Төлебиге келген туристер саны 2,7 есеге артты

Төлеби ауданы бүгінде Түркістан облысындағы туризм қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Көркем табиғаты мен қолайлы климатының арқасында ауданда туристерге қызмет көрсететін 255 демалыс нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында 5 шипажай, 4 спорттық-сауықтыру орталығы, 5 балаларды сауықтыру лагері, 7 саумалмен емдеу-сауықтыру орталығы, 1 шаңғы базасы және 233 демалыс орны бар.
Туризм саласының даму қарқыны статистикалық көрсеткіштерден де анық байқалады. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында ауданға 4345 турист келген болса, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 11 711 адамға жетіп, 2,7 есеге артты. Бұл Төлеби ауданына деген туристер қызығушылығының жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі де едәуір ұлғайды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 318,9 млн теңгені құраса, биыл 522 млн теңгеге жетіп, 63,7 пайызға өсті. Ал салаға тартылған инвестиция көлемі 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 310 млн теңгені құрады. Бұл өңірде туристік инфрақұрылымды жетілдіру және жаңа демалыс орындарын дамыту жұмыстарының жүйелі түрде жалғасып жатқанын аңғартады.



