Бұл неғылған бітпейтін пара, генерал мырза?

Oinet.kz 08-07-2026

Screenshot_1.png

Шымкентте тағы бір полиция полковнигі сотталып жатыр. Бұл жолы сотталушының орындығында Шымкент қалалық Полиция департаментіне қарасты Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының бастығы болған Батырбек Мырзагелдиев отыр. Оған аса ірі көлемде алаяқтық жасауға оқталу, пара алу және пара беру баптары бойынша айып тағылған. Іс мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қарала бастады.

Генерал Мұхтар Қожаевтың тұсында да Шымкенттің полициясында пара алу, алаяқтық жасау, сотталу тоқтаған жоқ. 

Полковниктің алғашқы сот отырысында  қорғаушылар істі прокуратураға қайтаруды, соттылықты өзгертуді, тіпті мемлекеттік айыптаушыға қарсылық білдіруді сұраған. Олар тергеу барысында заңбұзушылықтар болғанын алға тартқан. Бірақ сот олардың бірде-бір өтінішін қанағаттандырған жоқ. Демек, іс мәні бойынша қаралатын болады.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Батырбек Мырзагелдиев биыл қаңтар айында 20 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған. Ал қорғаушы тарап мұнда арандату болуы мүмкін деген ұстанымын айтып келеді. Әрине, мәселеге соңғы нүктені сот қояды.

Соңғы жылдары Шымкентте полиция полковниктеріне қатысты қозғалған қылмыстық істердің саны көбейіп барады. Биыл ақпан айында Тұран аудандық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Нұржан Тілеуов пара алды деген айыппен алты жылға сотталды.

Жуырда Шымкент қалалық Полиция департаментіне қарасты көші-қон полициясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы,   полиция полковнигінің делдал арқылы 100 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ол бұл ақшаға Қытай азаматтарына құжат рәсімдеуге көмектеспек болған көрінеді. Ұстау операциясын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген.

Ал бір ай бұрын көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Сембаев алаяқтық және пара беруге итермелеу баптары бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылған.

Ал осыдан екі жыл бұрын дәл сол көші-қон қызметінің бастығы бірнеше мәрте пара алғаны үшін жеті жарым жылға сотталған.

Шымкент қалалық Полиция департаментіне қарасты басқармаларда  бірнеше басшының сотталуы – жай ғана сәйкестік емес, әрине. Биыл ақпанда әйгілі «Нұрай ісінен» кейін Шымкент Полиция департаментінің басшысы болып, генерал Мұхтар Қожаев тағайындалды. Көпшілік генерал Шымкентте тәртіп орнатады деп сенген еді. Өкінішке қарай, әзірге бұл сенім ақталмай тұр.

Бұл неғылған бітпейтін жемқорлық, бітпейтін пара, генерал мырза?!

P.S. Айтпақшы, Нұрай Серікбайдың өлімі бойынша қозғалған қылмыстық істің сотқа жолданатыны бұған дейін хабарланған. Алайда марқұмның туыстары тергеу амалдарының заңбұзушылықпен жүргізілгенін алға тартып,   істі прокуратураға қайтаруды талап етіп отыр.


«Рейтинг» газеті, 8 шілде 2026 жыл.



Әкім Ағыбаев неге Алдаркөсе атанды? Салынбаған мектеп, құлаған көпір, ауыз судың азабы...
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу