Хоккейшілерден ақша алған. «Құлагер» ХК командасының бастығы сотталды
Петропавлда «Құлагер» хоккей клубының команда басшысы Сергей Фильге қатысты алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты, деп жазады Оinet.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 45 жастағы айыпталушы Ақмола облысының тумасы, жоғары білімді, отбасылы, Петропавл қаласында тұрған және аталған клубта қызмет атқарған. Бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Тергеу барысында оның қызметтік жағдайын пайдаланып, хоккейшілерге түрлі құжаттарды рәсімдеп беремін деген сылтаумен сенімдеріне кіріп, ірі көлемде ақша алғаны анықталды.
Сот отырысында айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша ол 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Іс қарау кезінде С. Филь үш жәбірленушіге 800 мың, 500 мың және 600 мың теңге қайтарып берген. Осыған байланысты олардың талаптары қанағаттандырылып, аталған бөлігінде іс өндірісі тоқтатылды.
Сонымен қатар, сот тағы бір жәбірленушінің азаматтық талабын қанағаттандырды. Айыпталушыдан оның пайдасына 3 млн теңге материалдық шығын өндірілді. Бұдан бөлек, 1 млн теңге көлемінде өкілдік шығындарды өтеу міндеттелді.
Сот шешімімен мемлекет пайдасына 31 мың теңге мемлекеттік баж, сондай-ақ жәбірленушілерге өтемақы қорына 78 мың теңге төлеу жүктелді.


