Адамды айғақсыз соттау Түркістан облысында белең алуға көшті

«Рейтинг» газетіне көмек сұрап, журналистік зерттеу жүргізуімізді, сол арқылы қоғам, құзырлы органдардың назарын аударуды сұрап келетіндер аз емес. Талай адамның тағдырына араша түстік. Әрине, одан нендей нәтижелердің шыққанын тізіп шығу қажет емес шығар. Бірақ бір нәрсе анық, қандай жағдай болса да әр оқырманымыздың жанайқайын жерде қалдырмай, барынша қол ұшын созуды өзіміздің кәсіби міндетіміз деп білеміз.
Өткен аптада редакцияға «күйеуім жазықсыз сотталып кетті, жаланың құрбаны болды» деген кентаулық азаматша келді. Ал, жазықсыз жапа шеккен азамат өзіміздің әріптесіміз – Әбубәкір Қалдыбеков болып шықты. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика факультетінің түлегі. 11 жыл «Кентау шұғыласы» газетінің бас редакторы болған. Бірақ оның сотталуы журналист мамандығымен байланысты емес. Бәрін басынан бастап айтайық.
Әбубәкір Қалдыбеков биыл ақпан айында Кентау қалалық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 189-бабы «аса ірі мөлшерде өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды» деген айып бойынша жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Сот залынан қамауға алынған ол қазір Шымкенттегі абақтыда жатыр. Жақында оның берген шағымы бойынша іс апелляциялық алқада қайта қаралуы тиіс.
Арызданушы Айжан Омарованың айтуынша, күйеуі Әбубәкір Қалдыбеков 2020 жылы Кентау қаласына қарасты Байылдыр ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалған. 2024 жылдың маусымында әкімдік мерзімінің аяқталуына байланысты қызметінен кеткен. Ол одан әрі мемлекеттік қызметтегі карьерасын жалғастырмаған. Кентаудағы спорт мекемелерінің бірінде қарапайым жұмысшы болып істеп жүрген. Бәрі осыдан кейін басталады.
2024 жылы Байылдыр ауылдық округінің әкімдігінде аудиторлық тексеру болған. Осы тексеру кезінде әкімдіктің қазынасынан 2021-2024 жылдар аралығында 22 миллион теңгеден астам қаражаттың жымқырылғаны анықталады.
– Күйеуімнің айтуынша, ол осыған дейін жымқырылған қаражат туралы ештеңе білмеген. Оған есепші Сәбира Давлетгараева мен Айнагүл Елеместің қатысы бар деп ойлаймыз. Әкімнің бар кінәсі электрондық цифрлық қолтаңбасының кілтін есепшілерге сеніп тапсыра салғанында болып тұр. Алайда сот «әкім қаражатты есепшілермен сөз байласып жеген» деп тауып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. С.Давлетгараева да осыншама жылды арқаласа, үш жылға бас бостандығынан айырылған А.Елеместің жаза өтеуі кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты кейінге қалдырылды,– деді А.Омарова.
Үкімге қарағанда, ақшаны есепшілер жалақыдан жымқырған. Сол баяғы әдіс-тәсілдер ғой. Мекемеде жұмыс істемейтін туыс, таныстарының мәліметтерін енгізу арқылы соларға ақша аударған, оны кейінірек шешіп алып отырған. Сотта С.Давлетгараева кінәсін ішінара, А.Елемес толықтай мойындаған. Екеуі келтірілген шығынның біраз бөлігін құйған. Жауап беру барысында С.Давлетгараева артық ақшаларды әкімнің тапсырмасы бойынша аударып отырғанын, оны кейін үшеуі (Қалдыбеков, Давлетгараева, Елемес) өзара бөлісіп отырғанын, бірақ әкімге нақты қанша рет ақша алып апарып бергені есінде жоқтығын айтқан (ақшаны нақты қай күні, қандай жағдайда бергеніне қатысты бірде-бір факті келтірмеген). Адвокаты Қалдыбековтің ісі дұрыс сараланбағанын, оны салғырттық бабы бойынша ғана айыптауға болатынын алға тартқан. Бірақ сот С.Давлетгараеваның жоғарыдағы жауабына сүйеніп, оның уәжіне құлақ аспаған.
