Тоқаев пен Назарбаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

Oinet.kz 13-05-2021

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

мешіт.jpg

Тоқаевтың құттықтауы Ақорда сайтында жарияланды.

- Ардақты ағайын!

Баршаңызды Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Рухани тазару мен жаңаруға жол ашатын осы қасиетті мейрам күллі мұсылман қауымы үшін айрықша маңызды.

Рамазан айына жалғасқан бұл жарқын мереке қастерлі дініміздегі мейірім мен шапағат, жанашырлық пен қамқорлық сияқты асыл құндылықтарды дәріптейді.

Ораза айт әр адамның жүрегіне иман нұрын сеуіп, ізгілікке үндейді, жұртты жақсылыққа жетелеп, қоғамды игі істерге жұмылдырады. Сол арқылы халқымыздың береке-бірлігін нығайтып, ырыс-ынтымағын арттырады.

Баршамыз айттан айтқа аман-есен жете берейік!

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Әр шаңырақ шуаққа бөленіп, қуанышқа кенелсін!

Ораза айт құтты болсын! - делінген Президенттің құттықтауында.

Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауы elbasy.kz сайтында жарияланды.

- Құрметті отандастар!

Сіздерді Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлық мереке әрбір шаңыраққа шаттық, жақсылық пен молшылық әкелсін.

Ораза айт – бейбітшілік пен бірлікке үндейтін исламның сан ғасырлық қастерлі дәстүрлерінің символы.

Мейірімділік, рухани тазару, ізгі істер жасау – барлық ұлт пен дін өкілдеріне тән қасиет. Қазақстан халқын осы құндылықтар ұйыстырады. Сондықтан да Ораза айт шын мәнісінде барша қазақстандықтарды біріктіретін мереке болып саналады.

Өзара сыйластық пен келісімге негізделген осы игі дәстүрлерді барынша нығайта беруге шақырамын.

Ораза Айт мейрамында баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін!

Айт қабыл болсын! - делінген Елбасы құттықтауында.

Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды
Соңғы тәулікте 2283 адамнан коронавирус індеті анықталды


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×