Ахмет Байтұрсынұлы. Жаңбыр, бұршақ, қардың пайда болуы туралы

Oinet.kz 10-11-2017 915

Бұлт бір жерде тұрмайды, жел айдап, бұлт бір жерден бір жерге көшеді де жүреді. Бұлт та, тұман да бу екенін, бу суық ауаға араласса су болатынын білеміз. Бұлт көшіп жүргенде суық ауаға ұшырамаса, бұлт күйінде жүре береді. Суық ауаға тисе, бұлт бу тоңазып, бүрісіп, жиырылып уақ тамшы бола бастайды. Салқындаған сайын бу тамшылары біріне-бірі қосылып, ұлғая береді. Тамшы ұлғайған соң, салмағы да ауырланады. Ауа бұрын буды көтерсе де, енді ірі тамшыларды көтере алмайды. Ауа көтере алмаған соң, тамшы жоғарыдан төмен келе жатып, жолындағы ауаның ішіндегі бұларды салқындатып, өзіне қосып жерге түседі. Жерге түскенде жаңбыр тамшысы үлкен-кіші болуы жаңбыр бұлттың жерден алыс-жақынына қарай болады. Бұлт жерден жоғары болса, жаңбыр тамшысына жолдан қосылушылар көбейіп, тамшы үлкейеді; бұлт төмен болса, жолдан қосылушылар аз болып, тамшы үлкейе алмай, жерге түседі. Сондықтан, сіркіреп жауған ұсақ себезе ақ жауын жерге жақын бұлттан жауады. Тамшы ірі болған соң, қара нөсер шелектеп құя салғандай жауады; ақ жауын тамшы уақ болған соң, себезелеп, бүркіп, сіркіреп қана жауады.

Жаңбыр тамшысы жолда суық ауаға тисе, мұз болып қатса, түйір күйінде жерге түседі. Мұны кісілер «бұршақ жауды» дейді. Бұршақ шаруаға көп зиян келтіреді: қаусатып, егінді, уақ малдарды да өлтіріп кетеді.

Ауа өте салқын болса, қатқан тамшылар біріне-бірі жалғасып, ұстасып жерге түседі. Сонда кісілер «қар жауды» дейді. Қардың жапалағы жұлдыз сықылды болып келеді. Сүйтіп, су қызса бу болады. Бу, тұман, бұлт бәрі бір.

Бу тоңазыса қайтадан суға айналып, жаңбыр, қар, бұршақ болып жерге түседі. Қызумен тағы бұлт болып көтеріледі. Салқындап, тағы су болып жерге түсіп, дамыл көрмей шыр көбелек айналады да жүреді. Сонымен судың дүниеде сыңар тамшысы да жоқ болып кетпейді.

Ахмет Байтұрсынұлы

Алты томдық шығармалар жинағы

Ахмет Байтұрсынұлы. Балақай, жаңбыр не үшін жауады?
Ахмет Байтұрсынұлы. Мақта туралы не білеміз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу