«Бізді ешкім қарсы алған жоқ». Туризм министрлігі америкалық блогердің шағымына жауап берді
Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі америкалық тревел-блогер Коннордың елге ресми шақырылғаны туралы айтқан мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Оinet.kz.

8 сәуір күні блогер Instagram желісінде видео жариялап, министрлік өкілдерінің оны шетелге келген кезде ресми қарсы алмағанын айтты. «Елге ресми түрде шақырылғаныңызды елестетіп көріңіз. Сіз апталап, тіпті айлап жоспар құрып, барлық детальдарды келісесіз. Ал келген күні туризм министрлігі сізді ұмытып кеткен болып шығады. Бізді Қазақстанға кіргенде осылай қарсы алды. Сапардың басынан жақсы әсер қалдыру үшін бізді Қырғызстандағыдай ресми түрде шекарадан ұлттыұ киімдегі адамдармен бірге қарсы алуы керек еді. Бірақ бізді ешкім қарсы алған жоқ, тіпті елге не үшін келгенімізді сұрап, тексерді. Бұл біртүрлі жағдай, өйткені бізді ресми шақырған және келетінімізден хабардар болған», – деп жазды Коннор.
Алайда 9 сәуірде министрлік бұл мәлімдемені ресми түрде жоққа шығарды.
– Туризм және спорт министрлігі аталмыш блогерді ресми шақырмаған. Ведомство шетелдік блогерлер, туристік ассоциациялар мен компаниялар үшін топтық ақпараттық турларды ұйымдастырады, алайда жеке тұлғаларды шақыру қарастырылмаған. Бұл блогерден ведомствоға ешқандай ресми өтініш түспеген, – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ ведомство «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының атынан блогермен жеке хат алмасу жүргізілгенін, бірақ екі жақ арасында нақты келісімге қол жеткізілмегенін атап өтті.


