Алматы облысында қаңғыбас иттер мектепке бара жатқан оқушыны талап тастаған
Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Абай ауылының тұрғындары елдімекенде қаңғыбас иттердің қаптап кеткендігін айтып шағымданған. Итке таланған мектеп оқушыларының ата-анасы балаларына жасалған шабуыл туралы айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, қыс түссе болғаны жыл сайын елдімекенді иттер қаптап кетеді. Балалар тұрмақ ересек адамдардың жүріп-тұруы қиындай түседі дейді тұрғындар.
Ауыл тұрғыны Жұлдыз Есенжолқызы сөзінше, қызы таңғы сағат ондар шамасында мектепке бара жатқан кезде ит талаған.
“Қорыққанынан бетін жауып, итті аяғымен итермелей беріпті. Ит аяғын оңдырмай тістеп алыпты. Жолда кетіп бара жатқан әйел көріп құтқарып қалыпты. Сөйтіп қызымды мектепке дейін жеткізіп тастапты. Мектепте мұғалімдер жедел түрде емханаға жеткізіп, аплғашқы медициналық көмек көрсетіліпті. Одан әрі қызым Қарасай аудандық ауруханасына жеткізіліп, вакцина алды" – деп баяндап берді ол жағдайын. Ай мен күннің аманында, күндізгі уақытта мектеп оқушыларының итке талануы шындығында да миға қонымсыз.
Баласының қауіпсіздігі үшін шыр-пыр болған ана болса қаңғыған иттердің мәселесін шешуді талап етіп жергілікті әкімдікке бас сұғыпты. Алайда бұл бағытта жергілікті билік тарапынан айтарлықтай тындырымды тірліктердің атқарылмай отырғандығын айтады перзенті үшін жан ұшырған ана.
Абай ауылында итке таланған оқушылар мұнымен бітпейді. Осы ауылдың тұрғыны Құралай Кукенбаева да мұндай жағдаймен бетпе-бет келген.
"Екінші сыныпта оқитын ұлымды бір емес үш ит талап тастады. Қайта көршілер көріп қалып, құтқарып қалыпты. Бұл жағдайдан кейін ұлымның құтырмаға қарсы бір емес бес рет екпе алуына тура келді", – дейді ол.
Құралай Кукенбаеваның сөзінше, Абай ауылында соңғы кезде қаңғыған иесіз иттер қаптап кеткен. Кешқұрым ұлыған кезде ұйқтау тіпті мүмкін емес көрінеді.
Аядай ғана ауылды кезген иттерден зәрезеп болған тұрғындар болса өздерінің және балаларының қауіпсіздігіне қатты алаңдайды.
"Адамның өміріне залалын тигізген иттердің иелеріне заң жүзінде қандай да бір шара қарастырылуы керек. Ең құрығанда иттің иелері айыппұл төлейтін болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмаған болар еді. Алдағы уақытта осы жағы заңмен бекітілсе құба-құп болар еді", – дейді Жұлдыз Есенжолқызы.
Қарасай ауданына қарасты Абай ауылы тұрғындарының айтуынша ит ұстау ісімен айналысатын мекеменің итті ұстау тәсілі де көңілге қонымсыз. Сым арқылы тұсау салуға кез келген ит бой бере бермейтін көрінеді.
Ал ауыл тұрғындарын алаңдатқан осынау өзекті мәселе бойынша атқарылып жатқан істердің жай-жапсарын білмек болып Алматы облысы, Қарасай ауданы әкімдігіне хабарласқанымызда былай деді:
"Қарасай ауданына қарасты елдімекендерде ветстанция қызметкерлерінің атсалысуымен ит ұстау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесі де жоқ емес. Атап айтқанда, Абай ауылынан – 11, Қырғауылды ауылынан – 8, Бұлақты ауылынан – 8 ит ұсталды. Бүгінде ұсталған иттердің саны – 27. Бұл бағыттағы атқарылатын жұмыстар өз жалғасын таба бермек", – деді мекемеде.
Айта кету керек, еліміздің кейбір аймақтарында қаңғыған ит қаптап кеткен кезде арнайы дәрі беру арқылы ұйқтатып, иттерді аулап алады. Одан кейін тәлімбақтарға жеткізілген соң барып ұйқысынан оятатын көрінеді.