Ұстаздар күніне арналған іс-шара сценарий
Қай маман да тапса өмірден тұрағын,
Бәрінің де Ұстазы - Сіз, Мұғалім!
Мұғалімдер
Мұғалімдер - ұстаз атты аңсар ән,
Жандар солар білім үшін жар салған,
Жандар солар қыркүйегінде көш түзеп,
Төл мейрамын қуанышпен қарсы алған!
Мұғалімдер, тәлім, таным сөздері,
Сол арқылы келешекті көздеді.
Мамандығы мәртебелі болса да,
Кішіктікпен өмір сүрген өздері.
Мұғалімдер - шәкірттегі отты арман,
Сонысымен кеуделерде жатталған.
Үздіктерін ұлы жолға шығарып,
Ал өздері қарапайым боп қалған.
Мұғалімдер білімге асқақ кенелген,
Шәкірт кеуде сол арқылы еленген.
Би билесе, ән салса олар - өнерпаз,
Тұлабойын кенде етпеген өнерден.
Мұғалімдер еңбекпен күн өткерген,
Сырлас жаны күзі, қысы, көктеммен.
Мына өмірде Ару деуге лайық -
Көпшілігі нәзік жандар боп келген.
Мұғалімдер дақ түсірмес сенімге,
Ұстаз болып қалар мәңгі көңілде.
Жандар олар шәкірті озық болсын деп,
Өз тірлігін ұмытатын өмірде.
Мұғалімдер, жас шыбыққа сенген шын,
Солар үшін мына өмірге келгенсің.
Сондықтан да жаңа ғасыр, Отанның
Тірегі де, тілегі де - сендерсің!
Кешегі ұстаз - осы, ізетпен сәлем бер
(Зейнеткер ұстаздарға арнау)
Ғасыры жас, заманы асқақ өрендер,
Әр сат сайын жаңалыққа елеңдер.
Әже көрсең, немере бар жанында,
Кешегі ұстаз - осы, ізетпен сәлем бер.
Арман жолмен болашаққа қадам бас,
Сонда қоғам саған да мін таға алмас.
Кешегі ұстаз - салиқалы қарт көрсең,
Бұрыла кет, ілтипатпен амандас.
Болашаққа артып барлық сенімін,
Олар текке өткерген жоқ өмірін.
Мектебімен бірге жылдар жасасып,
Құрметін көрген талай елінің.
Жандар емес босқа уақыт өткерген,
Бар өмірі бала, шәкірт деп келген.
Олар кеше жасай алған ұлылық,
Білім беріп қара тақта, ақ бормен.
Олар сенің атаңды да оқытқан,
Олар сенің анаңды да оқытқан.
Қарайласаң солар жүрген өткенге,
Тәлім алған ағаң-дағы, әпкең де.
Солар айтар, жас көңілің сенбесе,
Саған да ұстаз - осы жандар, ендеше.
Олар да асқақ білім жолын ән қылған,
Тәлім алған талай-талай балдырған.
Жандар олар мағыналы өмірін
Мектебінде шежіре етіп қалдырған.
Бірге жасап өмір-жолда мектеппен,
Өткен талай сынақтардан, өтпектен.
Бүгін, міне, шәкірттері олардың
Өздері ата, өздері әже боп кеткен.
Болашаққа өткеніңмен қадам бас,
Көрінсе де өз заманың саған жас.
Кешегі ұстаз - осы, ізетпен сәлем бер,
Кешегі ұстаз - осы, ұрпақ, амандас.
Мұғалімдер күні бүгін
Мұғалімдер күні бүгін, күні ұстаздың шаттанған,
Шәкіртіне дем бергізген, жеткізеді деп баққа арман.
Ұстаздардың күні бүгін, бар тілегі өмірде
Сол шәкірттің өрге жүзген еңбегімен ақталған.
Мұғалімдер күні бүгін, шаттық күйге кенелген,
Ұстаз жүрек сырлас әр кез білім атты өнермен.
Олар шәкірт кеуделерге сол білімнен нәр құйып,
Өмір жолда ізгілікті еңбегімен еленген.
Тойланатын әр жыл сайын, қазан айы туғанда,
Ұстаздардың мейрамы осы, толы ән мен жырларға.
Төрдегі орын Сізге, Ұстаз, төр Сіздікі, Мұғалім!
Барлық жан да соны қалар, ұстаз көңіл тұрғанда.
Мұғалімдер күні бүгін, көңілге бар сыйлары,
Шәкірттері оларға гүл, ән де, жыр да сыйлады.
Тек ұстаздың мерекесі емес бүгін, шынында,
Сол Ұстаздан тәлім көрген барлық жанның мейрамы!
Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы