Астанада әйел адам суға құлаған итін құтқармақ болып, өзі батып кете жаздады
Астана қаласының тұрғыны мұзды суға құлап кеткен итін құтқармақ болғанда өзі суға батып кете жазды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Елордалық ТЖД мәліметінше, оқиға 31 қаңтарда болған.
«Таңғы сағат 9.22-де елордалық ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Кенесары көшесінің ауданындағы Есіл өзенінде ит суға батып бара жатқаны туралы хабарламаға шықты.
Белгілі болғандай, әйел итімен серуендеп жүргенде, үй жануары өзенге жүгіріп шығып, мұз астына түсіп кетеді. Иттің соңынан тұра ұмтылған әйелдің әрекеті сәтсіз аяқталып, өзі де суға бата бастайды. Осы уақытта сол маңнан өтіп бара жатқан ер адам құтқарушылар келгенге дейін суға батып бара жатқан әйелді құтқарады», - делінген хабарламада.
ТЖД бөлімшелері келген кезде ит әлі де суда болған, құтқарушылар дереу итті судан шығаруға кіріскен. Құтқару операциясы сәтті аяқталып, ит иесіне табысталды.
Қазіргі кезде әйел мен үй жануарларының жағдайы жақсы, олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.