Димекең деген екен...

Oinet.kz 13-01-2011 1437

20170112091033.jpg

      12 қаңтар қазақтың біртуар ұлы, кемеңгер қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қоневтың туған күні. Келер жылы осы күні Димекеңнің туғанына 100 жыл толады. Яғни, кемеңгердің бір ғасырлық тойының алды биылдан басталуы тиіс.  

      Қазақтың бағына жаралған Қонаев туралы әңгіме қозғағанда «таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген сөз еске түседі. Қаншама уақыт өтсе де Димекеңнің бейнесі тарих бетінде даналықтың, тазалықтың, кемеңгерліктің үлгісі болып  қала бермек. 

      100 жылдыққа қызу дайындық бұған дейін басталған. Мерейтойлық шаралар 3 жылдық бюджетке енгізілді. Алматыда Қонаев мұражайын салу мәселесі шешілді. Осындай тағы бір мұражай Таразда салынбақ. Әрине, Мәдениет министрлігі ұйымдастыратын шаралар мұнымен шектеліп қалмайды деп ойлаймыз.

     Газетіміздің осы санында Димекеңнің  өзі айтып кеткен ойларын, сондай-ақ, әзіл-қалжыңдарын қағазға түсірген қаламгер, қонаевтанушы Ораз Қауғабайдың топтамаларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 «Бойыңыз жетпесе, ойыңыз жетеді»

Абылай хан көшесіндегі үш қабатты үйдің бір пәтерінде Димекең ұзақ жыл тұрды. Алпысыншы жылдардың соңында жаңадан салынған мекенжайға көшті. Бұрыңғы пәтерін кезінде өзін сынаған белгілі жазушы Әбжаппар Әбішовке сыйлады. Бірінші хатшының үйіне кірген жазушы бақытты еді. Димекең көшерде төбе тіреген биік кітап шкаф-сөрелерін «Ат аунаған жерде түк қалады» деген жазушыға тастап кетеді. Ырымдап келетін ақын-жазушылар Әбекең үйінен шықпайтын болады.

Бір реті келгенде Димекең Әбекеңмен кездесіп қалады. Орта бойлы, талпақ, төртпақ Әбекең ұзын бойлы үлкен кісіге өзі келіп сәлем береді. Аман-саулықтан кейін Димекең «Әбеке, қалай жаңа қонысыңыз ұнады ма?» деп сұрайды. «Ұнағанда қандай - күндіз-түні ақын-жазушылар шықпайтын болды. Өкініштісі, үйдің бір кемшілігі бар» дейді. «Иә, айтыңыз, кемшілігі болса, жөндеу қиын емес» дейді Димекең. Сонда Әбе­кең «Үйдің кемшілігі сол - кітапхана болған бөлмеңдегі кітап сөрелері өзіңнің сорайған бойың сияқты өте биік екен. Бойым жетпей қиналып жүрмін» дейді. Димекең Әбекеңе қарап: «Әбеке, бойыңыз жетпесе, жазушылық ой-қиялыңыз жетеді ғой» деп әзілдепті.

Үш жүздің бірлігі үшін

Димекең Ташкентке келіп, Төле бидің басына зиярат етеді. Ішінен өзі дұға оқиды. Димекең жиырма қасиеті бар «Ясин» сүресін жатқа білген ғой. Кетерінде шырақшыға үш жүз доллар береді. Мұны азсынған шырақшы «Айдың жетісі күні келдіңіз, үш жүз емес, жеті жүз доллар беруіңіз керек еді» деп әзілдейді. Димекең шырақшыға қарап «Қазақ үш жүзден тұрады. Алла тағала үш жүздің бірлігін мәңгі қылсын» деп хадия емес, үш жүз долларды садақа жасадым» дейді жымиып. 

«Олжаны орыс досыңа бердің бе?»

Димекеңнің бала кезінен бірге өсіп, бірге жүрген досы әрі адал серігі Атымтай Хисанов өте әзілқой адам болған. Димекеңмен де жиі қалжыңдасып, жүрген жерінде үнемі әзіл араластырып сөйлеу - ол кісінің салты еді. Димекең де Атымтай жайында әзіл әңгімелер айтатын.

Аңшылыққа жиі шығып, олжалы қайтатын Димекең бір жолы қабан атып, атқан қабанын көмекшісі арқылы Атымтайдың үйіне жібереді. Бұған Атекең аң-таң болып, доңыз етін жемейтін ол кісі Димекеңнің бұл ісіне ренжиді. Не істерін білмей қапаланып тұрғанда көршісі, үлкен қызметтегі орыс досы кіріп келеді. Ол бұзылмаған қабан етін көргенде қатты қызығады, бірақ сұрауға ұялады. Мұны сезген Атекең «Ой, көршім сенің келгенің қандай жақсы болды. Мына қабанның етін түгел алып кет» деп, Димекең жіберген олжаны көршісіне сыйлайды. Осылай боларын білген Димекең кешкісін Атакеңе телефон соғады. «Атымтай орыс досың олжаны алып кетті ме?» дейді. «Иә, Димеке, шошқаны алып кетті» депті Атакең күліп.

«Теріс қарап тұрайық»

Димекең өмірінің соңғы жылдары ел-жұртты көп аралады. Өйткені сыйлы қарияны әртүрлі шараларға және жеке қонаққа шақырушыларда есеп жоқ еді. Димекең атақты инженер Тынышбаевтың Талдықорғандағы ме­рейтойына бара жатқанда, жолда Қапшағай маңында бір топ әкімқаралар тоқтатып, ауылдан дәм татып кетуін өтінеді. Димекең уақытының жоқ екенін айтып, кешірім сұрайды. Топтың ішіндегі біреуі «Онда жол үстінде дәм татыңыз» деп үйден алып шыққан қазы-қарталары мен шарап-сусындарын шығарып, жол жиегіне келгенде жаман күл-қоқыс төгіліп, ластанған жерден әкімдер ұялып, не істерін білмей ыңғайсызданады. Мұны сезген Димекең «Жігіттер, ауылдық жерде бәрі бола береді. Оқасы жоқ. Қоқысты көрмей, теріс қарап тұрып жүз граммдарынды ішейік» деп елу грамм коньякқа ернін тигізеді.

«Халқым - ақын»

Димекен туа біткенен ақынжанды еді. Өйткені әкесі Меңліахмет тауып айтатын шешен әрі «арқасы бар» қазақ еді. Мекеңнің жастық шағы жөнінде жазған жырлары былтыр белгілі басылымда жарияланды.

Димекең заманы ақын-жазушылардың дүркіреген дәуірі болды. 70-ші жыл­дары Азия - Африка ақын-жазушыларының әлемдік мәслихаты Алматыда текке өткен жоқ. Осы маслихатта Египеттің әлемге танылған жазушысы Юсуп Сибай Димекеңе жолығып, сұхбаттасады. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қатысты сауалдар қояды. Димекең жазушыға қазақтың Құдай жаратқан ақын халық екенін айтады. Бір реті келген тұста бала жасынан жаттаған Сүйінбай ақынның «Бөрі басы ұраным, Бөрлі менің байрағым, Бөрлі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым» деген жыр жолдарын жатқа айтқанда, жазушы қатты таңғалып, «Сіз ел басшысы ғана емес, ерекше ақын екенсіз» ғой дейді. Димекең: «Мен ақын емеспін, халқым ақын» деп қазақ халқының ақындық дәстүрі жайында ұзақ әңгімелепті.

oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg


 


Нұржан Керменбаев жаға жыртысып қалды
Германиядан келген дәрігер Қазақстандық медицина адам емдеумен емес, бизнеспен айналысады дейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу