Шымкентке 420 мыңнан астам турист келген
Былтыр халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
-- Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді,--деп атап өткен болатын. Осы орайда Шымкент қаласында туризм саласын дамыту үшін бірқатар жобалар жүзеге асуда.
Шымкент қаласының туристік маңызы өте зор: инфрақұрылымы дамыған, Қырғызстан мен Өзбекстанды Қазақстанның басқа өңірлерімен байланыстыратын ірі торап болып табылады.
Осы орайда, Шымкенттің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін туристік тірек орталығына айналуына барлық мүмкіндіктері бар. Бүгінде қала аумағында 144 орналастыру орны, 25 әлеуметтік және мәдени нысан, 23 демалыс орны, 72 спорт орталықтары, 10 саябақ, 7 республикалық сакралды нысан, 3 326 тамақтану орындары, 150-ден астам туристік нысандар орналасқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Ерболат Оспанов мәлім етті.
Биыл Шымкент қаласы аумағында туризм саласы бойынша жеке инвестиция көлемі 6,2 млрд теңгені құрайтын 6 жоба (түрлі санаттағы қонақ үйлер) іске қосылуы жоспарлануда. Орташа есеппен 125 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы қонақ үйлердегі төсек-орын саны 365-ті құрайды. Олар: «Kazakh Hotel» «Керемет, «Алтай», «Zhamal Hotel Shymkent», «Zeinnur-Tau» және Б/Н қонақ үйлері. Аталған жобалар қаланың тартымдылығын арттырып, жаңа туристік бағыттардың ашылуына әсер етеді. Сонымен қоса, 2024 2024 жылдың басынан бастап Шымкент қаласы бойынша 2 ауқымды танымдық-ақпарттық экскурсиялар өткізілді.
Ақпараттық көмек көрсетілген туристер мен қала тұрғындарының саны – 300 жуық адамға қызмет көрсетті.
Оңтүстіктің туризмі – Шымкент қаласынан бастау алса, туристеріміз Шымкент қаласынан саяхатын бастаса, бұдан бөлек жақын өңірлерге де барады.
Бүгінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында заманауи брендтегі қонақ үйлер, бутик отельдер мен хостелдер туристерге қызмет жасайды.
Сондай-ақ, Шымкент қаласынан Джидда, Медина, Дубай, Пхукет бағыттары бойынша чартерлік рейстер орындалады.
2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы бойынша 4 индикаторлық көрсеткіш бекітілді. Ағымдағы жылға бекітілген жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін жалпы келген туристер санын 450 мың адамнан асыру жоспарлануда.
--Аталған көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы республика көлемінде Астана, Алматы қалаларымен Ақмола облысынан кейін 4 орынды иемденіп отырмыз,--деді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда 12 айлық статистикалық есептік көрсеткіш бойынша қала аумағына 420 398 турист келген.