Вице-министр сұрақты түсінбей, сынның астында қалды

Oinet.kz 08-04-2026

Мәжіліс отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев депутаттардың сынына ұшырады. Ол заңды және жеке тұлға арасындағы айырмашылықты нақты түсіндіре алмай, сұрақтың мәнін толық ашып бере алмады, деп хабарлайды Оinet.kz. 

image.png

 Отырыста депутат Нұртай Сабильянов заң жобасына қатысты бірқатар мәселе көтерді. Оның айтуынша, құжаттың 6-бабында жеке практикамен айналысатын психологтарды мемлекеттік тізілімге енгізу тәртібі қарастырылған. Яғни, бұл тізімге енген жеке тұлғалар ғана психологиялық қызмет көрсете алады. 

 Алайда депутат психологиялық қызметті заңды тұлғалар да көрсете алатынын атап өтті. Оның сөзінше, психологтар бірігіп, заңды ұйым құрып, қызмет көрсетуге құқылы. 

Осыған байланысты ол екі нақты сұрақ қойды: неге заңды тұлғаларды мемлекеттік тізілімге енгізу қарастырылмаған және ақылы психологиялық қызмет кәсіпкерлік қызметке жата ма? Егер солай болса, Салық кодексіне өзгерістер енгізу қажет пе, әрі психологтарға салық төлеуші ретінде тіркелу міндеттеледі ме? 

 Вице-министр Бахтияр Жазықпаев жауап беру барысында сөзін орыс тілінде жалғастырып, жалпы мәліметтермен шектелді. Оның айтуынша, қазіргі таңда еңбек келісімшарттары бойынша 23 мыңнан астам адам психологиялық кеңес беру қызметімен айналысады. Сондай-ақ ол мемлекеттік тізімге жеке практикамен айналысатын тұлғалармен қатар, ұйымдарда жұмыс істейтін мамандар да енгізілетінін айтты.  

Жазықпаевтың сөзінше, тізілім жеке практика, жеке кәсіпкерлік және жалдамалы қызметкерлерді қамтиды. Ал салық мәселесіне қатысты ол: жалдамалы қызметкерлер үшін барлық әлеуметтік аударымдар төленетінін, ал жеке кәсіпкерлер өз қызметін салық режиміне сай жүргізетінін жеткізді. 

 Алайда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов вице-министрдің нақты қойылған сұраққа жауап бермегенін ескертіп, мәселені қайта нақтылады. Ол заңды тұлғаларды мемлекеттік тізілімге енгізу қарастырылған-қарастырылмағанын сұрады.  

Өз кезегінде Жазықпаев «заңды тұлға деп жұмыс істеп жүрген адамдарды айтып отыр ма?» деп қарсы сұрақ қойып, тағы да түсінбеушілік туғызды. Осыдан кейін Қошанов заңды тұлғаның «юридическое лицо», ал жеке тұлғаның «физическое лицо» екенін қайта түсіндірді.  Вице-министр кейін заңды тұлғалар туралы ақпарат мемлекеттік дерекқорларда бар екенін айтып, оларды тіркеу сол жүйе арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді.

  Депутат Нұртай Сабильянов бұл жауапқа қанағаттанбай, заң жобасында тек жеке тұлғаларды тіркеу қарастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, заңды тұлғаларды мемлекеттік тізілімге енгізу мәселесі мүлде қамтылмаған.  – Вице-министр заңды және жеке тұлғаның айырмашылығын ажырата алмай отыр, – деп сынға алды депутат.

Сайрамдағы дүрбелеңнен кейін департамент басшысы қызметінен кетті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу