Құлыбаевтарға тиесілі холдинг мемлекетке қомақты қаржы аударды

Oinet.kz 08-04-2026

Тимур және  Динара Құлыбаеваға тиесілі «АЛМЭКС» холдингі 2025 жылы мемлекет қазынасына рекордтық көлемде – 365 млрд теңгеден астам қаражат аударды. Бұл туралы Оinet.kz порталы Politico.kz-ке сілтеме жасап  хабарлайды.

image.png

Forbes Kazakhstan дерегіне сүйенсек, аталған соманың басым бөлігі салықтық төлемдерге жатпайды. Жалпы аударылған 365,3 млрд теңгенің 363,1 млрд теңгесі салықтан тыс төлемдер санатына кіреді. Қаражат жыл ішінде ақпан, тамыз және қараша айларында үш рет аударылған.

Салыстыру үшін, 2024 жылы холдинг бюджетке небәрі 209,8 млн теңге аударса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 9,8 млрд теңгені құраған. Яғни бір жыл ішінде төлем көлемі айтарлықтай өскен.

Energy Monitor сараптамалық арнасының мәліметінше, мұндай ірі аударым «АЛМЭКС» компаниясын елдегі ең ірі үш салық төлеушінің қатарына қосқан.

Құлыбаевтарға жақын дереккөздер бұл қаражат мемлекет басшысының ірі бизнес өкілдерін әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуға шақырған үндеуіне жауап ретінде бөлінгенін айтады. Қаржы жол жөндеу, мектептер мен ауруханалар салу сияқты маңызды жобаларды қаржыландыру үшін тікелей республикалық бюджетке түскен.

Бұл ақпаратты «АЛМЭКС» холдингінің баспасөз қызметі де растады. Компания мұндай қадамды әлеуметтік жауапкершілікпен байланыстырып отыр.

Холдинг мәлімдеуінше, олар міндетті салықтардан бөлек, қаржылық мүмкіндіктеріне қарай қайырымдылық жобаларын қолдап келеді және бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыра береді. Сонымен қатар, алдағы уақытта Халық қоры арқылы да қайырымдылық бастамаларға қатысу жоспарда бар.

Айта кетейік, Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы рейтингінде 5,3 млрд долларлық байлығымен төртінші орынға ие болған. Ал 2026 жылдың наурызында жаңартылған әлемдік тізімде олардың байлығы 5,4 млрд доллар деп бағаланып, ең бай адамдар арасында 780-орынға тұрақтаған.

Адамды айғақсыз соттау Түркістан облысында белең алуға көшті
Сайрамдағы дүрбелеңнен кейін департамент басшысы қызметінен кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу