Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Екі ай бұрын Rgmedia.kz порталына Қытайда ұзақ жыл тұрған Бәтима Ембердіқызы хабарласып, қытай еркектері және ондағы ішкі саясат жайлы бар шындықты айтып берген еді. Жақында порталға хабарласқан Алма Зыкрина есімді азаматша телефон шалды:
- Бәтима Ембердіқызының айтқандарымен толық келісемін, - дейді ол. – Мен Бәтима Ембердіқызымен бірге саудамен айналысамын. Екеуміз Қытайға жиі барамыз. Әрине, білмейтіндер біздің жұмысты оп-оңай деп ойлайды. Шындығында олай емес. Бізде бала-шаға қамын ойлап, күнкөріс үшін жүрген жанбыз.
Қытайда саудагерлер жаппай баратын көтерме базардан тауар алған өте қиын. Базарлары тым жабайы. Иірім-иірім көшелерден орын тепкен базар маңы қоқысқа толы. Онда бізді алдап жібергісі кеп тұрады. Қытайда алаяқтарға алданып, барынан айрылып, сан соғып қалғандар қаншама! Оның бәрін айтып отырсам уақыт жетпес. Мен өз басымнан өткен мына бір оқиғаны айтып бергім отыр.
Осыдан 3 жылдай бұрын мен бір қытай әйелден тауар алдым. Іш киімдер. Әлгі қытай әйел менің көзімді ала беріп, сөмкеме тым сапасыз тауарларын салып жібермекші болды. Мен оны байқап қалып, айқай шығармаймын ба. Өзім аздап қытайша білем. Сонда әлгі қытай әйел бетпақ екен. Ашудан шырпыдай тез тұтанған ол былай деді:
- Сапасыз дейсің?!. Ал, сендер осындайды да шығара алмайсыңдар ғой. Бірде-бір тауарларың шетке шықпайды. Бәрің бізден келіп аласыңдар. Сонымен қоймай, ұрысқыларың келеді. Шамаларыңа қараңдар, сендер бізден 50 жыл қалып кеткенсіңдер, - деп бізді әбден тілдеді. Сасқанымыздан не деп жауап қайырарымызды білмедік.
Тағы бір болған жайт, бірде біздің жақтан барған өзіміз секілді бір саудагер «жарнама заттарын» (жалт-жұлт етіп тұратын ұсақ электр-тоқ саймандары) көріп қалмай ма? Сапалы (онда сапалы тауар кездестіру өте қиын), әрі бағасы көңілге қонымды болғасын, дереу сатып алмақ болады. Дегемен, дүңгіршекте жарты сөмкедей ғана саймандар тұр. Бұл мүлдем аз. Сөйтіп, қытай сатушысынан қосымша тауарды сұрамай ма?!. Ал, ол болса тауарлар қоймада екенін айтады. Егер шынымен алатын болса, 5 мың долларды алдын-ала беруін талап етеді. Әйтпесе, тауар жоқ дейді. Егер ақшаны берсе, қоймадағы кісілерге телфон шалып, тапсырыс беретінін айтады. Әйтеуір, арзан тауарға тап болған саудагер қуана-қуана қалтасындағы 5000 долларды береді.
Сонымен не керек, таңғы 10-да ақшасын берген әйел кешкі 17.00-ге дейін күтеді. Қытай сатушысы «тауар әне келеді, міне келеді» деп отырып алады. Әйел де амалсыз бөгеледі. Тауары еш келмейді. Әйел әбден діңкелейді. Тауары күн батқанда бір-ақ келеді. Әбден «скотчталған» ауыр қораптар. Әйел қуанып кетіп, сатушымен қоштасып, тауарды алып кетеді. Әлгі қытай сатушысы жымың-жымың етіп басын изеп қала береді.
Кейін ойына бірдеңе сап ете қалған әйел қорапты жыртып ашып көрмей ме? Сөйтсе, қораптың ең үстіне өзіне кереті тауарды салып, астына түрлі қоқыстарды қотара салыпты. Әйел күйіп кетеді. Бірақ, кеш еді. Ол өзіміздің құрбы еді.
