Ақтөбе әкімдіктегіндегі өрттен кейін қылмыстық іс қозғалды

Oinet.kz 08-04-2026

Ақтөбе қаласындағы облыстық әкімдік ғимаратында болған өртке қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. 

image.png

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті өрттің алдын ала себебін атады. Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Евгений Овчарскийдің айтуынша, тілсіз жау электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Ал жалынның жылдам таралуына шатырдағы жанғыш материалдар мен ағаш құрылымдар әсер еткен.

Белгілі болғандай, әкімдік ғимаратының шатыры соңғы рет 2024 жылы жөндеуден өткен. Аталған дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы — «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметінің мамандары оқиға орнында жұмысын жалғастырып жатыр.

Өрттен кейін әкімдік қызметкерлері уақытша қашықтан жұмыс істеу форматына көшірілді. Ғимаратта мыңнан астам адам еңбек етеді. Дегенмен, өңір билігінің мәліметінше, түстен кейін қызметкерлердің басым бөлігі жұмыс орындарына қайта оралып, қалыпты режимде қызметін жалғастырады.

Ақтөбе облысы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Байнешовтің сөзінше, өрт тек шатыр бөлігін қамтыған.

– Ғимараттың тек шатыры жанды. Алтыншы қабаттағы кабинеттерге келген зақым айтарлықтай емес. Түстен кейін мамандардың көпшілігі жұмыс орнына қайта оралады. Оған дейін мемлекеттік қызметтер онлайн форматта үздіксіз көрсетіледі, – деді ол.

Еске салайық, өрт 7 сәуір күні кешкі уақытта Әбілқайыр хан даңғылындағы алты қабатты әкімдік ғимаратында шыққан. Тілсіз жауды сөндіруге 140-тан астам қызметкер мен шамамен 40 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер тіркелген жоқ. Өрт толықтай кешкі сағат 22:00-ден кейін сөндірілді.

8 сәуірге қараған түні облыс әкімі Асхат Шахаров жедел штаб отырысын өткізіп, жағдайды жеке бақылауына алды.

Шерзат Полат ісі бойынша сотталғандар Жоғарғы сотқа шағымданып, ақтауды сұрады
Қазақстанда ит иелеріне салық салынуы мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу