Танымал журналист жалған ақпарат таратқанын мойындап, кешірім сұрады
«QogamNews» және «Dinara Satzhan» жобаларында жұмыс істейтін блогер әрі журналист Тимур Асылханов әлеуметтік желілерде таратқан жалған ақпараты үшін халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Оinet.kz.

Ол бейнеүндеуінде 2026 жылғы 9 наурызда болған жолдағы жанжалға қатысты Instagram, Facebook, Threads және TikTok платформаларында шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет жариялағанын мойындады. «Полиция қызметкерлерінің автоподставасы» деген атаумен тараған жазба кейін түрлі пабликтерде кеңінен бөлісілген.
Журналистің айтуынша, жарияланған ақпарат эмоцияға беріліп, жағдайды толық әрі объективті бағаламай жасалған. Соның салдарынан ол аудиторияны жаңылыстырғанын жеткізді.
– Нақтысында, жолдағы жанжал менің екінші дәрежелі жолдан шығып келе жатып, басты жолмен келе жатқан Audi көлігіне жол бермегенімнен туындады. Осы әрекетім үшін апатты жағдай туғызғаным және жолдың жүру бөлігінде көліктен шыққаным үшін айыппұл салынды. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін негізсіз айыптағанымды мойындаймын, – деді ол.
Сондай-ақ Тимур Асылханов жалған ақпаратта аталған Audi көлігінің жүргізушісінен шын жүректен кешірім сұрады. Ол өз әрекеттері арқылы жүргізушінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін мойындады.
– Осыған байланысты, жалған ақпаратта аталған Audi көлігінің жүргізушісінен шын жүректен кешірім сұраймын. Өз әрекеттерім арқылы оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргенім үшін қатты өкінемін. Сонымен қатар, жарияланымдарымда негізсіз айыптаған полиция және ҰҚК қызметкерлерінен де кешірім сұраймын, – деді ол.