Алаяқ тілмаштар сан соқтырып жатады
Жалпы, қытай саудагерлері әбден психолог болып кеткен ғой. Олар клиентті әбден шаршатып барып, керексіз тауарды беріп жібереді. Қорапты әбден ашылмастай етіп скотчтап дегендей. Шаршап тұрған адамға тауар келсе болды емес пе? Әбден қатталып қапталған қорапты ашып әуре болғысы келмейді. Ең басты мәселе – тілмашта. Егер қасыңызда өзіңіз жақсы танитын тілмаш болмаса, онда Қытайда жағдайыңыз қиын. Шекара жақта толып тұратын тілмаштар қытай базарларымен, сондағы саудагерлермен бірігіп жұмыс істейді. Аңқау саудагерді реті келсе алдап жіберуден тайынбайды.
Бір қызығы. сіз онда жиһаз, құрылыс заттарын алатын болсаңыз, саудагер сізді туған әкесіндей күтеді. Себебі, үкімет оған белгілі бір мөлшерде ақша төлейді екен. Қытайдағы жиһаз, құрылыс заттарын шығаратын фабрикалар осындай еңбекқор қытайларды пайдаланып, қазақтарға сатқызады. Желілік маркетинг секілді ғой, кәдімгі. Қытай саудагерлері бізге неғұрлым көп тауар өткізсе, фабрикалар соғұрлым көлемде ақша төлейді. Яғни, белгілі бір пайыз мөлшерінде. Сондықтан да қытайлық сатушылар жандарын салып жұмыс істейді. Тауарды сату үшін небір құрық бойламас қулықтарға барады.
Осыдан 5 жылдай бұрын мынандай жағдай болды. Бірде бізбен бірге бір ер азамат Қытайға барды. Сол кісіге оюланып шабылған үстел, орындық секілді жиһаздар ұнап қалады. Сатушымен бағасымен келіседі. Ірі көлемде тауар алмақ болады. Бірақ, саудегер ондай көлемде тауар сата алмайтынын, керек болса, фабриканың өзіне апара алатынын айтады. Сөйтіп, әлгі саудагер біздің жерлесімізді фабрикаға ертіп барады. Ол фабрика басшыларымен келіседі. Олар біздің азаматпен алдымен белгілі бір сомаға келіседі. Егер ол сол соманы берсе, Қазақстанға 2 вагон тауар жіберетін болады. Біздің азамат олар сұраған соманы береді. Бәрі заң жүзінде. Келісім-шарт түзіледі ғой.
Сонымен, біздің саудагер әріптесіміз Қазақстанға қайтып, тауарды күтеді. Расында арада жарты ай өткенде екі вагон тауары келеді. Ол қуанып кетеді. Содан кейін фабрика иелерімен хабарласып, бұдан да ірі көлемде тауар алмақ болады. Фабрика иелері 100 мың долларды алдын-ала карточка арқылы жіберуді сұрайды. Сөйтіп, не керек, фабрика басшыларына шын сенген әлгі кісі ақшаны аударып жібереді ғой. Ойында ештеңе жоқ. Тағаты таусыла тауарды күтеді. Бірақ, онысы кешіге береді. Сонда да болса, үміті бар. Мүмкін бір жағдайларға байланысты кешігіп жатқан шығар? Фабрика иелерінің алдауы мүмкін емес. Келісім-шарт түзіскенде жып-жылы жымиып тұр еді. Өте-мөте кішіпейіл еді. Түсі игіден түңілме дейді емес пе атам қазақ?
Қысқасы, айтып-айтпай не керек, ақша да жоқ, тауар да жоқ. Олар оны алдап соқты. Осының салдарынан әлгі кісі сорлап қалады. Үйін, жерін, бәрін сатып 100 мың долларын Қытайға беріп жіберген еркек әлі күнге дейін соттасып жүр дейді. Барлық сотта жеңілген. Қаңғырып қалды. Аянышты...
