Өз отбасының өліміне күдікті әйел психиатриялық ауруханаға жатқызылды
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Атырау облысы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты іс бойынша жаңа мәліметтерді жариялады.
Әділовтың айтуынша, іс бойынша екі күдікті бар. Олардың бірі қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиева психиатриялық ауруханаға сараптама жүргізу үшін орналастырылған.
"Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ішкі істер министрлігінің өкілдері Атырауға тұрақты түрде барып, бұл қылмыстық істі бақылауда ұстап отырмыз", — деді ол.
Әділовтың сөзінше, Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты стационарлық кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған.
"Ол да күдікті ретінде танылды. Қазіргі таңда психиатриялық ауруханаға орналастырылды. Стационарлық, кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізіліп жатыр", — деп мәлімдеді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ ол қазіргі уақытта іс бойынша жаңа күдіктілер анықталмағанын айтты.
Атырау облысында бүтін бір отбасының өлімі: Күдіктінің қылмысқа не үшін барғаны белгілі болды
Сараптаманың не себепті тағайындалғаны туралы сұраққа жауап берген Әділов бұл шешім күдіктінің мінез-құлқы мен жиналған материалдар негізінде қабылданғанын жеткізді.
"Сараптама тағайындауға негіз бар. Сыртқы мінез-құлқы мен бастапқы жауаптары ескерілді. Осыған байланысты біз бұл сараптаманы тағайындау туралы шешім қабылдадық", — деп қосты ол.


