«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Екі күндік жұмыстан қатты шаршап келген Марал телефонын төсегінің бас жағына қоя жастығын құшақтай ұйықтай кетті. Қатты шаршаған екен, бірден терең ұйқыға кетті.
Қатты дүрсілдеген дыбыстан селт етіп оянған қыз жан-жағына көзін әрең сығалай ашып қараған еді, ештеңе көрінбейді. Кеш батып, бөлме іші қараңғы күйге еніпті. Тек көшеден түсіп тұрған жарық болмаса, бөлме іші мүлгіген тыныштық күйде. Әлгі дауыс тым жақыннан тағы естілді. Жүрегі дүрсілдей кеткен қыз құрбысын шақыра бастады:
- Айым. Айым. Айым бұл сенбе?
- Ммм, Марал не дейсің? - деген құрбысының дауысы өз кереуеті жақтан шықты.
- Ұйықтап жатырсың ба?
- Иә, да... Сағатқа қарасайшы, саған не болды?- деп жастығын құшақтай теріс қарап жатты.
- Айым үйде біреу барма? Бір дыбыстар шығуда...
- Қуасың иә Марал?! Кім болушы еді бұл үйде? Ешкім жоқ. Түу, әрнәрсені қиялдамай ұйықтайықшы болды. Маған таңертең жұмыс. Қайырлы түн, - деп көрпесін жамылып алды.
Әлгі тықырлаған дыбыстан ұйқысы ашылып кеткен Марал енді көзін қанша жұмса да ұйқы шіркін келе қоймады. Қайдағы жоқ өткен шақтағы келеңсіз сәттер, қиналған, жылаған кездері есіне түсіп, терең күрсіне, тағы аударылып жатты.
Көзі ілініп кеткен екен, аяғының ауырсынуын сезінгендей болды. Бейнебір біреу келіп, аяғына отырып алғандай... Қимылдатайын десе, әлгі адам жіберместей...
Бұрылып қарайын десе, артында біреу тесіліп қарағандай күй кешіп, өзінен-өзі денесі дірілдей, аяқ-қолы ұйып бастады. Қорқыныш. Жүрегі тас төбесіне шығып, жарылып кетердей соғуда. Қорыққаны сонша бар білген дұғасын ұмытып, сөздерін шатаса бастады.
Кәлимамды айтсам бәлкім жіберер деп, ішінен айта бастаған еді, әлгі адам тамағына жабысып, айтқызуға мүмкіндік бермей жатқандай. Ауа жетпей, тынысы тарыла бастаған Марал, дірілдей "Лә илаха Иллаллаһ" деп әр әріпті бөліп айта бастады. Аллахтың Құдіреті шексіз ғой, тілі кәлимаға келгені сол еді, әлгі жуан қол тамағын бірден жіберіп, денесі жеңілдеп қала берді.
Ауа жетпей, бірден терең тыныстап, жөтеле кеткен Маралдың дауысынан құрбысы Айымда оянып кетті. Дереу арқасынан қағып, жағдайын сұрай бастады:
- Марал, тыныштықпа? Қатты тыныс алдың ғой...
- Айым, мына үйде ешкім жоқ па? Мені біреу тұншықтырғандай сезіндім. Мына тамағымнан қысып, денемді басып алды.
- Түу, Марал тағы бастадың ба? Саған не болған өзі? Ешкім жоқ. Неше күннен бері жалғыз өзім жатырмын ғой. Бар болса маған неге тиіспейді? Жәй, қатты шаршағансың ғой, -деп, құшақтап алды.
Құрбысының сөзіне сенген Марал қатты шаршағанымнан болар деп бір күрсініп, орнынан тұрып, жуынуға кетті. Айым екеуі әңгімелесіп отырып, таңғы шәй ішті де, жұмысына асыққан құрбысын шығарып салып,төсегіне қисая кетті. Демалысында үйін жинап, заттарын ретке келтіремін деп жоспарлағанымен неше күндік шаршау мен түнгі ұйқының бөлінуі оны дел-сал күйде қайта жастығын құшақтап тәтті ұйқыға тартып барады. "Түстен кейін жинармын. Ертең де демаламын ғой.Одан да кішкене демалып алайын"деп ойлап, есіней көрпесін жамылды.
Терең ұйқыға кеткен екен, біреудің өзінен көз алмай қарап тұрғандай күйін сезініп, теріс қарап жатты. Әлгі біреу ақырын жанына отырғанын, одан шашын сипағанын анық сезіп жатыр. Жүрегі алқымына келіп, жарылып кетердей соғуда. Көзін ашса өзіне тап берердей сезініп, ішінен кәлимасын қайталай берді. Бір Аллаға сыйынып, қанша уақыт жатқанын білмейді, шаршап көзі ілініп кетіпті. Телефонының шыр еткен үнінен селт етіп оянған Марал дереу орнынан атып тұрды.
Орнынан тұра бөлмені тінтіп, тек ұйықтап жатқанда әбден зәресін алған жанды тапқысы келгендей бөлмелерді аралап көрді.Жан адам жоқ, мүлгіген тыныштық.Телефоны әлі шырылдап жатыр екен:
-Ало?!
- Ало, қызым.Телефоныңды алмайсың ғой.Демалып жатырма едің?
-Анашым, қалдарыңыз қалай?.Иә екі күн қатарынан жұмыста болған едім.Қатты шаршап қалыппын.
-Қызым-ау... Қашанғы бұлай жүресің? Одан да ауылға қайтсаңшы.Сол құрғыр жұмысың осы ауылда да табылады ғой.Әлгі Дархан ағаң ауылдағы поликлиникаға кіргеземін деп отыр. Не туысың, не танысың жоқ қалада жалғыз өзің не істейсің?- деп анасы күндегідей ауылға қайтуын үгіттеп, біраз әңгіме айтты.
- Ммм, жарайды.... Аха... Көреміз... Бұйырса...Аха...Жарайды,-деп тек тыңдаған Марал көзінің қиығымен жан-жақты тінтіп жүр. Бір жағы заттарын да жинастырып, төсегін ауыстырайын деп қабын алып тастады.
Қанша шаршап тұрса да, әлгі түсініксіз беймәлім жағдайлардан қатты қорыққан Марал қайта ұйқыға жата алмады. Кешке дейін заттарын жинастырып, бөлмесін толық тазалық жүргізіп алды. Тіпті пысықтығы ұстап, дәмді аста дайындап қойды.
Үнемі ұйқыдан көз ашпайтын құрбысының пысықтығы ұстап, үй жинап, тамақ жасап қойғанын көрген Айым бірден таң қалды:
- Марал?! Бұл сен бе?.Ыстығың жоқпа?Сенің мұндай әдетің жоқ еді ғой.Үй жинаулы, тамақ пісірулі.Әлде жігіт тауып, тұрмысқа шығуға дайындалып жатырсың ба?- деп қалжыңдай қолындағы заттарын қоя, киімін ауыстыруға бөлмеге кетті. Не деп ақталарын білмей, асханаға барып, кешкі асты салуға дайындала бастады.
Ішінен күндізгі жағдай үшін алаңдаса да, құрбысына ештеңе айта алмады.Үнсіз күлімдеп, тамағын ішіп, басқа тақырыптарда әңгіме айтып отырды. Қараңғы түсіп, қала тәтті ұйқыға жатқанда, көзін жұмуға қорқып жан-жағына қайта-қайта қарап алаңдап жатты. Бейнебір көзін жұмса, әлгі белгісіз біреу өзіне тап берердей сезініп, бірден жүрегі тарсылдай кетті.
- Айым.Ұйықтап қалдың ба?
- Жоқ, бірақ ұйқым келді.
- Саған бірнәрсе айтсам, күлмейсің бе?
- Иә, айта ғой.
-Қатты қорқып жатырмын. Бүгін сенің жаныңа ұйықтайыншы,- деп әрең сөйледі.Құрбысының сөзіне күліп жіберген Айым:
- Марал, бала болып кеткенсің бе? Жарайды, келе ғой жаныма,- деп көрпесін ашты.Анасынан қолдау күткен баладай қуанып, жүгіріп барып, құрбысының құшағына кіріп кеткен Марал терең тыныстай тәтті ұйқыға кетті.
Таңертең құрбысы тағы жұмысқа кеткелі жатқанда, бүгін жалғыз қалса, әлгі біреу тағы келер деп зәресі шыққан Марал Айыммен бірге жанталасып, көшеге шығып кетті. Таң атпай қайда барарын білмесе де, жұмыстарым бар деп автобусқа отырып алды. Барар бағыты белгісіз Марал осылай жолында кездескен автобусқа міне қала аралап кете барды. Қайда барарын білмей, орталық саябақ жаққа бет бұрды. Өзіндегі сан-сауал тыныштық бермей, саябақ ішінде жүре берді. Қатты шаршағаны сонша, басы жастыққа тисе, ұйықтай кетердей күйде жүр. Қарны да ашып, амалсыз пәтеріне оралған Марал аяқ-қолы дірілдей есікті әрең ашты. Ойын бөлмек болып телефонына еш тыныштық бермеді. Еш хабарласпайтын таныстарына дейін звандап, көңілін басқа жаққа ауғысы келді.Бірақ өзін қинаған сол жағдайды ешкімге айта алмады.
