Баян Алагөзова желіде көп әйел алуды насихаттаған блогерді жазалауды сұрады
Белгілі продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желіде көп әйел алуды насихаттады деп сынға қалған блогер Диас Ахметовке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Оinet.kz.

Продюсер Instagram желісінде кең тараған видеоға назар аударған. Жазбада блогер ер мен ердің, әйел мен әйелдің одағын «харам», ал ер адамның бірнеше әйел алуын «халал» деп сипаттаған. Бұл видео қысқа уақытта миллиондаған қаралым жинаған.
Баян Алагөзова аталған мазмұнды сынға алып, блогерді жауапкершілікке тарту қажет екенін айтты.
– Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы. Мұндай насихатқа жол берілмеуі керек, – деді ол.
Желі қолданушыларының бір бөлігі де блогердің пікірімен келіспей, оның әрекетін сынға алған. Олар мұндай контенттің қоғамға кері әсер етуі мүмкін екенін атап өткен.
Қоғамдық сыннан кейін Диас Ахметов өз ұстанымын өзгерткен жоқ. Ол өз видеосында көп әйел алуды насихаттамағанын айтып, тек «халал» мен «харам» ұғымдарын түсіндіргенін жеткізді.
Сонымен қатар, блогер продюсер Баян Алагөзоваға жауап беріп, оның пікіріне келіспейтінін білдірді.
«Маған Баян Алагөзова ренжіп қалыпты. Көп әйел алуды насихатттады, жауапқа тарту керек дейді. Мен көп әйел алу туралы ештеңе айтқан жоқпын. Тек «халал» мен «харам» туралы айттым. Үйлену туралы сөз. Баянжан, жасың келгенін түсінем, ақпаратты дұрыс қабылдай алмайтын жағдайлар болып тұрады. Не істейсің енді?», – деді ол продюсерге.