Жалақы үшін емес, жататын орын мен бір мезгіл тамақ үшін жұмыс істейтін қытайлар көп
Негізі, Қытайдағы арзан тауар сататын көтерме базарларға оқымаған қазекеңдер, экономикалық-қаржылық сауаты жоқ, тіл білмейтіндер барады ғой. Қытайлар көп жағдайда осындай кісілерді алдап жібереді.
Қытай халқы тым еңбекқор. Күніне 24 сағат тырп етпей жұмыс істеуге бар. Көптеген провинцияларда халық тек жататын жер, тамақ үшін жұмыс істейді. Онда халық саны шамадан тыс көп болғасын, мәселе де көп. Қытайда сауда жасап жүріп, небір жүрек ауыратын көріністерге куә болдым. Көз шырымын алатын жері жоқ қытайлар көшеде тас жастанып жата береді. 1 метр жерге зар болғандары жол бойында шаш алып, бәліш секілді тіскебасарларды сатып күн көреді. Бір жаман жері, шектен тыс салақ. Қоқысты әр жерге тастай береді. Қоқыс жәшігі деген ұғым мүлдем жоқ.
Соған қарамай, өздерінің көп екенін білгесін бе, өзгелерге мұрнын шүйіре қарайды. Мысалы, біз кейде «Ватиканда 1000-ға жетер-жетпес халық тұрады. Халқы біздің ауылдан да аз. Осыны да мемлекет деуге бола ма» деп шірене айтып қаламыз ғой. Олар да сол секілді бізді мемлекет деп есептемейтін көрінеді. Расында 1,5 миллиардтан асатын олар 15 миллионды шыбын құрлы көрмейді.
Және жоғарыда айттым ғой, Қытайда аудармашы болып күн көретіндер өте көп. Аудармашы-қытайлар да аз емес. Бірақ, сенесіз бе, аудармашы-қытайлар мүлдем қазақ тілін білмейді. Олар орыс тілін меңгерген. Біздің қандастар шекара жақта солармен келіседі. Неге қазақ тілін меңгермейді? Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі емес пе? Бірақ, біз қанша ұрандатсақ та, қытайлар да біледі ғой. Қай тілді меңгерсе өлмейтінін.
Және қазір Қытайдағы қазақ ауылдарына қиын жағдай туып отыр. Қытайлар қазақ мектептерін құртып, зорлап қытай тілін енгізуде.
Қытайда мұсылмандар өте ұйымшыл. Мұсылмандар өздері асхана ашып алған. Асханаға міндетті түрде мешіт суретін салып қояды. Осы арқылы өздерінің кім екендерін көрсетеді. Осы мұсылман асханаларына қытайлар жиі келеді. Олар халал мұсылман тағамдарын сүйсініп жейді. Кей қытайлар үзіліссіз келеді. Мұсылман тағамдарын өз тағамдарынан да артық көреді. Ал, мұсылмандар қытай асханасына мүлдем бармауға тырысады.
Ұлтаралық дауды өршітесіңдер деп, билік бір елі аузымызға екі елі қақпақ қойып отыр ғой. Бірақ, қазір айтпағанда қашан айту керек? Қытай халқының бізге мүлдем жаны ашымайды. Осыны мойындау керек. «Қара қытай қаптаса, сары орыспен жылап көрісесің» дейді.
Қазір елімізде жұрт уақытша тіркеуге қатысты дүрлігіп жатыр ғой. Меніңше, уақытша тіркеуді енгізгені дұрыс болды. Егер уақытша тіркеу расында заң шеңберінде жұмыс істесе, бармақ басты, көз қыстыға жол берілмесе, онда бір жасап қалар едік. Себебі, Алматыда қаншама қытай заңсыз жүр. Уақытша тіркеу арқылы оларды анықтап, еліне қайтарп жібереді деп үміттенемін. Себебі, Қазақстан – келімсектер отаны емес. Өз жерімізге қазірден жанашырлық танытпасақ, кейін кеш болады. Құдайдан жалбарына сұрайтыным, ұрпағымыз жылап жүрмесінші, - деп Алма Зыкрина өз сөзін аяқтады. Біздің алып-қосарымыз жоқ.
Абылай СМАТУЛЛАҰЛЫ,
"Рейтинг" газеті, №10-11, 2017