Қашанғы телефонда сөйлесер дейсіз?! Қатты шаршап, телефонда сөйлесіп жатып, көзі ілініп кетіпті. Тықыр еткен дыбыстан ұйқысы шәйдай ашылды. Әлгі жан ақырын өзіне қозғалып келе жатқандай.Аяқтың сенімді түрде басылған әр қадамын анық сезініп жатқан Марал оқыс қимылдауға қорқып, ұйықтап жатқан адам кейпінде жата берді.Әлгі аяқ дыбысы жанына келіп тоқтады.
Салқын дем дәл шашының түбінен шықты. Шашынан ұстап, иіскегендей... Денесі ұйып,тілі күрмеліп, ештеңе сөйлеуге шамасы келмеген Марал қорқа-қорқа жүрегі жарылардай күйде жатыр. Сәл оқыс қимылы өзін құрбан етердей сезініп, үнсіз әлгі жанды бақылауды жөн көрді. Шашынан ақырын иіскеп, жуан қолымен Маралдың маңдайынан сипағандай.Қолы ақырын беті арқылы мойынына қарай жылжи бастады.Саусағының ұшымен бетінен сипап, мойнынан ұстай бастағанда жүрегі қатты дүрсілдей кеткен Марал бұлқынып қарсылық танытқысы келіп, орнынан атып тұрмақ болған еді, ол әрекеті сәтсіз болды. Денесі өзіне бағынбастай күйде.Тынысы тарылып, өзіне ауа жетпей бара жатқанын, аяқ-қолы тыпырлап,өмір үшін күресіп жатқанын сезсе де, еш қарсылық таныта алмағанына, өзінің бұл әлемде жалғыз қалғанына өкіне көзінен бір тамшы жасы ағып барады.
- Марал? Марал? Әлі ұйықтап жатырсың ба?- деген таныс дауыстан селт етіп оянған қыз орнынан атып тұрып, жүгіріп барып, айнаға қарады. Өзіне қайта-қайта қарап, "шынымен тірі қалдымба? " дегендей өз денесін қайта-қайта ұстап қояды.
- Айым. Мен... Мен тірімін бе? Тірімін ғой иә-деп сандырақтай жөнелді.
- Қумашы, сен қыз.Тірі болмасаң, бұлай тұрмайсың ғой.Саған не болған?.Үш күннен бері біртүрлісің? Тыныштықпа әйтеуір?- деп Айым шкафтан киімдерін ала бастады.
- Мен қорқамын.Айым саған айта алмаған едім.Мені осы соңғы үш күн болды.Біреу аңдып жүр.Осы үйдің ішінде,- деп көзі алақтап жан-жағын іздей бастады.
- Кім болсаң да шық.Неге ешкім жоқта келесің? Батыр болсаң, неге ояу кезде келмейсің?.Ұйықтағанымды аңдып жүресің? Мен енді сенен қорықпаймын,-деп бөлменің әр бұрышын іздей айқайлай бастады.Құрбысының біртүрлі мінезінен қорыққан Айым телефонын ала көмек шақыра бастады.
Көп өтпей-ақ дәрігерлер келіп, тексеріп, тынышталдыратын укол салып кетті.Дегенмен бұл жағдай бірнеше рет қайталанғаннан қорыққан Айым Маралдың анасына бар шындықты айтып, хабарласты.Қызы үшін алаңдаған ата-анасы алып-ұшып қалаға келіп, оны алып кетті.
Әп-сәтте қызын тани алмай қалған әке үшін бұл ауыр соққы болғаны рас. Бар танысын сала мықты дәрігерлерден бастап, ауылдағы, аудандағы демі күшті деген молдаларға оқытып жүріп,әрең өзіне келтіргенімен, психикасына қатты зақым келген Марал ұйқысыздық ауруына шалдыққан еді.
Түн баласы ұйықтамай, терезеге телміріп отырады. Бастапқы да үй ішіндегілер Маралдың бұл қылығына қорқа қарағандарымен, уақыт өте барлығы да үйренісе бастады. Түні бойы терезеге қарап, үнсіз отыратын қыз біреуді күтердей. Ал күні бойы ұйқыдан көз ашпайтын болған соң, қаншама ырым-тыйымдарын жасаса да, кішкене уақыттан соң қайта сол әдетіне басатын.
Расында бізге беймәлім әлемнің тылсым күшке ие екені рас. Әр үйдің де киесі бар демекші Маралда жаңадан көшкен пәтерінде бір тылсым дүниемен жолыққандай... Әні-міне ұзатамын деп ниеттеніп отырған ата-ана үміті сөнгелі қашан?! Қызы үшін жанталасып, апармаған жері қалмаса да, ешбір молда я дәрігер емін толық таппағандай. Бәріне уақыт керек...
Сіз бен біз сенсек те, сенбесек те бізге беймәлім тылсым әлем бары рас. Қорғанымыз тек дұғамыз бен иманымыз.Алла мұндай сынақтан аулық қылсын.