Көлігіңіз ескірсе утилизацияға беріңіз
Елімізде утилизациялау бағдарламасы аясында ескі көліктерді қабылдау жұмыстары басталып, республиканың 17 қаласында қабылдау бекеттері ашылды. Жыл соңына дейін 10 мың көлікті қабылдау жоспарланған. «ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) Операторы» ЖШС-і басқарушы директоры Рустам Темірбековтің айтуынша, осыншама көлікті қабылдауға бюджеттен квота, яғни, тиісті қаражат бөлінген. Бағдарлама аясында салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жеңіл көліктер қабылданады. Ал утилизациялық төлемнің көлемі автомобильдің теxникалық жағдайына қарай белгіленеді. Толық комплектациясына 150 000 теңге берілсе, істен шыққан көліктер үшін 48 000 теңге төленеді. Р. Темірбековтің бұқаралық ақпарат құралдарына берген түсініктемесіне қарағанда, ескі көлікті тапсыру үшін алдымен сол аймақта квотаның бар жоғын тексеріп алу қажет. Сондай-ақ www.avto.recycle.kz сайтынан көліктің қай санатқа жататынын білуге мүмкіндік бар. Әзірше, екі-ақ категория – 150 000 және 48 000 теңгенің өтемақысы белгіленген екен. Бағдарлама аясында ескі көлікті қабылдау бекетіне дейін жеткізу қызметі қарастырылмаған. Сондықтан, көлік иесі оны өз күшімен алып келуі тиіс. Дегенмен, кей жерлерде ескі көліктерді жинап, қабылдау бекетіне жеткізуге ниетті кәсіпкерлер бар.