– 2024 жылдың қыркүйегінде аудиторлық тексеруде ақша жымқырылғаны белгілі болған соң, біз күйеуім екеуіміз осы әкімдікте бұрын хатшы-іс жүргізуші болып істеген Шарипа Аубакированың үйіне бардық. С.Давлетгараева ақшаның бір бөлігін соның банк картасына аударып отырған. Сол жерде ол ұялы телефонымен С.Давлетгараевамен де А.Елемеспен де сөйлесті. Екеуі де бұл іске ауыл әкімінің қатысы жоқтығын айтты (Аубакирова мұны сотта да растаған). Екіарадағы әңгімені ұялы телефон арқылы жазып алып, кейінірек істі жүргізген тергеушіге бергенбіз. Бұдан бөлек қолымызда С.Давлетгараева мен А.Елеместің өзара әңгіме барысында «бәрін өзіміз жедік, әкім ештеңе білмейді» деп айтқан аудио, видео жазбалар бар. Алайда есепшінің құрғақ ауыз сөзіне сене салған сот біздің аудиожазбаларымызды тыңдаған да жоқ. Есепшілер төрт жыл әкімдікте істеген күйеуімнің зейнетақы қорына ақша аудармаған. Біз сол кезде Экономикалық тергеу департаментіне арыз жазып, осы фактілердің бәрін келтіргенбіз. Бірақ одан да нәтиже болмады. С.Давлетгараева тергеу кезінде әкімінің ақша жымқыруға қатысы бары туралы ештеңе айтпаған екен. Сотта басқаша жауап берген. Шамасы, осы аралықта оған «бұл іске әкімді де араластыр» деген ақылшылар табылған сияқты. Оның басты мақсаты келтірілген шығынның бір бөлігін соның мойнына ілу болса керек. Алайда Ә.Қалдыбековтің ұрланған ақшадан үлес алып отырғанына қатысты нақты дәлел жоқ. Мәселен, екі есепші ақшаны өзінің, туыстарының, таныстарының (мәселен анасының, ұлының, келінінің) есеп-шоттарына аударып отырған. Олардың ішінде күйеуімнің өзі немесе оның жақын адамдары жоқ. Ә.Қалдыбековтің банк шоттарына С.Давлетгараева мен А.Елеместен ешқандай ақша аударымдары түспеген. Әкімнің ЭЦҚ кілті төрт жыл бойы С.Давлетгараеваның қолында болған. Мұны сотта әкімдікте істейтін жеті куәгер растады. Еңбек демалысында, «больничныйда», ақысыз демалыста болған кезде Кентау қаласы әкімінің өкімімен ауыл әкімінің міндетін оның орынбасары атқарған. Артық ақшалар бұл кезде де аударыла берген. Бұл үшін неге орынбасарды жауапкершілікке тартпаған? Есепшілер Ә.Қалдыбеков жұмыстан кеткеннен кейін бір ай бойы оның кілтін пайдаланып, ақша жымқыруды жалғастыра берген. Осының бәрі де С.Давлетгараева мен А.Елеместің бар тірлікті Ә.Қалдыбековке айтпай, оның сыртынан істегенін дәлелдейді емес пе? Сотта аудитордың «тексеру кезінде есепшілер «ақша жымқыруға әкімнің қатысы жоқ, барлық шығынды өзіміз құйып береміз» деп айтты» деген жауабы да бар. Осыншама дәлелдерге қарамастан күйеуімді соттап жіберді. Сонда біреудің тағдыры ойыншық па? Әрине, мен Қалдыбеков судан таза, сүттен ақ деп отырғаным жоқ. Оның кінәсі қарамағындағы қызметкерлеріне сенім арта салғанында. Ал олар оның сеніміне қиянат жасады. ЭЦҚ кілтін есепшілерге бергені үшін оны Қылмыстық кодекстің 371-бабымен (салғырттық) айыптауы тиіс еді. Оның әрекеті қалай қалай болғанда да 189-бапқа келмейді, – дейді арызданушы.

Енді бұл істің ең қызық жеріне тоқталайық. Ауылдық әкімдікте бар-жоғы жеті-сегіз адамның жұмыс істейтіні белгілі. Айналдырған 3-4 жылдың ішінде жеті-сегіз адамның жалақысынан 22 миллион теңгені жеп қою мүмкін бе? Сотта жәбірленушінің өкілі (бұл шамасы Кентау қалалық әкімдігінің қызметкері болса керек) С. Ажигабылов артық аударылған ақшаның қандай көзден шыққанын айта алмаған. Осы ақшаларды анықтаған аудитор Г. Мамадалиев та қаражаттың неден артылғанын білмейтінін алға тартқан (бірақ аудитор расында да тексеру барысында бұл іске әкімнің қатысы жоқ деген әңгімелерді естігенін мәлімдеген). Қалалық экономика бөлімінің басшысы да ештеңе білмейді.
Үкімнің кейбір жерінде бұл қаражаттардың тендерден үнемделген болуы мүмкін екендігі жазылған. Бірақ оны нақты анықтаған ешкім жоқ. Сонда бұл ақша аспаннан жауған ба? Ағыл-тегіл келіп-кетіп жатқан бұл неғылған қаражат? Мұның бәрі де ауылдық округтерде бюджет қаражатын бақылаудың әлсіз болғанын, соның салдарынан халықтың маңдай терінен құралған ақшалардың талан-таражға түскенін аңғартады емес пе?
Арызданушы бізге бірнеше аудио-видео дәлелдерді де ұсынды. Олардың бірі жоғарыда аталған куәгер Шарипа Аубакировамен, енді бірі сотталушы С.Давлетгараевамен болған әңгіме кезінде жазылған. Жазбаларда «Әбекеңнен обал болды, ішпей-жемей...», «Айнаш мойнына алмай отыр, әкімге жабамын деп отыр». «Әкім бір тиын жемеген, білмейді де», «Әбекеңнің шоты таза, бір тиын да жоқ» деген сөздер бар. Куә Ш.Аубакирова өзіне есепшілердің хабарласып, «сөзіміз бір жерден шықсын, әкім біледі деп айтыңызшы» дегенін, бірақ бұл ұсынысқа келіспегенін айтқан сөздер де кездеседі. С.Давлетгараеваның өзіне әлдебір «ақылшысының» хабарласып, «Ревком келгенге дейін жұмыстан шығып кет, кейін қайтып кіресің» дегені туралы аудиожазбаны да тыңдадық. Бірақ осы айғақтардың бәрі тергеу мен соттың назарынан тыс қалған. Неге? Қандай жағдай болса да Қалдыбековті кінәлі ету үшін бе?
– Күйеуімнің денсаулығы әлсіз. Жүрегіне ота жасатқан. Жаңа ғана абақтыға барып, жолығып қайтқанымда ауруы мазалап тұрғанын байқадым. Алты бала-шағамыздың кенжесі 5-те. Үш қызымның мүгедектігі бар. Бір қызыма Астанада 8 мәрте ота жасатқанбыз. Қолымда ауру ата-енем бар. Сотта осының бәрі ескерілген жоқ. Ендігі үмітіміз облыстық сотта. Қалалық соттан таппаған әділдікті апелляциялық алқадан табамыз деген үміттемін,– деді А.Омарова.
Жалпы алғанда Түркістан облысында соңғы уақытта азаматтарды дәлелсіз соттау белең алуға көшті ме, қалай өзі? Әрине, судья жекелеген іс бойынша ешкімнің алдында есеп бермейді. Алайда биыл «бухгалтерлер ісі» бойынша бірнеше аудандық білім бөлімдерінің жауапты қызметкерлеріне үкім шықты. Бұған дейін «Рейтинг» газетінде біз алғашқы сатыдағы соттарда бірқатар азаматтардың Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша дәлелсіз айыпталғанын жазғанбыз. Кейін облыстық сотта немесе одан да жоғары инстанцияларда солардың бірқатары тағылған айып бойынша ақталып, баптары «салғыртыққа» ауыстырылды. Бұл 189-бап бойынша іс жүргізуде «кінәсіздік презумпциясы», «сейілмеген күмән айыпталушының пайдасына шешіледі» деген Ата заңда жазылған қағидалардың сақтала бермейтінін, «бірінші басшының білмеуі мүмкін емес» деген тұрпайы түсініктің үстемдік құрып тұрғанын білдірсе керек.
Әбубәкір Қалдыбековтің ісі бойынша облыстық соттың нендей төрелік айтатын уақыттың еншісіне қалдырдық.
«Рейтинг» газеті, 8 сәуір 2026 жыл.


