Жаһандық жылыну. Адамзаттың бүгінгі трагедиясы

Oinet.kz 13-01-2021 2180

Жаһандық жылыну. Бұл сөзді соңғы жылдары жиі еститін болдық. Ғалымдар қазір жер шарында климаттың үлкен қарқынмен өзгеріп жатқанын айтып дабыл қағуда. Зерттеулер бойынша  соңғы 100 жылда орташа әлемдік температура шамамен 0,8 градусқа көтеріліпті. Экологтар  ХХІ ғасырдың аяғында орташа температура  1,1-6,4 градусқа дейін көтерілуі мүмкін екенін болжап отыр.  Бұл жердегі тіршілікке  үлкен өзгерістер әкелгелі тұр. Алайда  мұндай цифрлар әзірге адамзатты қорқытып отырған жоқ. Өкінішке қарай, жаһандық жылыну ұғымының астарында талай апаттың жатқанын мойындағымыз жоқ.

Ғаламдық жылыну.jpg

Жаһандық жылыну - жердің бетіндегі орташа температураның артуы. Ауаны ластау, өнеркәсіп санының артуы, ормандарды құрту, жанартаулардың атқылауы ғаламдық жылынудың басты себептері болып табылады. Жер шарындағы Күн белсенділігінің артуынан ғаламшарымыз қызып жатыр.  Осы қызу – жер шарының мұз бөлігіне апаттық деңгейде  әсер етуде. Ауа температурасы көтеріліп мәңгілік ұйықтап жатқан мұздықтар еруде. Мұхит деңгейі осыдан 100 жыл бұрынғыға қарағанда 2 есе жылдам көтерілген дейді ғалымдар. 

Ақ құрлықтар мызғымастай көрініп еді...

Мұздықтардың басым бөлігі Жердің Оңтүстік және Солтүстік полюстерінде орналасқан. Өйткені өзге аймақта мәңгі тоңның "тіршілігіне жағдай" жасалмаған. Антарктикалық мұзды қалқанда Жердегі барлық тұщы судың 61%-ы сақталған. Егер бұл мұздық толық ерісе, Әлем мұхиты мен онымен байланысқан барлық көл, өзендер 60 метрге көтеріледі. Бұл шамамен 20 қабатты үйдің биіктігімен тең. Нәтижесінде барлық тропикалық аралдар мен жағалауда орналасқан қалалар судың астына кетеді. Ауа температурасының көтерілуі Антарктидағы мұздықтардың ашық мұхитқа бөлініп шығып, толықтай еруіне әкеп соғады. Бір ғана Туэйтс мұздығының еруі әлем мұхитын 50 сантиметрге көтереді. Ал Антарктидадан бөлініп шыққан мұздық енді ешқашан қайтып қалпына келмейтінін ескеру қажет. Дәл осы қарқынмен Антарктидадағы мұз алдағы 200-300 жылда толық еріп, жер бетінен жойылу қаупі төніп тұр.

Мұздықтардың кесектеп опырылуы  теңіз деңгейін көтеріп қана қоймайды, шартараптың экономикасына да, экологиясына да орасан шығын әкелмек. Ауа температурасының өзгеруінен сезімтал адамдар қатты зардап шегіп, көз жұмады. Ағаштар климаттың өзгеруіне өте баяу бейімделетіндіктен жойылып кетеді. Боран, дауыл, құйын, су тасқыны секілді апаттар жиілей түседі. Ыстық континенттерде ауа райы одан сайын ыси түсіп, құрғақшылық болады. Ауыз судың тапшылығы орын алып, түрлі эпидемиялар мен аурулардың пайда болуына әсер етеді. Осы орайда жаһандық соғыстың орнау қауіпі де бар.

Вирустар оянып жатыр

Миллиондаған адамның өмірін жалмаған тәжвирус жер планетасының тұрғындары үшін емі жоқ, қауіпті індеттің соңғысы болмауы мүмкін. Себебі  мың жылдықтарға құрсауланып жатқан мұз қабатында көне кезден бар түрлі вирустар қалуы мүмкін.  Нақтылай айтқанда, мұздықтар миллиондаған жыл бойы жауған қардың қатуынан пайда болғаны белгілі, осы кезеңде жел мен дауылдан ұшқан шаң-тозаң, түрлі бактерия мен вирус мұз таулардың басына қонақтап келеді. Осылайша уақыт өте келе қар қатып, мұзға айналып, үсті-үстіне қабатталып, бүкіл ауру-сырқау  жинала береді. Сондықтан  мәңгі ұйқыдағы мұздықтардың  еруімен бірге түрлі вирустардың да оянары анық.  Бұған ғалымдардың дәлелі де бар.

2015 жылы француз ғалымдары Жан-Мишел Клаври мен Шанталь Абергель Сібір мұздығынан белгісіз бір вирусты тапты.  Бұл вирустың өмір сүргеніне отыз мың жылдан асыпты. Зертханалық тексеруден кейін  аталған вирустың адам ағзасына аса қауіпті екені анықталды. Кейіннен бұған мимивирус атауы берілді.  Мимивирустардың қарапайым бактерия мен вирустан айырмашылығын ғалымдар былай түсіндіреді: ең жұқпалы әрі ем жоқ дерт ЖИТС-тің вирусы 9 гендік клеткадан тұратын болса, мимивирус 1200 геннен тұрады. Емі түгілі, тіпті ол аурудың қандай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты екенін айтады.

Тағы бір мысал келтірейік. НАСА ғалымдары 2005 жылы Аляскадағы қатқан көлдің бірінен Carnobacterium pleistocenium деп аталатын микроб тапты. Олардың жасы 32 мың жылды құраған. Сондай-ақ 2016 жылы Сібірде 12 жастағы бала «сібір» жарасынан қаза тауып, жиырма шақты адам ауруханаға түсті. Зерттей келе осы бактерияны жұқтырып өлген бұғы 75 жыл бойы мұз астында жатып, күн жылынғанда жер бетіне шыққаны, індеттің содан тарағаны анықталды.  Ғалымдар былтыр Тибеттегі мұздықтарда 28 түрлі бұрын-соңды кездеспеген вирустың бар екенін жарияға жар салып, елдің үрейін ұшырды. Айта кетейік, қазір зерттеушілер тарапынан Covid-19 вирусы мұздықтар еруінің салдарынан пайда болды деген пікір айтылып жүр. 

Ақ аю - алғашқы құрбан      

Жер шарының күнге көбірек «қыздырынуы» –  әппақ мекеннің фауна әлемін жойып жіберудің алдында тұр. Әсіресе, Арктиканың сәніне айналған ақ аюлар бүгінде жемтік таппай сенделіп жүр. Жыртқыштың негізгі қорегі – итбалық. Ақ аю жемтігін мұз үстінде білдіртпей жылжи отырып,  мұз ойықтарына жүзіп келген немесе мұз үстінде жатқан итбалықтарды аулап жейді. Мұздардың еруінен ақ жүнділер мұндай мүмкіндіктен айырылып, аштан қырылуда. Аюлардың соңғы жылдағы тіршілігін зерттеген Калифорния университетінің ғалымдары  олардың  аңшылыққа бұрынғыдан екі есе көп энергия жұмсайтынына көз жеткізген. Яғни олар көп уақытын жемтік аулауға қолайлы (мұзы қатты) аймақты іздеумен өткізеді екен. Осылайша ақ аюлар жағалауда балалап, көбеюдің орнына опырылған мұздықтармен бірге солтүстік жаққа жылжуға мәжбүр. 

Статистикалық мәліметтер бойынша соңғы 10 жылда Ресей мен канадалық Арктикада ақ аюлардың популяциясы 40 пайызға азайып кеткен. Мұздықтар дәл осы қарқынмен еруін тоқтатпаса ғалымдар алдағы 2025 жылда ақ аюлар ғаламдық жылынудың алғашқы құрбанына айналып, жер бетінен мүлдем жойылып кетуі мүмкін деген болжам жасап отыр. 

Антарктида пингвиндер моласына айнала ма?

Мұз, теңіз, суық десе көз алдымызға бірден пингвиндер оралады. Жаратылысы ерекше, суыққа төзімді бұл  құстар Антарктиканың символы іспетті. Адамзаттың қателігі мен бейғамдығынан «алақанаттылар» да жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Зерттеулер көрсеткендей соңғы 50 жылда пингвиндердің популяциясы 58 пайызға азайған көрінеді. Американың Стони Брук университетінің  ғалымдары  Антарктикадағы Элефант аралында мекен ететін пингвиндерге санақ жүргізіп, онда 52 786 жұп құстың барын анықтаған. Бұл 1971 жылғы жүргізілген санақтан 58 пайызға кем екендігін көрсетті. Пингвиндердің ең көп шоғырланған аймағы Лоу аралында да жағдай мәз емес. Сүйкімді тіршілік иелерінің бұлай азаюына ең суық материктің жылынуы  әсер етіп жатқаны айтпаса да түсінікті.  Таяуда  мұнда қыстық температураның 18,3° С-қа көтерілгені байқалған. Бұл тарихи көрсеткіш дейді климатологтар. Себебі соңғы рекордтық температура 17,5° C болған екен. Антартикада шаянтәріздес криль  атты  ұсақ жәндік бар. Бір қызығы ол тек мұзда ғана тіршілік етіп, көбейеді екен. Ақ мекендегі бүкіл тіршілік иесі дәл осы крильмен қоректенетін көрінеді. Соның ішінде пингвиндердің де негізгі азығы осы криль. Қыстың жылынып, еріген мұз бөліктерімен бірге крильдерде ағыспен бірге  кетуде. Міне, пингвиндер осылайша жейтін азық таппай аштан өліп, енді кейбір тобыры  ағыспен бірге орын өзгертуде.  

Жақында америкалық зертеушілер Росса теңізінің жағалауынан бірнеше  пингвиндерінің сүйегі мен екі мумиясын тапты. Бір кездері Антарктика құрлығындағы бұл теңіз жағалауы мұз құрсауында жатқан. Кейіннен климаттың жылыну әсерінен мұздықтар еріп, қара жер көріне бастаған. Мұнда соңғы 40 жылда температура 1,5-2  цельси градусқа көтеріліпті. Әлгі сүйек қалдықтары теңіз жағалауындағы мұздықтарда  бір кездері тіршілік еткен бағзы гуано пингвиндеріне тиесілі болып шықты. Экспедиция жұмыстарын жүргізіп жатқан Солтүстік Каролина университетінің ғалымдары мұнда әлі талай томпақ құстардың мумиялары табылары анық дейді.  Сол секілді жер беті  парник газдардың әсерінен жылыну процесі тоқтамаса алдағы жүзжылдықтарда Антарктида пингвиндердің моласына айналуы ғажап еместігін ескертуде. Мәңгілік қыс - Антрактида мұздықтарынан айырылатын болса тек аю, пингвиндер ғана емес, сонымен қатар  түрлі ұсақ жәндіктер, кит пен итбалықтардың, бір сөзбен айтқанда  мұз мекеннің бүкіл «тұрғындары» құрдымға кетпек. 

Каспиім мен Аралым, Алатауым...

Жаһандық жылыну трагедиясы – Қазақстанға да өз кесірін тигізуде. «Антарктика мен мұхит қайда, ал біз қайдамыз» деп бейғам жатуға әсте болмас. Мұхитқа тікелей шықпайтын ел болғанымызбен бізде де ірілі-ұсақты мұздықтар бар. Біз тіршілік нәрін сол тау басындағы қардан алып отырмыз. Жергілікті ғалымдар екі жарым шақырымға созылып жатқан Тұйықсу мұздығының жыл өткен сайын жұқарып бара жатқандығын айтуда. Ғаламның жылынуы тоқтамаса Алатаудың басындағы ақ жабындарды да болашақта көрмеуіміз бек мүмкін. Қазақстандағы мұздықтардан аққан су келешекте азая бермек. Ал бұл мұздықтардың суына мұқтаж ауылшаруашылық саласы үшін үлкен қауіп төндірері сөзсіз.

Бір кездері қазы қаңқылдап, аққуы қалқыған Арал меңізі мен толқыны тулаған қарт Каспидің де ортаюына да осы климаттың жылынуы себеп болып отыр емес пе?!

Сауыт-сайманның алғаш жасалуы (аңыз)
Түс жору кімнен қалған? (аңыз)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу