«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Бұл оқиға осыдан бес жыл бұрын болған еді. Денсаулығым сыр беріп, екі жыл бойы емхана мен аурухананың есігін тоздырдым. Ақыр соңында дәрігерлер «ота жасатпасаңыз болмайды, қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін» деген соң ота жасатуға келістім.
Алдын ала бірнеше анализдерді тапсырдым. Бәрі дәрігерлердің ойындағыдай болса керек ота жасауға ауруханаға жатқызды. Ауруханада үш күн болып, тағы да қосымша тексеруден өттім. Үш күннен соң кешкілікте дәрігер келіп, «ертең ота жасаймыз, ештеңеден қорықпаңыз, бәрі жақсы болады» деп ескертіп кетті. Дәрігердің айтуынша, бұл аса ауыр ота емес. Ұзап барса, біржарым-екі сағатқа созылуы мүмкін.
Сағат 9-да ота жасайтын бөлмеге алып барды. Соңғы есімде қалғаны - бетімді тұмшалап бір аппарат кигізіп жатқаны. Одан кейін көз алдым тұманданып, ұйықтап кеттім. Көзімді ашсам, төсегімнің аяқ жағында марқұм әкем тұр. «Әке» деп орнымнан тұрмақ болдым. Бірақ қозғала алмадым. Әкем маған «орныңнан қозғалма» дегендей ишара танытып, «анау есітіп қояр» дегендей көз қиығымен арт жағына меңзейді. Қарасам, әкемнің арғы жағында есіктен сығалап, түнде түсімде көрген еңгезердей қара киімді кісі тұр. Әкем қалықтап ұшып жүрген секілді. Сырғып барып есікті жаппақ болды. Бірақ әлгі қара киімді жалма-жан есікке жабысып, итеріп, ішке кірмек болып жатыр. Мен әкеме көмектесейін деп орнымнан тұрмақ болам, бірақ тұра алмаймын. Бір кезде қара киімді еңгезердей кісі әкемді ысырып ішке кірді. Көздегені мен секілді. Бірақ әкем оны мен жатқан төсекке жібермей алысып жүр. «Көмектесіңдер» деп айғайлаймын, бірақ даусым шықпайды. Әкем мен қара киімді кісі әлі алысып жүр.
Қанша алысқандарын білмеймін, әйтеуір, әкем шаршаған сияқты. Бір кезде қара киімді әкемді буындыра бастады. Бір кезде маған қарап «қазір менің соңымнан ермесең, әкеңді өлтіремін» деді. Мен әлгіге жалынып, «жарайды, тек әкемді өлтірме, босат» деп жалынып жатырмын. Ол әкемді босатты да, мені қолымнан жетектеп, есікке қарай беттеді. Әкем әлі де есін толық жия алмай жатса да «тоқта, оған ерме, кейін қайт» деп айғайлады. Ол кезде біз есікке жеткенбіз. Есіктен қарасам, арғы жақ құз. Әлгі қара киімді кісі мені қолымнан ұстап, төмен қарай секірді. Сол кезде әкем «тоқта» деп секіріп келіп мені ұстап қалды да, қара киімді кісі құздан төмен құлап бара жатты.
Көзімді ашсам, аурухана палатасында жатырмын. Жанымда інімнің әйелі отыр. Көзімді ашқанымды көріп, ол «О, оянды» деп айғайлап, дәлізге шығып кетіп, артынша қайта кірді. Оның соңынан екі дәрігер мен медбике ере келді. Келе сала дәрігер тамырымның соғысын тексеріп жатыр. Бірі сөзге тартып өзімді қалай сезіп жатқанымды сұрап жатыр. Мен аузымды жыбырлатып ақырын ғана «жақсы» деп жауап қаттым. Менің сөйлегенімді естіген соң дәрігерердің жүзіне күлкі үйірілді. Медбикеге бірдеңелерді тапсырып жатты. Ал келінім болса ебіл-дебіл жылап жүр.
Ота жасар алдында көрген түсім дәл келіпті. Кейін білдім, отадан кейін мен 9 сағат оянбай, өлім мен өмір арасында жатыппын.
Ауруханадан шыққан соң Алла жолына ас беріп, үйге молда шақыртып құран оқыттым. Сол кезде өлім-мен өмір арасында жатықан кезде көргендерімді айтып бердім. Молда «Алла қолдап, әкеңіздің аруағы сізді ажалдан арашалап қалған екен деді.
Қайран әкем, о дүниеде жатса да мені аман алып қалу үшін тоғыз сағат бойы ажалмен алысқан екен-ау!
Мағрипа, Алматы