Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Ертеде бір патша болыпты. Сол патша қанша кітап сөзін, құран сөзін білетін білімі терең кісі болыпты. Бір күні ескіше қазақ кітабын ашып отырған кезінде «адам баласы қандай жүйрік болса да, кемшілік келейін десе, оңай екен» деген сөзді тауып алады. Сонсоң «мен өзім бірсыпыра елді билеп тұрмын, білімім артық, маған не кемшілік бар» дейді. Сөйтіп отырғанда көшеден айқай шығады.
Бір уәзір келеді де: «Бір нәрсе көрдім, не екенін білмеймін, соны, патшам, сізге көрсетуге келе жатырмын», - дейді. Патша далаға шығып қараса, заулап жанып бір от бара жатқанын көреді. Уәзірге: «Менің дүлдүлімді әкел», - дейді. Уәзір дүлдүлді әкелді. Оған мінеді де тура қуады. Қуады да шаһардан екі шақырым шыққаннан кейін жетеді. Жетіп келіп қараса, жүні сусылдаған алтын киік. Әлгі жарқыраған сол киік болып шыққан.
Киік бір батпаққа қабырғасынан батып жатқан. Патша: «енді бұған барсам ат жығылады, киімім былғанады» деп, барша киімін сыпырып тастап жаяу, жалаңаш киікті ұстауға қасына келеді. Патша қасына келгенде санынан батпаққа батады. Киік сілкініп-сілкініп қойып еді, айдары беліне түскен ақ жігіт болды. Сонсоң патшаның киімін киіп, атын (дүлдүлін) мініп, «қош, патша» деп, шаһарға қарай жүріп кетеді. Хан (патша) батпақтан бір мезгілге шығып шаһарға келіп еді, балалар тас лақтырып қуып шаһарға жуытпай тастайды, «жалаңаш жүрген жынды кісісің» деп, сонан кейін «бүйтіп тірі жүргенше, суға ағып өлейін» деп өзен шетіне келсе, судың жағасында бір кемпір-шал отырады. Патша келісімен «суға түсіп өлемін» дейді. Шал «өлме» дейді. «Өлмей қайтем, киімім жоқ, тамақ жоқ». Сонсоң кемпір-шал бір ескі көйлегі мен кішкене нан береді. Шал: «Сен бүйтіп жүрме, қалаға барып қайыр тіле», - дейді.
Мойнына бір дорба салып алады да шаһарға келеді. Садақа сұрап төрт-бес күндік тамақ тауып алады. Патша бір мезгілде «үйіме барып көрейін, шын бар ма екен, әйел-балаларымды, уәзірлерді көрейін, мені таныр ма екен» деп келеді. Келіп ханға «ассалаумағалейкүм!» деп, «қайыр-садақа» деп, уәзірлерді қағып тастап, тура ентелеп ханның алдына барады. «Сен кімсің, қай жердің кісісісің», - дейді хан. Сонда «осы шаһардікімін» дейді. Шаһардікі болсаң қай рудан таралдың, атың-жөнің бәрін шапшаң айт», - деп сұрады. Көрген-білгенін тегіс баян етеді. Сонсоң бір уәзірін шақырады да: «Мынаны жеті қайта боз биенің сүтіне шомылдырып алып келіп бер», - дейді. Жеті қайта шомылдырып, ханның алдына әкеліп бергеннен кейін, мүсәпірдің қолынан ұстайды. «Кітаптың бетін ашқаның рас па?» - деді. Ол «рас» деп жауап қайырады. «Бұдан былай көңіліңе астамшылық ойлама!» - дейді де: «Міне тағың, міне жұртың, міне уәзірің, міне елің, мен Жәбірейіл періштемін», - деп, тағын өзіне беріп жоқ болады.