Наурыз мейрамына құттықтаулар

Oinet.kz 24-10-2019 1451

Кең болсын қазағымның керегесі, кетпесін Алла берген берекесі,
Алаштың баласына нәсіп болған, Құтты болсын НАУРЫЗ мерекесі!

наурыз мейрамы.jpgАқтың молаятын, Жарықтың ұзаратын, Нұрдың молығатын, Тіршіліктің жаңаратын, Өмірдің жаңғыратын, Пейілдің түзелетін, Көңілдің кеңитін кезеңі - наурыз мейрамы құтты болсын!

***
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен
тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың  бастауы,
ырыc  пен берекенің арқауы деп бағалаған.
         Олай болса, Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін.  Қоян жылы ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл,
бақыт және береке салтанат құрсын!

***
Наурыз көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамы ретінде бағзы замандардан тойланып келеді . Бұл мерекенің дінге, не болмаса жекелеген ұлттарға еш қатысы жоқ. 
Адамзат өзін табиғаттың төл перзенті деп санайды. Табиғаттан  құдіретті не бар дейсің . Адамдар табиғатқа тәуелді. Біздерге жарық күн, кең дала, асқар тау, жасыл орман, айдын көл... сыйлағаны үшін де оның алдында қарыздармыз.
Сол жарықтық табиғаттың түлеп, жаңаратын шағы – осы Наурыз. Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі ииді. Аспан денелері ең бастапқы нүктелерінде тоғысады. Күн мен түн теңеледі. Жан-жануарлар төлдерін өргізеді. Жер үстіне тілмен айтып жеткізгісіз керемет бір шаттық орнай қалады. Наурыз деп отырғанымыз, Жаңа күн деп жар салатын қуанышымыз – осы.
Өзіңіз ойлаңызшы, баршамызды бауырына басып, сұлулыққа, көркемділікке, тазалыққа ұмтылдырып отырған Табиғатымыз жаңарған, жайнаған, нұрланған сәттен артық Ұлы күн, аяулы күн бар ма екен, сірә?!
Наурыз – жылдың алғашқы  күні. Түптен келгенде, біздің нағыз Жаңа жылымыз осы Наурыз болуы қажет...  Түбінде осы мерекеге келуіміз керек. Бұл халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі болып саналады.
Төбесі көрініп тұрған жақсылықты лайықты қарсы алу, осыған мәз-мейрам әзірленудің өзі ғанибет. Тойдың болғанынан боладысы қызық. Той болғандай қандай той – Наурыз тойы!
Санаулы күндерден кейін Әз Наурыз дүние есігін ашады. Тарих қойнауына тағы бір жылымыз жол тартып, тағы бір жыл табалдырықтан аттайды. Жаңа күн төңірекке нұр-шапағатын төгеді. Жер бетіне жақсылық ұялаған күнді қарсы алайық.

***
Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, Самарқанның көк тасын ерітіп, алтынкүрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл құстарының әнін шалқытып, Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны самал желге сүйгізіп, Алатаудың төбесінен көкке тигізіп, Қаратауға құт-берекені үйгізіп, жеттің бе, әз-Наурыз!
         Ақ бұлақтарды ақтартып, шың-құздарды шаттанып, тізбектеп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып, айтып ертегіңді, жайып желкеніңді, жеттің бе, әз-Наурыз!!!

***
         Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
         Наурыз - жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің. Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.
         Әр жыл сайын жасампаздығы мен қуаты артып келе жатқан Елордамыздың ажары мен айбыны да осындай игі дәстүрлерімізбен асқақтай бермек. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасылыраңызға амандық, ырыс пен ынтымақ тілеймін!

***
         Бұл күн тіршіліктің, дәстүрлі құндылықтар аясында бірігіп, игілікті жаңа бастауларға ниет білдірудің нышаны. Күннің алғашқы нұры әрбір шаңыраққа бақ береке, өзара түсіністік пен болашаққа деген сенімділік әкелсін!
         Құрметті қазақстандықтар, дендеріңізге саулық, мол бақыт және жаңа жеңістер тілейміз!
         Ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасы гүлдене берсін!

***
         Күн мен түн теңеліп, көктем күшін асырған Ұлы күннің жеріме, күнім көктей жайнаған! Орманда құс сайрады жалындаған жастықтай Жаса Наурыз мейрамы!
         Ақ тілек бейбітшілік аман болсын!
         Елім, жұртым қадірлі аман болсын!
         Туғандай бір анадан жамағаттар
         Достыққа берік, мықты адал болсын!
         Наурыз мейрамы құтты болсын!
         Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Қайда барсақ жол болсын!
Ұлы халқым тоқ болсын!
Қайғы уайымы жоқ болсын!
Қуаныштары көп болсын!

***    
Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпы халықтық сүйікті мерекеге айналды. Көктемнің осы бір шағында табиғат қана түлеп қоймай, қоғамның ынтымағы мен бірлігін, бейбітшілігі мен түсіністігін нығайтатын адам даласының да жан-дүниесі жаңғыра түседі.
         Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Ұлыстың осы бір ұлы күні жер бетіндегі қанды соғыстар, дау-жанжалдар тоқтатылып, адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген.
         Қазақстандағы жүздеген ұлт пен ұлыстардың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, берекелі өмір сүріп жатыр. Әз Наурыздың адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін тереңнен тартар ежелгі қасиетін біз барлық қазақстандықтардың бойына дарытуға, оны өз өміріміздің салтына айналдыруға міндеттіміз.
         Бәріңізді көктемнің жарқын мерекесі Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын.
         Наурыз күні ойға алған барлық арман-мұраттарыңыз орындалып, үміттеріңіз ақталуға жазсын!
         Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

***
         Көне заманнан бері Наурыз сұлулық пен жасампаздықтың, бейбітшілік пен келісімнің символы болып табылады.
         Көпұлтты Қазақстан халқының өз мүмкіндіктеріне деген сенімдері арта түсіп, бай рухани мұралары жарқын болашақ жолындағы жарқын істеріне қуат берсін.
         Қазақстандықтар үшін Наурыз - айрықша мейрам. Бұл күн қыстың сәті аяқталып, барша еліміз жаңаша кейіпке енетін көгілдір көктемнің келгенін білдіреді.
Жаңару мен жасару күні Сіздерге бақ-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көркейе берейік!

***

Төрлет, Ұлыстың күні - әз-Наурыз! Өзіңді асыға күткен барша халық ниет-пейілін жақсылыққа бағыштай отырып, бақытты болашаққа нық қадам басуда. Нұрлы Наурыз келгенде Самарқанның көк тасы еріп, көктемнің жылы шуағымен туған жер төсінде әуелеп ұшқан құстар әуені Ұлыстың Ұлы күнін паш етіп, жер дүниеге бейбітшілік дарытып, құт-береке әкеледі. Осындай даналықтың ұлы мейрамы әз-Наурыз алты Алаштың ақ ордасы – Астананы да мерейлендіреді.
         Төрлет, жоғары шық, бейбітшілік пен достықтың бастауы болған әз-Наурыз!

***

Азаматтың ақ таңы атқаннан бері қаймана қазақтың қай баласы болсын, Наурыз мейрамының қадір-қасиетін жете түсінуде. Жалпы тепе-теңдік, ізгілік пен жаңару үйлесім тапқанда ғана құт қонып, береке орнайды. Сондықтан да Наурыз табиғат пен қоғамның, адам мен адамның, ел мен елдің ара-қатынасындағы тепе-теңдік заңын сақтайтын бастау бұлақтар мен таланттардың қайнар көздерінің ашылуына мүмкіндік туғызатын сән-салтанатты мәнді де сәнді және мағыналы мереке.
         Тамашаға толтырып тұнық төрді,
         Жетті, Наурыз, үкілеп үміттерді,
         Барша үйге бақыт боп, береке боп,
         Жанарынан нұр шашып күліп келді.

***
         Адамдарға арман мен адалдық, ал жастарға құштарлық пен сұлулық сыйлаған Наурыз мейрамы, міне, әр үйдің төріне бақыт құсы болып қонды.
         Наурыз – барша қазақстандықтардың ортақ той-думаны. Наурыз – достық пен еркіндіктің мерекесі. Наурыз – салауатты өмірдің салтанаты. Наурыз – қаңқылдап қаздар келетін, қырларда қызғалдақ бүршік атып, Табиғат-Ана гүл көрпеге оранатын көктем айы.
         Ендеше, төрлет, елімізге құт дарытатын Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыз!

Жаңа жыл сценарий. Сиыр жылы
1 мамыр «Ынтымақ пен бірлік» күніне арналған құттықтаулар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу