда, оның ұлын көп көрген емеспiн. Ауылда емес, үнемi сыртта жүретiн. Бiр күнi ұлы белгiсiз жағдайда қаза тапты деген қаралы хабар жеттi. Баланың сүйегiн алдыртып, тұ­тас ауыл болып күңiренiп, оны соңғы сапарға шығарып салдық.

Ұлынан айырылған әке ауыр қайғыдан шөгiп қалды. Бiр жағы ұлының неден қайтыс болғанын бiле алмағаны қабырғасына қатты батты. Осы белгiсiздiктен арыла алмаса керек, өзiн-өзi мүжи бердi. Бiр күнi менi шақыртып алып: “Осы сүйектi қа­зып алып, бiр көрсек қайте­дi? Ұлым қайта-қайта түсiме кiре бередi. Түсiмде үнемi оттың ортасынан шыға алмайды”, – деп мұң-шерiмен бөлiстi.

Мен сүйектi қазып алудың қажетi жоқ, мұның шариғатқа қайшы екенiн түсiн­дiрдiм. Бай оған көнбей отырып алды. “Өлген адам не тозаққа, не жұмаққа барады дейдi ғой. Балам тозаққа барған сияқты. Соған көз жеткiз­гiм келедi. Соны бiлiп берсең”, – дедi ол.

Әуелде шошып кеттiм. Тiрi пенде бiле алмайтын нәрсенi қалай анықтап беремiн, мына байдың есi ауысқан шығар деп ойладым.

“Қабiрдiң басына түнеп шықшы. Қабiрдiң қапталынан оған кiретiн тесiк жол жасап беремiн. Егер бiр­деңе бiлiп бере алсаң, шапан жауып, алтын сыйлаймын”, – дедi.

Ұзақ ойланып, “не болар дейсiң” деп келiстiм. Ол өзi айтқандай қапталдан тесiк жасатты. Күн батқанда сол тесiк арқылы көрге түстiм. Көрдiң iшi тас қараңғы. Бiрақ ештеңеден қорықпай, аят оқып отыра бердiм. Бiр кезде көзiмдi ашып қалсам, ғажап, мәйiт жатқан жер мен менiң арамды перде тәрiздi ақ нәрсе бөлiп тұр. Өзi сәуле шашады. Жүрегiм аузыма тығылды. Ақыл-есiмдi жинап, аят оқи бердiм. Бұған бойым бiраз үйренген соң әлгi нәрсенi ұстап көрмек болдым. Тәуе­кел деп қолымды тигiзе бергенiм сол едi, пердеден лап етiп от шықты. Содан саусақтарым күйiп қалды. Қатты күйiк жанымды шыдатар емес. Жаным шығып кете жаздап, әлгi тесiктен далаға атып шықтым. Ауыл­ға қарай жүгiрдiм. Байды түннiң ортасында оятып, болған әңгiменi баяндап бердiм.

“Онда балам жұмақта емес, тозақта екен ғой”, – деп күрсiндi ол.

Дегенмен бай айтқан сөзiнде тұрды. Артынша алтынын берiп, менi өз ауылыма апарып тастады. Ал мынау күйген аппақ шолақ сау­сақтарым сол күнгi оқиға­дан қалған, – деп атамыз әңгiмесiн аяқтады”.

Әкемнiң маған айтқан әңгiмесi осы. Бұған сену-сенбеу әркiмнiң өз еркi, әрине. Бiрақ “тозақ”, “жұ­мақ”, “тергеушi”, “қыл­көпiр” деген нәрселер Құ­ранда да бар емес пе. Бiздiң әлемнен бөлек тылсым күштiң бар екенi рас қой. Олай болса, атам о дүниенiң бiр көрiнiсiн көрген болар.

Асқар АЛТАЙ, Қызылорда облысы.

zhasalash.kz

Құм астындағы құбыжық түбіме жете жаздады
Түркияда жер сілкінетінін бірінші білген қария ақырзаман қашан болатынын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу